Қасым іздеген, Дариға, сол қыз…
04.09.2015
4243
0
329970_1184521019___________ (1)Соғысқа қатысқандардың сол соғыс тақырыбына арналған көркем дүниелері жеткілікті. Соның ішінде тікелей поэзияға ойыссақ, қаншама майдангер ақындарды тізіп шығуға болар еді: Дихан Әбілев, Әбу Сәрсенбаев, Жұмағали Саин, Қалижан Бекхожин, Хамит Ерғалиев, Сағынғали Сейітов, Жұбан Молдағалиев, Сырбай Мәуленов, Мұзафар Әлімбаев, Тоқаш Бердияров…
Әңгіме ақындар тізімінің мұндай ұзын­ды-қысқалығына да тәуелді болып тұрған ештеңесі жоқ, ең бастысы, оқ пен от кешкен әр ақын кейінгілер адаспай тауып аларлық әр­қилы анық із қалдырды. Мысалы, Волхов батпағын кешкен Сырбай Мәуленовтің май­дандық жырлары туралы сөз етсеңіз, ті­ліңіз­­ге алдымен «Құлын» ілігер еді. Ал ке­зін­­­де әдебиетшілер мен оқырман ерекше ба­ғалаған «Есімде Айдар өзені» өлеңі Ук­раи­нада өлім аузынан қалған партизан Жұ­мағали Саинның біртуар шығармасы бо­латын.
Дегенмен, тақырыптың ішіндегі тақырып мә­селесіне ойыссақ, ерте кезден бері еш жо­­ғалмай жеткен «Батырлар жырының» қай-қайсысын парақтай бастасаңыз да, Қо­быланды мен Алпамысқа, Ер Тарғын мен Қа­ра қасқа атты Қамбарға сүйеніш болып Құртқа мен Гүлбаршын, Ақжүніс пен Назым шыға келмеуші ме еді. Сол тәрізді дүлей со­­ғыс кезіндегі немесе соғыстан соңғы әде­­биетті барлағанда да мөлдір махаббат та­қырыбы еш қаламнан тыс қалмағанына кө­зіңіз анық жететіні даусыз. Орыстардың әлі күнге дейін, әсіресе, 9 мамыр қар­саңын­да ұмытылмай шырқалатын, мәтіні бірнеше рет өзгерген «Синий платочек» әні (Е.Петерсбурский, Я.Галицкий, М.Максимов) қа­зақы тірлікте «Кестелі орамал» (А.Леке­ров, М.Төлебаев) болып төгілді. Бұл ретте Мағ­жан Жұмабаевтың он алтыншы жыл зо­ба­лаңына қатысты қазақ келіншегінің аты­нан жазған «Орамал» атты өлеңін («Қасірет бат­ты жаныма, Уға толды жас жүрек. Орамалды жарыма Бітірем қашан кестелеп?») мы­сал­ға келтіре отырып, көрнекті сыншы Рым­ғали Нұрғалиев: «…Кейін қазақ поэзиясында «орамал» сөзі солдат сағынышының символына айналды. Мағжан бастап берген сарынды көптеген ақындар қайта жырлайды, әсіресе, Ұлы Отан соғысы туралы жа­зылған өлеңдерде бұл әуез көп қай­та­ланды» дейтінін де ұмытып отырған жоқпыз. Қасым Аманжолов та майданға кетіп бара жатқан жауынгерге сүйген жарының атынан жазылатын «Орамал» атты романс-өлеңін «Айрылмасқа серттескем, Айғағым бұл орамал. Орамалға тілесең, Жүрегімді орап ал» деп бастаған. Сондай өлеңдердің бірі – Әбу Сәрсенбаев 1943 жылы жазған «Ақша бұлт» еді. «Уа, ақша бұлт, айтшы ма­ған, Айтшы маған: келдің қайдан? Ақ тө­сінен күн сүйгенде Жаралдың ба Алатаудан? Бейне торғын ақ жібектей Тұрсың төніп тас төбемнен. Емес пе ең қыз орамалы Жел ұшырып ала келген?..» деп басталатын бұл жыр қазақ поэзиясының кезекті ол­жасы ретінде бағаланды, оқырман қара­пайым да қамкөңіл шумақтарды ынталана қайталады. Бір ескерерлігі, кейін, 1945 жылы Әбу туындысының ізімен «Ақша бұлт» дейтін өлеңді Қасым Аманжолов та жазды. Өлең атауының астында «Бір ақынның өлеңі жайлы» деген ескертпесі бар бұл туындыда «Ақын қиял – ақсұңқар, Қанатыңды қанға мал. Ақша бұлт – ақ орамал Шын жіберсе сүй­ген жар. Түссін жерге үлбіреп, Таңайын мен жарамды. Не жаңбыр боп сіркіреп, Бас­­сын өрт пен тозаңды. Не тері боп сол­даттың Сіңсін туған жеріне. Не жасы боп сан қарттың Құйсын қасірет көліне» деген шу­мақтар бар. Дегенмен, бұл өлеңіне де, сол жыл­дардағы махаббат тақырыбына ар­нал­ған басқа туындыларына да қазық боларлық және бір іңкәр дүние Қасым Аманжоловтың соғыс өртінің ізін ала, 1946 жылы дүниеге әкелген «Дариға, сол қыз» өлеңі еді.
Айтулы сыншы Бекен Ыбырайым осы өлеңнің тынысын тап басқан. Ол: «Дариға, сол қыз» өлеңі ырғағымен, заман шындығын, лирикалық кейіпкердің тебіренісін бейнелеу ерекшелігімен сол кезеңде айрықша жаңалық ретінде сүйсіндірді. Әр тармағы он буыннан тұратын өлең ол тұста өте сирек ұшырасатын. Бұл ырғақтың тамыры сонау ерте дәуірдегі эпоста, жыраулар поэзиясын­да жатқанымен, 20 жылдардағы өлең­дерде ішінара ұшырасқанымен, Қасымға дейінгі және бертінгі қазақ поэзиясында бәлендей кеңінен қолданыла қойылған жоқ», – дей­ді.
Рас-ақ. Қалың қазаққа (оны көпсінер бол­саңыз, мейлі, сауатты оқырмандарға дей-ақ салайықшы) өте мәлім атақты өлең­дер­ді еске түсіріп көріңізші. Тұтастай он буын­мен түймеленген осындай басқа бір жауһар жырды лезде атап бере аласыз ба? Атап беруге талпынсаңыз да, әлгі өлеңіңіздің бірінші, үшінші жолдары он буынмен бекі­тілгенімен, екінші, төртінші жолдар, айталық, сегіз буынмен булығып қалмаушы ма еді. Қасым өйтпейді. Бұл өлеңде осы он буынды бастан-аяқ ұстанады.
Өңімде ме еді,
түсімде ме еді,
Көріп ем ғой бір
армандай қызды…
Бір нәзік сәуле
күлімдеп еді,
Сұрапыл соғыс
соқты да бұзды…
Әр тармақтың бір сызыққа орналастырылмай, екі сатыға бөлініп, текшеленіп келуі де осы өлең табиғатына әдемі үйлесіп тұр. Ал өлеңнің осы кіріспе шумағындағы қысқа да оқыс нақтылық ше? Өң мен түсті ажырата алмас балбыраулы шақ, армандай ару қыз, күлімсіреген бір нәзік сәуле, яғни, алғашқы үш жол қаншалықты елжіретерлік ерке елес болса, төртінші жол қаһарын төк­к­ен соншалықты қатал шындық.
Сөз арасында ұйқас мәселесіне де соға кетейік. Айталық, «…күлімдеп еді» де­ген жолға «…өңімде ме еді» деген жол әбден-ақ ұйқасып кетер еді, өйткені «…түсімде ме еді», қалай айт­саңыз да, ащылау естіледі, «с» дейтін тісаралық қатаң дауыссыз дыбыс басқа төркіннің өкілі. Бірақ ақын оған бармаған. Себебі, бұлай істесе қазақтың таныс қайырымы бұзыла­ды. Қалыптасқан тіркес: өң мен түс. Мысал келтіре кетсек, Сұлтанмахмұт Торайғыров 1919 жылы жазған өлеңдерінің бірін «Өң бе, түс пе?» деп атаған, тіпті бертін­дегі бір кітап, ақын Базарбай Исаевтың бір жинағы осылай («Өң мен түс») аталады. Рас, орыстар, мысалы, «Во сне и наяву» дейді. Және бұлай жазу (айту) олардың сөйлемдік құрылымына нұқ­сан келтірмейді. Ұлттық ерекшеліктің тілдік көрінісінің бір мысалы – осы.
Негізгі әңгімемізді жалғай берейік.
Әлбетте, ғұмыр-тірліктің белгілі бір ке­зе­ңін нысанаға алған өлеңнің түсін­дірмелік ар­қауы болатыны мәлім: дейінгі және кейін­гі немесе өткен шақ, осы шақ, келер шақ. Мына шумақ өткен шақ пен осы шақты қоса қамтып тұр. Әрине, қай кезде де бір байқай­ты­ныңыз, әсіресе, ғашықтық жырларында өт­кен шағыңыз сондай бір нұрлы бояулармен көңіл тербеп тұрады да, ал осы шақ опы­­нысқа ұрынады. Кінәлі тұлға негізінен кей­де қыз, кейде сіз (жігіт). Ал мына шу­мақ­тағы өкініштің өрісі өзге, кінә (күнә) иесі – Екінші дүниежүзілік соғыс.
Сонымен «Сұрапыл соғыс соқты да бұз­ды» дейтін төртінші жол бұған дейінгі бейбіт шуаққа малынған үш жолды дөкір пышақтай тіліп өтеді. Сөйтеді де өлең одан әрі бірден майдан даласына бас қойып кетеді:
Сапырды дауыл,
тебіренді теңіз,
Тулады толқын,
шайқалды шың-құз…
Қып-қызыл өрттің
ішінде жүрміз,
Қайда екен, қайда,
дариға, сол қыз?!..
Әуелі табиғаттың тұлданған шағы көз алдыңызға келе қалады: сапырған дауыл, тебіренген теңіз, тулаған толқын, шайқалған шың-құз… Мысалы, «сапырды дауыл» – өте бе­­дерлі көрініс. Қазақ ұғымында, әрине, дауылдың түрі көп, шаң-топырақты шашатын сойқанды қара дауыл мен аязды қарлы боранға ұласатын көк дауылдың өзі неге тұрады?! Ал мына «сапырды дауыл» – осы­лардың барлығының қосындысы іспетті. Бұған (әлгі дауылға) ішін тарта өксіген теңіз, үрейлене шапшыған толқын, теңселіп тұр­ған шың-құз қосылғанда жаһан дүниенің жан шошырлық әлемет сұлбасы шыға келмей ме? Оны көпсінсеңіз (азсынсаңыз) бұларға күшейтпелі шырай жетелеген және бір сурет қосылады: «Қып-қызыл өрттің ішінде жүрміз». Міне, осындай да осындай бейнелеулерден кейін сөз басындағы әлгі бір нәзік сәуленің бұлт жамылмас жайы бар ма дейтіндейсіз. Бірақ олай емес екен. Ақын (кейіпкер) күрт сілкінеді: «Қайда екен, қайда, дариға, сол қыз?!». Оптимизм бе? Оп­тимизм. Оптимистік сезім бе? Оптимистік се­зім. Жан шошытатын әлгі үрейлі көрі­ніс­терден соң оқырманға тамылжыған сезімнің нәзік лүпілін ұсыну және соны елжірей қабылдауға бой ұсындыру әркімге бұйыра бер­мейтін ыстық қайраттың (ыстық жүрек­тің ғана емес) шарпуы демеске амал кем.
Бұл сіздің, дариға, сол қызды бірінші рет ұшырастыратын шағыңыз.
Осы тұста ақын бір өлеңді (тіпті ұзақ деу­­­ге де келмейтін, небәрі алты шумақтан тұ­ратын шағын дүниені) шартты түрде үш (І,ІІ,ІІІ) бөлімге (әлде тарауға) бөлгеніне тоқтала кеткеніміз мақұл. Зерделеп оқи бас­­тасаңыз, осы үш бөлім расында да кә­дім­гі прозалық хикаяттағылардай бір-бірін толықтырып тұратын үш көріністі ұсына­ты­нын аңғарасыз. Осылайша алғашқы бө­лім кейіпкердің сол кездегі жалпы жұртқа ор­тақ «қып-қызыл өрттің» ішіне кіруімен аяқ­та­лады.
Екінші бөлім және тосын басталады:
Оқ тиді келіп,
қайратым кеміп,
Барамын сөніп,
келмейді өлгім!
Тұрғандай сол қыз
жаныма келіп,
Талпына берді
қайран жас көңілім!..
Таза реалистік суреттер, оған қоса етіс­тіктің көсемше түрін тиімді пайдаланудың жарасымды үлгісі: «оқ тиді келіп, қайратым кеміп, барамын сөніп…». Бірақ бұл одан ар­ғысына жуас пенде мойынұсына салар­лық, әйтпесе жаугер жүрек отқа түсерлік тым шарасыз жазмыш та емес еді. Қ.Аман­жо­ловтың бұдан бұрын қаламынан туған «Ақын өлімі туралы аңыздың» басты кейіп­кері: «Қош бол енді, туған елім! Кеттім, кет­тім боп қарыздар! Жоғал, жауым! Кел бері, өлім! Қош бол, достар! Достар! Достар!!!» деуі түсінікті: бұл оқиғаға өзек болған, ақын Абдолла Жұмағалиевтің тағдырына тап кел­ген тар жол тап сол сәтте толық тұйық­та­лып та қалған болатын. Ал мына жай бас­­қа болғаны себепті жас жауынгер түп­кілікті түңіліске бармайды: «Келмейді өл­гім!». Әсіресе, жан алысып, жан беріскен ал­мағайып шақта ұзақ сөзге уақыт кем бо­латыны мәлім. Бұл шумақты бастап тұрған алдыңғы тамырлас үш сөйлемнің түйінді бір сөйлеммен тұсаулануының себебі сол. Оның үстіне бір-бірін қарапайым үндес­тік­пен толықтырып тұрған үш сөзге («…келіп», «…кеміп», «…сөніп») бұдан артық түйін қажет те еместей. Және бір назар аударарлығы, бүкіл жанкешті хал-ахуал тұтастай сыйып тұрған «барамын сөніп» дейтін жолға сол бойда «келмейді өлгімнің» тіркелуі – тіл дәмін жазбай тамсайтын шеберліктің нышаны. Одан әрі ақынның «Тұрғандай сол қыз жаныма келіп, Талпына берді қайран жас көңілім!» дейтін сыр-сертіне күмәнсіз се­не­тіндігіміздің негізгі құпиясы да осы шу­мақ­тың осындай селкеусіз тұтастығында жатыр. Бұған қосарымыз, әдетте «қайран жас­тық!» болып айтылып (жазылып) әлдебір уайы­мы аздау шақтарға сілтеме жасайтын қайырым мен мына шумақтағы «Талпына берді қайран жас көңілім!» дейтін үргедек үмітке толы қайырымның жолы, әрине, екі бөлек. Бұл ретте Қасымның сыры жайдақ­тық­тан аулақ қонып, ұлы Абайдың «Махаббат ғадауат пен майдандасқан Қайран ме­нің жүрегім мұз болмай ма?» немесе «Жы­лы менен суықтың бәрін көріп, Қайран көңіл қайыспай қайрат етті» дегені секілді те­рең тамырланып жатыр.
Ал қайран жас көңілдің талпынысы жер­ге қонбай шырылдаған бозторғай тәрізді еді. Өйткені:
Көрсетпей жүзін,
естіртпей сөзін,
Қаһарын төгіп,
тұр долы соғыс…
Ақынның аяулы алданышын да бұйырт­қы­сы келмейтін қызыл өрттің бір ұшығы осы жолдарда да жатқан жоқ па?!
Бұл – әлде өңінде, әлде түсінде көрген, қа­лай болғанда да, көкірегіне арманмен әдіп­тей орнатып қойған буалдыр бейненің жұмбақ жүзін де алаңсыз көруіне мүмкіндік бермейтін толассыз соғыс, долы соғыс.
Бұл – бір нәзік сәуле тәрізді күлімсіреп өте шыққан, тіпті тіл қатысуға да үлгермеген зи­па қыздың көңілге қиялмен әкеліп жүр­ген жұмсақ лебізін де естірткісі келмейтін дамылсыз соғыс, долы соғыс.
Шегелей айтсақ, долы соғыс – еш қазақ қо­сымша түсініктеме сұрай қоймайтын ай­қын анықтама.
Осындай жолдардан кейін сіз, дариға, сол қызбен екінші рет жолығасыз:
Арманым бар ма,
өлсем бір көріп,
Қайда екен, қайда,
дариға, сол қыз?!
Лирикалық кейіпкер өлеңнің алғашқы бө­лімінде, дариға, сол қызды әлдеқалай үзіп-үзіп есіне түсіріп, кенеттен іздегендей бол­са, мына екінші бөлімде, әсіресе, өмір мен өлім арбасқан алмағайып мезетте үрей­лі көңіл үр дидарды тіпті тым үздіксіз үз­діге аңсайды. Бірінші бөлімдегі «қайда екен, қайда» делінетін сабырсыз сауалға екінші бөлімде «арманым бар ма, өлсем бір көріп» дейтін тағатсыз тілек қосылады. Тіпті жарық дүниені сөндіруге таялған соғыс зар­дабынан гөрі, дариға, сол қыздың жоқ болып кету қасіреті әлдеқайда ащылау секілді болып көрінетіндей. Лирикалық кейіпкер сонда да қара түнек жамылған қайырымсыз пессимизмге бас ұрмайды:
«Келмейді өлгім,
келмейді өлгім,
Қайратым қайда,
келші осындайда», –
Дедім де тұрдым,
жүгіре бердім,
Қолымда найза,
шағылып айға…
Яғни ол қайтадан фәни тірлікке ұмты­ла­ды, уыздай тәтті өмірге қолын созады: «Кел­мейді өлгім, келмейді өлгім». Әлгінде кеміп қал­ған қайратын қайтадан қасына шақы­ра­ды.
Осы арада тоқтала айта кетер болсақ, бұл өлеңде өмір дейтін сөз жоқ. Бірақ басты екі қазықбаудың бірі – дариға, сол қыз бол­са, екіншісі, әрине, өмір. Рас, сол аламантасыр шайқастардың ортасында жүр­ген, 1944 жылы қаза тапқан тағы бір жау­жүрек жас офицер Баубек Бұлқышевтің «Өмір сүр­гім келеді» атты шығармасындағы: «…Мен өмірден алатын еншімді алғаным жоқ әлі, мен өмірді қатты сүйемін, мен өмір сүргім келеді деп, бар даусыммен айқайлағым келеді. Мен мұны ертең мені өлтірер-ау деп, өлімнен қорқып айтып отырғаным жоқ» дейтіндей сезімдер Қасымға да жат еместігі мәлім. Мына өлеңде де, зерделей үңілсеңіз, «келмейді өлгім» дейтін тілек-үміт үш рет қай­та­лан­ғанымен, сол өлімнен қорқудың, ба­тырдың бір оқтық екенін уайымға айнал­дырудың нышаны да байқалмайды: «…Дедім де тұрдым, жүгіре бердім». Тіпті өлімнің өзі екінші планға шығарылып, бірінші кезектің кілті, дариға, сол қызға беріліп тұр.
Осы шумақтағы тағы бір ажарлы сипаттама – «Қолымда найза, шағылып айға». Әсі­ресе, атамекенге, ел-жұртқа деген сүйіс­пеншілік басым болып келетін эпостық жыр­ларда қан кешкен батырлар қалай су­рет­телуші еді: атса оқ өтпейді, шапса қылыш кеспейді. Әрине, соғысқа барған ақында­ры­мыз «Сақ бол, досым, автомат!»(Қ.Бекхожин), «Эх, винтовка! Сен серігісің солдат жанының» (Ә.Сәрсенбаев), «Шамымыз – снаряд құтысы» (Т.Бердияров) деп те жазды. Дегенмен, олар қанжар, қылыш, сауыт тә­різді ежелгі атауларды да ұмытқан жоқ. Сол сияқты мына туындыда да Қасым ақынның тіліне найзаның ілігуі сонау шалғайдағы жойқын майданда көптен хабар салмай қойған туысқаныңнан тілдей хат жеткендей болып сезілмей ме? Рас, бұл ретте ақын «шағылып айға» дегеніне қарағанда қолма-қол ұрыстағы сенімді жарақ – штык-ножды мегзеп отыруы да әбден мүмкін. Тіпті, солайша жазған ақындар да бар. Сол тәрізді М.Ю.Лермонтовтың Бородино шайқасы ту­ралы өлеңін ұлы Абай «Штык, қылыш қай­расып, Ширатып мұртын шайнасып, Ашулы солдат қыстықты» деп аударуы түпнұсқадан аулақтамауды көздеуінің мысалы еді. Дегенмен, айтылмыш өлеңге қайта оралсақ, батырлар жырларындағы «Толғады батыр найзаны, Жаумен жалғыз ойнады, Көтеріп салған көк сүңгі Тіріде қанға тоймады» деген сияқты жолдар санаңды тағы бір түрт­кілеп өтеді. Ал сол найзаның мына өлеңде айға шағылуы көкірекке әлдебір өзгеше көріністі қондырады. Осы «шағылып айға» деген қайырым – бөлекше сурет. Жадыңа лезде Абайдың аудармада пайдаланған «Жас жүрек жайып саусағын Талпынған шығар айға алыс» дейтін суретті жолдары орала қоймаса да, әлдебір етенеден таныс тылсым теңеуге кезіккендей боласың. Әйтсе де, ақын соғыс оқиғаларын тәптіштеуді мақсат етпегендіктен ұрыс-шайқасқа ба­ғышталған жолдар осымен күрт тиылады да арқау бейбіт арнаға ауысады.
Жеңдік қой жауды,
арман не, құрбым,
Күркіреп күндей
өтті ғой соғыс.
Келемін қайтып,
өлеңімді айтып,
Қайда екен, қайда,
дариға, сол қыз?!
Ақын бұл шумақта енді өткен шаққа ай­налған соғысқа басқаша анықтама береді: «Күркіреп күндей өтті ғой соғыс». Алғашқы бөлімдегі сұрапыл соғыс пен екінші бөлім­дегі долы соғыс енді өзгеше өң жамылады, тө­беден түнере түйіліп тұрған бұлттар ыды­ра­ғандай көрінеді. Бұлай бейнелеудің алғы шар­ты ілгері тұрған мына жолда жатыр: «Жеңдік қой жауды, арман не, құрбым». Бұл тар­­мақта 1945 жылдың 9 мамыры күнгі ере­­сен шаттықтан пайда болған аса кө­те­рің­­кі пафос жоқ, бұл – оқ пен отқа әбден суа­рылған жүректің байсалды байыптамасы. Жүрек иесі, әрине, жас жігіт. «Арман не, құрбым», әрине, жас адамға тиесілі сөз. Сәл ойнақылыққа бейімделген келесі жол осы болжамымызды одан әрі нықтай түседі: «Ке­лемін қайтып, өлеңімді айтып». Тап осы ара­да Қасым туралы жиі қалам тербеп жүр­ген қаламгерлеріміздің бірі, белгілі ақын Жүрсін Ерманның мына әңгімесін назардан тыс қалдыруға болмайтын сияқты: «Кезiндегi саяси солақайлықтың, әсiре қырағылықтың әсерiмен өзгерiп кеткен, қысқарып кеткен Қасым сөздерi, өлең жолдары, тұтас шумақ­тары туралы өте көп деректi мен осыдан үш жыл бұрын академик Серiк Қирабаевтың аузынан естiп таң-тамаша қалған едiм. Се­рағаң дастархан басындағы әңгiме үстiнде Қасекеңнiң өз нұсқасы былай едi, кiтапқа басылғанда былай болып кеттi деп, ондаған шумақтарды, тiптi, «Ақындар тойы» дастанын тұтас жатқа оқығанда әрi таңданғаннан, әрi қуанғаннан өзiмдi қоярға жер таппай қал­ғаным бар». Осылай дей келе Жүрсін Ер­ман «Келемін қайтып, өлеңімді айтып» де­ген жолдың дұрыс нұсқасы «Айғайлап ән сап, таба алмай жүрмін» болып жазылғанын ес­тігенін баян етеді. Кім біліпті, кейін ақын­ның өзі әлдебір себептермен өзгертті ме, әлде баспа (басылым) редакторларының ұйға­рымы солай болды ма, тап басып айту қиын, бірақ, қалай айтқанда да, «арман не, құр­бым» деген бунаққа «өлеңімді айтып» тіп­ті де ұйқасып тұрған жоқ, ал «таба алмай жүр­міннің» жөні басқа.
Осы тұста кейінге қалдырмай айта кетер тағы бір жай бар. Ақын осы шығарма­сын­да бір тармақтағы көршілес буындарды үйлесімді ұйқастармен әдемі жұптастырған: «Оқ тиді келіп, қайратым кеміп», «Көрсетпей жү­зін, естіртпей сөзін», «Қайратым қайда, кел­ші осындайда», «Қолымда найза, шағы­лып айға». Бұлайша бір жолдағы екі буынды ұй­қастыру сирек кездесетін ізденіс екен­ді­гі­не қоса осы өрнектерге көз салғанда Абай­дың әйгілі «Сегіз аяғы» еске түсе кетпей ме: «Алыстан сермеп, Жақыннан тербеп» немесе «Өткірдің жүзі, Кестенің бізі». Ал «Сегіз аяқтағы» бұл өлшемнің түп-та­мы­ры фольклорда жатқанын қазақ өлеңінің құрылысын терең зерттеген Зәки Ахметов бастаған ғалымдарымыз әлдеқашан айтып қойған. Дегенмен, Қасым бұл өлеңінде сол ежелден бар үлгіні ұлы ұстазы Абай тәрізді әл­­дебір тың нәш-нақышпен және бір түр­лендірген.
Ал қайтадан жалпы мазмұнға оралсақ, ақыр­ғы шумақтың ақырғы жолында сізге, да­риға, сол қыз үшінші рет қол бұлғайды: «Қай­да екен, қайда, дариға, сол қыз?!». Бұ­дан бұрынғы бастапқы қайталауларда се­зімді сыздатып өтетін таныс жол енді өлең соңында өтеуі табылмастай өкінішке ұрын­дырады. Жау жеңілді, соғыс дүрсілі басылды, мамыражай күндер қайта оралды. Ал, дариға, сол қыздың қайда екені әлі белгісіз. Өлмеуге шақырған, қара түнектен сүйреп шық­қан, өмір сүруге соншалықты қызық­тыр­ған аяулы аңсардың дүние қайтадан бая­ғы тыныш қалпына келген мына шақта мүл­де табылмай қоюы мүмкін бе?! Табылма­са ше?.. Сырбай ақынның танымал шумағы осындайда ойға орала береді: «Кетерімде жыламадым, Өз қатарым көп болғансын. Кел­генімде егіліп шыдамадым, Соның көбі жоқ болғансын». Бұны бір десек, екіншіден, әр бөлімнің соңында қайталанып келіп оты­ра­тын осы жолдың арқасында («Қайда екен, қайда, дариға, сол қыз?!») әлдебір жүрек шы­мырлатарлық тәтті саз оқырманды үзі­ліс­сіз тербейді де отырады.
Енді өлеңді тұстастай оқып шығалық.

ДАРИҒА, СОЛ ҚЫЗ
І

Өңімде ме еді,
түсімде ме еді,
Көріп ем ғой бір
армандай қызды…
Бір нәзік сәуле
күлімдеп еді,
Сұрапыл соғыс
соқты да бұзды.
Сапырды дауыл,
тебіренді теңіз,
Тулады толқын,
шайқалды шың-құз…
Қып-қызыл өрттің
ішінде жүрміз,
Қайда екен, қайда,
дариға, сол қыз?!

ІІ
Оқ тиді келіп,
қайратым кеміп,
Барамын сөніп,
келмейді өлгім!
Тұрғандай сол қыз
жаныма келіп,
Талпына берді
қайран жас көңілім!
Көрсетпей жүзін,
естіртпей сөзін,
Қаһарын төгіп
тұр долы соғыс.
Арманым бар ма,
өлсем бір көріп,
Қайда екен, қайда,
дариға, сол қыз?!

ІІІ
«Келмейді өлгім,
келмейді өлгім,
Қайратым қайда,
келші осындайда», –
Дедім де тұрдым,
жүгіре бердім,
Қолымда найза,
шағылып айға.
Жеңдік қой жауды,
арман не, құрбым,
Күркіреп күндей
өтті ғой соғыс.
Келемін қайтып,
өлеңімді айтып,
Қайда екен, қайда,
дариға, сол қыз?!
Бұл өлеңнің мектеп оқулықтарына енгізілуінің көптеген себептері бар. Ал осындай оқулық-хрестоматияларға небір ірі ақындарымыздың әр қазақ білуге тиіс классикалық жырлары емес, ортақолдау немесе соған жақындау өлеңдерінің кір­гі­зі­летіндігі, сірә, сол кітапты құрас­тыру­шы­лардың асыл өлеңді тап баса ажырата алмайтындығының, әйтпесе, тақырып қуа­лау­шылықтың немесе шәкірттің түсінігіне әлгі шығарманың сай келмей­тіндігін ойлап әсіре сақтанудың салдары болса керек. Мұндайда олардың өлеңмен тісі шыққан қаламгерлермен ақылдаса салуы айыпқа бұйырылмас еді. Ал Қасымның әйгілі өлеңі­нің қолға қатесіз ілігуінің астары «Да­ри­­ға, сол қыздың» мол жан-жақтылығын­да жатыр.
Айталық, өлең біршама қысқа болғаны­мен панорама ауқымы сонша кеңдігі сол кезде өте үлгілі жайт болғаны даусыз. Әуел­гі баяндау – мұңсыз өмір, аяулы арман, со­сын бомба түсіп, граната жарылып, оқ ыс­қырған майдан даласы, одан соң оқ тиген солдат, сөне жаздаған жарық дүние, бұдан кейін қайта бой тіктеген қайрат, жеңілген жау, елге оралып келе жатқан жас қаһар­ман. (Біздің облыстық газетте жарияланған майдангерлер естеліктерінің бірінде: «Мен соғыстың не екенін майданға бірінші бар­ған күні көрдім. Әуеден бомба түсіп, снаряд жауып, жерде оқ қарша борап, дәрінің түті­нінен бұлтсыз күн қара түнекке айналғанда, біз бірнеше күнге дейін өз-өзімізге келе алмадық» дейтін жолдар бар еді). Әйтсе де, осының барлығының бергі жағында бәрібір әлгі бір ару қыздың сағым-елесі тұр, өш­пейді, өзгермейді, бірақ анық та көрінбейді. «Ақынның өлімі туралы аңызды» еске түсі­ріңізші: «…О, дүние!» деген даусы От ішінде сәл тұншығып, Өмір ақтық музыкасы Басталды да, қалды тынып… Айтып жұмбақ өлеңдерін, Аңыз болып бір сұлу жар, Желпіп жалын желектерін, Келе жатты от сұлулар!». Қалай дәл тапқан: Абдолла ақынды жал­ма­ған өрт – жалын желек, от сұлу. Мына өлең­дегі, дариға, сол қыз да сол майдандағы сол жалын желектің, сол от сұлудың тылда қалып қойған сирек сіңлісі секілді.
Тағы бір ерекшелік, өлеңде соғыстың барлық сипаты, толыққанды картинасы бар да, қыз портреті жоқ. Бұның астарында да көзге көрінбес шеберлік жатыр. Ақын соғысқа қатысты көркемдік барлық тәсіл­дерді (аллитерация, эпитет, теңеу, инверсия, т.б.) жүрек сағынышына қатысты бір ғана тәсілге – қайталауға («Қайда екен, қайда, дариға, сол қыз?!») жеңгізген. Қазақ әдебиеті теориясының білгірі Зейнолла Қаб­доловқа сүйенсек, «Фигураның (айшық­тау­дың) бір түрі – қайталау – сөз әсерін күшейте отырып, оқырман назарын айрық­ша аударғысы келген нәрсені не құбылысты бірнеше мәрте қайталап, айтар ойды, ұқты­рар сырды ұғымға мұқият сіңіре түсу». Қа­сым ақынның бұл өлеңде осы тәсілді пайдалану қажеттігін терең түйсінуінің ар­қа­сында біз қыздың жоқ портретін бар дүние ретінде қабылдаймыз және әлдебір арудың сөз жеткісіз көрік-келбетін көріп отырғандай тамсанамыз. Әсіресөзшіл идеологтар секілді кейде ақынның да бір міндеті «жоқты бардай, барды нардай ету» екенін тағы бір мәрте ұғынамыз.
Сондай-ақ, «Дариға, сол қыз» – өлең ға­на емес, ән. Және қандай ән екендігін сөз зергері Тәкен Әлімқұлов ертеректе айтып кеткен: «Терең сезім, менменсіз іңкәрлік, шалқыған арман оның «Қайда екен, қайда, дариға, сол қыз?!» деп келетін әйгілі өлеңіне ұласады. Сөзіне әні сай, әніне сөзі сай осынау махаббат гимні – әсершіл ақын жаны­ның жаңғырығы. Абайдың «Жарқ етпес қара көңілім неғылса да» атты өлеңімен, оған Сыдық Мұхамеджанов жазған әнмен қап­тал­дасарлық бұл шығарма Қасым лирикасы­ның да, музыкасының да шыңына жатады».
Дегенмен, 1977 жылы шыққан екі том­дық «Қазақ совет поэзиясының антологиясына» Қасым шығармаларынан енгізіл­ген бес өлең мен бір поэманың («Ақын өлімі туралы аңыз») қатарында «Дариға, сол қыздың» болмауы түсініксіз. Бәлкім, бұған антологияларға тән болып келетін көлем шектеулілігі әсер еткен шығар немесе антологияны құрастырушылар бұл туындыны ән есебіне жатқызды ма екен?! Олай дей­тіні­міз, әлденеше қайтара жарыққа шыққан қоңды «Қазақ әндері» жинағын былай қой­ғанда, 1988 жылы композитор Жоламан Тұрсынбаевтың құрастыруымен нотасы бірге жарияланған, осы заманғы белгілі композиторлар мен танымал сазгерлердің шығармалары іріктеліп алынған таңдаулы әндер жинағына да («Әнім сен едің», Алматы, «Өнер» баспасы) осы «Дариға, сол қыз» енгізілген. Әйтпесе, өлеңдік құрылымы жағынан жаңалыққа жетелейтін, махаббат тақырыбын жырлауы жөнінен өзіне дейінгі дүниелерге еліктеудің нышаны да байқал­май­тын бұл өлеңнің еш антологиядан шетте­тілер реті жоқ-ты.
Тағы бір гәп. «Бейбіт кезде, соғыстан бұрын тапшылау болған махаббат жырлары соғыс кезінде үрдіс көбейді және оны күстәналаған да ешкім жоқ», – деп куәлік етеді өзі де майдан кешкен тарлан ақын Жұбан Молдағалиев. Демек, «Дариға, сол қызды» бұл ретте де «жалғыз шапқан ат жүйрікке» балаудың жөні жоқ. Бұл өлең – соғыс кезінде, соғыстан соң махаббат тақы­рыбына арналған көп туындының ішінен көзге ерекше іліккен, көңілге дереу ұялаған шынайы сыр. Осы себептен де жазушы Жұмабай Шаштайұлының: «Исі қазақтың сол кездегі жастары Қасым өлеңімен «ауырып», ғашық болған қыздарына өз жандарынан шыққан «Дариға, сол қызын» жолда­ған», – дейтін сөзіне ешқандай күдікпен қарай алмасақ керек.
Бізге дейінгілер де талай мақалаларға өзек еткен «Дариға, сол қыздың» біртіндеп тарқата берерлік осындай жүйелі иірімдері жетерлік. Формасы әскери киімдей жинақы, мінсіз, соған орай эмоциялық қуаты да мартен пешінің жалынындай өткір, оған қоса психологиялық дәні де әбден толысқан бұл өлеңнің махаббаттың тозбайтын ше­жіре­сінің бір алтын парағы болып қала беретіндігі де сондықтан шығар.

Ертай АШЫҚБАЕВ.
Ақтөбе қаласы. 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір