Әбубәкір Диваев және Орхон мұрасы
08.02.2019
615
0

Алаш ардагерлеріне айнымас дос, іні бола білген башқұрт ұлы – Әбубәкір Диваев – қазақ халқына еңбегі сіңген фольклоршы, этнограф, ғалым. 1876 жылы Орынбор кадет корпусының Азия бөлімін бітірген. Қазақ, өзбек, парсы тілдерін меңгерген. Кадет қорпусында оқып жүріп қазақ халқының тұрмыс-салты, әдет-ғұрпына қатысты құнды материалдармен қоса ауыз әдебиетін жинаумен шұғылданды. Диваевтың қатысуымен 1895 жылы Қожа Ахмет Иасауи мешітінен табылған көне жазулар Түркістан өлкесі тарихын зерттеуге қойылған елеулі үлес болды. Ғалым 1896 жылы 22 қаңтарда Археология әуесқойларының Түркістан үйірмесіне мүше болып қабылданды. «Шора батыр», «Бекет батыр», «Алпамыс батыр», «Кобыланды батыр», «Ер Тарғын», «Айман-Шолпан» жырларын, көптеген ертегілер, шешендік сөздерді жинап, олардың кейбіреуін орыс тіліне аударды. Сырдария қазақтарының өмірінен көлемді этнографиялық материалдар жинады. Қорқыт Ата бейіті жоғалып кету алдында тұрғанын айтып, жергілікті әкімшіліктен адамзат мәдениеті тарихындағы қымбат ескерткішті қорғауға алуды сұраған. Оның ғылымға сіңірген еңбегін П.М.Мелиоранский, А.В.Гордлевский, В.В.Бартольд сияқты ғалымдар жоғары бағалады. Әбубәкір Диваевтің аты Қазақстанның ірі қалалары – Астана, Алматы, Шымкенттегі көшелерге берілген. Қазақ үшін еңбегі ұшан теңіз ғалымды зерттеп, тарих алдындағы биік бағасын беру – болашақтың айбынды борышы.

…1922 жылы Түркістанның қа­зақ-қырғыз білім комиссиясы Ә.Ди­ваев баспаға дайындаған жеті эпосты – «Қобыланды батыр», «Нә­рікұлы Шора», «Бекет батыр», «Қам­бар батыр», «Шора батыр», «Алпа­мыс батыр» және «Мырза Едіге» жырларын жариялады. 1958 жылы Қазақ ССР Ғылым ака­де­мия­сының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Ә.Диваев жинаған материалдардан «Казахская устная поэзия» деген жинақ құрастырып шығарды. Мұның бәрі де Әубәкір жинаған мол дүниенің тамшысы ғана» деп жазды.
Қазақ әдебиеті тарихының ежел­гі кезеңін айқындайтын, асыл сөздің арналы саласын құрайтын – Орхон ескерткіштері көне түркі жазба мұрамыз саналатыны анық. Қысқа шегініс жасасақ, Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл мен әдебиет инсти­туты 1959 жылдың 15-19 маусымда ғылыми-теория­лық конференция өткізіп, онда 7 не­гізгі және 9 қо­сым­ша баяндама жасалған-ды. Жа­рыссөз тұсын­дағы – Қ.Жұмалиев пен Б.Кен­жебаевтың қорытынды сөздерінде белгілі болғанындай, қазақ әде­биетінің тарихы: «…ХVІІІ ғасыр­дың ІІ жартысынан бастау керек» (Қ.Жұмалиев), «…Қазақ халқы жазба әдебиетінің тарихын VІІІ-ІХ ғасырдан бастау керек, сонан бергі қазақ жерінде жасалған, қазаққа ортақ, бір кезде түсінікті болған жазу-сызуларды, жазба әдебиет нұсқаларын зерттеу қажет деп білем» деген (Б.Кенжебаев) түйінді тұжырымдарды қазір қалыпты қабылдағанмен, кезінде көкейкесті мәселелердің бірі болға­нын, ғылыми жұртшылық­тың наза­рын аударғанын айту абзал…

Рақымжан ТҰРЫСБЕК,
филология ғылымдарының
докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры


(Толық нұсқасын газеттің №5 (3639) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір