Ақынның соңғы өлеңі
23.11.2018
1691
0

Биыл атақты сазгер, «Қазақстанның Халық артисі», Әсет Бейсеуовтің туғанына 80 жыл толу құрметіне жер-жерде оның шығармашылығына байланысты еске алу кештері өтуде. Соның бірі – қазан айында Әсеттің туған жері Қарғалыда үлкен кеш болып өткен еді.

Кеш соңында марқұм Абдрахман Асылбеков Әсетке арнаған өлеңін оқып көзіне жас алған-ды. Бұл атақты ақынның ең соңғы өлеңі болатын. Бір аптадан соң ақын бақилық болып, бізге өлеңі сағыныш сазындай болып қалды.
Ақынның қырық күндік асы 25 қараша күні Алматы қаласындағы «Жұлдыз» дәмханасында өтпек. Осыған орай ақынның әлі сиясы кеппеген сол өлеңін сіздерге ұсынып отырмын.
Топырағың торқа, жаның жәннаттан болсын, ардақты Абдрахман.

Тұрсынбек ЕШЕНҚҰЛОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, жазушы

ӘН ЕРКЕСІ – ӘСЕТ

Келіп тұрмыз, Әсетжан, Қарғалыға,
Балғын іздер осында қалмады ма?
Туғаныңнан тербетіп тәтті әуендер,
Жеттің ақыр аңсаған арманыңа.

Аңсағаның әуелден әуен еді,
Жүрген жерің гүлзар бақ, мәуелі еді.
Кең даладан қалықтап көк төсіне,
Бірте-бірте әндерің әуеледі.

Қызыл-жасыл гүлдерді араладың,
Сұлулықты әуелден бағаладың.
Пәк сезімің айналып әуендерге,
Сонымен-ақ өзіңді дараладың.

Сұлулық пен сұлу саз егіз бе еді?
Толқып-тасқан сезімің теңіз бе еді?
Құрық салып әуенді қуған жоқсың,
Керісінше, әуендер сені іздеді.

Сұлулықты бойыңа жиып алар,
Сұлу сазды жүрекке құйып алар.
Қасиетің бар еді бала күннен,
Бұлдағы бір Алланың сыйы болар.

Әндеріңді бұл күнде бала айтады,
Дана айтады, ақ шашты ана айтады.
Тамылжытып тоғайдың бұлбұлдары,
Асқар тау, шалқар теңіз, дала айтады.

Әсетжан-ау, арманың ақталғандай,
Өзіңменен қазағым мақтанғандай.
Сенің соңғы әдемі әндеріңді
Жеткізіп жүр біздерге Мақпал қандай?

«Өмірдің көбі кетіп, азы қалды,
Көңілдің кегі кетіп, назы қалды.
Ерекше құлай сүйген сүйіктімнің
Санамда сыңғырлаған сазы қалды.

Оянып балғын сезім көктемеден,
Арманның асқарына беттеген ем.
Биіктеп бара жатыр кейінгілер,
Мен жайлап түсіп келем Көктөбеден.

Өмірдің көбі кетіп, азы қалды,
Айдыннан аққу ұшып, қазы қалды» –
Осындай өлмейтұғын соңғы әніңнің, –
Сыңғырлап санамызда сазы қалды.

Әсетжан, Қарғалыңа келіп тұрмыз,
Мектебіңе қуана еніп тұрмыз.
Ғасырлар жасай берер саздарыңды
Қайталап жан жүректен еріп тұрмыз.

Жан жарың бар жанашыр, қазағың бар,
Таусылмайтын тамаша базарың бар.
Жұмаққа да бір сазгер керек шығар,
Пәнилік те бақилық наз әні бар.

 

 

Абдрахман АСЫЛБЕК
13.10.2018

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір