Астана – Қазақстан жетістігі мен жеңістерінің символы
12.12.2018
3408
0

Елбасының 2018 жылғы Жолдауында былай айтылған: «2018 жыл – елордамыз Астананың 20 жылдығын атап өтетін мерейтойлы жыл. Бас қаламыздың қалыптасуы және Еуразияның маңызды даму орталықтарының қатарына қосылуы – баршамыздың ортақ мақтанышымыз. Заманауи технологиялар жылдам өсіп келе жатқан мегаполистің проблемаларын тиімді шешуге жол ашады. «Смарт Сити» тұжырымдамасы мен қалаға қоныс аударатын адамдардың құзыреттерін дамыту негізінде қалалық ортаны басқаруды кешенді түрде енгізу қажет. Әлемде инвес­торлар үшін қалалар бәсекеге түседі деген түсінік қалыптасты. Олар елді емес, жайлы өмір сүріп, жұмыс істейтін қаланы таңдайды. Сондықтан, Астананың тәжірибесі негізінде «Смарт Сити» «эталонды» стандартын қалыптастырып, Қазақстан қалалары арасында озық практиканы таратуды және тәжірибе алмасу ісін бастау керек».


Бүгінгі Астана – асыл тастан тұрғызылған асқақ қала. Ерке Есілдің жағасында орналасқан, жаңа ғасыр ғажабынан жаралған ертегідей елорда, әлемдегі ең жас қала. Кең даладағы жай қала ғана емес, саяси ерік-жігер, үкілі үміт, көркею, тәуелсіздік көрінісінің нышаны. Астана шаңырағы әлі де шарықтай түспек. Жаңа астананың келешегі толығымен XXI ғасырдың еншісінде. Ал оның ертеңгі еңсесін көтеретін бүгінгі жас буындар.
«Астана» сөзі негізінен парсы сөзі, қазақша түсінігі астана — «табалдырық», «босаға», «кіреберіс», «сарайдың қақпасы», «салтанатты орда есігі» деген ұғымдарды білдіреді.
Астана – Қазақстанның астанасы. Ал, Қазақстан – Шығыс Еуропа мен Орталық Азияда орналасқан мемлекет.
Тарихқа бай Сарыарқаның ұлан-байтақ жерінде, қазақ жерінің қасиетті орталығында мемлекетіміздің жаңа астанасының бой көтеруі, жаңа бір мәдени-ғылыми, саяси ортаның шоғырлануы, Отанымыздың көркем, сәулетті, қуатты ордасының дүниеге келуі – игіліктің нышаны деп білеміз.
1830 жылдың өзінде Есіл өзені бойындағы Қараөткел тұсында Астана қаласының ең алғашқы іргетасы қаланған болатын. 1832 жылы Ақмола ішкі округі ресми түрде жарияланды. Сосын Орынбор орталығымыз болды. Ал 1925 жылы Қазақстанның орталығы Орынбордан Ақмешітке көшірілді. 1929 жылдары Верный (Алматы) қаласына көшірілді. Ал Ақмола қаласы Астана болып 1998 жылы жарияланды.
Қаламызға келген әрбір қонақтың көңілінде ерекше бір сезім мен толқыныс, асқақ мақтаныш пен сарқылмас ән тербеліп жатады десек қателеспеген болар едім.
Аспалы төрт көпір («Арқар», «Марал», «Тұлпар», «Беласар») сәнін айқара ашып, сылдырай аққан Есіл де әрі өткен, бері өткен адамдарды сөз жетпес сұлулығымен өзіне тартады. Моторлы қайықпен серуен барысында Есілдің жағасына кезек қарай отырып, көзқарықтырған қала сәулетіне тамсанумен, шексіз әсерлі сезімдерге, шабытты толға­ныс­тар мен тебіреністерге ие боласың.
Бағдаршам белгілерінсіз ешбір көше, орам байқа­май­сың. Бұл қаланың архитек­ту­ралық безендірілуі қанша­лық­ты озық ойлы екендігін білдірсе керекті.
Түнгі Астана қандай десеңші… Түн қараңғылығы астында Ай сәулесінен нұр ала, алаулай жанған шамдар мен шырағдандар кім-кімді де таңдандырады. Қала кешендерінің әрбірі бір-бір тарих. Жеке-жеке тоқтала берсек, сөз жетпес. Күллі дүние есігін ашқандай әсер берген Астана төріндегі әрбір кешен – шығыстық, еуропалық құрылыс композицияларынан үйлесім таба отырып өзіне табындыра да, сағындыра да алатын келбетке ие.
Егер карта бетіне қарап, геофизикалық өлшеммен алар болсақ, Астана батыс пен шығыс өлшемінің кіндік қаласы. Астанада білім алып, гүлденген әсем қалада өткізген әр күніммен айрықша мақтанамын!

Айкерім Маханбетқызы,
Астана қаласы


Астана – еліміздің мәртебесі

Сарыарқаның төсінен мәңгілік орын алған Елорда – Астана бүгінде тек өзімізге ғана емес, жер шарымызды мекен ететін дүйім халыққа мәшһүр. Елбасы – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 1998 жылғы мамыр айының 6-шы күніндегі Жарлығымен Қазақстан Республикасының астанасы – Астана қаласы болып аталғаннан бері өткен жиырма жеті жыл ішінде бой көтерген Ақ орда бас ғимараты, Тәуелсіздік сарайы, биіктік пен өміршеңдіктің символы болып табылатын Астана-Бәйтерек монументі, әлемнің жеті кереметінің басты кереметі Пирамидаға ұқсатып тұрғызылған Бейбітшілік және Келісім сарайы ғимараты, «Қазақ елі» алаңы, «Мәңгілік ел», «Этноауыл», ашық аспан астындағы «Атамекен» музей миниатюрі, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі қашан да ел мәртебесін көтеріп, жан жылытып, бойға рух береді.
Әлемдегі ең биік созылған ғимарат ретінде Гиннесс рекордтар кітабына, әлемдегі ең үздік экоғимараттар тізіміне енген, қабаттарында қызмет көрсету орталықтары, паркинг, кинотеатр мен дүкендер орналасқан, алтыншы қабатында тропикалық су бағы мен Малдив аралдарынан әкелінген майда жұмсақ құм төселген тамаша жағажай бар. Мөлдір пластикалық жастықшалардан түзілген «Хан шатыр», өзге жұлдыз жүйесі тұрғындары Астананы бір көруге ұшып келіп, ашық алаңға қона қалған жұлдызаралық кемедей көрінетін Астаналық цирк, сән-салтанатты «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театры, Астана-арена, Велотрек, Орталық концерт залы, жүзге жуық қабаттан тұратын Абу-Даби плазасы, көп қабатты тұрғын үйлер кешендері және тағы басқа да заманауи талаптарға сай салынған құрылыстар қала даңқын паш ете түсуде.
Уақыт өткен сайын қала көлемі де төрт түстікке кеңейіп келеді.
Астана сонау суайрық жонынан бастау алатын, қаланы сол және оң жағалауға бөле ағатын ірі Есіл өзенімен де сәнді. Жағалауында Астана тұрғындары мен сырттан келген меймандар дамылдайтын арнайы орындар бар. Өзен суы бетімен саяхаттауға теңіз кемелері мен шағын жүйрік қайықтар да дайын.
Ауа райы жыл мезгілдеріне сай қалыпты. Көктемі шуақты, жазы бой жібітер жылы, күзі самалды, қысы аязды. Бұл табиғи климаттық алмасымдар адам денсаулығына игі әсер беріп, бойын сергітеді. Жаз бойы үнемі желпіп тұратын самалы адам тынысын аптапты күндерде де тарылтпайды.
Астана өзінің Сарыарқа төсінен алған орнымен ғана емес, айнала ғажайып табиғатымен, тарихи, заманауи орындарымен де ерекше. Қала құлаш жайып келе жатқан Сарыарқа аймағы Қазақстанның бүкіл орталық бөлігін алып жатыр. Ол оңтүстігінде Бетпақдала, батысында Торғай үстіртін, шығысында Балқаш көлінің солтүстік шығыс бөлігі мен Тарбағатай тауы етегін, онан әрі Зайсан қазаншұңқырының шетін ала Қалба жотасына дейінгі аймақты қамтиды.
Сарыарқа алабына Ақмола, Қарағанды облыстары тұтастай, Шығыс Қазақстан облысының басым бөлігі мен Қостанай, Кереку облыстарының біраз жерлері енеді. Орта тұсын кең аумақты Теңіз бен Қорғалжың ойпаттары иемденген. Сарыарқаның солтүстігінде биік Көкшетау, батыс бөлігінде Ұлытау тұр. Ал солтүстігі мен солтүстік шығысынан оңтүстікке қарай ағатын өзендердің суайрығын құрайтын орта тұсында Сарыарқаның ең биік тауы Қызыларай мен Қарқаралы, Кент таулары алыстан-ақ көз тартады. Қиыр шығысында Шыңғыстау массивінен Қособа тауы менмұндалайды.
Сарыарқаның төбелі, қыратты ғажайып даласын сәнге бөлейтін Баянаула, Қоянды, Желтау, Ерейментау мен Нияз таулары да ерекше көз тартады. Тау шатқалдарында қайың, итмұрын, мойыл, долана және басқа да жемісті өсімдіктер өседі. Сарыарқаның дала белдемін ақ жусан, бұйырғын, сұр жусан, баялыш, тағы басқадай хош иісті гүлді өсімдіктер сәнге бөлейді. Қызыларай, Ұлытау, Қарқаралы, Ерейментау тауларында арқарлар мен түрлі құстар дәурендейді. Гранит тастардан түзілген Көкшетау, Нияз және басқа таулардың баурайлары мен жазығын қалың әрі әсем қарағайлы қайыңды орман белдемі көмкерген. Мұндай ормандар әлем халқына Бурабай көлі мен төңірегіндегі Бурабай, Оқжетпес, Жеке батыр, Жерұйық және басқа шипажайлары арқылы мәшһүр. Сарыарқа аймағында табиғатты қорғау мақсатында құрылған Баянаула, Көкшетау, Қарқаралы ұлттық табиғи саябақтары, әйгілі Қорғалжың қорығы орналасқан. Астананың айнала төңірегі де жасыл желекке бөленіп келеді.
Осындай аясы аялы аймақтың орта белінде Астана қаласы тұр. Бүгінде Астана әлемдік бейбітшілік пен келісімнің тоғысар орнына айналған. Елорда төрінде болып өткен саммит, конференциялар мен форумдар, конгресс, Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі және басқа да ірі жиындар Астана атын асқақтата түсуде.

Жүніс Сақұрпағы,
жазушы, Халықаралық
Байқоңыр сыйлығының лауреаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір