АБАЙДЫҢ БАС ШЫРАҚШЫСЫ
09.01.2019
2043
1

Еркін ЖАППАСҰЛЫ

Бұрынғыларымыз «Тұлпарда да тұлпар бар, қазанаты бір бөлек, жігітте де жігіт бар азаматы бір бөлек» деп жатушы еді. Иә, ел ішінде ондай азаматтар болған, қазір де бар. Болашақта да болады. Міне, осындай жұрт қалаулыларының бірі – белгілі журналист, қарымды қаламгер, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мә­де­ни және әдеби-мемориалдық қорық музейінің директоры Болат Жүнісбеков.

Болатпен ол Семей облыстық «Семей таңы» газетінде қызмет атқарып жүргенінде жиі тіл ұш­тас­тыратынбыз. Басылымдарға жазылым науқаны басталғанда ба­рыс-келісіміз молаятын.
– Газетке ақпарат-насихатта­ры­ңыз­ды ертерек жіберіп қойса­ңыз­даршы, – дейтін Болат. Облыс, қала, аудан, колхоз, совхоз басшыларының шынайы ықылас­та­рымен ұйымдастырылатын жұрт­шылықпен жүздесулерге жиі аттанатынбыз. Бірде «Социалистік Қазақстан» газетінің тілшісі, белгілі жазушы Жұ­ма­бай Шаштай­ұлымен тізе қа­ғысты­ра қалып, қаланың «Цемент-бетон» зауы­тының жұ­мысшыларымен зал, дәліздерде басталған кездесу­леріміз көр­ке­мөнерпаздардың ән-жырына ұласқан. Жолбасшымыз, әрине, Болат. Елді­мекен­дерде, облыс орталық­та­рында қаншама іссапарларда болып, әкім-қаралармен аралас­сақ қаланың сотымен, про­куро­рымен дастархандас бола отырып, газетке жазылым жүргіз­геніміз алғаш рет.
Басқа да біраз ұйымдар мен кәсіпорындардың, оқу орындары­ның табалдырығынан аттадық. Жігі-жапар қарсы алады. Сөз барысында үлкенді-кішілі басшылары: «Болат айтса, болды», – дейді. Жолымыз ашылды, жазылымымыз да жүрді.
Уақыт бұйдасыз ғой. Ойда-жоқ­та Болат телефон соғып тұр. Дәудірлесіп жатырмыз.
– Ереке, – дейді (Ераға дей­тін), – мына бір тұлғалы есімдерді жазып алыңызшы. – Біраз тізім берді.
– Бауырым-ау, бұларды қайтем?
– Менің әкемді мазалай бергенше, осылар да кейіпкер болуға жарайды ғой, – дейді. Тұншығып қалдым. Сөйтсем, мен қызмет атқаратын осы «Қазақ әдебиеті» газетінің бір санының соңғы бе­тінде өзі еңбек етіп жатқан қоғам мен уақыттың талабы бойынша «Екінші тың» – «Қошқар ата» баласының санын 50 миллионға жеткізу бағдарламасымен Семей облысының Шұбартау ауданында бірқанша жас шопандар бригадасын құрып, республика экономикасына өз үлесін қосып жатқан ел басшысы, ағамыз туралы менің әдеби псев­до­ниміммен шағын сын мақала жа­рияланыпты. Ке­йіп­керге зәрін төккен ғой. Ұялға­ным­нан кірер­ге тесік таппадым деп жатушы еді ғой, мен тесік із­дей қоймадым. Бір­ақ… жігерім құм боп кетті. Уа­қыт өте кім жаз­ғаны анықталды ғой.
Кейінтінде Болат қызмет ауыс­тырып, Алматы қалалық әкім­­ді­гінің ішкі саясат депар­таментін басқарды. Араласты­ғы­мызға қы­лау түсе қойған жоқ. Шығармашыл жастар­дың кеңесін құрып, олармен жиі қа­рым-қаты­нас жасайтын «Қазақ әдебиеті» газетінің сол кездегі Бас редакторы Ұлықбек Есдәулеттің баспана-пәтер сұратып жаздырған хаттарын әкімге жеткізуге, оның оңды шешім табуына Болаттың бірнеше рет себепкер болғанын сол кездері «өз үйі» – өлең төсегіне қол жеткізгендер ұмыта қой­ған жоқ.
2004 жылы 10 қаңтарда рес­пу­б­ли­кадағы жалғыз әдеби ұлттық ба­сылым – «Қазақ әдебиеті» газе­тінің «халықтың үні, құлағы, мінбері» болғанына 70 жыл толды. Мерейлі мереке ғой. Соны уақы­тын­да тойлауға қаражат тапшы­лы­ғы қол жеткізбеді. Басылым басшысы Ұлықбек Есдәулет әре­­кет­теніп-ақ бақты, реті қию­ла­са қоймай жүрді. Дегенмен «Хал­қым!» десе жүрегін суырып беруге дайын ұлтжанды азаматтар ел ішінде сирек болса да бар ғой. «Алматықұрылыс» корпо­рация­сының президенті, «жемін айналасына сұңқарша шашып жейтін» Азамат Амангелді Ермегияев ағамыздың құлағына тигені сол екен, ондаған миллион теңге ақша бөліп, газет атынан ақиық ақын Жүрсін Ерман республикалық ай­тыс ұйымдастырып, үш күн бойы дүркіреткеніміз бар.
«Болар істің басына, жақсы келер қасына» демекші, Алматы қаласына әкім болып, оның қай облыс, қай қалаға болса да басшы болуына қарапайым халық таласып, ықылас танытатын Иманғали Тасмағамбетов келе қалмасы бар ма? Жиын өтерден екі күн бұрын ғана «Қазақ әдебиетіне» 70 жыл толғаны туралы Ұлықбек жазған хатты осы Болат Жүнісбеков пен жаңа әкімнің кеңесшісі Жүнісбек Сұлтанмұратов сол күні Имекеңе жедел жеткізіп, редакция журна­листері әкімнің грамота, диплом, алғысхаттарымен марапатталып, салтанатты жиын барысында И.Тасмағамбетовтың өзі келіп, екі қызметкерге екі пәтердің кілтін тапсырып, айды аспанға бір шығарғанымыз бар.
Болат одан кейін де Алматы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқар­ма­сы бастығының орынбасары қызметін атқара жүріп те біраз адамдардың қызметке орналасуына, қайсыбіреулерінің әлеуметтік мәселелерін шешуге қол ұшын бергенін жақсы білеміз.
Болат Астананың да дәмін татты. Менің арқа тұтар аға-досым Жүрсін Ерман республикалық Қазақ радиосының Бас директоры мансабында жүргенінде сұхбат алған журналист Жүкеңнің тәуір айлық алатынын естісе керек. «Егер құпия болмаса, қанша еңбекақы алатыныңызды да айта отыр­саңыз…» деп сөз арасында қайталай беріпті. Сонда Ж.Ерман: «Оның не құпиясы бар дейсің, қара нанға сары май жағып жей­тіндей айлық аламын», – деп­ті. Сол айтқандайын Жүнісбеков бас қалада да ақ нанға сары май жағып жейтіндей еңбекақысы бар, жұм­сақ креслолы қызметтер ат­қар­ды. Қазір Абай атасының бас шы­рақ­шысы. «Туған жерге туын тігіп» қойып қана тыныш жатқан жоқ. Абай, Шәкәрім бабаларының қалтарыста қалған мұраларын түртпектеп, оның әдеби, мәдени, рухани, халықтық мәніне жаңаша көзқараста үңілуге бет бұрған, Республикалық басылымдарда жа­рық көріп жатқан зерделеу материалдары жұртшылық ықыла­сын аударып, қоғамдық пікір тудырып жататыны бар. Абайдың шы­ғармалары туралы «Қазаққа емес, қараңғылыққа қапалы», Шә­кәрім шығармалары қақында «Ажалсыз әскер» – терең тамырлы, «ой түбіндегіні» қозғайтын дү­ниелер.
Билік, іс басында жүріп, ман­сапқа қаламын «еншілете» қой­маған ол көркем әдебиетте де өз орнын тапқан. Оның «У» романы, «ОтАсу» дилогиясы, «Шуақ» эсселер жинағы тұғыры берік ой перзент­тері. Әдебиет сыншыла­ры­ның тістері батыңқырамай жүр­ген бұл туындылардың көтеріп тұрған жүгі қорғасындай сал­мақ­ты. Өйткені, қозғамақ мәселесін шер толқытса шығатын ой түбінде жатқан Ұлы аталарының фило­со­фиялық түйіндерінің негізінде өрбітеді. «У» романында:
«Тірліктің тәтті ұйқы мен аш­көз қомағайлықтан, яғни өзіңді-өзің еркін меңгеріп, ерік-жігеріңді билей алмаудан асқынатын әсіре қызығы мен әзәзіл ләззатына салынып, көрсеқызарлық, құмар­лық, мансапқорлық, дүние­қоңыз­дық сияқты сырқатына шал­дық­саң-ақ, шектен көп шекер де «У»-ға айналып, тірідей жерлеп тынады. Сондықтан адам рухы асқақ болып, тән оның құлы ретінде қыз­мет етсе, шіркін! Керісінше жағ­дайда пенденің хайуаннан айыр­масы, фәниде мән-мағынасы жоқ. Кемеңгер Шәкәрім қажы айт­пақшы: «Тән-терезе, ой қожасы: оймен анық байқасаң» немесе «жан қожа тәнге, тән құлы: еріксіз айдап жүр демек», – деп Абай атасының ұлы халқы үшін ішкен уларының астарын аңғартады. Көркемдікке терең бойлар тұста ұлы атала­рының ағыстарын алдыға салады.
«У» романына дендей кіре бере:
«…Алпекең кенет селк етті. Жоқ, бұл – шошу емес. Сезім… перзент сағынышы. Ол көк жү­зі­нен өзінің темірқазығын іздеген. Көзіне оттай басылды. Қарашаш анасы мен Жәңгір әкесі ашық аспан төрінен бұған тілекші болып, әдеттегідей мына сапар үс­тінде де желеп-жебейтіндей. Қан­ша­лықты қамқор болса, сон­шалықты қатал да олар. Көз­дерінен таса етпейді. Алпамыс ондайда қолма-қол жи­нақы қалыпқа түсіп, жұмысқа білек сыбана кірісер еді. Тіпті қырық­тың қырқасынан асқанда қампия қалған қозы қарыны да жым-жылас жо­ғалып, бәйгеге қосыла­тын жүйрік­тей ішін тартып, сергек серке күйге түседі», – деп көзден кетсе де, көңілден өшпейтін ата-ана тілекшілігінің қазақылыққа тән көктен де, жерден де үйлесім таба сүйенішке айналатынын әдіп­тейді. Сексеннен астам кейіп­кері бар романның ой ұшқы­нын «теңіздің дәмін тамшысынан білетініңдей» бағамдайсың.
Жә, бағана айтқанымыздай шығармаларға пікір айту әдебиет сыншыларының пешенелеріне бұйырған шаруалар. Олардың бақ­шасына түсу біздің міндетіміз емес.
Ал, Болат Жүнісбеков – аза­мат­тығымен де, қайрат­кер­лі­гі­мен де, зерделегіштігімен де дара­лы­ғын танытқан тұлға.

ПІКІРЛЕР1
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір