«БАСПАСӨЗГЕ ЖАЗЫЛЫМ КҮНІ»
16 қараша күні Алматыдағы Бас пошта ғимаратында «Қазпошта» акционерлік қоғамының Алматы қалалық филиалының ұйымдастыруымен «Баспасөзге жазылым күні» мерекесі өткізілді. Жиында филиал директорының орынбасары Темірхан Кенжеалыұлы Мұсаев жыл сайын дәстүрлі өткізілетін іс-шараның маңызы туралы сөз қозғады. Газет-журналдарды таратудағы қайсыбір өзекжарды мәселелер туралы сұрақтарға ұзақ жылдан бергі тәжірибелі қызметтер, бөлімшесінің бас маманы Айжан Айтбайқызы Саттыбаева тиянақты жауап берді.
Басылымдарды насихаттау барысында «Қазақ әдебиеті» газетінің биыл жарық көрген әртүрлі сандарынан бес жүзден астам данасы қыл үстінде таралып кеткеніне қуандық. Бұл – басылымның дұрыс бағытта, оқырмандар талғамына сай жарық көріп жатқанының айғағы болар. Жиынға қатысушылардың Олжас Сүлейменов, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Төлен Әбдіков, Дулат Исабеков, Тұрсын Жұртбаев және Халық артисі Асанәлі Әшімов, тағы басқа да әдебиет, өнер, мәдениет тұлғалары шыққан сандарын сұрап, сондай-ақ пәленінші санда жарияланған «мынандай материалдарды тауып беріңіздерші» деп өтініш жасаулары «Қазақ әдебиеті» газетінің оқылымдылығын дәлелдейтін дәйек.
Мереке барысында жазылым ұйымдастырылып, екі-үш сағат шамасында әртүрлі ұлт өкілдерінің апталық басылымның жиырмаға жуық данасына жазылулары – «Қазақ әдебиеті» газетіне сұраныстың мол екенін аңғартса керек.
Еркін ЖАППАСҰЛЫ