КӨРКЕМ ШЫҒАРМА АРҚЫЛЫ ҰЛТТЫ ТӘРБИЕЛЕУГЕ БОЛА МА?
21.12.2018
9788
4

«Әдебиеттің әлсіреуі ұлттың құлдырауын білдіреді» деген сөзді Гете тегін айтпаса керек. Ескірмейтін осы бір даналық тәлімде ұлттың ұлылығын түсіну үшін, әрине, әдебиеттің көтеретін жүгі ауыр деген салмақты да саналы ұғым менмұндалап тұр. Біз жазушылардың еңбегінің соңғы нәтижесін көріп, рухани ләззат аламыз, кейде сынап жатамыз. Шамамен миллиондаған кітап жыл сайын жарыққа шығады, уақыт өте келе кітапханаларға қосылады. Әрине, оқырмандар қажетіне жараған соң, ұлтқа қызмет етеді деп санауымызға болады. Ендеше, әр жазушының шығармасы ұлтына қызмет ете алса, онда жазушы үшін де, оқырман үшін де қуанарлық жағдай болмақ. «Көркем шығарма арқылы ұлтты тәрбиелеуге бола ма?» деген осы сауал ойымызда жүргелі көп болып еді, жауабын іздеп көрдік.


Қуандық Түменбай, жазушы:

ОҚЫРМАН БІРЕУДІ ІЗДЕП ЖҮР

– Әрине, адамды әдебиет тәр­биелемей, кітап тәрбиелемей не тәрбиелейді? Теледидар, сайт дегендер бұл билік­ке әлі жеткен жоқ, жете де алмайды. Мен өзім «Менің атым Қо­­жа­­мен» өстім. Қожа болғым кел­­ді, қыңыр болсам да аржа­ғым­да адамгершілік тұрды. Қазір ауызға тек «Менің атым Қожаны» алатын болдық. Бұл – 60-жыл­дар­дағы әдебиет. Біздің әдебиет өсті, «Қожаның» жеті атасы жазылды. Мәселен, 70-жылдардың ортасында «Үшін­ші кластың жетекшісі» (Т.Нұр­мағанбетов) шыққанда оқымаған адам қалма­ды. Бәріміз осындай мұғалім бол­сақ деп еліктедік. Мұғалім болу сол заманда қазақ үшін ең құр­метті мамандық еді. Осы шы­ғар­маны оқып, инже­нерлікті қойып, мұғалім болуға бейім­делген замандастарымды білемін.
Уақыт өткен сайын әдеби ағым да өзгереді. Қазір жолы бол­маған бизнесмен мен қоғам мүл­кін тәркілеген ұры, пара беру үс­тінде ұсталған алаяқ немесе жез­­өк­шелікті кәсіп еткен қыз ту­ралы шығарма көп. Оларды «өз то­бы» қызығып оқып, шамасы кел­гендер кино түсіріп жүр. Осыны көрген кейінгі ұрпақ бизнесмен болғысы-ақ келеді, ұры болып ұстатпай кетсем деп ар­­­ман­­­дайтындар да аз емес. Бұны телехабарлардағы мәнсіз ди­дарласулардан байқап қала­мыз. Теледидар туралы айтқанда, бізді тәрбиелеген реализм мен қазіргі модернизм, постмодернизм, романтизм туралы толық­қанды хабар беріліп, замандастар образы туралы терең сөз қозғалса деп армандайсың.
Хэмингуэй «Шал мен теңізін­дегі» шалдың балаға айтар ақыл сөзін көркемдік финалмен әлем­дік деңгейге алып шықты. Ал, Айтматовтың әрбір шығармасы­ның деңгейі – әлемдік деңгей. Әсіресе, «Жәмила», «Бетпе-бет», «Боранды бекет», «Плаханың» оқырмандары көп. 60-70-жылдардың ұрпақтары осы шығармаларды оқып, қиялға шом­ды, пойызға мінуді армандады. Жәмила – романтикалық об­раз, биязы мұсылман қызы әлі бізбен бірге жүр.
Өзім кезінде Тургеневтің «Му­м­уын» оқып, күрт өзгердім. Ауылдағы ақсақ-тоқсақ, жарымжандарды ел-жұрт «мүсәпір» дейді ғой. Сөйтсек олар жан дү­ние­сі бай адамдар екен, соғысты да көріп, тылдағы өмірді де бас­тан өткерген. Олар өтірік күліп, өтірік сөйлей алмайды. Сондай адамдардың жан дүниесін біздер кітаптан оқып білдік. Әсіресе, көзіқарақтыларға «Мумудың» әсері мол болды. Жапоннан ту­ған он жасар жиен немерем ХІХ ғасырда жазылған «Мумудың» қазақша аудармасын (аударған Қ.Қасым­беков) оқып «Осындай итім бол­­са ғой», – дейді. – Герасим итін қалай жақсы көреді, еш­кім­ге қимайды. Адамдарға сеніп тас­тағысы келмейді. Өйт­кені, «адамзат екіжүзді», – дегенді айтуға батылы жетпей тұр. Ол бұл сөзді тү­бі айтады. Үлкен талқы­лауларда айтарына сенемін». Жұп-жұқа кітаптың балаға қалай әсер етке­нін қарашы.
Бір жолсапарда Зейнолла Серікқалиев ағам әңгіме айтып, сыр шертті. «Алдап оққа айдаған сорлы қазақты суреттепсің ғой» – деді сынай қарап. Не айтса да жан-жүрегімен айтатын даң­ға­йыр кісі үлкен басын кішірейтіп, менің «Біздің үйдің солдаттары» деген повесімді оқыпты. Соғыс көрген әке – солдат, социалистік Отанды қорғаған бала – солдат, Ауған соғысына алдап апарған немере – солдат. Бір үйдің алдан­ған үш ұрпағы. Үшеуі де тірі, бірақ үшеуі де жарымжан. Осы шығарма талайға әсер етті, Кең­ес­тік жүйе­нің мұсылман баласына жасаған арамдығын ашып берді. Ал, кездесулерде айтылған әңгімелерден көркем шығарма арқылы шын­дық іздеген оқыр­ман­ды көрген­дей боласың. Демек, әдебиет – тәрбиелеуші құрал, оның әсері зор. Тағы бір кездесу­де 11-сынып оқу­шысы сауал қойды: «Есенбер­линнің «Көш­пен­­ділер» деген кітабында қой­дың басын қонаққа тартқанда маңдайына крест жасап, белгі қояды. Бұның мәні неде?». «Ол – дәстүр, бас ұстаған адамның жолы маңдайдағы сы­зықтай аш­ық болсын дегенді мең­зеп тұр» деп жауап бердік. Оқушы: «Осын­­дай нәрселер көп жазылса», – деп орнына отырды. Әдебиет – әдеп. Қазір бейберекет жазыл­ған дүниелер қаптап кетті. Кітап боп шыққасын жұрт оны «әде­биет деген осы екен» деп қабыл­дайды. Ұры, майрампаз, жезөк­шені суреттеген репортаж дү­­ние­­лер көп-ақ. Оқырман осын­дайлардан жалықты. Жұрт «Жә­мила» мен «Мумуды», «Ұл­панды» ұмытпайды, кез келген жерде айтып жүреді. Кезінде қызыға әрі қорқып отырып оқыған «Жау тылындағы бала» – соғыстың дерегі болса, су туралы «Арна» жазылды. Енді қазіргі қазақты тәрбиелейтін көркем дүние жазу керек. Жас­тар­ды былай қойғанда, кітапха­наға келіп-кетіп жүрген қария­лар да осыны айтады. Олар Біреу­ді іздеп жүр.


Мадина Омарова, жазушы:

ОСЫДАН ОТЫЗ ЖЫЛ БҰРЫН ҚЫЗЫҚТЫҢ БӘРІ КІТАПТА ЕДІ…

– Ұлтты тәрбиелеу технологиялары өте көп, көркем шығарма солардың бірі ретінде өте тамаша құрал бола алады. Бірақ, бір шарты – көркем шығарма арқылы ұлтты тәрбиелеуге мүдделі өкімет болуға тиіс. Әдебиет стихиялы, табиғи түрде, өз бетімен ұлтты тәр­биелей алмайды. Себебі, көр­кем шығарманы оқу, өнерді тү­сіну, әлемді көркем қабылдау түй­сігін жаттықтыру – үлкен ең­бек. Оны бүтін ұлт табанды түр­де өз бетімен меңгере алмайды. Қазіргі ахуалды өздеріңіз көріп отырсыздар, интернет, клиптік сана, қысқа мәтін билі­гіне бая­ғыда өтіп кеттік. Осыдан отыз жыл бұрын қызықтың бәрі кі­таптың ішінде ғана болса, қазір жаныңды қинамай-ақ фильм көре саласың немесе оқырмандық энергияң әсіре тасып бара жатса, әлеуметтік желілерден афоризмдер оқисың. Сонымен өмірдің қалай және не екенін түсініп, күн­делікті күйбең тірлігіңе қай­тасың. Қазір адамдарда шынымен уақыт жоқ және кітап оқу дағ­дысы да келмеске ақырындап кетіп бара жатыр.
Ұлтты әдебиетпен баулитын, сол бағытқа қарай таяқ сілтеп отыратын қуат күші болуға тиіс. Ол күш – идеология, мемлекеттің саясаты. Сізге көзі ашық, білімді, жаһандық бәсекеге төтеп бере алатын саналы ұлт керек пе әлде тойғаны мен тірлігіне мәз тобыр керек пе? Екіншісі, әрине, бас­қар­ғанға жақсы, бірақ ол қазір сіз басқарғанға қалай жақсы болса, ертең басқа күштің басқаруына да дәл солай оңай жығылады. Себебі, ол білімсіз, ақпарат жинап, оған анализ жасап, лайық­тыны таңдап дағдыланбаған.
Қазір мектептегі бітпейтін реформалардан оқушы тұрмақ, мұғалімдердің өздері шатасты. Бұны мен, жеке өз басым ұлттық деңгейде жүріп жатқан геноцид деп бағлаймын. Мектепте білімді шала-шарпы алған адамнан қан­дай тереңдік күтуге болады? Кі­тап­ты негізінен дарынды, кәсібін әдебиетпен байланыстырған жастар ғана оқиды. Ал, жалпы алғанда, жағдай күрделі.
Көркем шығарма арқылы тәрбиеленген ұлт – рухани, зиялы қауым. Ол тап ретінде қалып­тасып, қоғамның қаңқасын құ­ра­са, ешкімге ешқашан жеңіл­мей­тін ел болар еді. Шіркін.


Алпысбай Тамаев,
педагогика ғылымдарының кандидаты:

СОВЕТ ЗАМАНЫНДАҒЫ ОҚЫРМАННЫҢ БӘРІ СОВЕТТІК БОЛЫП КЕТКЕН ЖОҚ

– Әлмисақтан бері адамзат ба­ласы сөздің қасиет-құнары ар­қылы тәрбиеленіп келе жатқаны дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Алысқа бармай-ақ, қазақ әде­биетінің біртуар тұлғалары­ның пікірлерінің өзі-ақ осы ойы­мызға тамызық бола алады. Жүсіпбек Аймауытов «Әдебиет – ұлттың жаны, ұлттық сананы тәрбиелеу­ші өнер түрі» десе, Ғабит Мүсіре­пов туған елмен қоштасу аманат хатында «Әдебиет пен өнері ұлы болмаған жағдайда ұлт ұлы бол­майтындығын ұмытпайық­шы!» деп айқын атап көрсетіп, әде­биеттің мәңгілік миссиясы неде екенін аманаттап кеткен жоқ па еді?!.
Оноре де Бальзактың соңында тоқсан алты том, Лев Толстойдан жүз томға жақын әдеби мұра қал­ған деп жазылып жүр. Осы тұл­ғалар­дың жекелеген туындылары көздерінің тірісінде-ақ өз елінің шекарасынан асып, әлемді шарлап кетті. Дүниежүзіндегі адал ниетті, адамзатты сүйетін жан­дар­дың рухани серігіне айнал­ды. Ұлылар өз шығармала­рындағы гуманистік идеяларымен өз ұл­тын ғана емес, өзге де ұлттарды тәрбиелеуге қызмет ете алады. П.Неруданың, Э.Хэмин­гуэй­дің, Г. Г.Маркестің, Дж.Лондонның, Оноре де Бальзак­тың, Л.Толс­той­дың, А.Чеховтың, В.Гюгоның, Ф.Достоевскийдің, басқа да адамзат ақыл-ойына ақыл қоса алған тұлғалардың шығармалары қазақ оқырманда­ры­ның да талай буынын тәр­бие­леді. Ұлылар қашанда өз шығар­машылығымен құдай жаратқан он сегіз мың ғаламдағы тіршілік отының сөнбеуі үшін жалпы­а­да­мзат­тық мәңгілік қағи­даларға, Ф.М.Достоевский айт­қан «Ұлы үйлесімге» қызмет етеді.
Ұлт өзінің тарихи жады мен тарихи есін әдебиет арқылы ата-бабаларының дәстүрлі мәдениеті көркем бейнеленген ондаған, жүздеген көркем шығармалар арқылы ғана жинай алады. Қазақ ұлтының қаншама тар жол тайғақ кешулерден өтсе де жойылмай, ХХІ ғасырдың табалдырығын аман-сау аттауында әдебиеттің де орасан зор үлесі бар. Абай мен Әуезов кез келген ұлттың маң­дайы­на біте беретін тұлғалар ем­ес. Әдебиеті түзік емес ұлттың өзі түзу бола алмайды. Абайдың «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзе­­лінің» астары да осыны мег­зейді.
Әдебиет – идеология. Кезінде Совет өкіметі халықты тәрбиелеу­дегі әдебиеттің идеологиялық қуат-күшін терең түсініп, сол кез­дегі алып империяның түкпір-түкпірінен Мәскеудің түбінен Переделкино, Балтық теңізінің жағалауынан Дубулты, Қырым­нан Көктебел сияқты шығарма­шы­лық үйлерін салып (әр рес­пу­б­ли­каның шығармашылық үй­лері өз алдына!) қаламгерлерге жет­кілікті қаламақы төлеуі – бай­лығын қайда шашарын біл­мегендіктен емес, советтік идеологияны насихаттауда көркем шығарманың адам жанын қаласа нұрландыра алатын, жүрегін жаулап ала алатын құдіретін түсін­гендіктен деп білу керек.
Сол «темір шымылдық» зама­нының өзінде қазақ ұлты М.Әуе­зовтің, Ғ.Мүсіреповтің, С.Мұ­қанов­тың, Ілияс Есенбер­лин­нің, Әбіш Кекілбаевтың, Мұхтар Мағауиннің, Төлен Әбдіктің, Со­фы Сматаевтың, Смағұл Елу­баев­тың романдары ақындар Жұбан Молдағалиев, Тұманбай Молда­ға­лиев, Қадыр Мырза-Әлі, Мұқа­ғали Мақатаев, Төлеген Айбергенов, Мұхтар Шаханов, т.б. өлең-поэмаларын бойға сіңіру ар­қылы ертеңгі күнге үмітпен қарады, өз рухын тәрбиеледі, ұлттық көзқарасын жаныды, біржола советтік болып кеткен жоқ. Ұлтты классикалық әдебиет қана биік өлшемдерге лайық етіп тәрбиелей алады. Осы негізде көркем шығарманың ұлтты тәр­бие­леудегі рөліне баға жетпейді деп санауға болады.


Әлмира Қали, филология ғылымдарының кандидаты:

ҚАЗІРГІ ӘДЕБИЕТТЕ ҮЛГІ ТҰТАРЛЫҚ ҚАҺАРМАНДАР АЗ

– Әдебиет – ұлттың жады. Ға­сырлар бойы қалыптасқан рухани мәдениет – ұлттық салт-дәстүр­лер мен тарихи баяндар, халық­тың көркем ойы әдебиет арқылы бүгінгі күнге жетті. Жазба әдебиет қалыптасқанға дейін көшпенді өркениеттің рухани-эстетикалық сұра­нысын халықтың ауыз әде­бие­ті өтегенін білеміз. Бесік жырынан бастап, көңіл айту, жоқ­тау­ға дейінгі ғұрыптық фольклор, көкірегі қазыналы қарттардың аңыз-әңгімелері мен ертегілері, дуалы ауыз билер кеңесіндегі ше­шен­дік сөздер, таңды таңға ұлас­тыр­ған хиссалар мен жыр-дас­тандар және басқалары далалық өрке­ниетке тән білім мен тәрб­ие­нің қайнар көзі болды.
Әр тарихи дәуірдің өзіне ла­йық заманауи сөз өнері болды. Мә­селен, Махамбет пен Абайды са­лыс­тыру орынсыз. Махам­беттің отты жырлары «ат үстінде күн көрген» найзалы дәуірде туса, Абай­дың ойлы поэзиясы күрес­кер­лік рухтың зияткерлік сипат ала бастағанын айғақ­тайды. Одан бергі ұлттық болмысы бөлек, танымы терең Алаш әдебиеті не үш­ін 70 жыл архив сөрелерінде «тұт­қында» жатты? Советтік идеология саясаты қа­зақ әдебиетінің тарихын дәуір­леуде неге өткен ғасыр­ларды санадан өшіруге тырысты? Осы сауалдардың өзі-ақ әдебиеттің ұлт өміріндегі тарихи-мәдени маңызын айқындайды.
Асылында, әдеби тіл деге­ні­міз­дің өзі ұлтты ұйыстыру қа­біле­­тіне ие. Қазақ елінің біртұ­тастығын сақтауда әдеби тілдің айрықша үлесі бар екендігін ес­керу қажет. Ал, сол әдеби тілді ұлттық құндылық ретінде бағам­дай отырып, көркем әдебиеттің үздік үлгілері арқылы ұлттық дүниетаным, тарих, мәдениет жайлы рухани мұраны ұрпақ санасына сіңіруге болады.
Қазіргі уақытта тұлғалық қалыптасу, көшбасшылық дағды-машықтарын меңгеру мақса­тында, әсіресе, жастар қауымы осы тақырыптардағы психоло­гия­лық, әлеумет­танушылық ыңғайдағы еңбек­тер­ге көбірек иек артады. Ал солардың ауыр жүгін бір кездері көркем әдебиет арқалап келген еді. Ұлы адамдар­дың өмір­бая­нына көз жүгіртіңіз. Тұлғалық кемелдену, шығарма­шы­лық жетілу, парасат майда­нын­да ізгі жол таңдау сынды із­де­ніс­терде әдебиет қашанда ақыл­шы ұстаз ролін атқарады. Ай­тайын деге­нім қазіргі әде­биетте үлгі тұтар­лық шынайы қаһармандар (замандастар бей­несі) аз. Әдеби қаһармандар галереясынан кө­біне тарихи тұлғалар­дың бейне­лері ғана орын табары анық. Ойланарлық мәселе. Жалпы көркем әдебиеттің зияткер ұр­пақ тәрбиелеудегі рухани ресурс­тық әлеуеті күмән тудырмаса керек.


Айнұр Төлеу, әдебиеттанушы:

КӨРКЕМ ШЫҒАРМА ҰЛТТЫ ТӘРБИЕЛЕМЕЙДІ

– Алдымен тәрбие деген не? Осыған тоқталайықшы. Егер пси­хологиялық тұрғыда жауап берсек, жеке тұлғаның әлеумет­тенуін тәрбие деп айтар едік. Демек, әлеуметтік нормаларға сәй­кес келмейтін адамды тәрбиесіз деп атай салуға болады ғой. Онда тәрбиелі ұлт деген қандай ұлт? Егер әдебиет ұлтты тәрбиелейді десек, тәрбиесіз ұлт та болғаны ма? Жоқ! Тәрбиесіз ұлт деген ұғым жоқ қой. Ендеше, ұлтты көркем шығарма арқылы қандай қа­лып­қа, нендей нормаға салғыңыз келіп отыр? Әдебиеттің аясы тәрбиеден де ауқымды. Ал, ұлт­тық әдебиет дегенде біз қандай әдебиетті айтамыз? Әр ұлттың өзіне тән көркем ойлау жүйесі болады. Әдебиет – сол көркем ойлаудың көрсеткіші. Көркем ойлау дегеніміз – көркем сөздер­дің тізбегі деп түсінуден аулақ болсақ екен. Көркем шығарма ұлтты тәрбиелейді деп кесіп айту – поэтикаға өткен ғасырдың кө­зімен қараумен бірдей секілді. Бірақ, мен бұл сұраққа ренжімес едім. Себебі, көркем шығарма білім береді деп ойлайтындар да бар және олар аз емес. Анығында ұлтты әдебиеттен бөліп қарау мүмкін емес. Бірақ ұлт алдымен әдебиетті жасап алып, содан кейін соған қарай бағыт түзеп, соған сай тәрбиеленген жоқ қой. Дәуірлерді дөң асырып, ұлт пен әдебиет біте қайнасып, бірге жасасып келеді.
Цифрланған дәуірде әдебиет­тің қажеті болмай қалды деген пікір айтатындар көбейді. Тіпті қоғамдық санаға осы пікірдің сал­­қыны тиіп те жатыр. Қазір фи­лология факультеттеріндегі әдебиетке қатысты кафедралар қысқарып, пәндер азайып кеткен. Демек, біз көркем ойлау жүйесіне немқұрайлы қарайтын қоғам жасап жатырмыз. Көркем ойлау жүйесі жоқ қоғамда мейірім жоқ. Сөзге тоқтау деген тіпті де болмайды. Психологтар адамның интеллекті дамыған сайын, сезу қабілеті төмендейді деген болжам айтады. Мен бұл болжамға шүбә келтірмеймін. Себебі, біз бұрын интуицияға сенетін ғасырларды бастан кешірдік. Уақыт өте келе біз сезім мүшелерінің қабілетін тұмшалап жатырмыз. Мәселен, әр адамның өзіне тән иісі болатын еді. Иіс арқылы санадан тыс ақпараттар қабылдай алатын едік. Ал, қазір түрлі иіссулар мен әтірлерден кімнің табиғи иісі қандай екенін біліп болмайсың. Ал, табиғатта бұл баланс өте маңызды рөл атқарған. Үйірімен жүретін жануарлар өз төлін осы иіс арқылы ажыратады емес пе? Мұндай мысалдар жетіп артылады. Мен енді келесі ғасырда бір адам көзінен жас ағызып жылап отырса, келесі адам оған қарап, «мынау не істеп отыр» деп таңға­латын күйге жетеміз бе деп қорқамын. Біз технологиялардың дамып жатқандығын білеміз, бірақ дәл сол сияқты жылдам қар­қынмен әдебиеттің де дамитынына онша мән бергіміз келмейді. Айталық, осыдан он бес жыл бұ­рын ғана жағымды һәм жағым­сыз кейіпкерлер туралы таңды таңға ұрып талқылау жасауға болатын еді. Бірақ, қазіргі әде­биеттану кейіпкерді олай екі жікке бөлмей­ді. Жақсы немесе жаман кейіпкер деген тіркес айтып қалыңызшы, сіздің әдебиеттанушы екеніңізге күмәнмен қарайды. Неге? Себебі, әдебиеттану да күрделеніп келеді. Ол өзіне ғылымның басқа да салаларын «көмекке» шақырды. Бәлки дамып жатқан ғылым­дар­ды қажет етті. Когнитивті лингвистика, антропология және пси­хо­а­нализ­сіз кейіпкерлер мен образдардың болмысына дендеп, характерін тану мүмкін болмай қалды. Демек, жазылып жатқан көркем шығармаларға әдебие­т­танушы осы талаптар бойынша қарайды деген сөз. Цифрлы дәуір­де көркем ойлау жүйесі бұрынғы­дан екі, тіпті үш есе керек. «Литературное мышление» дегенді көркем ойлау жүйесі деп алып отырмын. Көркем шығарма ұлтты тәрбиелемейді. Әдебиет арқылы қаһарман жасап, соған адамдар­дың барлығы ұқсауы керек деп есептейтін заманның өткеніне отыз жыл болды. Адам туды, сосын белгілі бір әлеуметтік сатылардан өтті, күресті, қақтығысты, сосын өлді. Бұл – тым қарапайым фабула. Ал, шын мәнінде, психоанализ қосылғалы әдебиеттану­шылар адамның соншалықты күрделеніп кеткенін түсінді. Бұл тақырыпқа Оралхан Бөкей «Ұй­қым келмейді» әңгімесі арқылы бара алған. Тіпті, әдебиеттануда «Жал­ғыздық тақырыбының көркем шығармадағы көрінісі» деген зерттеу бағыты пайда болды. Демек, әдебиет – ұлттың жа­ны деген метафораға жақын­дайды. Көркем шығарма арқылы прозаик ұлтты тәрбиелеуді мақсат тұт­пауы тиіс. Ұлттың жанын ұғуға, жоғарыдағы күрде­ленген образдарды ашуға тырысуы керек деп білемін. Міне, сон­да өнер болады. Оқырман шы­ғармадан өз образын танып алады.

Пікірлерді топтастырған Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН

ПІКІРЛЕР4
Рахыш Нәшкенқызы 05.01.2019 | 19:34

Әрине болады… Ден қойып, шын көңілмен оқу керек!!! Ұлтты тәрбиелейтіні хақ деп білемін!

Аноним 21.04.2020 | 15:52

Жақсы жазылған рақмет сіздерге

Аноним 08.07.2020 | 15:39

оте керемет
аркимнин ойы озинди ерекше

Аноним 07.12.2023 | 19:58

Өте жақсы материал 👍🏻

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір