ҚҰДАЙЫ САҚТАҒАН ЖІГІТ
Магнит жақыннан тартады. Ал карта деген жарықтық алыстан-ақ тарта береді. Қиян шеттегі бір үйде карта ойналып жатыр десе табаның жерге бір тиіп, бір тимей көзді ашып-жұмғанша «Ассалаумағалейкүм» деп, сол үйге қалай кіріп барғаныңды білмей қаласың. Карташының түрі көп. Бір тиыннан «сызып», басы кетіп бара жатқандай бажылдасып, жанын салып жанталасып, арын сатып арпалысып, кеңірдегі үзілгенше керілдесіп, беті тырысып, жаға жыртысатын өз құны да бір тиындық арзанқол ойыншылар, он сомынан ұтылса он күн аза тұтатын қашан да жаны жаралы, қолы қаралы, күлкісі ызалы, көңілі қазалы, көкірегі шер, қабағы қатулы, сөзі сатулы мұңлық ойыншылар, «ойбай сыпырылып қалдым», «сорлап қалдым», «маңдайым құрып қалды», «бақытым жоқ», «бағым жоқ» деп күйіп-жанып, ісіп-кеуіп, көзінен жасы көл болып зар илеп, запыран құсып, қайғы-мұңы аузынан «ірімшік» боп іріп түсіп жататын жылауық ойыншылар, ұтқанын жасырып, ұтылғанын асырып, әркімнен бір парт сұрап, жалына қарап жалтақтап мүләйімсіп отыратын жәдігөй ойыншылар, бес сом ұтылса ұрынарға қара таппай қатуланып, бармағын тістеп бүрісіп, беті тырысып, жыны құрысып, он сом ұтса қарқылдап күліп, тарқылдап күліп, тағы бір тауы шағылғанша тайраңдап қалатын уайым-қайғысы да бес минөттік жәркелеш ойыншылар, әркімнен бір қарыз алып ілініп-салынып, үзіліп -созылып, таң атқанша ұйқысын қоса ұттырып отыратын, шырайы бір шықпайтын жартыақыл, жарымес ойыншылар, күнді қолымен батырып, таңды көзімен атыратын, арман-тілегі картаға ауып кеткен өлімі жоқ, жаны сірі, жанкешті ойыншылар, жар айлығын бір беріп, бір алатын ортақол ойыншылар, бүгін бір айлық жалақысын ұттырып, ертең тағы ойнап жататын ортанқолдай ойыншылар, түсіне бала-шағасының амандығынан бұрын картаның төрт тұзы кіретін, оң қалтасында түйенің, сол қалтасында биенің пұлы жүретін «А» тобындағы төре сүйекті классик ойыншылар…
Біздің Жөкебайды жұр ортақол ойыншы дейді. Тіпті де олай емес. Ақшасы болмай шаршап жүр. «Қызға көңілін бермей кербез қатын» демекші көңілін классик ойыншыларға бермейді. Өткенде бір түн классиктердің ойынын көргені бар. Ақшаларының көптігі болмаса, ойындары өзінің ойындары сияқты. Онда бес классик бас қосып гәрбі ойнады. Қол келсе оңай ойын. Бес картадан үш алу керек. Шар бес сомнан. Бәңкіге бірден жиырма бес сом түсті. Картаны бірінші жасағанда-ақ біреуі ойнап, «жер құшты». Бәңкі елу сом болды. Екінші айналымда тағы біреуі ойнап, үш жүрісте-ақ тоңқалаң асты. Бәңкі жүз болды. Үшінші, төртінші ойыншылардың да қайықтары суға кетті. Бәңкі төрт жүз болды. Гәрбистердің бәрі іштен тынып үнсіз қалды. Енді не болмақ? Бұл Терек деген жанын «капрон қағазға түйген» жанкешті ойыншының қолына қарап отырған. Көзір түйеден шықты. Терек картасын көтеріп қалғанда, түйенің тұзы электірдің шамына шарқ ете түсті. Әрі қарай екінші картаны сығалап қарап еді король түйе. Жүрегі соғып, өкпесі аузына тығылды. «Қайда екен, қайда дариға сол қыз». Қайда екен шіркін «қызыл түлкі» түйенің қызыл мәткесі? Үшінші қағазды соза тартқанда қызыл жетінің басы көрініп келе жатты. «Бота» тойысты, «түйе» болғай да, – деп картаны тарта түсіп еді, біздей ғып «найзасын» көтерген қиықтың жетілігі екен. «Атаңа нағылет-ай!». Терек күйініп, төртінші қағазды сығалады. Сегіздік крест. «Ит, шошқа» деп боқтап жіберді ішінен. Мұндайда бесінші қағазды көрудің азабы «қыл көпірден» өтуден де қиын. Ойыншылар қоя ма? «Бірінші ойыныңды айт, болмаса екінші ойынға кезек бер» деп жаныңды қуырып жеп барады. Амал жоқ бесінші қағазды еппен тартқанда тағы бірдеңе, қызарып келе жатты. Мәтке! Қиық па, түйе ме? Ептеп тартып келеді. Бұл арада бірден жүрекке қадалардай әсер ететін «найзаның» ұшы көрінбеді.
Нар өркеш түйе! Терек жарқ еткізіп, бір туған үш «нар» түйені ашып тастады да, төрт жүз сомды қағып түсті.
«Осында тұрған не ойыншылық бар, қолына келді алды. Несібесі картадан жаратылған» деді ішінен Жөкебай. Таң атқанша Теректің қолына қарап отырды. Қол келеді, алады. Ертеңіне түс ауа тарағанда Терек екі мың ұтқан екен. Жөкебайдың көзінше кассаға салып қойды. «Күзде гос қой, диплом Теректің қалтасына түсті дей бер. Мың сом берсең зооветтің любой мұғалімі дипломдық жұмыс жазып береді. Ал әр емтиханның бағасы жүз-ақ сом. Хе – хе – хе… Су тегін ғой. Сонда диплом Теректен қашып қайда құтылады? Құтыла алмайды, тұтылады», – деп қуанды Терек.
Иә, иә Жөкебай да сырттай оқиды. «Шамалы ақша тауып кеп, классиктермен армансыз бір ойнап, бағын сынап көрсе ше»…
Классиктермен ойнаудың Жөкебайға да бір сәті түсті. Әйелі екеуі «Белорусьқа» мініп қалаға келді. Әкесінің берген бес жүз сомына екеуіне екі пальто алып қайтпақ. «Пальто аламын» деп Жөкебай екі жүз сомды басып карташы Мұқаштың үйіне тура тартты. «Базар» жаңа қызып жатыр екен. Әйелі іш тастап кеткендей жүзі сынық, қалтасы қағылып ойыннан шығып қалған Көнтектің орнына кеп отырды. Су жаңа бес сомдықтар сусылдап жерге түсті де лезде әлдекімдердің қалтасына сіңіп жоқ болды. Әркімнің қалтасын бір қараумен Жөкебайдың күні өтті. Қас қылғандай жетіліктер мен сегіздіктер қолын басынып, билеп алған. Екі сағатта екі жүз соммен қоштасып үйге қайтты.
«Қайырсыз иттің орнына отырған соң қол шықсын ба?»
Жөкебай ұтылғанын өзінен, қолға келмеген картадан көрген жоқ. Әлгі қайырсыз Көнтектің орнынан көрді.
Үйге түсі бұзылып келсе керек. Әйелі бәйек болды.
– Бір жерің ауырып жүрген жоқ па?
– Құдай бір сақтады, – деді ол әйеліне танауы қусырылып.
– Иә, не болды?
– Тракторыммен бір мотоциклшіні төңкеріп тастадым. Мотоциклі сынды. Менен кінә жоқ, кінә одан. Көшеде жүру тәртібін білмейді екен. Өзі келіп соқты да қирап қалды. Сол арада қаңғып жүрген бір автоинспектор кездесе кетті де мені ұстап алды. Екеуі жабылып сотқа сүйреледі. Екеуіне кезек жалынып, екі жүз сомды қираған жерін оңдатуға мотоциклшіге төледім. Құдай бір сақтады әйтеуір.
– Автоинспектор ештеңе дәметпеді ме?
– Неге дәметпесін. Дәметкен шығар, қазір кел, сөйлесеміз деді.
– Оған да екі жүз керек пе?
– Ол екі жүзге көне ме?
– Онда анау үш жүз сомды апарып бер. Түбі пәле содан келіп жүрер. Өзің қарайып, көз алдымда жүрсең маған пальто көп қой. Биылша тағы көнемді киіп шығармын.
– Иә, иә, кінәмді актіге түсірмей тұрғанда беріп келейін.
Жөкебай үш жүз соммен гәрбистерге жаяу тартты. Олар да мұны күтіп отыр екен.
– «Мәйсөк» төрлет!
– Тіске жұмсақ «ақ бөлке» десейші!
– Елден келген базарлығың болсын, ойнап әуре қылмай өз қолыңмен қалтаңдағыны бізге бөліп бере салсайшы.
– Ойнамай берсең абыройға қаласың – деп күлісті.
«Қолы шықса, ойнамай бергенді көрсетер сендерге Жөкебай». Жөкең тістеніп келіп басқа орынға – Терек пен Керектің ортасына отырды. Бірақ бұл орын да қайырлы орын емес екен. Үш сағатта үш жүз сомнан айырылып, әйеліне келді.
– Сонша неге кідірдің? – деп әйелінің түсі бұзылды. Автоинспектор ақшаны алды ма?
– Алды ғой. Акт жасап қойған екен соны жырттырдым. Тек жаман жері ГАИ-дың бастығына айтып қойыпты.
– Ол да дәмете ме?
– Неге дәметпесін. Оның көмейі кең деп қалдым. Көп алып қалған неме ғой. Ол үш жүз сомды ақша демейді.
– Қоңырбас қайын ағаның әйелінен бес жүз сом алып берейін. Қайтеміз, басқа келген бәледен бір түйенің пұлымен құтылсақ аз ба.
– Иә, басқа келген бәле деген – осы енді. Түбі қайыр болса неғылсын.
Әйелі жатқан үйінің әйелімен күбірлесіп-күбірлесіп, бес жүз сом алып берді.
Мұның қайта келгеніне карташылар ішек-сілесі қатқанша күлді.
– Қасарған жерден қан алатын пәле екенсің. Бізді ұтпай қайтпаймын деп жүрсің ғой.
– Талапты ерге нұр жауар. Түбі сен ұтасың.
– Қолың шықса бізді сазға отырғызып кетесің ғой, – десті. Түнімен ойнап, таң ата ақшадан тазарып түргелді.
Әйелі екеуі «Белорусьпен» ауылға қайтып келе жатты. Күйеуі аман-есен қолына тигеніне қуанып әйелі келеді. Суға кеткен мың сом ішін ірітіп күйеуі келеді.
Келген соң болған оқиғаны әйелі ата-енесіне айтты. Олар да жалғыз ұлдың пәле-жәледен аман қалғанына қуанысты.
Жұмыс уақыты боп Жөкебай жүргелі жатқанда баласын әкесі оңаша шақырды.
– Балам, басыңа іс түскен құдайға садақаға бозқасқа атадың ба?
– Жоқ, әке, ойыма келмепті
– Болмаған балам, болмаған.
Әкесі келініне келді.
– Шырағым, қысылғанда құдайға садақа атадың ба?
– Атадым, ата. Ішімнен атадым.
– Ие, болды, шырағым. Дұрыс болған. Жалғыз баладан аянатын не бар? Әлгі Қошанды шақырт. Сенің құдайға атаған малыңды сойсын. Ел-жұртқа бала жүгірт…
Қошан келіп жазықсыз өлім жазасына кесілген екі қойдың басын алды. Ел-жұрт жиналып қалды. Есен қарт халқына арнап сөз сөйледі.
– Уа, ағайын, жұрт. Балам Жөкебайдың алдында енді қандай қауіп бар екенін кім білген? Әйтеуір бір сапарға әуелі құдай, қалды аруақты ата-бабаларым Жақсылық, Барлыбай жар болып аман қалды. Құдайға, ата-бабаға атаған мына садақадан бәрің ауыз тиіп, бата беріңдер, – деп бір сәт мұңайып, тұрып қалды.
Ал кемпірінің сөз айтуға жүрегі көтермей кемсеңдеп, жылай берді.
Әйелдер жабылып қазан көтерді. Бұрқылдап самаурын келді. Нағашы -жиенсіз ел болмайды. Не көп осы ауылда, кеңірдегі кепкен жиен көп. Бес-алтауы жабылып Есен қартты ортаға алды.
– Шампан бермесең, етіңді жемей кетеміз, – деп қорқытты. Есен қарттың қуанышында шек бар ма. Кемпір екеуі елпілдеп жүр. Бірінші класқа баратын үлкен немересінің оқу тойына алып қойған бір жәшік шампанды ашқызды.
Жиендер мәз болып «құдай балаңды мұнан былай да сақтай берсін» деп төгіп-шашып ішіп алды.
Садақа тарқарда Жөкебай келді. Садақадан сыбағаға бір омыртқа алып қойған екен. Әйелі әкеліп беріп еді, қолын қағып жіберді. Мұны көрген Есен қарт ұрысып жатыр.
– Садақадан сатып іш деген, балам. Ауыз ти, шырағым. Көзіміз ағарғанда көрген Жөкебай емеспісің? Сенен аяйтын неміз бар біздің.
– Мен бұған қазір жығып салып ауыз тигіземін, – деп мас жиен Кәкең омыртқаны ала жүгіріп еді, Жөкебай сорлыны шалқасынан түсірді. Екі-үш рет теуіп те үлгерді. Кәкең талып қалды. Әлден уақытта тұрғызып еді, Жөкебай көзі шатынап, қолы қалтырап кіжініп тұрып:
– Міне, сен де өлімнен қалдың. Садақа жаса да содан өзің ауыз ти. Мен садақадан ауыз тимеймін, – деді.
Төрежан МӘНДІБАЙ