Шығармашылық тағдыр да маңдайға жазылады
Қазіргі қаламгерлердің көпшілігі сияқты мен де шығармашылық жолымды өлеңмен бастадым. Әлі есімде, бес-алты жасар кезім еді – шешем Сарысу өзенінің жағасында жалғыз өзі киіз үй тігіп жатқан, мен үйдің ортасында шаңырақ көтерген бақанды сүйемелдеп тұрып: «Апа, мен өскенде ақын боламын» дедім. Бұл сөзді неге айттым, қалай айттым, оны әлі күнге өзім де түсінбеймін. Бірақ содан бастап болашақта кім болатынымды айқындап қойған сияқтымын. Сөйтіп, бастауыш сыныптарда жүріп өлең жаза бастадым. Алғашқы өлеңдерім мектептің қабырға газеттерінде жарияланып тұрды. Төртінші сыныпта жүргенде өлеңдерім мектептегі байқауда көзге түсіп, маған Пушкиннің бір томдық қазақша өлеңдер жинағы жұрт алдында салтанатпен табыс етілді.
Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ,
жазушы-драматург
Алтыншы сыныпта пионерлердің аудандық слетіне қатысып, өз өлеңдерімді оқып, арнайы жүлдеге ие болдым. Мұның бәрі мені ауыл көлемінде ақын ретінде таныта бастады. Соған орай, мектепте жүргенде ақын-жазушы болуға біржолата бекіндім. Басқа мамандық туралы мүлдем ойлаған да емеспін. Бірақ мен жазушы болу үшін міндетті түрде КазГУ-дың журналистика факультетін бітіру керек деп есептейтінмін. Ал ол кезде журналистикаға түсуге міндетті түрде кемінде екі жылдық еңбек өтілі қажет еді. Сондықтан да мектеп бітірген соң ешқайда бармай, туған ауылымда екі жыл қой бағып, шопан болдым.
Міне, осы кезеңде Жазушылар одағының Қызылорда облыстық бөлімшесінің жетекшісі, атақты ақын Асқар Тоқмағанбетов, облыстық газеттің мәдениет бөлімінің меңгерушісі Қомшабай Сүйенішов сынды азаматтардың алдына барып, ақыл-кеңес алып тұрдым. Қаламгер ретінде қалыптасуыма бұл екі кісінің үлкен ықпалы болғанын мен ешқашан да ұмытқан емеспін.
Ал 1966 жылы, яғни шопандық өміріме екі жыл толуға айналғанда, көктемге салым жас ақындардың республикалық конкурсына өлеңдерімді жіберіп, нәтижесінде үшінші орынға ие болып, жүлдегер атандым. Бұл жөнінде «Лениншіл жас» газетінде шағын хабар жарық көріп, оған қоса менің «Ойлар» атты өлеңім жарияланды. Сөйтіп, Сарысуға қарай қой айдап бара жатқан жерімнен аяқ астынан Алматыға шақырылып, жюри төрағасы Мұзафар Әлімбаев, атақты ақын Төлеген Айбергеновпен бірге арнайы телехабарға қатысып, көгілдір экраннан тұңғыш рет өлең оқыдым.
Міне, осының бәрі желеп-жебесе керек, арада үш-төрт ай өткенде Алматыға қайтадан келіп, бала күннен армандап жүрген КазГУ-дың журналистика факультетіне оқуға түстім. Сөйтіп, қаламгерлік жолға біржолата бет бұрдым.