Жаңа Астанамен бірге – кемел болашақты сезіну
Эйфель мұнарасы, Кремль… Бұл астаналық нышандар – әлем картасының ең үздік жолбасшылары. Олар бұл күнде солай жаратылған сияқты. Бірақ, олар белгілі бір адамдардың дарынымен, еңбегімен салынған.
«Астананы құру – ұлттық тарихтың жаңа мәтінін жазу. Мұндай мәртебе әр ұрпақтың маңдайына бұйыра бермеген. Екі мыңжылдық тоғысында біз шешім қабылдап, Еуразияның жүрегінде іс жүзінде жаңа астана құрдық» – деп елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқан болатын. Иә, шынымен де, ұлттық тарихтың жаңа мәтінін жазып, астананы ауыстырып, осындай батыл қадамға барған – көсеміміз Н.Ә.Назарбаев. Сонымен, елбасымыз үлкен таңдау жасады: ел астанасы етіп Ақмола қаласын тағайындап, оны «Астана» деп атады. Бұл таңдаудың артында үкіметке екі міндет жүктеліп отыр: біріншісі – қаланың немесе астананың бірегей әрі қайталанбас ажарын қалыптастыру, екіншісі – қаланың осы бірегейлігі қаланың барлық азаматтарының астанада өздерін жайлы сезінуіне ықпал етуі тиіс.
Жаңа әрі озық үлгідегі тамаша тұрғын-үй кешендері, еңселі әкімшілік ғимараттары, гүлзарлары мен субұрқақтары, әсем монументтері мен сәулет ескерткіштері бар Есіл жағасындағы еңселі қала бейне бір қауыз жарып келе жатқан көп гүлді, мол жапырақты өсімдік тәрізді, Сарыарқа төсіндегі жеке дара жап-жасыл жазирадай. Қаланың жасыл желегі көз қуантып, гүлзарлар көздің жауын алып, субұрқақтар жанға сая болуда. Көз алдымызға суретшінің күн сайын тынымсыз салған, кешке қарай жаңа бейнелер, түстер, бояулар қосып, әрлей түскен суреті елестейді. Иә, бас қаламыз Астананың сәулет ажарында ұдайы жаңа өрнектер пайда болуда, әрдайым өзгеше бір тың бояулармен көркемделуде. Міне, жапырағын жайып, жас қаланың жас ағашы Бәйтерек тұр. Ол жан-жағына нұрын төккен алып шарды – өмір мен бейбітшілік символын күллі әлемге паш етіп тұр. Ал Президент Ақордасының төбесінде ұлттық жалауымыз желбіреген, киіз үй сипатты зор күмбез баршамызды бейбітшілікке, ауызбіршілікке шақырып, қызбалықтан, өшпенділік сезімдерінен сақтандырып тұр.
Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті, «Ел анасы» монументі, «Астана-Арена» спорт кешені, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің зәулім ғимараты, «Хан Шатыр», «Керуен», «Мега», тағы басқа ойын-сауық, сауда орталықтары, Бәйтерек, Бейбітшілік және Келісім сарайы, Тәуелсіздік сарайы, «Конгресс-Холл», Орталық концерт залдары, Оқушылар сарайы, ұлы тұлғалар Абай мен Пушкиннің, Сәкен Сейфуллиннің, ұлы үш биіміздің, батырларымыз Кенесарының, Бөгенбай батырдың, Әлия Молдағұлованың және басқада қайраткерлердің мүсіндері Астананың сәнін келтірген інжу-маржан,көне Есілдің жағалауына әр берген гауһар моншақтар іспетті.
Астана – тек біздің ғана емес, дүниежүзіне зиялылық нұрын төгетін тоғыз жолдың торабындағы Еуразияның, әлемнің сәулетті қаласына айналған ғажайып шаһар. Тәуелсіз Қазақстан әлемнің үздік елдері қатарына қосылса, Астанамыз 20 жылда таңғаларлықтай көрсеткіш көрсетіп, әлемге Қазақстанның қандай мықты мемлекет екендігін дәлелдеді. «Елу жылда ел жаңа» демекші, іргетасы қаланғанына елу жыл емес, өте аз уақыт болса да, аққу қанат елордамыз ежелгі Есіл бойында қанатын кеңге жайып, сәулетті де сәнді Ордаға айналды. Осы Еуразия жүрегіндегі еңселі қала әлем назарында. Жан-жағымыздағы бауырлас елдермен қатар, өзіміз қазіргі уақытта теңескен «мүйізі қарағайдай» ірі мемлекеттер де астанамызға көз тігуде. Діні бірге діндестеріміздің, тілі бірге түркі туыстарымыздың, «Жер» деп аталатын ортақ мекеніміз бір барша мемлекеттердің достықты, татулықты, бірлікті сақтап отыратын елшіліктері бар. 20 жыл ішінде жай ғана кішкентай қаладан алып арман қалаға айналған бұл шаһарды, мейлі, әлем мойындасын, мойындамасын, Астана – қазақ халқының тарихының жаңа парағы, рухани дүниесінің есігі.
Армандай отырып, дара жұлдызымыздың болашағын өзіміз құрайық, келешек ұрпаққа мінсіз етіп қалдырайық.
Ақтолқын Шайхыслям
ПІКІРЛЕР1