ӨТКЕН ЖЫЛДАР ЖАҢҒЫРЫҒЫ
11.01.2019
1531
0

(«Қазақ әдебиеті» және ақпараттар)

Оқырманды ел ішіндегі соңғы жаңалықтардан хабардар етіп отыру – қай басылымның да бұлжымас міндеті. Бұл дәстүрден «Қазақ әдебиеті» газеті де тыс қалған емес.
85 жылдық тарихы бар «көнекөз шежірешінің» бай қазынасын – қаттаулы тігінділерін ақтарып қарап, бір мезет өткен күндер көшіне көз жүгірттік. Сол арқылы сағымдай бұлдырап артта қалған дәуір тынысын сезіп, замана келбетін тани түскендей күй кештік. Сарғайған газет беттерінде халқымыздың тарихынан, әдебиетінен, мәдениеті мен өнерінен бедерлі із қалғанына тағы бір куә болдық. Ескі жылдарға сіз де саяхат жасай отырыңыз, қадірлі оқырман!


ДОСТЫҚ БЕЛГІСІ

Үстіміздегі жылдың январь айында болып өткен Қазақ ССР Жоғарғы Советінің екінші сессиясында Бостандық ауданын және Бетпақдала жерінің бір бөлегін Қазақ ССР құрамынан Өзбек ССР-і құрамына беру туралы Қазақ ССР Жоғарғы Советі қаулы қабылдады. Өзбек ССР Жоғарғы Советі Президиумының председателі Ш.Р.Рашидов жолдас сессияда сөйлеген сөзінде: «Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Бетпақдала жерінің бір бөлегін және Бостандық ауданын Өзбекстанға беру туралы қарары біздің халқымызға республикамыздың экономикасы мен мәдениетін дамытуда туысқандық елеулі көмек болып табылады», – деді.
Сессияда бұл мәселе жөнінде депутат С.Мұқанов та сөз сөйлеп, өлең оқыды. Содан соң оны Өзбек ССР Жоғарғы Советі Президиумының председателі Ш.Р.Рашидов жолдасқа тапсырды.
Кейіннен Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының председателі Ж.Тәшенов жолдас басқарған делегация Өзбек ССР Жоғарғы Советінің сессиясына қатынасты.
Өзбек ССР Жоғарғы Советінің сессиясында өзбек ақыны Ғафур Ғұлам сөз сөйлеп, өлең оқып, оны Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының председателі Ж.Тәшенов жолдасқа тапсырды.

3 февраль 1956 жыл, №5 (57), 2-бет


«АРА» ЖУРНАЛЫНЫҢ ТҰҢҒЫШ НОМЕРІ

«Ара» («Шмель») атты саяси-сатиралық жаңа журналдың бірінші номері жарыққа шықты. Журналдың сыртқы мұқабасында адамша киінген екі аяқты, төрт қолды араның суреті тұр. Екі аяғымен жер басып, екі қолымен садағын кезенген Ара бір қолымен бөркін жоғары көтеріп, тұңғыш жарыққа шыққан күні жұртшылыққа өзін таныстырып:
Ұшқалы тұрған Арамын,
Алдарыңа барамын.
Қисық, қыңыр, қырсауды
Талқыңа сүйреп саламын.
Жексұрын, жылпос, тоңмойын,
Төрешілді табамын,
Табамын да шағамын! – деп тұр.
Жаңа журналдың мойнындағы міндеті мен алдындағы мақсаты осы қысқаша таныстырмасында түгел айтылған. Коммунистік партиямыздың бастауымен коммунизм орнату жолында қажырлы еңбек етіп жатқан ер халқымыздың ісіне кедергі болатын, кесірін тигізетін жағымсыз қылықтардың бәріне қарсы жаңа журнал аяусыз күрес ашуға, отты сөзбен, өткір тілмен кемшілікті шенеп, Совет адамдарының ұлы ісіне көмекші болуға тиіс.
Өзгені былай қойып, өз мүддесін көздейтін кейбір басшылардың Алматыда салынып бітпеген үйге баса-көктеп кіріп алғандары, оны әшекейлеуге мемлекеттің қыруар ақшасы заңсыз жұмсалғаны; Семейде керек емес жерден көпір салынып, оған миллиондаған қаражат шығын болғаны, почта жұмысындағы былықтар тағы басқа түрлі материалдар басылған.
«Ара» мен «Шмельдің» тақырып, суреттері бір болғанымен, басылған материалдар бірінен-бірі тікелей аударма емес, еркін, шебер, екі тілде де оқушыларға түсінікті, қызғылықты жазылған.
«Ара» («Шмель») журналы жарыққа шығып, өзінің ірі де игі жұмысына қол қойды. Сапарың сәтті болсын, «Ара!».

6 апрель 1956 жыл, №14 (66), 1-бет


МАЙ САЛТАНАТЫ

Мереке алдындағы жаңбырдан соң Алматы жылдағысынан да көркем көрікке ие боп құлпырып шыға келді. Алма ағаштары ақ ұлпа гүлге көмілді. Табиғат көктемі өмір көктемімен ұштасқандай көз тартады.
Тойға әзірленген қаланың көркі Бірінші май күні тіпті жайнап кетті. Сәнді киінген адамдардың көздерінде қуаныш нұры ойнайды.
Сағат он. Алматы гарнизонының әскерлері парадқа шықты. Олардың айбынды тұлғасына сүйсінген халық зор қошеметпен құттықтады.
Қырмызы қызыл тулар ұстаған колонна Коминтерн атындағы алаңға беттеді. Бұл туды көтеріп келе жатқандар – Алматының атақты адамдары. Олардың даңқы бүкіл республикаға қанық.
…Колонналар бірінің соңынан бірі өтіп жатыр. Транспаранттардың бірінде «1 миллиард 400 миллион пұт» деген үлкен цифр бар. Бұл – 1956 жылы қазақстандықтар өндіруге міндеттенген астықтың мөлшері. Казір Қазақстанда 27 миллион гектар жерге егін салынып жатыр. Бұл Англияның, Францияның, Бельгияның және Голландияның егіс көлемінен әлдақайда артық.
Бұл күні бүкіл елімізбен бірге Қарағанды металлургиялық заводының. Павлодар комбайн заводының, Соколов-Сарыбай комбинатының, Бұқтырма мен Шульба ГЭС-нің, тағы басқа алыптардың құрылысшылары тұңғыш рет Бірінші май мерекесін тойлады. Қазақстанның алтыншы бесжылдықта өркендеу болашағы адам таңқаларлықтай. Республикамыздың халық шаруашылығына жетпіс сегіз миллиард сомдай күрделі қаржы жұмсалмақ. Мұның өзі төртінші және бесінші бесжылдықтарда жұмсалған күрделі қаржыдан 1,7 есе көп.

4 май 1956 жыл, №18 (70), 1-бет


ТҰҢҒЫШ ЭНЦИКЛОПЕДИЯ

Үстіміздегі жылы Республикада алғашқы рет «Қазақ энциклопедиясы» және «Қазақ энциклопедиялық сөздігі» жарыққа шығады. Екеуі де Ұлы Октябрьдің 50 жылдығына арналады.

13 январь 1967 жыл, №3 (834), 3-бет


ҚАЗАҚ РОМАНЫ ФРАНЦУЗ ТІЛІНДЕ

Қазақтың тағы бір романы француз оқушыларының қолына тиді. Жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романының бірінші кітабын Юрий Казаков өткен жылы орыс тіліне аударған болатын. Роман Одақ оқушыларының жақсы бағасын алған-ды. Міне, сол «Ымырт» аталатын кітапты жақында Францияның «Галлимар» баспасы басып шығарды. Француз тіліне аударған – Лили Дени. Кітапқа Ю.Казаков алғысөз жазған.

24 февраль 1967 жыл, №9 (840), 1-бет


ӘДЕБИ ӨМІР ТЫНЫСЫ

Бұрнағы күні Қазақстан Жазушылар одағы драматургия және кинодраматургия секциясының мәжілісі болды. Мәжілісте Қазақстан Жазушылар одағы драматургия және кинодраматургия секциясында 1970 жылғы бірінші тоқсанында істелетін жұмыс жоспарын талқылады.
Мұнан кейін семейлік авторлар М.Сәрсекеев пен Б.Омаровтың «Шыңғыс хикаясы» деген пьесасы оқылды. Драматург-жазушылар Ш.Хұсайынов, М.Дүзенов, А.Сатаев, Қ.Мұхамеджанов, М.Хасенов, Н.Баймұхамедов, Р.Райымқұлов, О.Сәрсенбаев, С.Сыматаев, тағы басқа қаламгерлер жергілікті авторлардың драматургия жанрындағы тұңғыш туындысына нақтылы да пайдалы пікір-кеңестер айтты.

***

«Ұлы ақындар кітапханасы» деген серия бойынша жақында «Жазушы» баспасы А.Блок, Р.Тагор, Ю.Тувим, У.Уитмен, Х.Хафиз, Н.Хикмет лирикаларының таңдаулыларын жеке-жеке кітапшалар етіп шығарды. Әлем поэзиясының бұл алыптарын аударуға қазақ ақындары: С.Мәуленов, А.Шамкенов, Ғ.Қайырбеков, Ә.Ах­метов, Ә.Жәмішев, М.Мақатаев, Қ.Жұмағалиев, Ж.Қыдыров, Ж.Әбдірашев қатысты.

24 январь 1970 жыл, №4 (990), 1-бет


ЖУРНАЛ СЫЙЛЫҒЫ

Ақын Тұрсынхан Әбдірахманова «Огонек» журналының 1974 жылғы 38-санында «Нәзіктік» деген тақырыппен жарияланған өлеңдері үшін журнал редакциясының жыл сайын белгіленетін дәстүрлі сыйлығын алды. Сондай-ақ, ақынға журналдың үздік шығармаларға арналған грамотасы да тапсырылды.

24 январь 1975 жыл, №4 (1250), 3-бет


БӘЙГЕ ЖҮЛДЕГЕРІ

Жас әдебиетшілердің қазіргі замандастар туралы пьесаларына арналған бәйге қорытындыланды. Бәйгені 1973 жылы ВЛКСМ Орталық Комитеті СССР Мәдениет министр­лігімен және СССР Жазушылар одағымен бірлесе отырып жариялаған еді. Оған Орта Азиядан, Қазақстаннан, Украинадан, Балтық жағалауы республикаларынан, Волга бойынан, тағы басқа да еліміздің облыстарынан, өлкелерінен жас қаламгерлер қатысты.
Қазақстаннан жас жазушы Оралхан Бөкеев «Құлыным менің» пьесасы үшін үшінші бәйге алды. Бұл шығарма М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында қойылған. Жуықта жас жазушының осы пьесасын Арқалық қаласындағы облыстық драма театры да сахнаға шығарды.

14 февраль 1975 жыл, №7 (1253), 3-бет


КІТАПҚҰМАРЛАР БАС ҚОСТЫ

Таяуда Алматы қаласының Совет ауданындағы кітапқұмарлар ерікті қоғамының тұңғыш конференциясы болып өтті. Мұнда кітап насихаттау мен таратудың, еңбеккерлердің неғұрлым қалың құрамын кітап игілігімен қамтудың, жеке кітапханалар жасаудың түйінді мәселелері сөз болды. Конференцияда кітапқұмарлардың аудандық қоғамы басқармасының құрамы, кітапқұмарлардың Алматы қалалық қоғамының конференциясына делегаттар сайланды. Аудандық қоғам басқармасы президиумының құрамында жазушылардан Әбіраш Жәмішев бар.

«Әдеби өмір жаңалықтары». 21 март 1975 жыл, №12 (1258), 1-бет


БАЛАЛАР ЕРТЕГІ ТЫҢДАЙДЫ

Бүкілодақтық «Мелодия» фирмасының Алматы грампластинка жазу студиясы мектеп оқушыларына жақсы сыйлық әзірледі. Ол – грампластинкаға жазылған қазақ халық ертегілері. Белгілі сахна шеберлері Қазақ КСР-нің Еңбек сіңірген артистері Сәбит Оразбаев, Торғын Тасыбекова, Таңат Жайлыбеков және Қасым Жәкібаев орындауында «Алдар Көсе», «Шығай хан», «Кендебай», Сыбызғы даусы», «Түлкі мен қасқыр», тағы басқа ертегілер жазылып алынды.
Пластинка бір сағат жиырма минут тыңдалады. Режиссері – Сәбит Оразбаев.

28 март 1975 жыл, №13 (1259), 3-бет


ҒҰЛАМА ТУРАЛЫ КІТАП

Семей педагогикалық институты жанындағы М.Әуезов атындағы әдебиет үйірмесі жазушы Медеу Сәрсекеевпен кездесу өткізді. Жазушы өзінің «Туған жердің асылы» атты жинағын қазақ халқының талантты ғалымы Қаныш Сәтбаев өміріне арнағаны белгілі. Әңгіме осы жинақ төңірегінде басталып, Қ.Сәтбаевтың өміріне, творчестволық ізденістеріне арналды. Жазушы ол жайында көптеген қызғылықты әңгімелер айтты.

4 апрель 1975 жыл, №14 (1260), 1-бет


ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ

Таяуда Молдавияның астанасы Кишинев қаласында телеспектакльдер мен әдеби программалардың
ІІІ Бүкіл­одақтық телефестивалі болып өтті. Онда Қазақ телевизиясының «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жыры бойынша дайындаған әдеби хабары үшінші орын алып, диплом мен құнды сыйлыққа ие болды.

«Мәдени хабарлар». 10 июль 1981 жыл, №28 (1586), 11-бет


БҮКІЛОДАҚТЫҚ КОНКУРСТЫҢ ЖҮЛДЕГЕРІ

СССР Жазушылар одағы, ВЛКСМ Орталық Комитеті, СССР-дің Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитеті ең тәуір деген тұңғыш кітаптарға жариялаған М.Горький атындағы бүкілодақтық конкурстың қорытындысы шығарылды. Конкурс лауреаттарының ішінде қазақ жазушысы Тынымбай Нұрмағамбетов бар. Оған бұл сыйлық 1980 жылы «Жазушы» баспасынан орыс тілінде шыққан «Қауын исі» кітабы үшін берілді.

«Жұмадан жұмаға дейін». 24 июль 1981 жыл, №30, 3-бет


ХАЛЫҚТАР ТУЫСҚАНДЫҒЫНА АРНАЛДЫ

«Достықты мадақтау менің асқақ парызым». Терең мәнге толы осы сөздер 19 декабрьде Москвада, әдебиетші­лердің Орталық үйінде творчестволық кеші болып өткен Ленин Комсомолы сыйлығының лауреаты ақын Мұхтар Шаханов творчествосының мәнін білдіреді. Творчестволық кеш «Халықтар достығы – әдебиеттер ынтымақтастығы» деген ұранмен өтті.
Кешті СССР Жазушылар одағы басқармасының секретары, ақын Е.Евтушенко ашты. Қаламдас досының көптеген өлеңдерін орыс тіліне аударған ол Мұхтар Шахановтың творчествосына ұлттық шектелушілік жат екенін атап көрсетті. Оның шығармаларында тарих қазіргі заманмен үндесіп, оқырманның болашаққа көз жүгіртуіне көмектеседі.
«Уақыт келбеті» деген жинаққа енген өлеңдер, балладалар, поэмалар туған өлкеңе деген сүйіспеншілікке толы. Автордың өзі және аудармашы орыс ақындары осы және басқа кітаптардан үзінділер оқыды. Мұхтар Шаханов творчестволық жоспарлары, туысқан республикалардың жазушыларымен достығы жайында әңгімеледі.
Ақынның өлеңіне жазылған әндер, қазақ композиторларының аспаптық пьесалары орындалды.

ТАСС тілшісі, Москва. 26 декабрь 1986 жыл, №52 (1970), 15-бет


ШӘМШІНІҢ ҮШ КҮНІ

Әсем сазды сұлу әндерін халқы сүйіп құрметтеген «Қазақ вальсінің королі» деп бағалаған Шәмші ағамызды ел аман, жұрт тыныш уақытта «жоғалтып» алып жүрген «Қазақ әдебиеті» газеті «Шәмші қайда жүр екен?» (1990, №1) атты көлемді материалды бергені естеріңізде шығар, құрметті оқырман. Сол мақала жарыққа шыққан соң оқырмандардан лек-легімен хаттар да ағылды-ай. Ондағы пікірлер бір арнаға – Шәмші ағамыз неге көрінбей кетті, оған үкімет тарапынан лайықты атақ қашан беріледі дегенге саятын…
«Той дегенде қу бас домалайды» деп қазекем қалай тауып айтқан. Сол сөздің растығына тағы да көз жеткізгендей болдық. Ән мен жыр десе ішкен асын жерге қоятын өнерсүйер қалың қауыммен қатарынан үш күн – қаңтардың 25-27 жұлдызында Орталық концерт залында композитор Шәмші Қалдаяқовтың авторлық кеші болып өтті. Үш күн бойы Орталық концерт залын Шәмші ағамыздың сұлу да сыршыл, назды әндері кернеді.
Ш.Қалдаяқовтың авторлық кешіне ССРО халық артисі Р.Бағланова, Қазақ КСР-інің халық артистері Е.Хасан­ғалиев, Р.Рымбаева, С.Тыныштықұлова, Қазақ ССР-іне Еңбек сіңірген артистері Н.Нүсіпжанов, М.Жүнісова, Қазақ ССР-іне Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері А.Қоразбаев, әншілер Р.Стамғазиев, Қ.Жәмекова, Л.Бірім­ғазина, т.б. өнер қайраткерлері қатысты. Қазақтың мемлекеттік академиялық ұлт-аспаптар оркестрі мен «Жазира», «Мұрагер» ансамбльдерінің өнерлеріне де көрермен қауым дуылдата қол соқты.
Ең бастысы – ән үшін жаралған ерке ұлымен қауышқан жұрты риза… Халқы құрметтеген композитор бақытты-ау… «Құлақтан кіріп бойды алған, көңілге түрлі ой салған» мөлдір сағынышты үш күн ұмытылар емес!..

8 ақпан 1991 жыл, №6. (2184), 1-бет

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір