Ұрпақ сабақтастығының үзілуіне жол бермеген жөн

Мадина ОМАРОВА,
жазушы
Әлемдік әдеби аренаға шығу үшін алдымен сол әлемнің сапа-талаптарына төтеп бере алатын, сәйкес келетін әдебиет болу керек. Ал ол үшін қазіргі әлем әдебиетінде қай жанр, қай бағыт, тіпті керек десеңіз, қай стиль өтімді, әлем оқырмандарының талғамы, эрудициясы нені талап етеді, осы тұрғыдан мағлұмат керек. Әдебиет қазір – шоу, бизнес. Сіз көркемдікпен, мағынамен бұл тұңғиықтан малтып шыға алмайсыз. Сондықтан әдебиеттегі заманауи ағымдар мен қойылатын талаптар ЖОО-на арнайы пән ретінде берілуі керек… Сол стандарттарды санасына сіңіріп өскен әлдебір жас жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар, қазақ әдебиетін әлем назарына алып шығар.
Содан кейінгі мәселе – қазақ әдебиеті үшін әлем неменеге керек? Әлемсіз-ақ әдебиетіміз бар, ақын-жазушыларымыз, аудармашыларымыз, ғалымдарымыз жұмыс істеп жатыр. Бір-бірімізді танимыз, білеміз, оқимыз. Қайнаған тірлік, былай қарап тұрсаңыз. Дүниеге келіп, бақиға аттанып дегендей… әлем тұрмақ өзінің қаламгерлерін Қазақстан білмейді. Әдебиетке, жазу-сызуға бейімі бар немесе кәсібі байланыста болмаса, былайғы жұрттан әдеби процесті сергек бақылап отырған жан жоқ. Бірақ ситуация сағымызды сындырмақ емес. Жазып жатырмыз. Қаламымызды тастаған жоқпыз. Сондай жағдай. Аздап көңілсіздеу. Бірақ өмір сүруге болады. Біздің мақсат – ұлттық әдебиетті сақтап қалу. Ұрпақтар сабақтастығының үзілуіне жол бермеу. Маңдайға жазылған миссия осы.
Ал «измдарды» тану дегенде, бұл жерде бөтелкенің басын әдебиеттанушы, сыншы қауымға бұру керек шығар. Жіктеу, салалау, айдар тағу сол кісілердің құзырындағы өкілет емес пе. Ал әдебиеттің «қара жұмысшылары» жазушылар мен ақындар болса, бұл тақырыпты кәсіби түрде алып шыға алмас. Қалай да эмоция басым болып кетіп жатады. Әдетте.
Әдеби процесті жасанды түрде, жоспарлы жолмен өзгерту қиын, бірақ әрине, мүмкін. Дегенмен, бұл жұмысты қолға алып, ондай науқанды бастап жіберуге құлшынып отырған топтар да, құрылымдар да көрінбейді. Әдебиет идеология құралы болудан қалғалы, алабөтен ешкімді қызықтырмайтын да болды. Бақытымызға орай. Әдебиетке жарнама керек, кітап шығару керек, шыққан кітаптарды талқылау, бағалау керек. Сапа стандарттарын белгілеу, талап ету керек. Бір сөзбен айтқанда, бұл салаға да модернизация, реформа керек. Баяғыда өткен бір әпкеміз «Ондай байды бізге кім беріпті» дейді екен. Сол сияқты, бұның барлығы айтылып келе жатқан нәрселер ғой, тек өзгеріп жатқан еш нәрсе жоқ. Әзірге!..