«ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІ» – ЖАРЫҚҚА ШЫҒАР КҮНІН ҰЗАҚ ТОСҚАН ҰҒЫМ
28.12.2018
1739
0

Серік ҚИРАБАЕВ,
әдебиеттанушы-ғалым:

Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына қатысты айтарым, шын мағынасында, тарихи мәні зор, аса маңызды еңбек деп бағалауымыз керек, қолдауымыз керек. Қалам иелеріне, ғылым адамдарына, әсіресе, қоғамдық ой-пікірдің дамуына зор ықпал жасайтыны қазірден белгілі. Өйткені, бұл «Рухани жаңғыру» бағдарламасында айтылған Президент ойларын оның алдында айтылған еңбектерімен жалғастырып, іске асырады. Оны іске асыруға нақты көмек жасалады деп сенемін.

Оның үстіне, бұл – нағыз дер ке­зінде туған еңбек. Әр нәрсенің жарық көретін, ай­тылатын уақыты болады. Бұрын мұндай пікірлердің тууы басқаша реакция тудыра­тын. «Қазақ ұлтшылдығы» дегеннің қалай шық­қа­нын бәріңіз білесіздер. «Ұлы дала­ның жеті қыры» – Қазақ елін жаңару­дың жаңа бір белесіне бастаған, қа­зақ­тың тарихын, ұлттық дәстүрін терең ашып түсінуге ыңғайластыра ұсынылған еңбек ретінде бағаланып отыр. Шындығында, осында айтыл­ған пікірлердің біразы жалпы халық­қа, әсіресе, аға буын өкілдеріне та­ныс. Оны жаңғырта, жаңарта, терең­дете айтудың күні енді туды. Жә­не ол ойлардың авторы – Нұрсұл­тан Назарбаев сияқты аузы дуалы тұл­ға­ның болуы ерекше маңызды. «Қазақ елі», «Мәңгілік ел», «Ұлы да­ла елі» деген ұғымдар – жарыққа шығар күнін ұзақ тосқан, кезегін күткен, біртіндеп барып айтыла бастаған ұғымдар. Халықтың ойына ой қосып, біртіндеп мойындалып, санаға енген ұғымдар. Жалпы, Ұлы дала өзі­нің барлық сырымен бүгінгі Қазақ елі бейне­сінде қайта туып отырғаны – аса қуанышты жайт.


Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының Төрағасы Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ мырзаға, Жазушылар одағы басқармасының Хатшылар алқасына

Басқарма мүшесі
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫНАН

ҰСЫНЫС-ХАТ

Желтоқсан айының 21-і күні болған Пленумға қатысуға денсаулығым мүмкіндік бермеді. Пленумда Одақ жарғысына түзету енгізіліпті. Мен өз тарапымнан:
Жазушылар одағының жасы 80-нен асқан мүшелері мүшелік жарна төлеуден босатылсын, деген ұсыныс жасамақ едім. Меніңше, осы баптың енгізілгені жөн болады. Яғни, әлі де кеш емес, Хатшылар алқасы құптайды, Басқарма бекітеді, Жарғыға енгізіледі, деп сенемін.

Құрметпен, Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ


Құлбек ЕРГӨБЕК,
әдебиеттанушы-ғалым, сыншы:

ӘРЕКЕТ БАРДА – БЕРЕКЕТ БАР

Алдымен, Пленумның бірінші мәселесі жөнінде айтсам. Жарғыны тастай қылып қатырып қойып, жұмыс істемей отыра беруге болады. Ал, бұл басшылық ескі жарғыны «тартпаның ішіне салып», жаңаша жұмыс бастап кетті және жақсы істеп жатыр. Сондықтан, басында қалай сенім білдірсек, аяғына дейін сонымыздан танбауымыз керек. «Жарғыны өйту керек еді, бүйту керек еді» деудің қажеті жоқ. Оны өздеріне емес, қаламгерлер қауымына ыңғайлы етіп жасады деп ойлаймын. Жаңа басшылыққа сәттілік тілеп, жарғының ғұмырлы болуын тілейміз.

Енді «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына келсек. Елбасы осымен бесінші рет рухани мәселелерге байланысты халыққа үндеу, бағыттау түрінде бағдарлама-мақаласын жолдады. Бірақ, бір өкінішті жайт бар. Біз Президенттің осы айтқанын іліп әкетіп, жүзеге асыра алмай жатырмыз. Совет кезінде қалыптасқан психологияның әсері: «Елбасы керемет нәрсе айтып жатыр», – деп талдаймыз да, сосын қолымызды қусырып қала береміз. Әр пунктін өмірге енгізіп жіберуге, жазушылардың өзінің пайдасына жұмсауға келгенде енжармыз. «2000 жыл – Мәдениет жылы» деп жарияланғанда Иман­ғали Тасмағамбетов Алматыда тұратын бірнеше зиялыны Атырауға алып барып, үй беріп, жағдайын жасады. Облыс зиялы қауымның статусын анықтағандай болған. Өзім сол кезде ОҚО әкім аппараты бастығының орынбасары едім. Мен де Елбасы мақаласын бетке алып, Сапарбаевқа айтып жүріп, 224 ақын-жазушы, суретші, сәулетші, дизайнерге пәтер алып беруге ықпал еттім. Сосын Жазушылар одағы ғана шешетін мәселе бар. Ол – қаламақы мәселесі. Елбасының айтқанын іліп әкетіп, індетіп, қаламгерлердің әдебиетке қызмет етуіне, қазақ қоғамын бірге көтерісуіне Жазушылар одағы ұйытқы болады деп сене­мін. «Мемлекет бізге беруі керек» деген әңгімені ұмытқан жөн. Бізге әрекет керек. Сондай-ақ, жазушыларымыз мемлекеттік-жеке серіктестікке (МЖС) мән бермей жүр. Білсеңіздер, бұл бағытта облыстарға мемлекеттен көп ақша бөлінген. Жазушылар өздерінің ауылына немесе облысына барып, кітапхана, мұражай не балабақша салайын деп едім десе, мемлекет оларға ақша береді. Оған қай-қайсысының да парасаты толығымен жетеді. Өзім МЖС арқылы Түркістанда балабақша салдырттым. Қазір МЖС-пен бір жоба арқылы Түркістанда төрт қабатты түркітілдес халықтар кітапхана­сының ғимаратын салдыртып жатырмын. Әрекет барда – берекет бар.


Нұрдәулет АҚЫШ, жазушы:

МҰРАҒАТ МӘСЕЛЕСІНЕ КӨҢІЛ БӨЛУІМІЗ КЕРЕК

«От северной подошвы тибетского нагорья до южных границ дремучих лесов западной Сибири и от приволжских равнин до озера Байкала разбрелись дети степей со своими войлочными юртами и со своими бесчисленными стадами». Бұл – орыс ғалымы Василий Федорович Новицкийдің ХХ ғасырдың басында жазып кеткен сөзі. Біз туралы.

Сөзімді бұлайша бастауымның себебі: бүгінгі орыс империалистік пиғылдағы кей­бір адамдар «қазақ жерін бөліп алу керек» мазалап жатқанын білесіздер.
«Жер өзіміздікі» дей бермей, өткен ғасырлардағы орыс ғалымдарының, яғни, жаңағы шу көтеруші сол кісілер­дің ата-бабаларының жазып кеткен­деріне сүйе­нуіміз керек. Жазбалар, онда айтылған жерлер қазақтардың қазіргі территориясы­ның аумағынан тыс жатқанын бұлтарыссыз дәлелдейді. Мұндай дерек­көздер өте көп. Бұл орайда Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын басшылыққа алуымыз қажет. Өйткені, онда мұрағатқа қатысты үл­кен жоба жасалуы керектігі жайында айтылған. Осыны қазақ жазушылары мә­селе қылып көтергені жөн. «Жазушылар жа­зуын жазсын, тарихта несі бар?» – деп қалады, кей тарихшыларымыз. Алайда, жаңағы сөйлеген Қабдеш Жұмаділов, Бексұлтан Нұржеке ағаларымыз қай тарих­шы­дан кем?! Және олар қашанда дәлелдер­мен сөйлейді. Жалпы, Қазақстан­ның тер­ри­ториясы туралы жазғандар жалғыз орыс­тар ғана емес, басқа ұлттардан да бар. Сөзімді әрі қарай өрбітсем, Жазушылар одағының жаңаша жұмыс істеп жатқаны айтылуда. Соның ішінде «Қазақ әдебиеті» газеті жаңа форматта жұмыс істей бастағаны анық байқалады. Шетелдіктерден өз тіл­де­рінде сұхбат алу, көптеген әлемдік мәсе­лелерді қазақтармен байланыстыра беру, қысқа материалдар беру дегендей… Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы негізінде Қазақстан Жазушылар одағының Басқармасы енді «Әдеби-тарихи өлкетану» атты жаңа жоба жасап, жазу­шыларды жұмылдырса, нұр үстіне нұр болар еді.


Қабдеш Жұмаділов,
ҚР Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері:

Жылқының тағдыры – Қазақтың тағдыры деген сөз

– Құрметті Пленум мүшелері, құрметті әріптестер:
Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына орай ашылып отырған бұл Пленум өз жұмысын сәтті жүргізіп жатыр деп ойлаймын. Біздің ұлы даламыздың қыры өте көп. Президент солардың бәрін саралап, салмақтап, жеті дейтін қасиетті ұғымға сыйғыз­ған. Ал, қал­ғанын зерттеу үшін әдебиетшілерге, тарих­шы­лар­ға, халыққа тапсырып отыр деп түсінуге бола­ды.
Мақалада айтылған ұсыныстарды, тол­ғаныс­­тарды жұрт жақсы қабылдады. Бұның себебі, халықтың көңілінде жүрген мәселелерді дөп басып айтуында. Меніңше, бұл дер кезінде шыққан толғақты түйіндердің шешімін айтқан мақала болды. Кейінгі кезде шыққан дүмшелер «тарихты оқытудың керегі жоқ, тарихтың керегі жоқ, тарих пәні сағаттарын азайту керек» деп айтып жүргені белгілі. Президенттің бұл мақа­ласы сол секілді шала ойлаған дүм­ше­лер­ге, төл тарихымызды жоққа шығарушыларға тосқауыл қояды деп сенемін. Осы мақаланы қол­дау ретін­де мен алдыңғы айда «Қазақ әде­биеті» газетіне мақала жарияладым. Прези­дент­тің мақаласын­дағы жылқы туралы айтыл­ған тұстары біздің халқымыздың тарихына деген құрмет секілді. Ежелден «Қазақ – жылқы, жылқы – Қазақ» деген ұғым айтылып келеді. Осыны біздің доста­ры­мыз да, отарлаушы қас­тарымыз да жақсы біл­ген. Компескелеу бастал­ғанда бізге келген Го­лощекин бастаған отар­лаушы топ: «Қазақты жылқыдан айырмасақ болмайды, оларды жаяу қалдыру керек, Қазақ сәйгүлікке мініп жүргенде біздің саясатымызға пысқырмайды» – деп қараған. Әне, сол кезде қазақтың жылқысын құртып, жаяу қалдырудың науқаны басталған. Ол кезде қазақ даласында миллион жылқы бар еді. Сәбит Мұқанов бір сөзінде: «Қазіргі Қазақ­стан­дағы жылқы төңкерістен бұрынғы бір Петропавл облысын­дағы жылқының санына жетпейді», – деп еді. Ал, сол кездегі қазақ бел­сен­ділері қазақ даласын­дағы жылқыны жоюдың амалын қарастырады, ақырында сиыр мен қойды әр аудан, ауыл­дардағы қасапханада сойып, ішкі ресейге асырып жатты. Ал, жыл­қы­ны қайтеміз, оның етін орыстар жемейді деген мәселеге олар бас қатырады. Сонда Голощекин: «Сай-сайға иіріп қойып атыңдар», – депті. Сол бұйрық орын­далды. Осыдан кейін бүкіл қазақ жерінде жылқы ату науқаны басталды. Мен «Сәйгүліктер» деген повесімде озбырлардың Жетісуда өмір сүрген Тұрарбай деген байдың мыңдаған жылқысын сайға иіріп қойып, әскер шақырып атқылағаны туралы, жылқылардың шұрылдап қалай өлгені, бір-бірін тапап өлтіргені, кейбір шақан айғыр­лардың әскердің қамалын бұзып, бетпақ далаға қарай қашқаны туралы сенімді деректер келдір­дім. Кейін осы повесім шығарда осы деректер шын ба, жалған ба деген оймен күмәнданғандар тарапынан туындым көп кедергіге ұшырады. Осы­ған дейін қазақтың қырылғаны туралы, ашар­шылық туралы көп айтылып жатыр, бірақ жылқы қырғыны туралы көп айта алмай келеміз.
Дәл осы жылқы қырғынынан кейін екі жыл өткен соң, қанды ашаршылық басталды. Бұның бәрі әдейі жоспарланған. Осы секілді күлтелі мәселелер Президенттің мақаласында ашық жазыл­мағанымен, қазақтың өмірінде жылқы­ның маңыз­дылығы туралы, жылқыны алғаш қолға үйреткен біздің ата-бабаларымыз екені, жылқы­ның төркіні Қазақстан екені терең тол­ған­ған. Осы мақала арқы­лы әдебиет­шілерге, тарих­шылар­ға жол ашылып отыр.
Өткенде Президенттің қабылдауында бол­ғанда Жазушылар одағының жаңа Басқар­ма­сының осыған дейін істеген жұмыстары туралы айттым. Сөзімнің соңында Жазушылар одағы­ның жаңа Басқармасының ойға алған жоспар­ларының барлығын қолдаймын. Барлығымыз қолдайық.


Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫ, жазушы:

БІЗ ЛАТЫНҒА КӨШУДІ ҚОЛДАДЫҚ. НЕГЕ?

Ұлықбектің жасаған баяндамасы маған ұнады. Әсіресе, тарихқа деген пікірі, көзқарасы ойымнан шық­ты. Шынында да біздің тарих басқалардың көзқарасымен, басқалардың пікірімен жазылды. Ал, оған қарсы шыққандар атылды, қырылды, жазаланды. Ол үрей әлі бойымыздан кеткен жоқ. Шыңғыс хан түрік емес, моңғол деді, солай болды да. Бұл тікелей Сталиннің бұрмалауымен жасалған жалған тарих. Біздің керей, найман, меркіт деген тайпалар Шыңғыс ханның кезінде моңғол тілінде сөйлеген, кейін барып түркі тіліне көшіп кеткен дейді. Шыңғыс ханның қай жерде өсіп-өнгенінің бәрін әдейі бұрмалаған, тарихты шатастырған. Тіпті, тарихшылардың көбі Шыңғыс ханның түркі тілінде сөйлегенін айтып кеткен. Кеңестік кезеңде Алтын Орданың өзін бұрмалап «Золотая орда» деп атап келді. Біз өз тарихымызға өзіміз қайтып оралуымыз керек. Ал, біздің тарихшыларымыз болса үнсіз. Мына тұрған Сібір де біздің жеріміз екені талассыз ақиқат. Оны айту керек. Тіліміздің қолданыс аясын барынша кеңейтіп, тарихымызды қалпына келтіруіміз қажет! Қазір қазақтың жартысы бір-бірімен орысша сөйлеседі. Өзбекстанға барсаң да, Қырғызстанға барсаң да, Түркияға барсаң да, қазақ тілінің қадірі жоқ, олармен тек орысша сөйлесесің. Англияға, Францияға барсаң, ағылшынша сөйлеуің керек. Біз латынға көшуді құптадық. Неге? Себебі, осы арқылы орыс тілінің бодан­дығынан құтыламыз. Бүгінгі біздің басқосуымыздың мәні – тарихымызды қайта қарап, түгендеуге деген ұмтылыс!


Қажығали Мұқаметқали, жазушы:

ТАРИХИ РОМАНДАР ЖАЗУҒА ҚАНАТ БІТІРДІ

Президентіміз «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» бағдарламасында Қазақстан Республикасындағы тарихи сананы қалыптастыру тұжырымдамасы деп әу баста тарихқа бет бұруды өзі ұсынған болатын. Сонда Елбасымыз тарихи сананы қалыптастыру мәселесіне ерекше мән берген еді. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мен «Ұлы даланың жеті қыры» бағдар­ла­малары бір-бірімен жалғасып жатқан концепциялық мәселелер деп ойлаймын. Қандай халық болмасын «бұрын қандай едік, қазір қандаймыз, болашақта қандай боламыз?» деген мәселе жөнінде, сөз жоқ, ойлануы керек. Бүкіл халықтың алдында тұрған бұл сауал біздің де алдымызда тұр. Президентіміздің мақаласы қаламгерлерге тарихи тақырыпқа баруға, тарихи романдар жазатын жазушыларға үлкен қанат бітіреді деп ойлаймын. Әрине, Елбасымыздың бұл мақаласы қазір үлкен резонанс туғызып жатыр. Қаламгерлер қауымы да бұл дүниені қолдаймыз, қуаттаймыз.


Серік Ақсұңқар, ақын:

Қаламақы мәселесі шешілсе екен деп тілейміз…

– Менің айтайын дегенім, біріншіден, Жазушылар одағының тамырына қан жүгірді. Арқа төсінде жатып, біз соны аңғарып отырмыз. Қазіргі Жазушылар одағының қалпы бәйгеге шабайын деп тұрған ат секілді, сондықтан оның тізгінінен тартпайық, ұсыныстарының барлығын қолдайық.
Екіншіден, сіздер: «Қаламақы мәселесі шешілді, бәрі жақсы», – деп жатырсыздар, олай емес, бұл мәселе түбегейлі шешілген жоқ. Биыл мемлекеттік тапсырыспен 60 адамның кітабы шығады, соның ішінде менің де кітабым бар, көп-көрім қаламақы төлейміз деген соң, келісімге қол қойып едік. Келісімде мынадай сөздер бар екен: «Биыл сіздің кітабыңыз сатылып алынды, енді ол кітап сіздікі емес, мемлекеттің меншігінде». Ойлап көрсек, біз авторлық меншіктен айы­рылып отыр екенбіз. Бұған себеп, біздің елде авторлық меншік туралы заң жоқ. Капитализм­нің бір заңы бар: кім еңбек етеді, соған ақша төленеді. «Тауар – ақша – тауар» деген заңдылық осы. Өткен 27 жыл бойы біз еңбегімізге ештеңе алған жоқпыз. Сол үшін, осы Пленумда сол мә­селе туралы қарар қабылдауларыңызды сұраймын.


Қаржаубай САРТҚОЖАҰЛЫ, тарихшы:

25 ДИНАСТИЯНЫ БІЛМЕЙТІН АДАМ ҚЫТАЙДА ҚЫЗМЕТКЕ ТҰРА АЛМАЙДЫ

Ең алдымен Жазушылар одағының жаңа басшылығына рақмет айтқым келеді. Жұмысы жақсы жүріп жатыр. «Жас келсе іске!» дейді. Құдайға шүкір, қазақтың жастары қандай екендіктерін көрсетті. Келешекте мұнан да үлкен еңбектер жасайтынына мен сенімдімін. Сондықтан жаңадан қабылданған жарғыны өте орынды деп есептеймін. Елбасымыздың мақаласы қалам ұстаған интеллекті ортаға үлкен сілкініс әкелді. Ғасырлар бойы көзі бітеліп жатқан ми ішіндегі атомдардың қопарылып, жарылуына түрткі болды. Сондықтан біздің жазушылардың, қаламгерлердің шығар­машылық өнімі ары қарай жанданады дегенге сенімдімін. Ең басты үш қазына бар: тіл, тарих, дәстүр. Біз осы уақытқа дейін тілді айтып келдік, бірақ тарихты ұмыт қалдырдық. Елбасымыз тәуелсіздік алған алғашқы күннен бастап осы тарихқа өте терең көңіл бөлді. «Тарих жылы», «Мәдени мұра жылы» деген шаралар болып, әр мақаласында тарихқа назар салып келеді. Бексұлтан Нұржекеұлы, Қабдеш Жұмаділов секілді үлкен қаламгерлеріміз тарихты көркемдік тұрғыда, әдебилендіріп жазудай-ақ жазды. Тарих дегеннен шығады, мына көршіміз Қытайда өзінің жиырма бес династиясын білмеген адамның бірде-бірін лауазымды қызметке тағайындамайды екен. Сол талап бойынша тамырын, тарихын білгеннен кейін ғана билікке араласа алады. Ал, бізде тарихты былай қойғанда, тіл білмейтіндердің өзі жоғарғы лауазымға шығып жатыр. Осы жағынан қарағанда біздің ойланатын дүниелеріміз өте мол. Елбасымыздың мақаласын барынша тарамдап, жік-жікке бөліп, халыққа түсіндіріп, нақты жұмыстар жасауымыз керек.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір