ӘДІЛ – МАРИЯ
23.11.2018
5814
1

Шәкәрім Құдайбердіұлы

(романнан үзінді)

«Бір ай деген – бір күн» деп қазақ айтқандай, ел күнгейге келіп те қалды. Тамыздың тамылжыған ыстығы қыр шөбін сарғайтса да, балаусалар әлі өңді. Қозының желкілдеген желектей сеңсең жүні қырқылып, ирек-ирек болса да, қомағайдың көзін қызықтыратын қомақты құйрығы жайқалған бағлан тоқты атанып қалған. Міне, бұл – июль­дің он бесі. Әділ мен Марияның аузына жанын тістеп құтылғанына да бір ай болып қалған.
Әр мезгілдің өзіне лайықты ісі бар ғой. Бұл кезде Әділ мен Мария түгіл, олардың жас балалары да, үлкендері де қарақат, бүлдірген теріп, сай-сайдың балауса шөбін таптап, көлеңкелі ағаш­ты аралап жүр. Арқасы күнге күйген дамбал­шаң орақшылар бастарына жел­біретіп орамал тартып, кейбірі әдейі күлсін дегендей, орған ұзын шал­ғыннан басына сәлде орап көлбектеп, күрілдетіп пішен шауып жүр.
Қайнымен жарасып алған Әділ арты – шаңсыз, алды – даусыз. Асық жарына қосылып алған Марияның тергені – бүлдірген, қарақат, салғаны – сауық, ойла­рында дәнеме жоқ, қайғысыз уақыты осы.
Бұл кезде Төребек болыстың аулы да күнгейдегі Қосбұлағына қонған. Ауылдың сыртында он шақты ат қал­мақ­ша байлаулы, шыбыннан тыпыр­шып шыдамай тұр.
Тілмаштың ақ қосына стар­шындар бір-бірлеп кіріп-шығып жатыр. Алдың­ғы шыққандары артқысын тосып отыр­ғанда, бір старшын қасындағыға:
– Осы біз неменеге мөр бас­тық?
Ана қасындағы старшын:
– «Егін, пішен есебі» деп тілмаш айтты ғой!
Анау:
– Екі қағаз сол екені рас! Бірақ ана бір қағазды бізден тасалай берді. Менің азырақ орысша танитыным бар ғой. Сол қағаздың басында «Секретный бұйрық» деген жазу бар. Және аяқ же­рінде «Әділ Жақсыбай баласы туралы» деген сөзді көзім шалып қалды, – де­ген­ше, артқы старшындар келіп, «Жүріңдер! Жұмыс бітті ғой. Үйімізге барып пішенімізді орғы­зайық», – деп тарқасты. Сүйтсе де әлгі старшынның ойынан сол күдік шықпады. Шыңғыс­тың күнгейіне қонған қалың елдің малы 15-20 күнде-ақ жердің ша­ңын шығарды. Бауыр қыстай­тындар июль­дің жиырмасынан қалмай асып, отызында Әділдің аулы да аса көшті. Сыртқы биік жотадан көш үңірейген көр сияқты терең асуға құлай бергенде, Әділ артына қарап, жотада біраз кідіргенде, Қара-қойтастан аса көрініп құлазып қалған Көксеңгір, Шақпақ, Ақшатаулар өкпе­леп, наз қылған әйел пішінденіп, мұ­нар­тып мұңайып: «Қап! Бізді тастап барғандағыңды да көрерміз» деген сияқтанды.
Әділ әдейі ойламаса да, «жаз жай­лау­дағы жайнаған жасыл шөп, жар­қыра­ған айнадай бұлақ, бе­йіш­тің әуесіндей жан беретін ауа қалды-ау!» де­гендей шеміршегінің асты қызып кет­кенін сезбей қал­ды. Сонда сен, кәрі Шыңғыстау: «Жазғы салқын, биік жайлаудың, жарқыраған мөлдір суын, жай­қалған жасыл шөбін жайлап, дерт­ке дәрмен болатын жақсы ауасын жұтып келдіңдер ме? Енді бір мез­гіл тө­мен түсіп, түнерген құ­дық­тың ылай суын ішіп, Шаң­дыаяққа қонып шаң жұтып та кө­ріңдер!» – дегендей сазы­ғыр­лау сары бетіңмен қарадың-ау! Те­р­ең асуда келе жатқан көшке екі жақ­тағы қабағын түйген қара жарта­сың «бәлем, үстіңе құлап, талқа­ныңды шығарайын ба?» деп тұр­ған­дай болды-ау!.. Сол қиын асудың ішінде келе жатқанда, Әділді әдейі қуып келіп, бағанағы стар­шын күдіктенген сөзін айтып: «Соңыра сөз бола қалса, біз «орыс­ша білмеген­діктен мөр бастық дерміз», – деді. Әділ бұл істі ештемеге жори алмаса да, асу­дың қиындығынан ба, салқын самал жайлаудан шаңды­аяққа келе жатқан­дықтан ба, әйтеуір көңілі жабырқау тартты.

***

Ел бауырға алғаш келген кезде ащы сағынып келген мал тарлау, жусан, көк­пек, жалмаңқұлақ сияқ­ты ащылы шөпке әбден қа­нып, жазыққа түсіп тыраңдап, Шаңдыаяққа аунап жетісіп қалса да, август жұлдызын аяқтағанша әр жерге жұрт жаңалап қонып жүрсе де, сентябрь туған соң-ақ бұрынғы жайлау­дағыдай жұма сайын соны қонысқа қона алмай, мерзімді судың басында, ескі көңде кеп отырып қалып, ауылдың маңы шаңдақ тартып, тақырлана берді. Қазан (сентябрь) туған соң қазан­ның қара дауылы соғып, сарғайған жапы­рақ­тарды, жайқалған селеу­лерді ұшы­рып, ағайыннан алыс жерге амалсыз жеткен жолаушы­дай-ақ қаңғытып ала кетті. Көк­пек, тобылғылардағы өрмек­шінің еңбек қылып тоқыған ұясын да бұзып кетті.
Міне, бұл сентябрьдің он бесі. Бұл кез­де Әділдің аулы өзінің Ми­лықұ­ды­ғында. Әділ мен Мария­ның алғаш қо­сылғаны да жазғы­тұрым, майдың он бесінде осы құды­ғында еді. Міне, соған төр­т-ақ ай болды. Бұл кезде елдің ерте қырыққандары аз ғана қойдың жүнін тасып та алған. Бүгін Әділ мен Мария ас үйін босатып, соның жанындағы ке­генге еркек қой, ту қой, бойдақтарын көгендетіп, санап жатқанда, есік ал­дын­­­дағы кезеңнен төрт атты кісі желе шауып шыға келді. Мұның бірі – Ар­қат­та тұратын урядник, бірі – болыстың казак-орысы Иван, енді екеуінің бірі – ат-шабары, бірі – болыстың өз старшыны. Урядник келе сала Әділге:
Әділ Жақсыбаев сен бе?
– Мен!
– Әйда, атқа мінесің!
– Қайда?
– Семейге, начальник шақы­рады!
– Тақсыр, қой қырықтырғалы жатыр едім, жайырақ баруға болмай ма?
– Ну, айда тез! Антұрған ұры, раз­бой­ник! – деп, қамшымен тартып жіберді.
Әділдің кәрі шешесі:
– Ойбай-ай, Құдай-ау! Бұл не деген сұмдық еді? Тақсыр-ау, баламның не жазығы бар? – деп урядникке келгенде, оны итеріп тастап, казак-орысты жұм­сап, қой қайырған қойшының атын аударып алып, Әділге мінгізгелі жат­қан­да, Мария келіп:
– Қарағым, алғаным-ау! Мені де ала кет! – деп, Әділді құшақтай алғанда, оны казак-орыс бір қо­йып қалып:
– Әйда кет! Бәрі сенікі бүлік! Сен болыстікі балаға тисе, бұл бү­лік бол­майтұ­ғын еді, – деп, Әділді еріксіз атқа мінгізіп ала жөнелерде, Әділ артына қарап:
– Қош, әже! Қош, Мария! Тірі бол­сам көрермін. Өлсем қарыз­дарыңды кеш! Мария, әжемді күт! – дегенде, сөзі­нің артын айтқыз­бай, урядник тағы бір тартып қалып:
– Сөйлеме, антұрған! Әйда жүр! – деп, алды-артына қаратпай алды да жөнелді.
Сол кезде Шыңғыс жақтан қай­ғы­лы қара бұлт шығып, қара дауыл бо­лып, қарлы жаңбыр жауа бастады. Ауыл­дан былай шыға бергенде, бір қаң­бақты жел ұшы­рып, дедектетіп апарып құры құдыққа салғанын Әділ көріп, абақты есіне түсіп:
Әттең, көмексіз, туысқансыз жал­ғыз­дық-ай! Шіркін опасыз дүние-ай! Көрсетпегің осы екен ғой! – деп көзінің жасы сорғалап, амалсыз кетіп барады…
Міне, кәрі Шыңғыстау, осы­ның бәрі сенің көз алдыңда болған іс. Дәл сол кезде сен қарлы, жаң­бырлы қара дауылыңды соққызып, Әділді урядник бір айдаса, ыққа қарай сен дауылыңмен екі айдап, бурадай бұрқырағаның, жерді қара түтек боран қылып, аспанды қара жаңбырлы қара бұлтпен қаптаға­ның Әділге қылған көрің бе? Әйтпесе, рақымсыз зұлымдыққа ызаланып, жазасызды аяп жылаға­ның ба?
Сол күні Әділді айдағандар жолық­қан елдің атын ылаулап, сапырып отырып, Арқалықтағы Қанай барды. Қанайдың бір старшынын шақырып алып, бір семіз тоқты мен бес ат дайын­датып, сонда қонды. Кеш болған соң бір кісен таптырып, Әділдің аяғына салғалы жатқанда, старшын:
– Тақсыр, бұл қашатын кісі емес. Кісен салмай-ақ қойыңыз, бұл қашса, мен жазалы болайын, – десе де, болмай кісендеп, сол Қанайдың старшынына күзеттірді. Урядник жатқан соң кісенін алып тастап, тамаққа сыйлап жатқызды да, таң атып, урядник шайын ішкен соң, Әділді апарып берді. Урядник дай­ын атпен Әділді алып жөнелді. Семейге бұлар барған кезде, начальник сайлауға кет­­кендіктен, Әділ абақтыда жатып қалды.

***

Сентябрьдің жиырмасы түні пар-пар ат жеккен екі арбалы Білденің ке­зеңі­нен асып бара жатқанда, артынан үш атты кісі қуып келіп, «тоқта-тоқта» де­ген соң, тоқтап қараса, келгеннің бірі – казак-орыс, бірі – старшын, бірі – атшабар. Келісімен казак-орыс: «Айда, қайта жүресіңдер! Бас­бұлақ­та болыс ау­лында сайлау болып жатыр. Сайлауға керексіз, қалаға бармайсыз», – деген соң, арбадағы Ержан ақсақал:
– Менің ержеткен балам бар ғой, сол менің орныма жарар.
Казак-орыс:
– Жоқ, жоқ, болмайды, өзің жүре­сің! Анау арбадағы Әділдің қатыны мен шешесі де керек. Әділ орнына шаңы­рақ­қа түседі. Айда, – деп болмай, қайта алып жүрді. Казак-орысқа біраз ақша беріп жалынып, Серікбайды азық-ақ­ша беріп қалаға жіберді де, өзгесі амал­сыз сайлауға қайтты.
Күн кешкіріп қалғандықтан, сол күні жолда далаға қонып, Мария қатты науқастанып қалды. Ертеңінде сайлау­ға келсе, нача­льникке көттестіріп тік­кен ақ үй­дің алдында үстелін құрып отыр­­ған начальникке шаңырақ иелерін бір-бірлеп айдап келіп, «Елу басың кім? Стар­шының кім?» – деп сұрап жатыр екен. Бұлар Байжан ақсақалдың тіккен үйіне барып түскен соң, Байжан ақса­қалға Ержан:
– Бұл жолы Төребекке қарсы жақ көбейіп еді, мына начальник казак-орыс­тарға сабатып, қорқы­тып, ел анау казак-орыстардың қолындағы Мырза­бай қамшыдан ығысайын деді. На­-
ча­льник­тің қалтасы толған білем, біз бұ­рынғы салтымызбен ара ағайын­сын­ған болып отырмыз. Үйтсе де «айла­сыз­дың батыры айға шабады» дегендей болмай-ақ, Әділдің жа­нын тілеп қана болыспен жақын кісімсіп, анау елмен жарыс­тырсам қайтеді деп отырмын, – деген соң, мұны Ержан да ұнатып, араға жүріп, Төребекпен болыс­тыққа талас­қан жаққа жүз сом жол әперіп, Төребек – болыс, баласы – кандидат болмаққа сөз байлас­ты.
Мұны начальникке айтқан соң, жиыр­ма екісі күні абыр-са­быр елу басы сайлап, шар салғы­зып, Төребек болыс, Еркімбек кандидат болды. Еркімбектің жасы толмайтынын начальник есепке де алған жоқ, тегінде оның да емі оңай білем!..
Әділдің шешесі мен Мария аттарын жегіп, арбасына мініп жатқанда, Ше­шен­бай келіп, бір қағазды «мынау Әділ­­дің хаты», – деп кемпірге берген соң, Марияға оқытып қараса, сөзі мы­нау: «Бәйбіше, Марияны Үсеннің қо­лына қайтарып беріңіз. Әділ балаңызды аман-есен қайтарып беру маған міндет болсын. Егер мұны қылмасаңыз, Әділді осы көрмегенің – көрмеген, одан күде­рің­ді үз! Жазушы Еркімбек». Осы жазу­ды оқыған Мария Еркім­бек деген қол­ды көргенде, бұрын­ғы науқасының үстіне тағы қатты дерт жамалғандай болып, хатты лақтырып тастап, атты ай­датып жүре берді.
Мария сол науқасынан жиыр­ма күн дегенде азар басын көтеріп, тәуір болды. Оған шейін Серік­байдан: «На­ча­льник келмей, Әділ­ге ешкімді жо­лықтырмайды. Та­мақты сырттан беріп тұрмын», – деген екі рет хат келді.
Мария жазылған соң қамда­нып, үйлеріне Зылиқаны ие қылып, Әділдің шешесі мен Ма­рия, Ержан, Асан, Мықты­байды ертіп, тағы қалаға жүрді.

***

Октябрьдің он бесі күні қар ұш­қын­дап тұрғанда, абақтыдан екі солдат Әділді айдап, начальникке алып келді.
Начальник бір қағазды қолына ұстап тұрып:
– Әділ, сен жоғарғы ұлықтың өмірі бойынша Ақмола болысына бес жылға жер аударылдың!
Әділ:
– Тақсыр, қылмысым не?
Начальник:
Қашқын ұстап, ұрлық қылғыз­ғансың!
Әділ:
– Тақсыр, мен биыл ғана 17-ге шы­ғып тұрған баламын, қалайша ұрлық қылдым?
Начальник:
– Жоқ, өтірік айтасың, сенікі жас списокта – жиырма бірде.
Әділ:
– Тақсыр, тексеріп, мойныма сал­ғызсаңыз екен?
Начальник:
– Сөйлеме! Екі-үш болыс ел куә­лік еткен. Өз болысың да, старшындар да куәлік берген.
Әділ:
– Тақсыр, болысымның қастығы ғой. Старшындардан сұрауға болмас па екен?
Начальник:
– Болмайды! Жандаралдың бұй­ры­ғына қарсылық қылма! Әйда, жұ­мыс біткен! – деп солдат­тарға ымдаған соң, артқы сөзін айтқызбай, айдай жөнелгенде, Серікбай қаланың екі жақ­сы кісі­сін алып келіп, қырманға апа­руға кепілге сұратса да, начальник көн­беді. Серікбай ере кетуге де рұқсат бермеген соң, жаяу айдап бара жатқан Әділге көрісіп, қоштасуға солдаттар жуытпаған соң, анадай­дан қоштасып жанай келе жатыр. Сонда Әділ:
– Қош! Серікбай! Әжем мен Ма­рияға сәлем айт! Соларға көзің­нің қырын сала жүр! Асан мен Зылиқаға, Мықтыбайға сәлем айт! Байжан, Ер­жан ақсақалдарға сәлем айт! Әжем мен Марияны естеріне ала жүрсін, – дегенде, солдаттар:
– Сөйлемей, әйда! – деп, Әділ­ді мылтықтың дүмімен желкеден түйіп қалып, біреуі: Енді атамын, қайт! – деген соң, Серікбай көзі­нен жасы сорғалап, амалсыз қайт­ты.
Сол күні Семейден шыққан Серік­бай қарлы жаңбыр жауған батпақтан жүре алмай, таң ата Күшікбай кезеңіне азар келді. Келсе, Мариялар да келіп, таң намазын оқып, жаңа ғана атын жегіп жатыр екен.
Серікбай келіп, Әділдің кетке­нін айтқан соң, айдаладағы бұлақ­тың басында бес-алты адам шулап, жылап, кейде біріне-бірі басытқы айтып жатқанын ойлаңыз!
Аздан соң Ержан ақсақал:
– Бәйбіше, – Әділ өлген жоқ, тірі кетті ғой. «Кебенек киген келеді» – де­ген үмітіміз бар ғой. Мына Асан мен Се­рікбай қалаға барып адвокатқа сөйлессін, біз өзгеміз қайтайық! – деп, Асан мен Серікбайға ақша беріп, қала­ға жіберіп, өзгесі елге қайтты.
Міне, осы хабарды есітіп, қайта жүрген Әділдің кәрі шешесі жанына өлшеген жалғызынан өмір­лік күдерін үзіп, жанын ау­зына тістеп қосылған жарына Ма­рия тым болмаса енді бір көріп, қоштаса алмай қайтқанда, не жаймен қайтты ғой дейсіздер?..
Үйткенмен, кеншілер талқан қы­лып тасын қазып алып, үңірей­тіп жат­қан­да бақайымен шым етпеген Күшік­байдың Арқалығы бұлардың қайғысын не қылсын – бұрынғыдан-ақ бұлағы сарқы­рап, көделер көлбеңдеп, тауы тапжылмай қала берді…
Қалаға барған Асан мен Серік­бай адвокатқа сөйлессе де, адво­кат: «Бұл сот­тың жолы емес, ұлық­тардың «ад­ми­нист­ративный вы­­сылка» деген ісі, шынын айт­қан­да, зорлық жолы. Бұған ад­вокат түк қылмайды. Ертерек қам­дан­баған соң, уақыт өткен!» – деген соң, бұлар да салы суға кетіп, елге келді.

***

Әділдің жолшыбай көрген қорлы­ғын, «антұрған разбойник» деп біресе тепкілеп, біресе мыл­тық­тың дүмімен ұрғанын жаза беріп қайтеміз! Ақырын­да Ақмола уезінің Ыс болысының во­лос­найына тапсырылды. Ол кездегі ол елдің болысы халқына қадірлі атақты тұқымнан, бір мейірімді жастау жігіт болғандықтан, Әділ соның өз қо­лында тұруды тіленіп, жөн сұраса келе, ана жылы бұл жақ Орынборға мал айдайтында Әділ­дің әкесі Жақ­сыбай марқұм да екі жүздей жылқы айдап барған екен. Сонда сол елдің бас­­шы болып, су көрсеткен бір жігі­ті­не бір ат сый­лап, айран әкелген бір кедей жатақ­шының қатынына бір көй­лектік шыт бергені айтылып, Әділ­дің кім екені анықталып, бо­лысы өз бауырындай күтіп, ас, той-сауық, жиын­­да өз қасынан тастамай құрмет­теп алып жүруші еді. Үйткенмен туған ел, туған жер, өлген молда, әсіресе, кәрі ше­­шесі мен төрт-ақ ай жолдас болған сүйген жары Әділдің ойы­нан шықпады. Онда жүрген уа­қыты қылы­шын сүйретіп, қыр көр­сетіп келген қыс болғандықтан, бұрқырап борай жауған қалың қар басқандай, шақыл­даған аяз қысып қатырған мұздай, Әділ­дің ыстық жас жүрегі мұздай қа­тып, қар басқандай қайғы басып, күннен-күнге жүдеу тарттылып жара­лыс­қа да наразы болып, «дүниеге неге келдім?, Марияны неге көрдім? Бүйт­кенше жаралмай-ақ қойсем нет­ті?», бір мезгіл «кәрі шешемнің бүйтіп зарлап қалғанын көрмей-ақ, әкемнен бұрын өліп кетпеген екем?», бір мезгіл «әттеген-ай, Үсен қуып жеткенде со­ның өзін атып өлтіріп-ақ айдалмаған екем?», бір мезгіл «әттең, жалғыз­дық-ай! Өзгелердей менің де аға-інім бол­са, тым болмаса бір келіп амандасар еді-ау!» – деп, көзінен ыстық жас тө­гіледі.
Ардақты оқушылар! Әділ бұл тұр­ған жерінде қатты күтілді. Бірақ сол өмір оған оттан да қиын еді. Неге де­сеңіз, ол ешбір нәрсеге ындынымен қуана алмайды. Бір­демеге күлсе, өтірік күледі. Қуанса, өтірік қуанады. Себебі ол өз еркімен оны қылмайды. Әлгі өзін күтіп жүрген болыстың, не со­ның бір жақынының көңілін аула­ғалы ғана күліп, қуанған болатын. Әйт­песе Әділде шын күлкі, шын қуа­ныш бар деп өзіңіз де айта алмассыз. Ал, Әділдің ондағы ойы не? Алданып жүрген жұбанышы не?
Ой, мынау: Әділдің онда жүр­ген­дегі ойы – «әттең, әжем мен Марияны бір көріп өлсем-ау! Әт­тең, Еркімбектің қанын ішіп өл­сем, арманым болмас еді!» Мі­не, осыдан басқа Әділде ой жоқ. Жә, жұбанышы не? Жұба­нышы – «әзір кебін кигем жоқ қой! Өлі де арма­ныма жетіп, әжем мен Марияны көріп, Еркімбектен кегімді алып өлетін шығармын» – деген неғай­был үміт!

***

Әрине, әлем айналғанын қоя ма? Оқтан жүйрік уақыт сыдыр­тып, қақа­ған аяз, қатты боранды ақпанды да ту­ғызды. Бұл кезде Әділдің мұңлы жү­­ре­гін ашылмас қайғы басты ма, ақ­панның мейі­рімсіз аязы өтті ме – Әділ қатты науқастанды. Тұрған болысы үй ішімен бәйек болып күтсе де, жат жер­де жалғыз жүріп ауырған қан­дай қи­ын? Сусын сұрағанда, дә­рет­ке отыр­ған­да, «аналар рен­жиді-ау» – деп жа­ман қысылады. Үйткенмен амал бар ма? Мұнан бес жыл бұрын Төребек алғаш болыс болған кезден соң Ақ­мола жаққа жер аударылған Батырбек деген ұрының күні толып, елге қайт­пақ болып еді. Қайтарында «келе кет» деген Әділдің сөзі ойы­на түсіп келсе, Әділ әл үстінде сандырақтап жатыр ек­ен. Сүйтсе де сөйлесіп көрейінші деп Батыр­бек:
– Әділ, мені танимысың? Мен – Ба­тыр­бек, елге қайтып барам. Айта­тын сәлемің бар ма?
Әділ көзін ашып:
– Әжем мен Марияға… Асан мен Зылиқаға… Серікбай, Мықты­байға… бір керей жігіт бар еді, атын ұмыттым… Байжан, Ержан ақсақалдарға… – деді де, көзін қайта жұмды.
Батырбек:
– Тағы айтатының бар ма? Деміңді алып, асықпай айт!
Әділ көзін ашып алса да, санды­рақтап:
– Әже, әже! Мен Еркімбекті өлті­ріп келдім! Мария! Мария! Мі­не, мен қайта келдім! – деп сан­дырақтай бер­ген соң, Батырбек Әділден күдерін үзіп, «қош!» деді де, болысқа барып амандасып қош айтысып, атына міне бер­генде, болыс бір қағазды жазып, «мы­на­ны өз болысыңа бер» – деп тап­сыр­ған соң, қағазды қалтасына са­лып алып жөнелді. Батырбек көп бергенге қонып, аз бер­генге түстеніп, ақпанды аяқтай Төребек болысқа да жетті. Күні бітіп, босанған қағазын бо­лысқа көрсетіп, тысқа шыққанда, Еркімбек келіп, Әділдің жайын сұраған соң, Батырбек:
– Ойбай-ау! Ұмытып барады екем ғой, – деп, қалтасынан бір қағазды Еркімбекке берді де: – Әділ ендігі өлген шығар. Мен шығарда әл үстінде сандырақтап жатыр еді. Тұрған болысы да күдер үзіп, мына қағазды біздің болысқа жазып еді, – деген соң, Еркім­бек қағазды оқыса, сөзі мынау: «Тағ­дырдың ағымымен бізге келген Әділ ініңіз қатты ауру болды. Сізге қайта хабар қылуға жер алыс болған соң, мына Батырбектен хат жаздым. Жазым болса, әкемнің күмбезіне қойғызам».
Еркімбек осы хаттың «ауру болды» деген сөзін «ауырып өлді» деп бұзып, «жазым болса» деген сөзді қырып тас­тап, оның орнына «жақсы жуып» деп жазды да, Батырбекке:
– Әділ өліпті ғой. Бұл хатты Байжан ақсақалға тапсыр, – деп қайта берді. Батырбек өз үйіне екі қонып, үшінші кү­ні хатты Байжан ақсақалға берген соң, Байжан оқып көрсе, «Әділ қатты ауырып өлді. Жақсы жуып әкемнің күм­безіне қойғызам» деген. Мұны оқыған соң, Ержан мен Асанды, Үсенді де шақырып алып, бәрі жыласып, қойын үйтіп, қазы-қартасын алып, азаға бір биесін жетелеп, Әділ аулына қарай қатын-қалашымен жөнелді.
Ауылға үш шақырымдай жерге келген соң-ақ Асан, Үсен, қасын­дағы жастары – бәрі Шыңғыстың жазық бөктеріндегі Қарауылға қарай «ой, бауырым» салып, атты қойды.
Бұл қыста Әділдің шешесі мен Ма­рия малға бас-көз болсын деп Серік­байды қасына бірге қонғыз­ған. Сол кезде Серікбай тыста тұр­ған­дықтан, аналарды көріп, үйге хабар берген соң, әншейінде тырп етпейтін кемпір мен Мария тысқа шыға келіп еді. «Ой, бауы­­рым­дағандар» «қарағым, жалғы­зым, Әділім» деп келе кемпірді де, Ма­рияны да, Серікбайды да құшақ­тай алды.
Олардың шуы басылмай-ақ Байжан ақсақалдар да, оның артынан ілесе Зыли­қа бастатқан бір топ қатындар да келіп қалды. Өлім естірткеннен соң­ғы жай бәріңізге белгілі. Жылау басыл­ған кезде қатындар Марияның өрулі қара шашын тарқатып, маңдайы­нан үш елідей ақ шүберекті тар­тып, шаршысын шорт байлап, ақ бүркейді жамылтып, те­ріс қара­тып, бүйірін таянтты да қой­ды. Есі кетіп, құр сүлдері отырған Ма­рия жүгініп отыра алмаған соң, жастық қойып, соған өбектеп отыр. Кем­пірде ес жоқ болған соң, төсегінің алдына бүк­тетіліп жата кетті. Не керегі бар, ер­теңінде-ақ қатындар қатарын түзеп, шымылдықтың ішінде дауысты сұңқылдата бас­тады. Сөйтіп, Мария­ның аузы жоқтаудан, көзі жастан бо­са­май, Шыңғысты басқан қалың қардай қайғылы ақ бүркейін жамылып, жап-жас ыстық жүрегі февральдің шақылда­ған аязындағы мұздай болып қатты. Күнде шу бола берген соң, естірткеннің жетінші күні елді жиып, жетісін берді.

***

Әділ өлген екен деп, айналған уа­қыт тоқтай ма? Қазақтың «Ұлыс­­тың ұлы күні» дейтін күн мен түн теңелген наурыз да жетті. Сол күні Әділдің қыр­қын да берді. Ол күнді «наурыз – жаңа жылдың басы» деп, Әділдің үйі қазан тол­тырып ас асса да, «бәлекет кетсін» деп, далаға апарып от жағып, кетік, ескі ыдыс­тарды отқа өртейтін ешкім болма­ды. Неге десеңіз, «Бәле кетсін» деп бақ сұрап, оны қылатын Әділ жоқ. Өзі өле алмай отырған кем­пір мен Марияға бақ­тың да керегі жоқ. Біреу жыл құттықтап құт­тық­тап, біреу тамақ үшін келіп, сол күні тіп­ті көп кісі жиылды. Соның ішінде Ма­рияның Жәмила жеңгесі де болып, екеуі түзге шық­қанда Жәмила:
– Еркем, саған ағаңның бір сөзін айтуға бата алмай тұрмын!
Мария:
– Айт.
– Жәмила:
– Еркімбек дүзқара тағы мына бір хат жазыпты, – деп, бір қағазды берген соң Мария оқыса, сөзі мынау: «Үсен! Әділ күйеуің өліпті ғой. Енді Мария ме­ні сүйген бол­са, мен қалыңдығымды алмай, Әділ­дің жылын күтемін. Мен се­нің ажарыңа қарап жүрмін. Алда-жалда Мария көнбесе, жалғыз кем­пір­ден қорықпайым. Бір-ақ күнде тартып алуға дайынмын». Мария осы хатты көргенде, неге екенін білмеймін, кәдім­гі бір ер кісіше жігерленіп:
– Үсен ағам мен екеуің тағы Ер­кім­бектің хабаршысы болдың­дар ма? Әжем баласының көзін жоғалтқанымен тұрмай, енді мені аламын десе, әуелі ол бір, онан соң мен өлермін.
Жәмила сасып қалып:
– Қарағым, Еркем! Ағаң соған тие қой­сын дегені емес. Саған білдірейін де­гені ғой. «Осы хатты өзіне куә қылып, жандаралға арыз берем» деп отыр.
Мария:
– Ондай законы болса, мен қайдан білейін, – деп, қағазды қайтып берді. Әжем баласының өткенін естігенде буынып өлейін десем де, мына ішімдегі аманатын кәрі шешесіне тапсырып өлейін деп азар тірі отырғам жоқ па? – деп жылап, «алғаным» деп даусы қатты шыққан соң, ауылдағы қатындар келіп, талықсып қалған Марияны үйіне азар алып барды.
Әділді естірткен күннен бері қарай кемпір мен Марияның көзі ілінсе-ақ түсіне Әділ кіріп, кейде кебін киіп ке­ліп: «Әже! Мария! Мі­не, мен өлдім!» – деп, кейде өз киі­мімен келіп: «Әже! Ма­рия! Есікті аш! Мен тіріліп кеттім» – деп, тіпті, кейде ұйқылы-ояу жат­қан­да көздеріне елестей беретін. Кей-кей­де Серікбай да түс көріп: «Бүгін түсімде Әділ екеуміз Еркім­бекті сабап жатыр еке­­міз», кейде: «Бүгін Әділ қатты ауы­рып, басын сүйеп жылап отыр екен», – дей­тұғын. Сөйтіп, күндіз жылаумен, түнде түс көрумен күндері өтіп, март­тың он төртінен он бесіне қарай Мария мен кемпір Әділді жоқтап жылап-жы­лап, әбден талықсып, көзі ұйқыға жаңа ғана бара бергенде, есіктен біреу:
– Мария, Мария, есікті аш!
Мария «тағы баяғы түсім екен» деп қоз­ғалмаса да, тағы да:
– Мария, Мария, есікті аш, мен кел­дім! – деген соң,
Мария:
– Әже, әже! Мына дауыс тағы түсім бе, сен есіттің бе?
Әжесі:
– Есіттім! Ойбай-ау, жалғы­зым­ның даусы ғой! – деп жылап, Мария шам жағып апарып, есікті ашса, Әділ.
Мария:
– Ойбай! – деп талып түскенде, Әділ барып әжесін құшақтап:
– Әже! Қорықпа. Мен – Әділ! Мен өлгем жоқ, мен жазылып кел­дім.
Әжесі:
– Қарашығым, жалғызым-ау! Өлген кісі тіріле ме екен? – деп, біре­се Әділдің бе­тінен сүйіп, біре­се талықсып қалады. Оған шейін Марияда ес жоқ, түс жоқ, құр Әділ­ге қадалып, екі көзі жаудырап тұрып, бір кезде:
– А, Құдай-ау! Өңім бе, түсім бе? – деп келіп, Әділді құшақтай алды. Анау үйде жатқан Серікбай бұлардың даусын есітіп, «түн ішін­де келген Мық­тыбай ма, басқа біреу ме» – деп жүгіріп келсе – Әділ!
О да:
– Өңім бе, түсім бе? – деп ке­ліп, құшақтасып көрісті.
Сол күні Әділдің өлгенін отар­дағы жылқыда жүріп естіген Мыл­тықбай «ой, бауырым» салып, үйге кіріп келіп, Әділді көріп, көрісіп, о да аң-таң бол­ды. Әбден көрісіп басылғанда, таң да белгі берген соң, Әділ жылдам шай қай­нат­­ты­рып жіберіп, ішіп алды да, Серік­байға:
– Серікбай, атыңды ертте! Мен бір­жола босанып келгем жоқ қой, Төребек білсе, тағы ұстап бере­ді ғой. Екеуміз күн­діз тауда бо­лып, түнде үйге келмесек бол­май­ды ғой, – деп, Серікбайды ер­тіп, тауға қарай жөнелді. Сол кү­ні Се­рі­кбай барып, Асан мен Зы­ли­қадан ас­­тыр­тын сүйінші сұ­рап, олар сенбей, «көзімізбен кө­реміз» – деп келіп, жо­лы­ғып аман­дасып, сонда ғана нанды. Бі­рақ бұл сырды жасырмақ бо­лды. Әділдің кәрі шешесі мен Мария бір­та­лайға шейін Әділдің шын Әділ екеніне нанар-нанбасын да білмей, «жазылып келгені рас па, өліп тірілді ме?» деп аң-таң жүрді. Әбден көңілдері тынып, көз­дері жеткен соң, бұрынғыдай жыла­ғанды да қойды. Бірақ Ма­рия­ны жас күнінде оқытқан мол­дасы келіп, «Өлік­ке дауыс қылып жылаған – обал» деп қойғызды деген лақап шығарса да, бір­қатар ел «Мария байға тигелі жүр» деп өсек қылысты.
Марттың жиырма бесі күні Әділдің аулы қыстаудан көшті. Бұл жазғытұрым ол ауыл Жоғалаң төңірегін жайлады. Себебі Әділ күндіз Жоғалаңның қиын тасында болып, түнде үйге келуге қо­лай­лы және Доғалаң маңында су көп бол­ғандықтан, қоныс жаңғыртуға жайлы.
Апрельдің он бесіне қарайғы түні Мария толғатқан соң, он бесі күні Әділ Серікбайды ауылға тастап, Доғалаңға жалғыз кетті. Жүрерінде Серікбайға:
– Мария аман-есен босанса, мені Алтынды бұлақтың басын­дағы Дарадан тап! – деп барып, Дараның басындағы Серектастан ауылға қарап телмірді де отырды. Міне, осы отырғанда Әділ не ой­лап отыр! Өзі үш атадан бері қарай жалғыз. Жаны ашыр жақын аға­йы­ны жоқ. Жамағайыны болса, «аз ғана ма­лың­нан бөліп бермей­сің» – деп бұл­данып, болыс жаққа шығып кеткен. Жанын аузына тіс­теп жүріп алған, өзінің жолында жанын құрбан қылуға шыдаған сүй­ген жары Мария тұңғыш босан­ғалы жатқанда қасында да бола алмай, арқардан басқа аң да шықпайтын Серектастың басында «ауылдан не хабар келер екен» – деп екі көзі төрт болып, ессіз дала­да жапа-жалғыз жүрегі дүрсілдеп отыр. Ақмолада жүргендегі науқа­сынан жазылған соң «елге бір барып келуге бола ма» – деп, сон­дағы болысына ақылдасқан соң, ол «біржола рұқсат беруге болмай­ды», «ел аралап қарекет қылуға» деп қағаз берейін, сонымен ептеп барып кел» – деп берген қағазымен ұрланып әжесі мен Марияны бір көріп қайтпаққа келген еді. Жөні келсе, аулын алып кетуге де ойы бар, онан басқа бір ойы – ретін тапса Еркімбектен кек алып та кетпек. Бұл ойы бола ма, болмай ма, ол – белгісіз.
Түс кезінде ауыл жақтан Серік­бай да Дараның аузына келіп қал­ған соң, тастан түсіп жақында­ғанда, Серікбай:
– Шүйінші, шүйінші! Ұл тап­ты, – деп келіп, Әділдің тымағын алып басына киіп, өз тымағын Әділге кигізді. Екеуі аттан түсіп, Серікбайдың әкелген піскен етін жеп, қымызын ішіп, мәре-сәре болды да қалды. Баланың кіндігін Зылиқа кескеніне шейін айтып, әңгі­мелесіп отыр.
«Адам жылқы мінезді, аунаған соң мінгенін ұмытады» – деген мақалдай-ақ, сол кезде Әділ қаш­қын екенін де ұмытты-ау деймін. Неге десең, Серік­баймен қосылып былтырғы Марияға алғаш барып жолығатындағы әнге шыр­қатып жіберді. Бірақ ол қуаныш та баянды болған жоқ, себебі күн бат­пай ауылға бара алмайтындығы ойына түсіп, күрсі­ніп жіберді. Кеш­ке таян­ғанда Серікбайды ауыл­ға жіберіп, тағы жалғыз қалды. Күн бата бергенде Серік­бай піскен ет пен шәугім, шыны-аяқ алып келді де:
– «Бүгін шілдехана күзетеміз» де­ген қатын-қалаш, қыз-қырқын ауылды басып жатқан соң бір түнше далада-ақ болайық деп келдім, – деп, күн батқан соң түтін салып, шай қайната бастады. Әділ мен Серікбай былтырлар осы Доғалаңнан арқар атқанда «шөл­деп қаламыз» деп шай-бауырсағын ала келіп, арқар атқан жерде ар­қардың тоқ ішегі мен бауырын отқа пісіріп жеп, шай қайнатып ішіп, «аңның қызығы осы-ақ та­ғы» – деп құмарын қандыра­тын еді. Осы түнгісі дәл соған ұқсап отырса да, екеуінің арасы тым қашық! Неге десеңіз: былтырғысы – өз еркімен жүрген сейіл, сауық еді, бұл жолғысы – еріксіздік, қашқындық!..
Әділ Ақмолада жүргенде бір түс көрген, түсінде Мария ұл та­уып, Асан азан шақырып, баланың атын Қасым қойғанын көріп еді. Сол түсі ойына түсіп, апрельдің жиырмасы күні ерте баланы бесік­ке салғызып, Асанды шақырып алып, баланың атын Қасым қой­ғызды. Сол күні әжесі той қылса да, Әділ күндізгі күйде бола алмады…

***

Әділдің аулы Милықұдыққа қонған күні тағы майдың он бесі еді. Сол күні Төребек болыстың Ши­лі құдықтағы аулының сыр­тын­да Еркімбек пен Үсен оңаша сөйлесіп отыр.
Еркімбек:
– Әділ өлгелі сізге екі рет хабар сал­дым. Басындағы қарасын жұ­лып тастап, дауыс қылғанын да қой­ған Марияны «байға тимейді» депсіз, осыған мен қайтіп нана­йын? Менің сізден арылғаным – осы. Енді мен Марияны жалғыз кемпірден аулын тал­қан қылып, тартып аламын. Мен онан қорқып жүргенім жоқ. Сізден үміт қылып жүрмін.
Үсен:
– Мырза, сізге Мария өлтірсең де тимейді. «Әділді айдатқан Ер­кім­бек» деп, соны кек көреді.
Еркімбек:
– Әділді мен айдатыппын ба?
Үсен:
– Оны қалайша жасырам дей­сіз! Әділді ұстай барғанда, ка­зак-орысың да Марияға айтқан, ана күні де «тартып алам» деп хат жазғансыз. Бірақ ол болмайды, шы­рағым. Әділдің көзін жоғалт­қаның да жетер! Саған ерем деп өзім де ағайынға жүзіқара болып жүрмін. Енді қалғанымыздың көзі­мізді жоғалтайын демесең, бізді әуре қылма! Жап-жас жарың бар ғой, бір бейша­раны әуре қылып не қыласың?
Еркімбек ашуланып:
– Білдім, білдім! Басында мені алдап, малымды алған екенсің ғой! Кет аулымнан!
Үсен:
–Кетсем, кетемін! Құдай сақ­тар! Кімнің басы кімнің қанжы­ға­сында жүр? – деп, атына міне жө­нелді. Еркім­бек ол кетісімен Шешенбайды ша­қырып алып:
– Жылдам жігіттеріңді дайын­дап, өз аулыңа жиып, әкеме біл­дір­мей, мені күтіп отырыңдар! Күн батпай-ақ аулын ойран қылып, Марияны әкелейік!
Сол күні екіндіде Асан жылқы­сын суа­рып шығарып, жылқы ал­дындағы төбеде тұрғанда желе шауып Үсен кел­ді.
Асан:
– Болыс неге шақырыпты?
Үсен:
– Шақырған – болыс емес, Ер­кімбек. Тағы Марияны сөз қыл­ған соң, екеуміз сөзге келісіп, ол «ауылды шау­ып тартып алам» деп қалды. Мен анау адырдан асқанда жиырма шақты кісі Әділ аулына қарай қатты кетіп барады. Сізге хабарға келдім, – деген соң, жал­ма-жан бәрі ат ұстап, Асан, Үсен, Байжан, Ержанның екі баласы қа­сына тағы екі кісі алып, Әділдің аға­йын­дарына келді.
Әншейінде Әділдің өлгеніне қара­май­тын ағайыны Әділдің малына ми­расқор болғысы келді ме, Мариядан үміт қылды ма – төрт-бес кісі ерді. Жол­дағы Мық­ты­байды да ертіп алды.
Еркімбек екіндіде Әділ аулына ке­ліп, жартысы малшыларды үйге қуып тығып, «шықсаң, өлтірем» деп, есікті сабалап тұрды да, өзгесі есік алдына келіп, Еркімбек пен Шешенбай аттан түсе қалып, үйге кіріп, Марияны сүй­реп алып шық­ты. Ойбайлап етегіне жабысқан кемпірді бір-ақ қағып сұ­ла­тып салды. Марияның шаршысы түсіп қалған басын дудардай қылып, екеуі екі қолынан сүйреп келеді. Екіндіден бұрынырақ ауылды ша­лып, «жер таза» деп барған Серік­бай Әділді ертіп, дәл сол кезде ауыл­ға таянған. Желе шауып ке­зеңге шыға келіп көрді де, атты бұтқа салып жіберіп, «қоя бер былай» деп ақырғанда, Шешенбай:
– Ойбай-ау! Мынау Әділ ғой! – деп, Марияның қолын қоя бе­ріп, атына қарай жүгірді. Оны ұра­мын деп ұмтылған Серікбайға бәрі жабылып кетіп, үш сойыл қа­бат тиіп, ол құлап қалды. Әділ ат­тан түсе жүгіріп, мыл­тығын суы­рып алып атайын дегенде, Ер­кімбектің қолынан жұлқынып бо­сан­ған Мария да арасына кез болып, соған тиетін болған соң, ата алмай кі­діріп қалғанда, Еркім­бек алты атарын жұлып алып тарс қойғанда, Әділдің мылтығы қолы­нан түсіп кетіп, бүг­жиіп, кеудесін қолымен басып отыра кетті. Оны көрген Мария:
– Құдай-ай! Сорым біржолата қайнады ма! – деп, Әділді құшақ­тай алғанда, Еркімбек қанжарын суырып алып, Марияның қолынан тартып, Марияны қорқыту үшін:
– Жүр жылдам! Әйтпесе сені де бауыздап кетем! – десе де, Ма­рия Әділ­ді құшақтап айрыл­маған соң,
Еркімбек:
– Ал, бауыздаймын! – деп, қан­жарды Марияның алқымына апар­ғанда, Мария қанжар ұстаған қолына жабысқан соң, қолын жұлып қалғанда қанжар Еркім­бектің өз көзіне тиіп, бір көзін шы­ғарған соң, ыза болып:
– Әйтеуір болары болды, енді сені тірі тастап кетпеймін, – деп, Ма­рияны шалқасынан салып, та­банымен басып тұрып, қанжар­мен жүректен салып алды да:
– Ал, жүзіқара, құр сүйекті құшақта да жат! – деп атына міне бергенде, ауылдың сыртынан кеп кісі шулап қоя берді.
Міне, дәл сол кезде күн батып ке­тіп, шапақтың шашақты шарбы бұл­тындағы күннің қызыл нұры дәл Әділ мен Марияның жара­сы­нан сорғалаған қандай қып-қызыл болып тараулана бастады. Асан, Үсендер келіп, ауылдан серпіле берген жаумен араласып, Мық­ты­бай Шешенбайға кез келіп ұрып жықса да, жолдастары мылтық­тың астынан алып, бұларды жолатпай, атына мінгізіп әкетті. Жау екі есе және мылтығы болған соң бұлар ештеме қыла алмай қайта келсе, Серікбай есін жиып, Әділдің ба­сын сүйеп қоштасып жылап отыр екен. Асан аттан түсе қалып:
Қарағым, Әділ, – деп келіп, қолын ұстағанда, Әділ көзін ашып:
– Қош, Зылиқаға сәлем айт!.. Ана сорлы кемпір мен жетім Қа­сымды қол­дарыңа ал!.. Мына Ма­рия мен мені қа­бірге сал! – деп, Марияны құшақ­тады да, көзін жұмды.
Артқылар келіп:
– Әділ! Әділ! – десе де, ол кез­де мейі­рімсіз өлім Әділ мен Ма­рия­­ның нұрлы жүзіне кетпес таң­басын басып қойған! Дәл сол кезде күншығыстан қайғылы қара са­лысын жамылып түн­нің қараңғы­лығы – зұлмат та шықты…
Бұл іс Николай чиновник­терінің қылышынан қан тамған 1911 жылы бол­ғандықтан, қашқын Әділді қауымға білдіріп қоя алмай, Байжан мен Асан ақылдасып, сыр шашпайтын жақын­дарын ғана шақырып, Әділ мен Мария­ны жа­назалап, түн ішінде апа­рып Әділ­дің қыстауының қасындағы жаңа қыстау салам деп жиған тастар­дың астына жасырып көмді.
Асан: «Еркімбек аулымды ша­уып, қарындасымды тартып алып кетті», – деп, Еркімбек: «Асан, Үсен, қашқын Әділді сақтап, ұста­ғалы барғанымда, жанжал шыға­рып, басымды жарып, көзімді шығарды», – деп, екеуі де ұлық­қа арыз беріп, сол арыздар тергеу бо­лып, көпке созылып, аяғы патша тақтан түскен бостандыққа соғып, аяқсыз бос қалды.
1917 жылы бостандық болған соң, Асан Әділ мен Марияға жақ­сы­лап күмбез мола қалатып, май аяғында бітіріп, халқына мәлімдеп ас берді.
Таза махаббатқа құрбан болған екі асылдың қадірлі моласын ха­лық алтынмен жазылуға лайық ақ бостан­дықты туғызған, адал жү­ректі азамат­тардың арқа­сында ғана білді.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 03.11.2019 | 22:07

Өте жақсы жазылған роман👍👍👍

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір