Әзіл-шыны аралас
***
Алпысыншы жылдар болса керек, Жазушылар одағындағы әдебиет мәселесіне арналған кезекті бір жиналыста жас ақынның біреуі Сәбит Мұқановтың поэзиясын сынға ала сөйлейді. Залда отырғандардың үнсіз тына қалғанын арқаланып, әлгі жігіт одан сайын қыза түседі. Сөзінің соңына қарай: «Турасын айтсақ, Сәбит Мұқанов ақын емес», – деп түйіндейді. Жас ақынның сөзінен соң іле Сәбеңнің өзі мінбеге шығады:
– Жаңағы жігіт мен туралы дұрыс айтты, – дейді Сәбең жұмсақ даусымен. – Жас кезімде мен де Абайды ақын емес деп санайтынмын!
***
«Қазақ энциклопедиясы» баспасы отандық ғалымдардың екі томдық энциклопедиялық анықтамалығын шығарып жатады.
Энциклопедияның бірінші томы жарыққа шыққан кезде баспа басшылары оны Мәдениет және қоғамдық келісім министрлігіне көрсетуге әкеледі. Ол кезде министрдің бірінші орынбасары Нұралы Бектұрғанов екен. Бірінші том А әрпінен басталып, Қ әрпіне жете аяқталыпты. Қалған Я-ға дейінгі материалдарды келесі жылы шығарылатын екінші томға жоспарлап қойса керек.
Нұралы бірінші томды алай парақтайды, былай парақтайды, кітаптан өзінің аты-жөнін таба алмай, себебін сұрайды.
– Ойбай сіз ғылым докторы ма едіңіз? – деп баспа басшысының бірі вице-министрдің сұрағына қайран қалады.
– Иә, техника ғылымдарының докторымын, профессормын, республика Ғылым академиясының академигімін! – дейді Нұралы сыпайы ғана.
Баспа өкілдері не уәж айтарларын білмей қысылады.
Сол кезде бәрін естіп, қастарында отырған Сауытбек Абдрахманов:
– Жігіттер, түк те қысылмаңдар! Докторлық диссертацияны тым ерте, сонау Кеңес заманында қорғап, жастайынан академик болып алған Нұрекең өзінен көрсін. Мінезі қарапайым, өзгелер секілді өзеурей бермейтін бұл кісінің ғалым екенін ел-жұрты баяғыда ұмытып кеткен… Сондықтан екінші томға «Тұрғанов Нұралы» деп суретімен өмірбаянын басып, соңына сноска беріңдер. Сноскада «Бектұрғанов болып оқылсын» деп ескертсеңдер – мәселе шешіліп жатыр! – деп, жиналғандарды ду күлдіріпті.
***
Ел жақтан келген бір ағайын есімі қалың қазаққа белгілі сықақшы, халқымыздың сүйікті ақыны Оспанхан Әубәкіровпен (1934-1986) әңгіме кезінде:
– Оспанхан қарағым, ішімдік атаулыны сен мүлдем қойыпты деп естідік қой, сол сөз рас па? – деп сұрайды.
Сонда Оспанхан иығын көтеріп, басын шайқап:
– Япырмай, бұныңыз жақсы жаңалық екен… Бірақ, өзім бұл жаңалықты әлі естімеппін! – деп жауап беріпті.
***
Сатирик-жазушы Садықбек Адамбеков (1922-2002) Жазушылар одағы Сатира секциясының қарауына өзінің әлі сиясы кебе қоймаған жаңа комедиясын ұсынады. Секцияның кезекті мәжілісінде әлгі комедиясын Сәкең өзі оқып береді. Комедияның шұбалаңқы, ұзақтығы сондай, секцияға қатысып отырғандарды есінетіп, ұйқы шақырта бастайды. Ақын Сырбай Мәуленов те жалығып, ыржалақтап жиі-жиі күле беріпті.
– Әй, Сырбай, сен неге күлесің? – дейді Садықбек оған реніш білдіріп.
Сонда Сырбай:
– Комедия болған соң күлмегенде қайтеміз! – деп одан бетер иығы селкілдеп қоя берген екен.
***
Қазақтың әйгілі сәулетшісі, Тәуелсіз Қазақстанның Елтаңбасын жасаушылардың бірі Шота Уәлиханов – хан Уәлидің тікелей ұрпағы, ұлы Шоқан Уәлихановтың ағайыны екені белгілі. Бірде осы Шөкеңе құрдасы Шерхан Мұртаза:
– Мен осы сенің фамилияңнан қорқамын! – депті.
Сонда Шота:
– Фамилияма көлеңке түсіріп алмасам екен деп, сенен бұрын өзім қорқамын! – деген екен.
***
Кеңес заманында 7 қараша – Қазан төңкерісінің мерекесі ретінде бүкіл империяда кеңінен аталатын. Мәскеуде, одақтас республика астаналарында әскери парад, соңынан еңбекшілердің шеруі өтетін. Ол шеруге қаланың барлық мекемелері қатыстырылатын.
Биліктегі басшылар Қазақстан Жазушылар одағын да Алматыда өтетін әлгіндей шеруге қатысуға міндеттеуші еді. Жазушылар таңсәріден белгіленген жерге жиналып, әскери парад өтіп біткенше, кезектері жеткенше көшеде суыққа тоңып, сап түзеп тұра беретін.
Алпысыншы жылдардың басы еді деседі. Бір топ ақын-жазушы дірдектеп тоңып, көше бойлап шерудің қатарында келе жатады. Араларында майдангер-жазушы Иван Шухов (1906-1977) бар. Ол соғыстан әкелген өзінің солдаттық фляга-құтысын салпылдатып беліне қыстырып алады. Оқтын-оқтын әлгі құтыны қолына алып, қылқылдатып жұтып қойып, түк болмағандай жүре береді. Құтыда арақ барын соңындағы Қайнекей Жармағамбетов байқап қалады да:
Иван Шухов дегенің – мына кісі,
Артында салпаңдайды флягісі, – деп Ғафу Қайырбековке бұрылыпты. Соның бәрін көріп келе жатқан Ғафу кідірместен:
Иван ішіп тұрғанда – өзің ішпей,
Кісінің келеді екен жылағысы! – деп қостап өлеңдетіп жіберіпті.
***
Елуінші жылдардың соңында атағы жер жарған полковник Бауыржан Момышұлын (1910-1982) Куба мемлекетінің жас лидері Фидель Кастроның өзі арнайы шақыртып, бірнеше күн мейман еткені белгілі. Баукең сол сапарында Кубаның әскер басшыларымен, көптеген офицерлермен, генералдармен кездесулер өткізеді. Сондай кездесудің бірінде олар Баукеңді өздерінің әскери жарғысымен таныстырады. Жарғының бip бөліміне Бауыржан Момышұлының «шегіну, сосын қайыра шабуылдау» тактикасы да енгізіліпті.
Жарғымен танысқан Баукең оларға:
– Соғыста мен пайдаланған бұл тактика сіздерге жарамайды! – депті. – Шегінгенде маневр жасайтын жерлерің жоқ, алақандай ғана аралда тұрасыңдар, шегінсеңдер мұхитқа барып құлайсыңдар! – деген екен.