Әзіл-шыны аралас
23.11.2018
2687
0

Композитор Латиф Хамиди (1906-1983) мен ақын Мұзафар Әлімбаев (1923-2017) әңгіме-әзілдері жарасып, ағалы-інілердей болып кеткен тұлғалар екен. Бірде Мұзафар Алматының көшесінде аяғын санап басып, ақырын жылжып келе жатқан композитор ағасына қарсы жолығып қалады.
– Латеке, денсаулығыңыз қалай? – деп жадырай сәлем береді.
Жетпістің бесінен асқан әзілкеш композитор сәл ойланып тұрыпты да:
– Кешеге қарағанда бүгін нашарлау, ал ертеңге қарағанда бүгін құдайға шүкір! – деп жауап беріпті.


***

Елуден асқаннан кейін жазушы Шерхан Мұртаза мұрт қояды. Онсыз да суық мінезді, турашыл Шерағаңа қою қап-қара мұрты ерекше жарасып, айбынын асыра түседі. Мұны көрген қаламгер бір құрдасы әзілдеген болып:
– Ой-хой, Шер-аға, мұртыңыз мұрт-ақ екен! – деп қолпаш сөз айтыпты.
Сонда Шерағаң құрдасының жып-жылтыр көсе бетіне бажырая қарапты да:
– Осы қатын бет еркектердің жұрттың мұртын да көре алмайтыны-ай! – деп бұрылып кетіпті.


***

Соғыс жыл­да­ры болса керек. Көк­­тем айының бірін­де, жер дегдіп, көк шыққан мез­гілде Мұхтар Әу­е­зов (1897-1961) Ұзы­­нағаш жақтағы қарт Жамбылға сәлем беруге арнайы сапарлап барады. Даңқы асқан жазу­шы інісін көрген Жамбыл ақын да соза­лаңдап орнынан тұрып:
Уәликүмәссәләм Мұхтарым,
Оң қолымды ұстағын.
Жиі-жиі сенімен,
Кездесуге құштармын.
Мен кәрімін, сен жассың,
Қолымды артық қыспағын.
Құтты болсын, қарағым
Баспадан әлгі шыққаның!
Сабасындай биенің
Өзіңді өзің ұстағын.
Еңбегің «Абай» жазғаның –
Өрлеп көкке ұшқаның, –
деп, құша­ғын жайып, қуана аман­дасыпты.


***

Көкірегі сара, жүрегі даңғыл, буырқанған Жамбыл жырауға қара сөзден гөрі өлеңмен сөйлеген, өлеңмен жауап берген әлдеқайда оңайға түскен секілді. Ұлы ақынның Рақым­жан Досымбаев деген жеке дәрігері болыпты. Сол Рақымжан Жәкеңнің денсаулығын қарап, тексеруден өткізіп жатып:
Иә, Жәке, қалайсыз? – деп сұрапты.
Сонда Жамбыл дәрігеріне бұрылып:
Бұл өмірде тоймайды адам жасқа,
Бақыт үшін бола ма жасамасқа…
Қарағым, жасарта бер Жамбылыңды,
Өлтірме шамаң келсе даңғылыңды,
Өмірге тым асығыс ерте туып,
Өткіздім бейнетпенен сан жылымды.
Өткенге өкінемін, амалым жоқ,
Өлімге менің қарсы табарым жоқ.
Өзің біл, шамаң келсе — шара қолдан,
Жай жатқан жан емеспін талабым жоқ,
Бір күні зорлық қылып әкетпесе,
Өзім тілеп өлімге барарым жоқ! –
деп жауап берген екен.


***

Жүз жасаған Жамбыл ақынның Қанымжан деген соңғы әйелі Самсы ауылынан екен. Бірде құдалар жағы қарт ақынды сый-сияпатымен арнайы шақырып, қонақ етіпті. Дастарқан басында небір өлеңдер оқылып, құйқылжытып әндер шырқалады. Ара-арасында құда-жекжаттың әзіл-қалжыңы жарасқан базынасы да айтылып жатады. Сондай мезеттің бірінде шай құйып отырған өжеттеу келіншектің бірі:
Шай ала отырыңыз, кәрі күйеу! – деп
Жамбылға әзіл тастаған болады.
Сонда Жамбыл әлгі келіншекке жалт бұрылып, кідірместен:
Балдыз деймін, ендеше балдыз деймін,
Су жағалай бітеді жалбыз деймін.
Жасым келді тоқсанның сегізіне,
Жездең қалай жатады жалғыз деймін? –
деп жырлай жөнеліпті.


***

Қазақтың көрнекті ақыны Қуандық Шаңғытбаев (1925-2001) пен қырғыз шайыры Темір Үмбетәлиев әзіл-қалжыңдары жарасқан құрдастар екен. Екі дос Алматыда бір кездескенде Қуандық:
– Темеке, поэзияңызда қыз-келіншек тақырыбы сол бұрынғыша шығар, ол жағын әлі қоймаған боларсыз? – деп сұрапты.
Сонда Темір:
Өтіп кетті жасшылық,
Өтіп кетті састырып,
Қыздар өпкен бетімді,
Қыл сақалға бастырып, –
деп өлеңдете жауап беріпті.


***

Алматыдағы Көкбазардың маңайында ақын Мұзафар Әлімбаев композитор Әбілахат Еспаевқа (1925-1975) кездесіп қалады.
– Әй, Әбілахат! – дейді Мұзағаң. – Сен тарихта қалатын болдың!
– Аузыңызға май… Қалайша қалмақпын? – деп сұрайды композитор.
– Кеше бір поэма бітіріп едім. Соған сені кейіпкер ретінде енгізіп жібердім.
– Мұзаға! – дейді сонда Әбілахат езу тартып. – Алдымен сол поэмаңыз тарихта қала ма? Әңгімені содан бастасақ қайтеді?

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір