«НАЗАРБАЕВ ФЕНОМЕНІ» ЖӘНЕ ЖАСТАР
Тілектес ЕСПОЛОВ,
Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінің ректоры,
ҚР ҰҒА академигі
Елімізде 2012 жылдан бастап 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні ретінде аталып келеді. Егемен ел болудың күрделі құрылысын басқарып, жаңа мемлекет қалыптастырған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әлемдік саясатқа «Қазақстандық даму моделі» ұғымын енгізді.
Қазақстан – тарихи қысқа мерзім ішінде ғасырға татитын жолдан өтті, ұлы табыстарға қол жеткізді. Тәуелсіз мемлекет құру – арманнан шындыққа айналды. Елдікті сақтау, азат ел болудың бақытын сезіну және елім деп еміренетін ұрпақ тәрбиелеу баршамыздың борышымыз. Ұлт Көшбасшысы қалыптастырған қазақстандық модель – патриотизм рухының қайнар көзі.
Егемен еліміздің іргесі қаланып, өскелең елдердің қатарынан орын алуымыз, ол ең алдымен халықты кемел келешекке бастаған Тұңғыш Президентіміздің даналық саясатының нәтижесі. Елбасының батыл қадамдары ел экономикасының қарыштап дамуына, тәуелсіздігіміздің қауіпсіздігін нығайтуға негіз болды.
Еңсесін тіктеген еліміз Елбасымыздың ұйытқы болуымен, бүгінде Рухани жаңғыруға бет бұрып, Ұлы даланың тарихи қырларын танып-білуге ұмтылуда. «Тарихты тұлғалар жасайды» деген қағидаға сүйенсек, мемлекетіміздің жаңа тарихы Елбасы есімімен тығыз байланысты.
Уақыт өткен сайын еліміз өркениетті мемлекетер қатарына кіріп, жаңа даму стратегиясын іске асыруда. Адал еңбек, рухани тәрбие, терең білім, жаңашыл ғылым ең алдымен әрбір азаматты адамгершілікке үйретеді. Бұл ретте Президенттің жасампаздық және жаңашыл тұлғасы әрбір қазақстандыққа үлгі-өнеге. Олай болса, Қазақстанның Тұңғыш Президенті күнін атап өту, оны халықтық мерекеге айналдыру объективті құбылыс.
Тұңғыш Президент күні ол – ең әуелі мемлекет мерейі мен мәртебесі. Мемлекеттің іргетасын қалаған тұлғаны ардақтап, ұлықтау – әлемнің бірқатар елдерінде бар ізгі дәстүр. Ендеше Қазақстанды әлемге танытқан Ұлт Көшбасшысының даналық оймен сабақталған ерен еңбегі туралы айтпау мүмкін емес. Ел дамуына айрықша ықпал етіп отырған Елбасы саясатында ғаламдық деңгейдегі кемеңгер тұлғаға тән көрегендік қасиет жатыр. Міне, осы құбылысты әлемдік сарапшылар «Назарбаев феномені» деп атайды. Бұл Елбасының даналық болмысы, болашаққа бағытталған саяси стилі, қоғаммен тығыз қарым-қатынас орнатуындағы ерекше тұлғалық қасиеттерінің айқын көрінісі.
Ел болашағының кілті озық білім мен инновациялық ғылымда екенін уақыттың өзі көрсетіп келеді. Бұл салаға Президент мүлде жаңаша талаптар қойып отыр. Елбасы шешімімен 2001 жылы оқу орнымыз Ұлттық университет статусын иеленді. Осы уақыттан бері университет мемлекеттік саясат ұстанымдарына сүйене отырып, Президент анықтап берген нақты стратегиялық бағыттар мен міндеттерді жүзеге асыруда.
2015 жылы университет еліміздегі жоғары оқу орындарының арасында алғашқылардың бірі болып тәуелсіз басқаруды іске асыру мақсатында жаңа ұйымдастыру-құқықтық формада қайта құрылып, БҒМ қарамағынан АШМ құзырына өтті. Сол жылы университетте 8 инновациялық орталығы, 6 ҒЗИ, 31 инновациялық зертханадан тұратын үздік халық-
аралық тәжірибелер мен технологиялар тарту үшін Агротехнологиялық хаб құрылды. Жастарға сапалы білім беру үшін оқу орнында инновациялық инфрақұрылымдар болуы тиіс. Сондықтан, университет қазіргі кезде заманауи зерттеу лабораторияларын модернизациялап, жаңа инновациялық зертханалар ашуды қолға алуда. Осы мақсатта мемлекет екі миллиардқа жуық қаржы бөліп отыр. Мұндағы басты мақсат – еліміздің агроөнеркәсіптік кешеніне тәжірибеге бейімделген, креативті ойлау қабілеті зор, жаңа инновациялық технологияларды өндіріске ендіре алатын білікті мамандар дайындау. Осы бағытта университет автономиялық басқаруды енгізіп, халықаралық байланыстарды күшейтіп, білім-ғылым-өндіріс интеграциясын іске асыру арқылы табысқа жетуде.
Бүгінде оқу орнымыздың әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне трансформациялану үрдісі үкімет тарапынан қолдау тауып отыр. Біздің университеттің басты ерекшелігі – ауыл-ауылдардан келген студенттерімізге заманауи білім беріп қана қоймай, олардың Ел мен Жердің қасиетін бағалайтын, ұлт болашағына сеніммен қарап, Ұлы даламыздың ұлағатын бойына сіңірген, туған топырақтың қадірін біліп, ауылын қастерлейтін және сол ауылдың зиялысына айналатын тұлға ретінде қалыптастыру.
Университет Қазақстанның жоғары оқу орындарының арасында бірінші болып «Н.Ә.Назарбаев білім және ғылым орталығын» ашты.
Орталық «Менің Президентім», «Менің университетім», «Елбасы кітапханасы», «Достық» студенттік ассамблеясы деп аталатын төрт залдан тұрады. Басты бағыт – еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың өмірлік қағидасы мен жасампаз идеясы арқылы жастардың бойында патриоттық және саяси мәдениетті қалыптастыру және студенттер арасында көшбасшы тәрбиелеу.
Университет Елордамыздағы «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасымен» рухани, әріптестік қарым-қатынас орнатқан. Қазіргі кезде жаңа кітапханамыздың қорында Елбасының ең таңдаулы 1500-ден астам кітабы жинақталған. Бұл – біз үшін, біздің білімге ұмтылған белсенді жастарымыз үшін үлкен олжа. Кітапхана қоры «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Елбасымыздың тапсырмасымен ағылшын тілінен қазақ тіліне аударылған әлемдегі ең таңдаулы 100 оқулықтың 18 атауымен толықтырылды. Бұл кітаптар жастарымыздың рухани дүниетанымын кеңейтіп, білімдерін толықтыра түсері сөзсіз.
Болашақты алдын-ала бағамдап, болжай алатын Елбасының тағы бір феномені – ел жастарына айрықша көңіл бөліп, оларға үміт артуында. Сондықтан да, Мемлекет басшысы алдағы 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Осы игі бастама арқылы елдік мақсаттарды іске асыру жолында ерік-жігері мықты, рухани бай, озық біліммен қаруланған, бәсекеге қабілетті қазақстандық жастарға үлкен міндет артылатыны сөзсіз.
Университет жас ғалымдарға қолдау көрсетіп, стартап жобаларын іске асыруға мүмкіндіктер беруде. Жақында ғана ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры жанындағы ғылым жөніндегі Кеңес ұйымдастырған халықаралық конференция аясында «ҚазҰАУ Жас ғалымдарының Кеңесі» республика бойынша ең үздік деп танылды.
Бүгінде университетімізде – құрамында 1000-нан астам белсенді жастар бар «Аграрлық» бастауыш партия ұйымы жұмыс істейді. Жуырда бастауыш партия ұйымы Астана қаласында өткен республикалық форумда үздік деп танылып, «Өрлеу» номинациясымен марапатталды. Алдағы уақытта да біз Елбасы басқаратын «Нұр Отан» партиясы белгілеген бағдарламалар мен тапсырмаларды жүзеге асыруда белсенділік танытып, мемлекет мүддесі жолындағы қызметімізді жалғастыра бермекпіз.
Біздегі оқу-ғылым үдерісі мен тәрбие жұмысы Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мазмұны терең мақаласындағы тұжырымдармен сабақтастырылған. Мемлекет басшысының таяуда ғана жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы рухани жаңғыру идеясымен үндес болғандықтан, бұл бағытты да кеңінен қамтуды қолға алдық. Қазіргі таңда университет жанындағы ««Назарбаев білім және ғылым орталығы» құрамындағы Елбасы мұражайымен мазмұндас келетін тарихи-танымдық орталық ашуды қолға алдық. Онда Ұлы дала тарихы мен ұлттық құндылықтар қамтылатын болады. Сонымен қатар, университет жастарға ата дәстүр, ұлттық тәлім-тәрбие беретін рухани орталықпен толықтырылады. Осының бәрі бүгінгі жастар ұлттық код пен түп-тамырын танып-білуі үшін іске асырылатын игі шаралар.
Жаңа мақаласында Елбасымыз төл тарихымыз бен мәдени-гуманитарлық саланың да өзекжарды мәселелерін көтерген. Мақалада жаратылыстану ғылымдарына қатысты тың ойлар айтылып, алма мен қызғалдақтың отаны Қазақстан екені зор мақтанышпен көрсетілген. Еліміздегі алманың бес мың түрі қазақстандық Сиверс сортынан таралған. Сондықтан, бұл алманың сорты еш жерде кездеспегендіктен, әлемдік сұранысқа ие. Осы алманың генетикалық ресурсы мен табиғи қорын сақтап қалу үшін біздің университетіміз Есік дендропаркіннің негізінде Ұлттық Сиверс алмасы орталығын ашуды қолға алуда.
Қазақстандағы жоғары оқу орындары арасында бірінші болып, 15 жыл бұрын құрылған, 21 ұлттың жастарын бір шаңырақ астына біріктірген университеттің студенттік «Достық» ассамблеясының жұмысы да «Назарбаев білім және ғылым орталығы» аясында жүргізіліп, Елбасы идеясынан туындаған «Қазақстан жолы» тәрбие-білім орталығы қоятын талаптар форматына көшірілді. Барлық тәрбиелік мәні бар шараларды студенттер өздері ұйымдастырып, өздері жүргізіп, ерекше белсенділікпен қатысады. Осының бір айғағы – университетте жұмыс жасап келе жатқан Жастар театры. Бұл шаралар жастарымызды этносаралық достық рухында тәрбиелеуге септігін тигізуде. Студенттік «Достық» ассамблеясы өз жұмысын үлкен Ассамблея қызметімен ұштастырып, Елбасы қойып отырған межелі мақсаттарды жүзеге асыруда. «Бірлесіп көтерген жүк жеңіл» деген халықтық қағида – студенттік ассамблея мүшелерінің бүгінгі басты ұстанымы.
Елбасы феноменнің тағы бір қыры – дүниежүзінің алдында жаппай қырып-жоятын ядролық қарудан бірінші болып бас тартып, «Ядролық қарусыз әлем» құруы. Университетімізде Президент идеясынан туындаған «Таза планета» ғылыми-танымдық орталығы жұмыс істейді. Оқу орнындағы тәрбие жұмыстарының бір бағыты саналатын бұл орталық 2004 жылы университет жанынан құрылған О.Сүлейменов атындағы Әлеуметтік-гуманитарлық білім беру және жастарға тәрбие институтында іске асырылуда. Онда әлем қасіреті атанған ядролық сынақтардың зардабын бейнелейтін экспозициялар қойылған. Биыл «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысына 30 жыл толуына орай университетімізге Жапон елінен 30-ға жуық делегат келіп, орталық жұмысымен танысып, үлкен әсер алып, оң бағаларын беріп кетті. Бұл жөнінде «Қазақ әдебиеті» басылымы кең көлемде мақала беріп, оны Жапонияның белді басылымдары өз тілдеріне аударып жариялаған.
Жастарды тұлғалар арқылы тәрбиелеу ісіндегі тағы бір маңызды мәселе – тоқсан жылдық терең тарихы бар университетіміздің бастауында тұрған тұлғалы қайраткер ғалымдарымыздың өнегесі мен ерен еңбектерін кейінгі жастарға үлгі етіп отыру. Бұл біздердің парызымыз. Университет – ұлағатты ұстаздардың даналығы мен халқымыздың игі істерін, білім мен ғылымға деген ізденісі мен құштарлығын бойына сіңірген өнегелі білім ошағы. Оқу орны тарихының әрбір кірпіші оның белгілі ғалымдары, оқытушылары мен студенттердің шығармашылық талмас қайраты мен күнделікті ізденіс пен еңбегінің арқасында қаланған.
Оқу орнымыздың негізін қалаушы – кезінде Қазақстанның халық ағарту және мәдениет саласындағы комиссары болып қызмет атқарған ұлт зиялысы Ораз Жандосов – Ауыл шаруашылық институтының тұңғыш басшысы болған. Алаш қайраткері Әлімхан Ермеков пен ұлы жазушы Мұхтар Әуезов сынды тұлғалар Алматы зоотехника-малдәрігерлік институтында дәріс берген.
Қазақтан шыққан тұңғыш ғылым докторы Нәйлә Базанова, Тамара Тавилдарова, Қилыбай Медеубеков, Владимир Бальмонт, Петр Бессчетнов, Аракел Мушегян, Фазыл Мұхамедғалиұлы, Лашқар Тәжібаев, Қилыбай Медеубеков сынды Қазақстанның ауыл шаруашылық білімі мен ғылымына ерекше еңбек сіңірген көрнекті ғалымдардың өнегелі істері бүгінде жалғасын тауып келеді. Сонымен қатар, университетімізде отандық агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына айрықша үлес қосқан Дала академиктері мен Еңбек Ерлері галереясы ашылған. Онда ерен еңбегімен ұрпаққа үлгі болған 40-қа жуық тұлғаның портреттері қойылған.
Бұл ретте Елбасымыздың әр кезде ерекше ойлары біздің жастарымызды жігерлендіріп келеді. Өйткені, болашақта егемен еліміздің тұғыры берік болып, қарыштап дамуы үшін сапалы білімі, саналы тәрбиесі бар, рухы биік, отансүйгіш жастар мен инновациялық технологияларды игерген білікті мамандар ғана биік белесті бағындыра алмақ.
Ұлы даламыздың данасы, Түркі әлемінің Көшбасшысы ретінде халқының қамын ойлап, елдік мүдде жолында аянбайтын Елбасының төл туындысы саналатын Астана – әлемнің аты әйгілі қалалардың санатына енді. Алдағы кезеңде Қазақстан дүниежүзіндегі дамыған 30 мемлекеттің қатарынан көрінуге тиіс. Елде осындай тарихи міндеттерді шешу үшін рухани байлық, табиғат, шикізат, ғылым, техника және адам ресурстары жеткілікті. Елбасы еліміздің кемел келешегін бір мақсатқа топтасқан, бір мүддеге біріккен халық қана шеше алатындығын іс жүзінде дәлелдеп келеді.
Ұлт Көшбасшысының салиқалы саясатының нәтижесінде орнаған ынтымағы жарасқан қоғамда өмір сүріп отырған бүгінгі ұрпақ шынымен бақытты. Халқымыз Елбасының «Нұрлы жолымен» Мәңгілік Ел мұратына жететініне әрдайым берік сеніммен қараймыз.