Тұғыры мығым – Астана
12.12.2018
1273
0

Ел мен жер тағдырының елеңдетпейтін кезі жоқ. Ертеңге қалдырар, ұрпаққа табыс­тар мирас-мұрамыз да, байлық базарымыз да – сол ел мен жердің тағдыр та­лайы. Арғы-бергі атала­рымыздың ту көтеріп, туырлық тігер құттыхана шаңырағының уығын шаншар майлы да жайлы, қой үстіне бозторғай жұмыртқалардай жұмақ мекен таңдауы тегіннен-тегін болмаған.

Аңыз бен ақиқаттың шындық шырайындай Асан бабамыздың желмаямен жаһанды кезіп, хал­қына құт мекен болатын жер­ұйық­ты іздеуінде жан тебірентерліктей сыр жатыр емес пе? Ұлытаудан бас­талар ұлы көшіміздің Кеңес дәуірі кезінде Астана қазығын бірде Орынбор, бірде Қызылордаға қадап, одан жасыл желекті, түсті кілем Алматыға тұрақтауы Мәс­кеу­дің пәрменімен болған еді. Елі­міз тәуелсіздігін алғаннан кей­ін ғана елорданың қай жерде болуын таңдау мүмкіншілігіне Елбасымыз ие болды. Астанамыз­дың Қа­зақ­с­танның орталығында болуы қай жағынан алып қарасаң да дұрыс шешім еді. Себебі, Сарыарқа талайды көрді, талайға төзді. Бағзы бабаларымыздың ақ найзаларын аспанға атқан айбарлы жеңісте­рінің куәгері болды.
Енді міне, екі ғасыр тоғысқанда жаңа мыңжылдықтың табалдыры­ғында өшкен жанып, өлген тіріліп, кеткен есе түгенделіп, жығылған ту қайта желбіреп, жоғалған елдік оралып, құлаған орда қайта бой кө­тер­геніне де себепкер болып отыр. Қалай десекте Астана қазақ­тың бас қаласы болып, өскелең ұрпақтың жарқыраған жұлдыздай келешегіне өз үлесін қосары сөзсіз. Оның қазіргі сәулет өнерінің үлгі­ле­ріне сай бой түзеген биік те сұлу ғимараттары бір кездегі қарапайым облыс орталығын адам танымас­тай өзгерткені анық. Қала сұлу­лы­ғы қай адам баласын болсын там­сандыратынына күмәнім жоқ. Өйткені, кең жазира далада көсіліп жатқан кемел сұлулығымен, күміс көлдерімен Есіл, Нұра секілді қыз бұры­мындай тарқатылған өзен­де­рі­мен өзіне тартады. Сондықтан болар Астана мен үшін әрқашан салтанаттың қаласы, тасы өрге домалап тұрған жандардың мекені болып елестейді. Қазіргі таңда аста­намыз әлемдік, іскерлік байла­ныс­тың күре тамырына айналып отыр. Оның өзі Елбасының ізгі саясаты, көрегендігі мен кемеңгер ойының жемісі, арманы, мақсаты, халқының тарихынан нәр алған­ды­ғы шығар. Астанамыздың ша­ңыра­ғы биікке көтеріліп, уығы нық қадалып, керегесі келісті деуге болады. Астана қазірдің өзінде азиялық байтақтардың арасын­дағы ең бір еуропалық қала. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан­ның Еуразиялық ел екенін, оның астанасының орасан зор қос құр­лық­тың, өкпе тұсында орналас­қанын, демек келешекте қаланың осынау ұлан-ғайыр кеңістіктің қуатты желілері тоғысқан торабына, 21 ғасырдағы экономикалық, технологиялық, ақпараттар тасқы­ны­ның арнасына айналатынын атап көрсеткен болатын.
Астана – бүгін өскелең қала. Кемел де келісімді ойлардың, ізгі ниет пен игі тілеудің қаласы. Айта­лық, қаланы қақ жарған Есіл өзені­нің жағалауын кезінде басқан қамыс-құрақ қаба сақалдан арылып, бетон тақтайшалармен төсел­ген. Есілдің мәрмәр жағалауынан зәулім ғимараттар салуға да, қала­ның орталық бөлігінде еуропалық үлгідегі шағын орамдар тұрғызуға да орын жетерлік. Ендеше, шаһар­дың кейбір кең де түзу көшелері дәстүрлі шығыс байтақтарын, мәселен, көргендерге Каир мен Делиді есестететіні сөзсіз.
Еліміздің жаңадан орын тепкен ордасын көркейту мақсатына орай президентіміз 2001 жылы «Астана жаңа қала» деген арнайы экономи­калық аймағын құрған болатын. Бұл шара Есілдің сол жағалауына инвестициялар тарату, құрылыста озық технологияларды пайдалану, сондай-ақ қазіргі заманғы инф­ра­құ­рылым арқылы құрылысты қар­қынды түрде дамыту еді. Сол се­бепті Астанадағы үкімет са­рай­лары, құрметті орындар, министр­ліктер мен қоғамдық ғимараттар аса көрнекті сәулеттік бейнеге ие болып келеді. Осындай ғажап, өзге қалалардан ерекше­ле­ніп тұрған Астанамыздың кескін-келбеті Еу­ропа материгінде орна­ласқан Париж қаласының дәл өзін­де жүр­ген­дей сезіндіретін шы­ғар. Парижге барғандар ең алдымен Эйфель мұна­расын іздесе Астанаға келгендер биіктігі 97 метрге жететін «Астана-Бәйтерек» монументін іздейтін сияқты. Осы­ның өзі әлем төрінен орын алатындай көрініс, шіркін! Бәрін айт та, бірін айт дегендей барлы­ғынан да бас алаң төріне көз тастаған жан бүкіл тарихы – бірігу тарихы болған халқы­мыз­дың өмірінде келісімді билі­гімен, әділ сөзімен, елінің басына ауырпашылық түскенде шешен­дігі­мен, алғыр­лығымен еліне қор­ған болған, асқан беделге бөленген дана үш би – Әйтеке, Қазыбек, Төле бас қоса отырған сәулетті ескерт­кіш орнатылыпты. Көшелері де тап-тұй­нақтай, қазақ данала­ры­ның есімі­мен аталады.
Әрине, астанамыздың бола­ша­ғы көбінесе 21 ғасырдағы халық­-
а­ра­лық, экономикалық, геосаяси және басқа қатынастардың дамуына байланысты болары анық. Ас­тананы салдырып жатқан
Нұр­сұл­тан Назарбаев бір ғана қа­зақ халқының емес, Қазақстан Республикасы аталатын байтақ өңірді мекен еткен барша халық­тардың «еуразиялық арманын» асқақтату­ға бекем бел байлап отыр. Бұл өлке-халықтарды бауырына басып, татуластырып қана қоймай, оларды жаңа қауымдастық, жаңа өркениет құру жолында топтастыра білген өлке.
Елорданың өркендеуі – елі­міздің өркендеуінің белгісі. Ендеше бас қаланың жаңадан қаланып жатқан іргетасының берік болуы да мем­ле­кетіміздің болашаққа нық сенім­мен жасар қадамының нағыз кепіліне айналмақ. Келер ұрпақ­тың да, жастардың да болашағы бір өзіңде! Ал сенің гүлденуің солар­дың қолында. Келешегің жарқын бол­сын, халқымның ақ ордасы, көр­кейіп, биіктерден көріне бер­гейсің!

Тілекберді Құмарбек

ПІКІР ҚОСУ