ҚАЙТА СОҚҚАН БОРАН
11.01.2019
526
1

Садықбек АДАМБЕКОВ

Замандастарым жайлы сыр

«…Ұлт дәстүрі өліп барады. Біздің жазушыларымыз кім үшін шығарма жазарын білмей қалды. Бүгінгі қазақтың жартысынан көбі ана тілін білмейді. Жас балаларға обал, немересі атасының сөзіне түсінбейді, әжесі немересінің қолынан су сұрап іше алмайды. Егер біз қазір ана тіліне жан бермесек, нанай, чукча, якут халықтарының қасіретіне душар боламыз».

Қазақ ССР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үстіміздегі жылғы шілденің 2-жұлдызында «Известия» газетінің тілшілерімен кездескен сәтіндегі сұхбатынан

Міне, саған жан түршігерлік шын­дық… Халқының бүгінгі, ер­тең­гі тағдырын ойлағанда Прези­дент­­тің өзегінен от төгіледі. Қазақ­с­тан­ның бұрынғы басшылары «ал­тын жеп, күміс тастап» отырып, жайына кетті. Кеудесінде империя жүрегі соғып тұрған ұлы мәртебелі хатшылардың небір зымиян әдіс-айласы тілді де, дінді де жыландай шақты. Ал, ел қамын ойлайтын зиялы қазақ азаматтарының ішінен баққұмар, таққұмар, жанкештілер шығып, «халқым» деген адамға қара күйе жақты. Ұзақ жылдардан кейін қайтадан жарық көрген «Қазақ әде­биеті» газетіне «Шибөрілер жабы­лып», әр әріптің астынан жау іздей­тін болды. Осы ар-ұяттан жұрдай бол­ған «құлақкесті құлдар» арызды қардай боратып, Мәскеуде жел тұр­ды да, Алматыда ат құлағы көрін­бей­тін ақ боран қайта соқты…

КІШІ БЮРО…

Ахаң – Ахмет Жұбановтың «ақ­боза­ты» сызылып кеп, есік алдына тоқ­тады. Біз кіші бюродан Жұбан мен Сырбайды күтіп, сыртта тұр едік, лап қойып, Ахаңды қаумалап қалдық. Ахаңның түсі солғын, қа­бағы қатыңқы, ұйқысыз өткен түн белгісі – танадай жарқыраған жал­ғыз көздің шарасына қызыл тарап қалыпты. Қайран жүрек, қайтейін, сені, егер Ахаңның қолындағы алма болсаң ала қашар едім. Бұл ұлы жү­рек қасиетті қара шаңыраққа та­ғы да сыздап келіп тұр ғой. Неден шо­шын­ды, кімді іздеп келді…
«…Ашығын айту керек, Қазақ­с­тан Компартиясы Орталық Коми­те­тінің бұрынғы бірінші хатшысы жолдас Пономаренконың елуінші жылдарда әшкереленген қазақ ұлт­шыл­дарын қызғыштай қорғап, ақ­тап алғаны бізге қымбатқа түсіп отыр. Олар айдаудан келген соң «Қазақ әдебиеті» газетінің маңайы­на топтасып, қазақ халқының арыл­майтын азабы жайлы қайдағы бір ертегілерді айтып, қайтадан бас көтеріп жатыр». Жақында Құрман­ға­зы атындағы мемлекеттік кон­сер­ва­торияның жалпы партия жина­лысында Қазақстан Ком­пар­тиясы Орталық Комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі А.Т.Иванов осылайша трибунаны тоқпақтап, айқай салған болатын.
Қай күні, қай жақтан бір шатақ шығар екен деп, танауын желге тосып жүретін мысық тілеу, жылан­бауыр жөйттердің құдайы жарылқап қалды. Табанда Ивановтың сөзіне малданып, тұс-тұстан шуылдап шыға келді. Олар: «Академик Ахмет Жұбановтың шәкірттері бізге күн бермейді. Басқа ұлт өкілдері бассау­ғалап жан-жаққа кетіп жатыр», – деп еңірегенде етегі жасқа толған. Сонда, осы Ахаң шоқпен ұрғанды от­пен ұшықтап, қаулаған өртті жалғыз өшірген болатын. «Қайта­дан бас көтерген қазақ ұлтшылдары жайлы сөз бастаған Иванов жи­на­лыс соңында Ахаңды қайта-қайта құшақтап кешірім сұрап, тайлақтай тайраңдаған еді. Машинаға отырып жатқан Ивановқа Ахаңның көзі түсіп: «Мынау еңгезердей Иванов­тың астына ойнақтаған ат мінгізіп, үстіне омырауы отқа толы қара шек­пен кигізсе, бізді қырып сала­тын қанды қылыш атаман болғалы тұр екен-ау», – деп жан-жағындағы жігіттерді күлдіріп еді. Сол Иванов енді газетті жабуға білек сыбанып кірісіпті деген қауесетті естіген Ах­аң көрер таңды көзімен атқызды бүгін.
– «Түн тынышсыз болса ұйқың қашады, күн тынышсыз болса күлкің қашады» деген екен бұрын­ғылар. – Ахаң өзіне ғана тән, сы­быр­ға бергісіз үнімен жұмсақ сөй­леп, бәрімізді шолып өтті. – Тау етегі тымырсық болды.
– Қала іші де өртеніп тұр. Түс­тен кейін жаңбыр жауып, аяғы бұр­шақ­қа айналады, – дедім мен сәуегейсіп.
– Солай ма, – деді Ахаң жұмба­ғына жұмбақпен жауап бергеніме түсіне қойып. – Обал-ай, бұршақ жауса, елжіреп тұрған мәуелерді төгіп кететін болды ғой.
– Дауыл соғып, теректерді құла­тып кетпесін, – деді Қасекең.
– Қасым Тоғұзақов. Қорғасын құйған сақадай тығыршықтай денесін тік ұстап тұрған Қасекең сықылықтап күліп жіберді. Ол сықылықтап кү­ліп тұрып, көкірегін тепкен толқын лықсып тұрған тоғанды ағытып жібергендей әжім қуалап жөңки жө­нелген көз жасын орамалға орап алды.
Қасекең «ұлтшылдардың» шыл­бы­рын сүйретіп отыз жетінші жылдан бері Магадан жаққа үш барып, үш қайтып келген ақын. Абай­дан, Ахаңнан кейінгі Пуш­кин­ді, Лермонтовты ауылға ертіп келіп, қазақша сөйлеткен ағалардың алдыңғы тобына жатады. Тағдыр­дың артқан ауыр жүгін әзілге артып жүретін ақкөңіл ақын «Алматы – жайлауым, Магадан-Алдан – қыс­тауым» деп күліп жүретін әдеті. Қара тастан тер шықса да, Қасекең­нің көзінен жас шықпайтын еді. Тағы да тағдыр қыл көпірдің аузына таяған кезде ең аяулы адамның бірі Ахаңды көрген соң, тас тоғанның бұзылғанын Қасекең сезбей қалды.
– Қасым, «Сібір Омарды» ал­дым. Сәті түссе, екеуміз опера жаз­ып қалармыз, – деді ақынға аяныш­пен қарап Ахаң.
– Енді қайтып келгенше кім бар, кім жоқ, – Қасекең әңгіменің ашығына көшті. – Бүгін газетті жапса, ертең тағы да бізді жер ауда­рып жібереді ғой.
– Қасеке-ай, осы жолы өзіңіз-ақ барып қайтсаңызшы, – деді, Сәкеңнің «Тар жол, тайғақ кешуін» жасырып оқығаны үшін «ит жек­кен­нен» оралған жас сыншы Есен­гелді Жақыпов. Екі-үштен топта­лып, кіші бюродан шығатын адам­дарды күтіп жүргендердің ішін­де «Ұлтшылдықтың» азабын тартқан Қажым Жұмалиев, Бек Сүлейменов, Қайым Мұхаметханов, Шахан Мусиндер бар еді. «Жағың қа­рысқыр» деп олар Қасекеңді жел­келеп жүрді әзілдеп.
Осы кезде кіші бюродан тара­ған­дардың ең алды болып Сәбең – Сәбит Мұқанов асығып-аптығып далаға шықты да, жан-жағына қарап тұрып:
– Антұрған, «халық жаулары» қалай жиналып қалған, – деп қос қолын жоғары көтеріп, Ахаңды құшақтай алды. – Ахмет, жоғары жүресің бе, мені үйге жеткізіп таста­шы, көп жасағыр. Енді үлкен бюроға барамыз.
– Үлкен бюроға барсаңыз, жо­лыңыз болсын. Тілеулесіңіз Ахмет Жұбанов деп білерсіз. – Жібектей жұмсақ мінезді Ахаң машинаның есігін айқара ашып, Сәбеңе ілтипат көрсетті. Екі академик «ақбозат­тың» ішінде жоғары қарай көңілді бара жатты.
Партбюроның хатшысы Жұме­кең – Жұмағали Саин жан-жағын қаумалаған үлкен-кішіге күлім­сіреп:
– Газетті менің өлімімді аттап барып жабады, – деп оң жағына сәл қисайып, шіреніп тұрды.
– Жұмекең бар жүкті өзі арқа­лап тұр ғой, – деп мені Қуандық түр­тіп қалды.
– Жұмекеңнің шіренетін жөні бар, осы кезектен тыс бюроны ша­қы­рып, қаулы қабылдап бара жатыр, – деп оның қолын қыстым…

(Толық нұсқасын газеттен оқи аласыздар)

ПІКІРЛЕР1
ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір