Адам мен Хауаның бір күні
Ювал Ноаһ Харари
Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында қоғамдық және гуманитарлық ғылымдарды дамыту бағыты бойынша «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы іске асырылып жатыр. Осы жоба аясында Ювал Ноаһ Хараридің «Sapiens Адамзаттың қысқаша тарихы» атты кітабы қазақ тіліне толық аударылды. Кітапты баспаға дайындаған «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры мен «Universities-38» Университеттер альянсы. Жоба жетекшісі – Рауан Кенжеханұлы. Адамзат тарихын жаңаша саралаған мазмұны күрделі кітапты ана тілімізде сөйлеткен, талантты тәржіман – Мақсот Ізімұлы. Бұл кітап – әлемдік сұраныстағы туындылардың бірі. Sapiens туралы Майкрософт компаниясының атасы Билл Гейтс: «Елсіз аралға өзіммен бірге ала кететін он кітаптың бірі – осы шығар», – деп мойындаған еді. Біз сол кітаптан оқырмандарымызға үзінді беруді жөн көрдік.
Жаратылысымызды, тарихымыз бен психологиямызды ұғыну үшін тас ғасырындағы аңшылар мен терімшілердің «миын шарлап шығу» қажет. Аңшылық пен терімшілік кезеңі sapiens-тер тарихының ауқымды бөлігін құрайды. Sapiens-тердің басым бөлігі зауыттар мен кеңселерде жұмыс істеп, нан тауып жүрген соңғы 200 жыл да, егін баптап, мал баққан оның алдындағы 10 мың жыл да бағзы бабаларымыз аң аулаумен, жеуге жарамды жеміс терумен өткізген бірнеше ондаған мыңжылдықпен салыстырғанда, қас қағым сәт сияқты көрінері хақ.
Эволюциялық психология адамның қазіргі замандағы психологиялық және әлеуметтік ерекшеліктері – ауылшаруашылық дәуіріне дейінгі тарихтың тым ұзақ кезеңінде қалыптасқанын алға тартады. Миымыз бен ойлау жүйеміз әлі күнге дейін аңшылық пен терімшілік тұрмысқа сәйкес келіп тұрады. Азықтану салтымыз, қақтығыстарымыз бен жыныстық қатынасқа құмарлығымыз – аңшы мен терімші миының қазіргі постиндустриялық ортамен, мегаполистермен, ұшақтармен, телефондармен және компьютерлермен қарым-қатынасының нәтижесі. Бұл орта бұрынғы буынның өңі түгіл түсіне де кірмеген материалдық игіліктерге кенелтіп, ғұмыр жасымызды ұзартып тастады. Неліктен бұлай болып жатқанын түсіну үшін, түйсігіміз тастай байланып қалған әлемге, өзімізді қалыптастырған аңшылар мен терімшілер әлеміне енуге тырысқан жөн.
Мысалы, неге соншалықты толықпыз? Қазір бақуатты елдер семіздікпен сәтсіз күрес бастаған. Алдымызға келгенді құр қайтармай, жей береміз, жей береміз. Ең сорақысы: тұзды, тәтті, майлы, өте құнарлы демей, көзіміз түскен тағамның бәрін талғамай жұтамыз. Ата-бабаларымыздың азықтану салтын еске алайық. Олар мекендеген саванналар мен ормандарда өте құнарлы, нәрлі, жалпы тағам түрлері өте тапшы еді. 30 мың жыл бұрын терімші десерттің бір-ақ түрін – піскен жеміс-жидекті ғана білді. Тас ғасырының әйелі мәуесін көтере алмай майысқан інжір ағашына кезіге қалса, бабуиндер келіп қалғанша, сол жерде мейлінше көбірек жеміс жеп қалуға тырысты. Көмейге құнарлы тағамды қомағайлана тықпалауға итермелейтін инстинкт генімізде бұғып жатыр. Тіпті тоңазытқышы аузы-мұрнынан шығып тұрған жанға жайлы, сән-салтанатты үйлерде дәурен сүріп жатсақ та, ДНҚ-мыз саваннада жүгіріп жүр екенбіз деп ойлайды. Осы ойдың өзі шоколадты пломбирдің түбін қырнап жеп, кока-коламен шөл басуға итермелейді.