Құдай сияқты жігіт
25.01.2019
1507
0

Байбота ҚОШЫМ-НОҒАЙ, ақын

ХХ ғасырдың сексенінші жылдарының бір күні. «Жалын» баспасында қызмет істейтін кезім. Жұмыс орыныма жайғасып отырған бетім еді, кабинетке ақын Жұматай Жақыпбаев кіріп келді. Жұматайдың әдетінде амандасу деген этика атымен жоқ. Таңертең бір төсектен өргендей, жаныңда жымиып тұра береді.

– Жұмекен ағаңның басы ауырып тұр екен. Бір­деңең бар ма? – деді сосын жайлап қана. Жұмекен – бүкіл қазаққа әйгілі ақын Жұмекен Нәжімеденов. Ал «бірдеңе» дегеніміз – ақша. Жұматай өз айлығын өзі жаратады. Бірақ өз ақшасына арақ ішпейді. Салмақ өзгенің қал­та­­сына түседі. Оның бұл әдетіне мен үйреніп алғанмын.
– «Салютке» бара беріңіздер. Он минуттан кейін сонда боламын,– дедім мен де ақырын. «Салют» деп отырғаным – Абай және Гагарин даңғылдарының қиылысындағы кафе. Бары бар. Күндізгі сағат 10.00-нан бастап жұмыс істейді. Баспалар үйінде қызмет істейтін жігіт­тер­дің бірқатары жиі-жиі бас сұғады. Ал кеш­кісін жұмыстан соң бір-екі сағат осында аялдау көпшілігіміздің дағдымызға айналған.
Үнемі жүздесіп жүрсем де, бірге отырып жүз грамм бөліспеген ғажайып ақынмен аз-кем әңгімелес, сұхбаттас болатыныма қуан­дым.
Барға кіріп келсем, ортадағы ұстынның түбін­дегі үстелдің екі жағында екі ұлы ақын отыр екен. Әлі орталарында ештеңе жоқ. Су да алынбаған.
– Ассалаумағалейкүм! – деп сәлем бердім.
– Уағалейкүмассалам! – деді Жұмекен ағам әдемі жымиып. – Сәлемші болсаң, төрге шық.
Мен қол алысып амандастым да, көп аялдамай сатушы әйелдің алдынан бір-ақ шық­тым. Бір шөлмек арақ пен бір бөтелке «Сары­а­ғаш» минералды суын алып ортаға қойдым. Су ішетін, арақ құйылатын таза стақандарды дайын­дап, үстелдің жиегіне жайғаса бергенім сол еді, Жұмекен ағам шарт етіп қатты ашуланды.
– Әй, Жұматай! Мына баладан ұят болды ғой. Мен саған айтып едім ғой басымды жазып бер деп!
Көзі ежірейіп кетіпті. Ыңғайсыз күйде қалға­нын аңғарып отырмын. Ешкімге тәуелсіз болғысы келмейтін болмысына лайық емес жағдайға тап болғанын сеземін. Оның үстіне мен бұрын Жұмекен ағамен емен-жарқын әңгімелесіп көрмеген жанмын.
– Жұмеке, – деді Жұмағам өзінің асықпай­тын қалпынан жазбай. Ә дегендегі абдырап қалған кейпінен із қалмаған. – Мен де Құдай сияқтымын ғой. Өз қалтамнан ешкімге еш­теңе бермеймін. Біреудің қалтасындағыны біреуге алып беремін.
Жұмекен ағамның әлгіндегі тұлданған ашу­лы кейпі бірте-бірте өзгеріп бара жатты. Мен қипақтап жүзіне қарап едім, екі көзі тарс жұмылып, сирек тістерінің арасынан риза адамның күлкісі естіле бастады…
Қазір Жұмекен Нәжімеденов те, Жұматай Жақыпбаев та арамызда жоқ…
…Осы күндерi Жұмағаң – Жұматай Жа­қып­баев түсiме жиi кiретiн болып жүр. Әлде рухы менен дұға дәмете ме, әлде өзiм оны қат­ты сағындым ба екен, кiм бiлсiн?!. Тiрi адам­ның тiршiлiгi таусылған ба, журналистiк сапарда жүрiп қап, марқұмды жерлеген күнi өз қолыммен бiр уыс топырақ сала алмай қалға­нымды да әлi күнге өкiнiшпен еске аламын.
Жұмағаң түсiме кiрген сайын оның өз қол­таң­басы қалдырылған жұп-жұқа жинақтарын қайта бiр парақтаймын. Қайталап оқимын. Қайталап оқыған сайын оның қоңыр дауысы құлағыма келедi:
«Сеңсеңi жасыл, көрпешi гүлдi беткей, шың,
Көп болды, көлбеп көзiмнен бiр сәт кетпейсiң.
Көкекке мiнiп, италақазды жетекке ап,
Көктемiм менiң, көмекке маған жеткейсiң.

Қарайған шақта қар жабу жапқан құба бел,
Тоң болып жатқан топырақтардан тұра көр.
Көктемiм менiң, жеті қат жердiң астынан
Ит жуа болып, бәйшешек болып шыға кел!

Сақалын көкке боясын аппақ серкелер,
Отарын көкке жаятын болсын ертең ел.
Темiрден қашып тентiреп кеткен цыгандай
Қаңғып та кеткен құстардың бәрiн ерте кел…».
Ол өлеңiн оқып болып, маңғаздана бiр қа­рап: «Қалай, нишеуа ма?»– дер едi. «Жұмаға, сiз­дiң өлеңнiң қалай дерi бар ма?» – деушi едiм мен. «Сенiң сөзiңе сенуге болады»,– дейтiн ол өз қуанышын жасыра алмай. Содан соң өзi өлең оқып отырғанын ұмытып кетiп, әңгiме бейне бiр менiң жырларым жөнiнде айтылып жатқан сынды өзiме көпшiк тастап қоюшы едi. Жұмағаңның бұл қолпашына бейтарап қарап отырған тәрiздi болғаныммен, iштей қатты мәз болып қуанатынмын…
Жұматай Жақыпбаев (оның шын аты-жөнi Жұмағұл-Шора Сағадиұлы Жақыпбаев екен, «Жұматай» – анасының еркелетiп қойған есiмi болса керек) деген ақынды ҚазМУ-дың қабыр­ға­сында жүрген кезiмде курстасым – қазiргi бел­гiлi жазушы Серiк Байхоновтың аузынан есiт­тiм. Талдықорғанға қайындап барған ша­ғында танысыпты. Аузының суы құрып, аңыз етiп жүрдi.
Университеттi тамамдаған соң бiр жылдан ас­там қызметке орналаса алмай, сергелдеңмен жүрiп, азуы алты қарыс ақын-жазушы ағала­ры­мыздың арқасында «Жалын» баспасының өнер бөлiмiне табан тiредiм. Бұл қағаз жүзiнде шығармашылықпен айналысатын жастарға қыруар көмек көрсетiп жатырмыз деп дауры­ға­тын, шын мәнiнде жас ақын-жазушылар бас­пасөз беттерiнде бiрлi-жарым өлең-әңгi­меле­рiн жалынып-жалпайып әзер жариялайтын, тоқырау мұзының сiрескен сеңге айнал­ған кезi – 1978 жыл болатын. Қолтығында үш-төрт кiтабының қолжазбасы бар, Саттар Ерубаевқа аға боларлық жасқа жеткен көптеген талантты жiгiттер «Лениншiл жас» беттерiндегi «Балауса» атты айдармен бiр өлеңi жариялан­ғанға мәз болып жүретiн…

….

(Толық нұсқасын газеттен оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір