Ұстаз айтқан тіркестің төркіні
Кірісу
Бернард Шоудың «Цезарь мен Клеопатрасында» Александрия кітапханасы туралы сөз болғанда, оны адамзаттың жады деп атайды. Борхестің кітап туралы осы бір лекциясы («Кітап») адам баласының ақыл-ойы, қайраты мен жігері инсан атаулының тек жарқын болашақ пен ізгілікке құштарлығын ғана емес, өз болмысын соншалықты терең түсініп, бар жұмбақты шешкісі келетін талпынысын да көрсетеді. Әркім өз ижтихатымен ғұмыр кешсе де, бәріне ортақ бір ерекшелік алыстан менмұндалайды. Ол – тарихта қалу.
Дана сөз айту, кітап жазу бір сәулелі іс болғаныменен, «осы бір ауыз сөзім тарихта қалса екен» деген дәме бәрібір айтушының, не жазушының қаншалықты данышпан, абыз болса да, әу бастағы пенделік болмысын әшкерелейді де тұрады. Пайғамбарлар ғана алыс болған осы бір пендеуи пиғыл сөз өнерінің қанша зергерлерін мазалағанын есептеу де ақылға оғаш. Өйткені, бәрін осы бір ой мазалады. Ол – тарихта қалу.
Ұлтымыздың бар сөз байлығы, бабадан қалған рухани мирасы, тарихтан алған олжасы бізге ауызша жеткенімен-ақ қазақтың жадына айналғанына дәлел. Бұл – аксиома. Олар жазу-сызуды жаппай білмегендіктен айтты. Ал көне гректер мен римдіктер жазуды ауызша сөздің суррогаты деп түсінген. Жазу өлі, ауызша айтылған сөз тірі деп сенген Демосфен мен Цицеронның елі шәкірттеріне де білімді ауызша берген. Сол кезден бастап атақты «Ұстаз айтқан» деген тіркес пайда болған деседі. Ұрпақ алмасқан уақытта шәкірттердің айтқан сөзін жаңалық, өз сөздері деп кінәлаған кезде, я сенбегенде «ұстаз айтқан» деген бір ауыз сөз тыңдаушысын толық иландырған. Сөзі өзінен де ұзақ ғұмыр кешуін тілеген Пифагор әдейі қағаз, қалам пайдаланбады. Бірақ шәкірттері «ұстаз айтқан» деген сөзбен-ақ оның атын тарихта қалдырды. Диалогты ойлап тапқан Платонның сөздері де ауызша жетті. Ол бір ойды айтып, содан кейін «осыған Сократ не дер еді?» деу арқылы досының аузына сөз салды. Сократ айтты деген сөздің барлығы да оның аузынан шықпаса да, досы арқылы бізбен бірге ғұмыр кешіп келеді. Өзінің өлімінен кейін де, Платонның ойы себепті «тірі» қалды.
Осы екі істің (жазу мен айту) біреуіне басымдық беріп, екіншісіне обал жасағымыз келмесе де хәлі мүшкіл. Ол ауызша сөздің, шешендік өнердің жайы. Бүгін барлық сөз жазылады. Түп мақсатсыз да, мақсатпен де. Айтуы тиіс сөзін қағазға қарап оқиды. Сондықтан да ол әсерсіз, сондықтан да бүгін шешендер аз. Пифагордың ойын Аристотельдің ойы жеңді.
Негізгі сөз
Біздің негізі сөз еткіміз кеп отырған тақырыптың ар жағында «тарихта қалу» деген арманның бар екеніне еш күмәнім жоқ. Диккенстің шығармалары басылған журналды қалың оқырманы бейне бір телехикаяның келер сериясын көруге асыққандай тағатсыз тосатынын жазатын еді Цвейг. Тіпті, ауылдарына журналдың жаңа саны келгенін күте алмай, пошташының алдынан екі-үш күн бұрын шығып, тосып алатын болған. Диккенске деген оқырмандарының махаббаты соншалықты, оның есімі жазылған әр дүниені оқуға құмар болады. Чарльз да өзінің оқырмандарына барынша ұнай түсу үшін сол стилін бұзбайды. Бұнысын Цвейг: «ол жылы үйге кіріп алып, шықпай қойды» деп айыптаушы еді. Жылы үйге кіріп, шықпай қойса да, ол өз оқырмандарының кіршіксіз махаббатына ие болған бақытты жазушы еді.
Оның есімін жұрт асыға күтетін.
Осы бір жазушыны асыға күту, болмаса керісінше оқырмандардың асыға күтетін жазушысы болу бүгінгі күні қаншалықты мүмкін құбылыс. Бір замандарда «Қара сөзбен жырлаймын» деп келген Оралхан Бөкейдің есімі жұртқа соншалықты сүйкімді, аяулы болыпты. Жас буын да Оралханды оқуға міндеттімін деп есептейді. Қыздар баяғы ғашық болады. Қалай дегенде де жазушы өз бағасын көзі тірі кезінде алғаны маңызды. Ю.Казаковтың: «Жазушы үшін жаңа шығармасы жарық көргеннен кейін ештеңе болмағандай мүлгіп тұрған меңіреу тыныштықтан артық азап жоқ» дегенге саятын сөзі кез келген шығарма жақсы, жаман пікірге мұқтаж екенін меңзейді. Дүниеден өткен, бірақ бізбен бірге ғұмыр кешіп келе жатқан, қазақпен бірге соңғы демі үзілетін есімдердің жөні бөлек. Тірі кезіңде оқырманың сені іздеп тұрса, сенің атың жазылған дүниені (өлең, әңгіме, роман, мақала болсын) аса зор ықыласпен оқыса, жаман ба? Бірақ ондай махаббатқа, ілтипатқа ие болудың да өз шарттары бар. Хәкім айтпақшы, атақ-даңқты өзі іздеп жүріп, тауып алатын адамдар болады. Өзіне тиесілі, тиесілі емес бүкіл марапат, сыйлық атаулыға қол жеткізгенімен, ешкімнің махаббатына татымай қалу – ең ауыр жаза. «Атақ-даңқ өзіңді іздеп тапса көрік болады» деген сөзге өміріңізде қаншама рет көз жеткіздіңіз.
Ең оқылымды жазушы екеніне сенімді ағамызға жазушылығын мұқатқан сөздің еш ауыр тимейтінін көрдік. Еш ұялмастан, шықшыты ойнамастан, сазарған қалпы: «Маған күніне республика бойынша пәленбай хат келеді. Солардың бәріне жауап жазып, кітаптарымды жіберемін», – деді. Сөзінің өтірік-шыны бізге еш маңызды емес. Бізді ойландырғаны – жазушылығына кінә таққан сөзге еш жауап қатпағандығы. Бейне бір ұрысқа әбден төселген адам сияқты. Жазушы емес, бірақ жазушымын дейді. Осы сияқты ақын еместердің ақын, әдебиетші еместердің әдебиетші атанып жүргендіктерінен әдебиет дейтін әлем зардап шегіп отыр. Жазушы атанбақ, ақын атанбақ қаншалықты абырой әкелетінін білмеймін, егер жазғаныңыз жақсы болмаса.
Біз айтқан сөз жақсылықтан күдер үзгеннің, болашақтан үміті қылмағанның сөзі емес. Бұрынғыдай есімін көргенде қуанатын қаламгерлердің азайып бара жатқаны. «Құр шөппен ауыз сүрте берме» дейтіндердің өзі бірде-бір көркем шығарма жазбай отырып, сол сөзді оңай айта салатынына таңданасың. Не болмаса, шын мәнінде бүгінгі оқырмандарының талабына жауап бере алатын шығарма барын дәлелдеп бере алмай алмайды. Марқұм Дидахмет Әшімханұлы бір сөзінде өз замандасы туралы айтып еді. Оның жазып келген бір әңгімесін бас редактор: «Мынау Оралхан ғой», – деп лақтырып жіберген. Сондай реакция беру үшін өте нашар жазу керек еді. Бірақ нашар жазылмаған. Ол тек Оралханның стилін қайталаған. Кінәсі да сол. Тіпті, сезімдерін Оралханша төккен шығар. Ал ондай әдіс оқырмандарына түк ұнамайды. Олар Оралханның жалғыз болғанын қалайтыны сияқты, кез келген жақсы жазушының ешкімге ұқсамайтын қырын іздейді. Ешкімге ұқсамағаны үшін жақсы көреді.
Ал бүгін ешкімге ұқсамайтын ақын, ешкімге ұқсамайтын жазушы бар ма? Біздің ұқсамайтын деген сөзіміз мүлде басқаша жазу емес, жазу дәстүрін ілгерідегілерден үйрене отырып, өзіндік бояуын қосу.
Қазіргі жас ақындардың өлеңдерін оқып отырып, қай өңірден, кімді көп оқитынын, кімнен үйренгенін аңғару еш қиын емес. Семейлік ақындар Тыныштықбекше, қарағандылықтар Серік Ақсұңқарша, тараздықтар Маралтайша, болмаса Ерлан Жүнісше жазатын болды. Қыздардың Гүлнәр Салықбайша жазып жүргендері бүгін ғана айтылған мәселе емес. Неге біз бұны мәселе деп қараймыз. Өйткені, вариация ылғи сәтті шығатын әдіс емес. Қаламгерлер сияқты оқырмандар да өз авторларын жіктей, талдай алады. Ал оларға эпигондар керек емес. Сіздің әдебиетте қалу-қалмауыңызды белгілі дәрежеде оқырмандар шешеді. Ал олар бірдей дүниелердің ішінен үздіктерін ғана таңдайды.
Есенғали Раушановтың әкелген стилін қайталау қиын. Оны тек сол дәрежедегі таланттар ғана қайталай алады. Бірақ олай жазу жаңалық болып па? Тәуелсіздік жылдары әдебиет есігін қаққан ақындардың өлеңдерін оқығанда Есенғалидың жазу үлгісі аңғарылады. Оқиғамен жазу, тауып айту, қарама-қайшы образдарды сарказм арқылы өткізу көркем әдебиеттен гөрі публицистикаға жақын. Есенғалидың кей өлеңдері де публицистика. Эстетикалық ләззаттан гөрі езуіңе күлкі үйіретін юмор басым.
Негізгі сөзге қосымша
Толстой Чеховтың пьесаларын ұнатпаған. «Бір ғана жұбанышым бар, бірде ол маған: «Сіз білесіз бе, мен Шекспирді оқи алмаймын. Бірақ сіздің пьесаларыңыз оныкінен де жаман. Шекспир қанша дегенмен оқырманын жетелеп, оны белгісіз бағытқа ала жөнеледі. Ешқайда бұрылуға мүмкіндік бермейді. Ал сіздің қаһармандарыңыз қайда апарды?» деді. Ол сырқаттанып жатқан болатын. Мен қоштасып жатқанда қолымды алып, көзіме қарап тұрды да: «Антон Павлович, сіз жақсысыз», – деді. Одан кейін күліп, қолымды жіберді де: «Ал пьесаларыңыз бәрібір нашар» деді», – деп еске алады кейін Чехов. Пенснесі құлағанша шалқайып, күліп отырып айтқан осы бір естеліктің ғибраты мол. Андре Маруа «Чехов өнері» мақаласында оның төрт бірдей пьесасын тамсана отырып талдайды. Толстоймен келіспейді. Өзінше дәлелдейді. Және сол Маруаның сөзі бүгін шындыққа айналып отыр. Әлемдегі ең көп сахналанатын авторға айналған Чеховтың шығармашылығы туралы Горький: «ол ештеңені ойдан шығармайды», – депті. «Мен кеше «Дядя Ваняны» тамашаладым. Сонда әйел сияқты жылағанымды айтыңызшы», – дейді тағы бірде. Оқырмандарын әртүрлі ойға қалдырған, толқытқан Чеховтың кереметтігін айтып, тамсанбаймын. Мәселе автордың өзін-өзі қалыптастыруында. Толстой Чеховтың пьесаларын ұнатпаса да оқыған. Алдымен оқыған, одан кейін ұнатпаған. Егер оған Чехов ұнамаса ол мүлде оқымас еді ғой. Демек, Антон Павловичтің әңгімелерін жақсы көрген. «Чехов – прозадағы Пушкин» деген. Жақсы жазу, жақсы есім қалыптастыру, тарихта қалу бұның бәрі бір-бірімін тығыз байланысты процестер. Жақсы жазбасаңыз, жақсы есіміз қалыптаспайды, оқырмандар сүйетін есіміңіз қалыптаспады ма, онда тарихта қалуыңыз да екіталай.
Жаңа есімдер қалыптасып жатқанымен, оқырмандар іздеп жүріп оқитын есімнің әлі қалыптаспай жатқанының себептерін әркім өзінше түсінеді. Біздің ойымызша оның бір ғана себебі бар – жаңаша жаза алмау.
Жақсы жазу, бұрынғы ақындарша жазу, әсіресе соңғы кезде жырауларша төгілту де модаға айналған. Бірақ оның бәрінен түк шығар емес әзірге. Кез келген ақыннан бірін-бірі туралы сұрасаң: «қалыпты» дейтін болды. Сол қалыптылық.
Прозадағы жаңа есімдердің «жаңалығы» туралы да көп айтылып жүр. Олардың әрқайсына тоқталғанда айтылатын сөздің көбі – мақтау. Жақсы, жатық жазса да, бұрынғыдан пәс тартқан көркемдік пен сюжет, мазмұн сізді елеңдетпейді. Олардан гөрі «Қаралы сұлу», «Шолпанның күнәсі», «Күнікейдің жазығы» қайталап оқыған сайын жаңа дүниедей әсер қалдыра береді. Сол кездегі қазақ прозасының магиясын бүгінгі жаңа прозадан таба алмай қалғанда, қалай пессимист болып кеткеніңді аңғармай қаласың-ау.
Авторлардың өзін-өзі қалыптастыру, өз уақытында баға алу туралы аз болған. Егер олай болмаса, кейін қанша жақсы дүние жазсаңыз да, оқылмай тасада қала беретінін ұмытпау керексіз. Жазу мен жазушы тағдыры деген қандай ауыр жол екенін осы кезде түсінгендей боласың.
«Алматыға келгелі он бес жыл болды. Осы кісінің бір күлдіргенін көрмедім», – депті бір сатирик туралы замандасымыз. Мәселе оның нашар сатирик болғандығында емес. Басында сатирик атанып, сексенге келсе де сол баяғы сатирик атының жабысып жүргендігі сияқты басында қалай бағаланасыз, солай қалыптасасыз. Ал сол бағаның оқырман алдында өсуі, я құлдырауы ол тек жазушының өзіне байланысты.
Сөз соңында
Беньянның «Пути паломникасында» бір аңыз бар еді. Бір үлкен сарайдың қақпасында кітап ұстаған жауынгер тұрады. Оның міндеті сарайға кіруге лайықты адамның атын жазу еді. Сарай көп әскермен қоршалған. Бір уақытта бір батыр жігіт шығып: «менің атымды жаз», – дейді. Қолына қылышын алып, сарайға жол ашқанша өзі де жарақаттанып, жауынгерлерді де жаралап арпалыса кетеді.
Жазушының да жолы сол жауынгерге ұқсас. Мыңдаған қарсылыққа қарсы қолына қаламын алып күресіп, жазушылық сарайына кіруге талпынады. Ал ол сарай тек ержүрек жеңімпаздарға арналған.
Бағашар Тұрсынбайұлы.