МОЙЫНҒА МІНГЕН ЖІГІТ
27.06.2022
949
0

Қоянбай қызық жігіт болып өсті. Бойдақ күнімізде жүз грамм ұрттасақ, қыз-жігіттер жабыла домбыраға жармасып, Шәмші Қалдаяқовтың «Қайықтасымен» тербелетінбіз. Асқақ бір арман аялайтын жанымызды. Іңкәр дүние көз алдымызда құлпырып жүре беретін. Тек әнмен ғана көңілдің кірін шаятын едік. Өзге жұрт жақсы әнмен ырғалып өзімен-өзі сырласып отырғанда Қоянбай «балам жоқ» деп еңкілдеп жылай бастайтын.

– Анасыз бала аспаннан түспейді ғой, жазған. Әуелі бір ортақол «инкубатор» тауып алсайшы, – деп арам тер боламыз. Сөзіміз жесір қалады. Ол сол «балам жоғымен» жылап-жылап ұйқыға кететін. Сорлының көз жасына қалмайық деп бәріміз жабылып бір «инкубатор» тауып бердік. Үйленді. Үйлену тойында айтылар сөз белгілі. «Махаббаттарың маздай түссін», «лаулай түссін», «қызыл шоқ болып күйдіріп тұрсын», «өртеніп тұрсын», «мына үйге қара домалақтар егіздеп, сегіздеп тола берсін». Ой, небір тәтті тілектерді тоғыттық дейсің. Екеуі от боп жанып ортамызда отыр. Бәріміз бір-бірден ақ жарылып болған соң, қырсық қыздар «өз лебіздеріңді естігіміз келеді» деп жас жұбайларға қолқа салды. Қоянбай:
– Дүниеде біздей ғашық болған адамдар болмаған шығар, – деп тебірене тіл қатып келе жатқанда Жасұлан деген қуымыз:
– Басқа жұртты білмеймін, қазақта сендерден кем ғашық болмаған екі қосақты білетін едім. Бірі – Қозы Көрпеш-Баян сұлу да, екіншісі Төлеген мен Қыз Жібек, – дегенде жас келін де күліп жіберді. Қоянбайдың сөзіне үйренген адамбыз ғой, келіншектің лебізі де жаман әсер қалдырмады.
Таң ата «балам жоқ» деп Қоянбайдың көңілі бұзыла бастағанда тойды тарқаттық.
Той өткесін Қоянбайды көшеде көрдім. Келіншегін мақтай жөнелді:
– Қылықты. Мөлдірейді де тұрады. Шабытыңды шалқытады. Егер ақын болғанымда әр қылығын бір жырлаумен өмірім өтеді екен. Ақын болмағаныма өкінемін. Тамақ асуы бөлек. Асқан тамағына тоймайсың. Шынашағын шиырып шай құйғаны бір ғанибет. Қандым демейсің, құдық болып кетесің. Таза, үстіме шаң жұқтырмайды. «Ақылы дария» деген сөз бұның ақылына жұғын болмайды. Оған жаңа теңеу керек. Құдай өзі мен үшін жарата салған асыл жан. Дүние осы қалпында қалса, біз «Қоянбай мен Киіккүл бай болып, барша мұратына жетіпті» деп ертегімізді аяқтар едік. Бірақ өмірдің өз ағысы бар ғой.
«Ашқа тартқан кеше тартып» Киіккүл Қоянбайдың кенезесін кептіріп бала көтермей бедірейіп жүріп алды. Жылаудың көкесі «түйе боздау» енді болды. Қосылғандарына жеті жылдың жүзі болғанда Қоянбай күңкіл шығарды. «Біздің әйел бедеу, ажырасамын. Бала туатын әйел аламын. Бала тумайтын Шахризададан бала туатын майбалақ шүйкебас артық» деген қанатты сөз ойлап тапты да, сол сөзінен танбады.
Содан ертеңгілік ажырасып, кешке қосылып, кешкілік ажырасып, таң ата қосылып көп жүрді. Кейде бір ажырасып, қиналып қиыспай «өрістен жамырап кетіп» жыласып көрісіп, қосылып та біраз жүрді. Бірақ қол үзіп кете алмады. Киіккүлде үн жоқ. Кінәлі адамдай мұңлы. Мынаның сөзі үстем. Құдіреті күшті Құдай Тағала Қоянбайдың көз жасына шөлдегендей Киіккүлді әдейі кешіктірген екен. Мүшел жасқа толғанда күзгі тұздалған қиярды кеспек- кеспек қотарып, тоғыз айда торсықтай ұлды Қоянбайдың алдына топ еткізді.
Қоянбайдың аузы «қисайып» қалды. Бесікке жатпайтын ақырдың баласын түнімен өбектеп әләуләйлап шығады. Енді Киіккүлдің сөзі үстем болды. «Жылаған қандай екен, жұбатқан қандай екен? Мас болып түнімен «балам жоқ, мен қубаспын» деп жылағаныңда аза бойым қаза болатын. Жанымды жеп, жүрегімді езетінсің. Далаға шыға қашқым келетін. Әйелге дүниеде бұдан артық азап жоқ шығар дейтінмін. Жасаған ием ол азабынан құтқарды. Жұбат енді балаңды. Менің бала тап­қаным аз емес» деп көзін сығырайтып келеке ете қарайды Киіккүл де.
Бала туған соң ең жедел әйелдің өзі «қырқымен», «сүтімен» қайта бала көтеріп жатады ғой. «Қырқы» деген қашық екен. Киіккүл бұл жолы «жиырмасымен-ақ» қайта бала көтерді. Екі жарым жылда үш ұл туып беріп, Қоянбайдың «әкесін» танытты. Қоекем түнімен үш баланың асты-үстін ауыстырып, мұрнынан шаншылды. Құдайдың бұл «құлдығына» өзі дән риза секілді. Күледі, күмірә болғыр…
Жетпес дүние ме, соңғы кездері екеуі жиі күш сынасатын болып жүр. Бір күні Қоянбай «мені қуып жіберді, апарып татуластыр» деп келіп еді, жөн сөйлемедім.
Содан әркімнің үйіне бір қонып, кейін қыздай қылықты боп барған екен «балаларым­ның әкесі едің, бір иттігіңді кештім» депті.
Тағы бір күні «Ой, сәпсім қуды, енді қосылу жоқ» деп еңіреп келді. «Бар кінә өзімнен. Ішіп қойып аузыма келгенді оттаппын. Бала тумай жүргеніңде қоя бергенімде жақсы қатын алатын едім деппін. Сен менің бағымды байладың. Басқа қатын алғанымда бүгінде балаларымның алды ер жетіп қалатын еді. Не көп, дүниеде бос белбеу қыз көп. Әлі тұғырдан түсіп отырған ештеңем жоқ. Маған кез келген қыз тиеді, деп бөсіппін. Ой, енді қосылу жоқ».
– Сен біздің мойнымызға мінген адамсың ғой, албасты, – деп сөктім. Ертіп апарып өлердегі сөзін айтқыздым. «Жаздым, жаңылдым. Осы арақ иттің кесірі ғой. Болмаса сол сықылды саған тіл тигізермін бе. Қойып кетіп арақтың сорын қайнатамын. Бетіне бір қарамай шараптың көзін бозартамын. Тек өзің мен балаларымды айналамын да отырамын», – дегізіп ант-су ішкіздім. Солай қосып кеткенмін. Бір ай өтпей тағы келіп тұр.
– Құдай атып, біреудің сөзіне еріп сыра ішіп қойып… Әлгі көрші Әлібаймен бір бәлең бар деппін. Мұрайдан да сау емессің дегенді қосып айтыппын. Әкеңді танытып үш баламен тастап кетемін. Маған әйел табылады. Мені аяп қосылған ештеңең жоқ. Өзіңе де бай керек боп қалған екен, сонсоң қосылдың. Жас кезімде жүрген қызым үйіне қайтып келіп отыр, соны-ақ ала саламын. Маған бәрібір деп соғыппын. Құрыдым мен…
– Әлгі бала күнгі пәлең қайтып келіп отырса, соны ал.
– Ой, ішіп қойғандық қой. Жұрт жақсы әйелін жібере ме?
– Ол қайтып келген әйел болса, сен бізге «қайтып келген» еркексің. Саған сол лайық. Бір-біріңе күле алмайсындар.
– Қой ойынды. Сіркем су көтермей тұр.
«Жазған құлда шаршау жоқ». Бетсізді тағы апардым. Бұл жолы мен Киіккүлді танымай қалдым. Басқа әйел, басқа бейне. Бетіме тіктеп қарады да есікті көрсетті.
– Сен өзің көсем болып кетіпсің ғой. Ұзын қатынның маңда­йына сыйсаң болар еді, – деп кекетті ол мені. – Кешегі күнге дейін қыз тимей ақ итше қаңғып жүргенің көз алдымда. Енді бүгін біреуді қосып жарылқап, тағы біреуге пана болғансып, адамсып қалыпсың ғой. Қолыңнан көп нәрсе келсе, жолдасыңа бір жас иіс тауып беріп, сауабына қалсайшы. Жас күніндегі бір көзкөргені үйіне қайтып келіп отырғанға ұқсайды. «Қайтқан малда қайыр мол» демеуші ме еді? Соған барсын. Менен аулақ. Енді менің есігімді ашпаңдар, – дегені.
Үнсіз өліп шықтым. Бір жетіден соң Қоянбай оң жақ көршісі зоотехник Зәуірге барған екен. Ол «бір күнде мың қой мен мың қошқарды қосып жүре беретін маған бір әйел мен бір еркекті қосу қиын болып па» деп қуантыпты Қоянбай байғұсты. Бара мақал-мәтелдерді суша сапырады. Құдіреті күшті Құдай Тағала әйел мен еркекті егіз етіп жаратқан. «Әйелсіз еркек тұл, еркексіз әйел тұл» деп сарнай бастаған екен, Киіккүл:
– Қосыл деймісің? Жөн сөз, – депті. – Тек сенің айтқаныңа ұяламын. Өзің неше әйелден ажырасып едің? Төртеу ме еді, бесеу ме еді, есімде қалмапты.
– Үш-ақ әйелден ажырастым ғой.
– Онда сен менің үшінші күйеуден ажырас­уымды күт. Сосын келіп айтарсың ақылыңды, – деп шелегі мен инағашын алып үйден шығып жүре беріпті.
Тағы бір жеті өткесін Қоекем сол жақ көршісі веттехник Берікке жалынады. Күні түсіп келгеніне ол да қуанып:
– Мен еркек пен әйелді қосуға Құдай құрлы бармын. Ал айыруға келгенде әзәзілдің өзі дей бер. Сен рахатты Құдайдан емес, менен көресің. Тап бүгін көресің. Қозысын алмаған талай қойдың аузын айға қаратқан адаммын мен. Ал еркегін «алмаған» әйел көрсем аруағым ұстайды, – деп мақтанады.
Содан сұлу сөздерді сапырып келе жатқан екен, Киіккүл:
– Осы сен веттехник Берік емессің бе? – деп бір қойыпты. – Берік болсаң сенің батпақта жатқаныңды көп көрген адаммын. Сен құлап жатуға ұялмайтын едің де, біз қарауға ұялмайтынбыз. Содан бері мұнша ақылды қалай жинап ала қойдың екен? Құрттаған қойдың артына кірәлин жағып жүргеніңде Қызыр ата ақыл дарытып, есің кірген-ау өзі. Осы алакөз қатыныңа аяғың ілінбегенде дүниені қатынсыз өткізетін көк қасқа сорлы сен болатынсың. Ауысқан ақылың болса өз әйеліңе жарат, – деп есіктің сыртын нұсқапты.
Содан Қоянбай әйелден, дүниеден күдер үзіп, әркімнің үйіне бір «төркіндеп» барып, қонып шығып жүріпті. Ауылдан қадірі кетіп, шеткері отырған Қоныс деген қойшының үйі­не барыпты. Бар сырын ақтарады. Зоотехник пен веттехник қоса алмады дегесін қойшы сөз таппай дағдырып отырып қалады. Қойшының ақыл тұратын жері жоқ бір тұтам әйелі қасын керіп, бір созып, қабағын бір түйіп, бір жазып, ұзын кірпігін қағып-қағып жіберіп, «мен екеуіңді қосайын» депті.
Қоянбай «иә, бізді талайлар қосқан» дей жаздап құлықсыз құлақ түреді.
– Ауылдың аузы дуалы азаматтарының күніге біреуінің қасына еріп, ештеңе болмағандай, ештеңеге басың ауырмағандай әдемі киініп алып үйіңнің тұсынан әлгі азаматпен «терезесі тең» адамдай ойнап-күліп өте шық. Ертеңіне тағы біреумен. Күнде сөйт. Осылай бір жеті қайталасаң, әйелге ой түседі. Үш-төрт күннен кейін әйелдің өзі қарсы келіп қалса да, байқамаған болып өте бер. Енді сен оның көз алдына тұрып аласың. Әйел ойланады. «Осы мен дұрыс істеп жүрмін бе?» дейді. Әйел заты өзгергіш келеді. Бүгін былай, ертең олай. Мен де әйелмін. Әйелдің неге еліктейтінін, неге қызығатынын білем ғой. Біз де еркекке қарап көргенбіз, айналайын.
Енді бәріміз бармақтай қатынның жасап берген сценарийі бойынша жүріп жаттық. Күніге біреуіміз Қоянбайды қасымызға алып және оны «аса бағалағандық» танытып «шүйір­келесе» әңгімелесіп өтіп бара жатамыз.
Төртінші күні Киіккүл:
– Ой-бо-ой, өзің халыққа қадірлі екенсің ғой, – депті. Қоянбай «байқамапты».
Ал бесінші күні:
– Қасыңдағылар қатын болса көрерміз, – депті. Қоянбай бір қарап, кәдімгі ажырасқандарға ұқсап сөзіне мән бермегенсіпті.
Алтыншы күні бұның қасына еретін адам табылмай жалғыз өткен екен. Зымияндар көшесіндегі әдепті келіншектер кеңесінен келіп түсіп жатқан шыт жаңа хабарларға қарағанда, Қоянбай әйелімен ұзақ әңгімелесіп тұрыпты. Келесі күні Қоянбайдың өз үйінен шығып жұмысқа кетіп бара жатқанын да бір қырағы келіншек байқап қалады.
Бұдан соң біз Қоянбайдан хабарсыз қалдық. «Бұрын әйелінен біз айырып жүргендей шіркіннің хабарсыз кеткені несі-ай?!» – деп Зиялылар көшесінің бойындағы ибалы әйелдер шынымен-ақ ренжіп жүрді.
Ертеде бір есті шал: «Қызыңды сіңіріп кеткен кісіге сиырыңды қосып бер», – деген екен. Сиыр қосып бермесек те біз Қоянбайдың әйеліне сіңіп кеткеніне, бір күн болса да мойнымыздан түскеніне қуандық.

Төрежан МӘНДІБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір