«Қашқындармен» әңгіме
Мен оларды алғаш көргенде кәдімгі өзіміздің жергілікті орыстар екен деп ойладым. Өйткені іс-әрекет, жүріс-тұрысынан, сөз саптасынан пәлендей өзгешелік байқалған жоқ. Тек қаладан ұзап шыға бастаған соң әр елді мекеннің атауын сұрап, жол-жөнекейгі жазуларға үңіле қарап, өзара дабырласа бастаған соң, жақында ғана Ресейден ауып келген жандар екенін түсіндім.
Ұшаққа да, пойызға да билет табылмай, астанадан Алматыға қарай, амал жоқ, алты адамдық «Альфардпен» шыққанбыз. Алты жолаушының үшеуі ресейлік болып шықты.
– Ғаламторың не дейді? – деді жүргізушінің қапталында отырған сәл ересектеуі. – Украина НАТО-ға қабылданып кетпеп пе?
– Қаладан ұзай бастадық қой, ғаламтор байланысы тым әлсіз, ашылмай тұр, – деп күңк етті арт жақта отырған жастауы. – Зеленский өтініш берді екен деп, бірден қабылдай қояр дейсің бе…
Ересектеуінің есімі Артур екен.
– Украинаның НАТО-ға кіру-кірмеуіне неге сонша алаңдадың? – деп сұрадым одан.
– Алаңдамай бола ма… Егер Украина НАТО-ға кірсе, онда бізбен НАТО әскері де соғыса бастамай ма? – деді Артур «соған да миың жетпей ме?» дегендей маған таңдана қарап. – Өйтетін болса, біз сөзсіз жеңілеміз.
– НАТО-сыз-ақ жеңіле бастаған жоқсыңдар ма? – деді жанымдағы қазақ жігіт аузымдағы сөзді жұлып әкеткендей боп.
Сапарластар бір ауық үнсіз қалды.
– Рас, жағдай аса мәз емес, – деді сосын Артур бәсең үнмен.
– Өздерің сол мобилизациядан қашып келе жатқан шығарсыңдар?
Артур мен Дмитрий (жастауы) тағы да жауап беруге асықпады. Әлде қысылды. Үшінші ресейлік – Дмитрийдің әйелі Ирина екен – сөзге араласпай, күйеуінің иығына басын қойып, ұйықтаумен болды.
Біз әртүрлі сұрақты қарша боратқан соң Артур аздап ашылайын деді. Жасы 34-те екен, әлі бойдақ, сантехника құралдарын сататын шағын дүкені, жеке шаруасы бар көрінеді, соны әпкесіне өткізіп беріп, Қазақстанды бетке алған беті болса керек. Дмитрий (жасы 25-те, ІТ маманы екен) оның туыс бауыры болып шықты. Ирина келіні үшеуі Түмен облысының түкпірдегі бір ауданынан екен.
– Ішінара мобилизация жарияланғаннан кейін, Митя екеуіміз де әскерге алынар жастамыз, көп ойланып жатпадық, – деді Артур. – Өзім екі жыл әскерде болғанмын, бірақ одан бері қанша уақыт өтті ғой. Ертең әскерге алынған соң, бірер апта дайындықтан өткізеді де, қан қасап майданның өтіне жібере салмақ – ұзақ уақыт арнайы әзірліктен өткен кәсіби жауынгер емеспіз, қолымыздан не келеді? Босқа оққа ұшпаймыз ба? Сосын қажетті дүние-мүлкімізді жинадық та, Қазақстанға аттандық.
Мен әлгінде олардың ірі-ірі екі шабаданды көліктің жүк салғышына әрең сыйғызғанын есіме алдым.
– Неге Қазақстанға?
– Өйткені мұнда тыныштық, бейбіт ел. Оның үстіне, орыстарға жақсы қарайды деп естідік. Бәрі орысша біледі екен, тіл жағынан қиналмаймыз.
– Шекарадан оңай өттіңдер ме?
– Біз ертерек қам жасадық қой, сондықтан шекарадағы ұзын-шұбақ кезекке аса ұрынбай, салыстырмалы түрде алғанда оңайырақ өттік. Кейін пәлен шақырымға созылған сұрапыл кезекке тап болғандар көп қиналды деп естіп жатырмыз.
– Енді не істемек ойларың бар?
– Соғыс аяқталып, ахуал түзелгенше осында күн көре тұрармыз. Қолымыздан іс келеді. Алматыда шешеміздің бір туыс әпкесі тұрады. Сол кісіге бара жатырмыз. Кейін Түменге қайта оралармыз…
– Өз еліңнің Украинаға жасап отырған озбырлығына не дейсің?
Осы жерде Артур ұзақ ойланды. Сосын:
– Кейінгі жылдары Украинадағы орыстардың қатты қысымға ұшырағаны рас қой, – деді. – Оларға тіпті екінші сортты адам ретінде қарайды екен. Олай болмайды ғой. Путин соларды қорғаймыз деп әскер кіргізді.
– Басқа бір елдің аумағында тұратын қандастарын қорғау үшін әскер кіргізу, сеніңше, дұрыс қадам ба?
– Мұны сараптайтындай мен саясаткер емеспін… дегенмен Украинада нацистер білгенін істеп, орыстарды қорлап жатқаны рас қой.
Мәссаған, әскерге алынудан сырғақсып, сырт берген «қашқындардың» өзі осындай пиғылда болса, «арнайы әскери операцияны» мейлінше қуаттап отырғандар не демек?
– «Украинада украин тілі – мемлекеттік тіл, сол тілді біліңдер, сол тілде сөйлеңдер» деу – нацистік пе сонда?
Үн жоқ.
– Донецк, Луганск, Херсон, Қырым, Запорожье – ежелден украин жерлері. Қайта осы өңірлерді басып алу, Украинаның территориялық тұтастығын өрескел бұзу нацизм шығар, мүмкін? Ертең (айтқан жерден аулақ) Қазақстандағы орыстарды қорғаймын деп Ресей бізге де әскер кіргізсе, сендер ол саясатты да қолдамақсыңдар ма?
Біздің сұрақтарымыз оларды тығырыққа тіресе керек, Артур да, оның туыстары да жауаптан жалтара берді…
Ал біздің көкейімізде осы сауалдар әлі тұр…
С.ӘБДІҒАППАРҰЛЫ