Асқанға – тосқан…
11.12.2023
62
0

«Бауырға басқанбыз баршаның баласын…» деген жолдар бар еді ғой бұрынғы Әнұранымызда. Кеңпейіл, кеңқолтық қазақтың ешкімді жат көрмей құшағына алып, бауырына басқанын айтып, жазып жүрген отандастарымыз да аз емес. Бірақ кейде «бір құмалақтың бір қарын майды шіріткісі» келетіні де рас. Наталья Валентиновнаның қыңыр қылығы, әне, сондай бір түйір құмалақтың «тірлігін» еске салады. Астана қаласының тұрғыны Наталья Свириденко қазақ халқына қорлық сөздер айтып, сепаратистік пиғылын көрсеткені үшін 4 жылға сотталды деп жазды бұқаралық ақпарат құралдары. 

Свириденко (тегі – Меркулова) Наталья Валентиновна ҚР ҚК-нің 174-бабы 1-бөлігінде («Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни араздықты қоздыру») көзделген қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылсын және оған орташа қауіпсіздіктегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтей отырып, 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалсын, – делінген Астана қаласы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімінде.
Свириденко биылғы 7 тамызда сағат 1:00-де Астанадағы үйінде ТikTоk әлеуметтік желісінде «Королева 2» аккаунты арқылы тікелей стрим-трансляция жасап, ұлттық ар-намыс пен азаматтардың қадір-қасиетін қорлауға тырысты. Тікелей трансляция кезінде ол көрермен арасында басқа ұлт өкілдерінің бар екенін біле отырып, қазақ халқын ашық түрде қорлайды. Ол қазақ халқын маймылға теңеп, «шимпанзе», «макака» десе, көрермендерінің бірінің балаларына өлім тілеп, «науқас» деген.
Сот TikTok-тан эфир жазбасын қарап, Свириденконың мәлімдемелері «бүкіл қазақ халқын және Қазақстанның мемлекеттік билігін қорлайтын және кемсітетін мазмұндағы әдепсіз, қолайсыз сөздерден тұрады» деген қорытынды шығарды.
«Аңдамай сөйлеген, ауырмай өледі» демекші кім-кімге болса да, екі елі қақпағын езуіне іліп жүргеннен қайырлысы жоқ шығар.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір