Авторлар қоғамы кімнің қоғамы?
02.11.2018
1889
0

Қазақ авторларының құқығын қорғап жүрген ҚазАҚ-тың (Қазақ Авторлар қоғамының) ішкі жұмыстары, беделі, авторларға деген жанашырлығы қай деңгейде? Таяуда ТМД елдері бойынша Ресейде құрылған ЕАКОП ұйымына 25 тамызда құрылтайшы ретінде бекітілген алты қоғамның бірі ҚазАҚ екен! Соңғы бес жылдың өзінде шетелдік әріптестермен тізе қосып, қаншама маңызды мәселелер көтерген ұлтшыл қоғамның құрылғанына биыл 20 жыл толыпты. Соған орай ҚазАҚ қоғамдық бірлестігінің Бас директоры Байғали Есенәліні әңгімеге тарттық.


– Авторлар қоғамы бір жыл бұ­рын «Қазақ әдебиеті» газетіне ав­торлар тізімін жариялап, жина­лып қалған қаламақыларын алып кетуін сұраған еді. Мұндай жағдай сіздер­де жиі болып тұра ма?
– Иә, әр жыл сайын баспасөз беттері арқылы хабарландыру жариялап, дүниеден өтіп кеткен авторлардың мұрагерлерін, немесе ақшасы жиналып қалған қаламақы иелеріне іздеу саламыз. Соның арқасында көп авторлар немесе олардың мұрагерлері өздеріне бей­мәлім қаламақысын алып қуанып жатады. Қаншама іздес­тірсек те мұрагерлері хабар­лас­паған Естай Беркінбаев­тың қаламақысы 2015 жылы Қуат Есімханов деген аза­мат­­тың араласуымен Екібастұз қаласында тұратын 86 жастағы немересі Зекен әжейдің қолына табысталды. Жамбыл Жабаевтың да мұрагерлерін арнайы іздеп тауып, жиналған қаламақысын ұр­пақ­тарына табыс еткен бола­тынбыз.
– Қазір авторлар қоғамына мүше­лер саны нешеге жетті?
– Қоғам құрылған 15 жыл ішінде ақпарат құралдары мен арнайы іздестірудің арқасында ҚазАҚ-қа өз құқығын тапсырушы авторлар саны 3400-ге жетті. Қа­зақстандағы авторлық құқық жүйесінде болып жатқан келең­сіз­діктердің бәріне мойын бұрмай, алаяқ қоғамсымақтардың өзгелер­дің қалтасынан ұрлап ұсын­ған арам ақшасына қызықпай, ав­тор­ла­рымыздың 20 жыл бойы адал қыз­мет көрсетіп келе жатқан ҚазАҚ-қа сенім артуы бізге көр­се­тілген ең үлкен құрметі деп білеміз.
– Ресейдің авторлар қоғамына қарасақ, өз авторлары 26 мың екен де, шетелдік қоғамға мүше авторлар саны екі милилонға жуық. Сіздерде шетелдермен байланыс қай дәре­же­де, шетелдік авторлар саны неше?
– ҚазАҚ шетелдік әріптес­термен қарым-қатынасты кеңейту аясында да біршама жетістіктерге жеткені мәлім. Атап айтар болсақ, 2014 жылы ҚазАҚ өзара өкілдік жасау және мүдде қорғау жөнінде голландиялық «БУМА/СТЕМРА», румыниялық «UCMR-ADA» авторлық қоғамдарымен екі жақты тікелей келісім-шарт жасасты. Аталған келісім-шарттар РҚБ ҚазАҚ-тың шетелмен байланыс кеңістігін 9 мемлекетке ұлғайтты. 2013 жылдың қорытынды есебі бойынша екіжақты келісім-шарт­тар негізінде ҚазАҚ мүліктік құқығын басқаратын елдердің саны 131-ге, 2014 жылы 140-қа, 2015 жылы 142-ге, дәл кәзіргі кезең­де 150-ге жетіп отыр. ҚазАҚ өкілеттілік ететін құқықиелену­шілер саны дүниежүзі бойынша 4 миллион авторға жетіп отыр.
– 2014 жылы Душанбеде өткен Халықаралық семинарда Қазақстан авторлар қоғамы жайлы маңызды статистикалық мәлімет жариялан­ғанын білеміз. Осы жайында тар­қатып айтып берсеңіз.
– 2014 жылы қарашаның 11-13-і күндері аралығында Душанбе қаласында дүниежүзілік зият­кер­лік меншік ұйымының Еуро-Азия ынтымақтастығы, және Авторлар мен композиторлар қоғамдары­ның халықаралық конфедерация­сының (СИЗАК) Шығыс Еуропа және ТМД елдері жөніндегі директоры Митко Чаталбашев мырза және Тәжікстан авторлық агенттігінің бірлесіп ұйымдас­тыруы­мен «Авторлық құқық және авторлар құқығын ұжымдық басқару» тақырыбына арналған Халықаралық семинар болып өтті. Орта Азия мен Еуропа елдеріндегі 400-ден аса қоғам арасында Қа­зақстан авторлар қоғамының 20- орынға көтерілуі аса жақсы көрсеткіш екенін мақтана айтуға болады.
– Бір сөзіңізде «ендігі атқарыл­уы тиіс үлкен міндеттің бірі ав­торлар қаламақысын автоматты түр­де ес­еп­теп шығаратын ресей­лік «Ги­пер­г­равт» бағдарламасын ор­нату» деген едіңіз. Бұл бағдарлама жа­қын арада орнатылуы мүмкін бе?
– 20 жылдық қарсаңында өт­келі отырған жалпы жиналыста сол «Гинерграфт» бағдарла­ма­сы­ның таныстырылу рәсімі болмақ.
– ҚазАҚ-та бүгінде қандай түйткілді мәселелер бар?
– Соңғы кездері мерзімдік ба­сы­лым­дарда, телеарналарда ав­тор­лар құқығының бұзылуына бай­ланысты дау-дамайлар жиілеп кетті. Оның басты себебі: Ав­тор­лық құқық саласын түсінбеушілік. Өйткені бұл екінің бірі түсіне бермейтін өте күрделі сала. Оны депутаттар тұрмақ, әділет ми­нис­трлігі, зияткерлік меншік де­пар­тамент қызметкерлері де толық түсіне қоюы неғайбыл. Сондықтан да осы сала бойынша Заңға ен­гі­зілер әрбір өзгерісті бүкіл әлемдік тәжірибелерді мұқият зерттеп, осы салада қызмет атқарып жүрген мамандардың пікірімен санаса отырып енгізбесе үлкен қателік­терге ұрындыратынын айтудай-ақ айтып келеміз. Өкініштісі, тыңдайтын құлақ жоқ.
Сол үлкен қателіктерге негіз болып, он шақты жылдан бері даулы мәселелерді туындатып отырған 46-1 бап.
– Осы бап туралы таратып айтсаңыз…
– Әлемдік тәжірибе бойынша да, Республика Заңы бойынша да авторлық құқыққа антимоно­по­лия­­лық заңнама талаптары жүрмейді. Автор туындысы – оның жеке меншігі болып та­бы­лады (Авторлық құқық туралы заңның 2- бабының 2- тармағы). Сондықтан оны автордың айы­рықша құқығы деп атайды. Бұл айырықша құқық авторлық құқық туралы заңның 6 бірдей бабында нақты белгіленген. Тара­тып айт­сақ, әр автор өз құқығын өз еркімен келісім-шарт негізінде өздері құрған ұйымға (Авторлық қоғамға) басқаруға тапсырады (43-бап, 4-тармақ), ал ол ұйым автор берген өкілеттік бойынша ғана оның мүліктік (айырықша) құ­қы­ғын басқаруға тиіс. Автор туын­ды­сын пайдаланатын мекемелер­мен – концерттік ұйымдармен, театр­лармен, теле-радио арнала­рымен, көңіл көтеру мекемеле­рімен – лицензиялық келісім-шартқа отырып, қаламақысын жинап беруге сол ұйым ғана құқылы (44-бап 2-тармақ). Ол міндетті Қоғам тек автордың өзінің рұқсатымен атқаруы керек. Яғни, оған бөтен ешкімнің билігі жүрмеуі тиіс.
ҚР-ның «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Заңына 2009 жылы енгізілген 46-1 бап Заңның осы талаптарын жоққа шығарып, аккредитациясы бар болса – бітті, авторлармен жасалған шарты бар-жоғына қарамастан, әлгі мекемелерден автор қаламақысын жинай беруге құқық беріп қойған. Бұл бап бойынша, егер 10-15 адам жи­на­лып, жеке қоғам құрып, Әділет министрлігінің аккредитация комиссиясынан өтсе болды, ешкіммен келісім-шартқа отыр­май-ақ, бүкіл Қазақстан автор­ла­ры­ның да, дүниежүзі авторлары­ның да қаламақысын жинай беруге толық хақысы бар болып шыққан.
Қаламақысы күннен-күнге азайып бара жатқан шығарма­шы­лық қауымның орынды нара­зылығы күн санап күшейіп келеді. Бірнеше елдердегі автор құқығын қорғаушы ұйымдардан ескерту хаттар келіп жатыр. Байқап отыр­ған боларсыз, өз отандастары­мызды айтпағанда, ата заңдағы бұл қателік енді шетелге де мәлім бола бастады. Осы жерде бір мәселені айтпай кетуге болмайды. Украина еліндегі қателіктің басы дәл осы­лай басталған болатын. Корруп­цияға көпе-көрнеу заң арқылы жол ашып беру жақсылыққа апармайды. Бүкіл шығармашылық иелері мен өнер, әдебиет қайрат­керлерінің ашу-ызасын тудырып ақырында мемлекетке сор болған заңдағы қателіктің салдары Ук­раинада әлі жалғасын табуда. Бұл күнде ондағы авторлық қоғамның саны 21-ге жетіпті. Соның кесі­рінен авторлар қаламақыдан мүлде қағылған. Дамыған елдердің қатарына қосылуды мақсат тұтып, саналы тәртібі қалыптасқан өрелі ел болуға талаптанып жатқан кезеңде құлқынның қамы үшін елдің атына ұят келтірер заңсыз әрекеттерге бірлесіп қарсы тұра алмасақ елдігімізге сын.
– 2013-2017 жылғы авторлық сыйақының өсу деңгейіне назар салсақ, ең жоғарғы көрсеткіш соңғы жылдардың еншісінде екен.
– Бұл қарқынды жұмыстардың нәтижесімен келген дүние. Тіпті, Қоғамның Әлеуметтік қоры ту­ралы ережеге сүйене отырып, жағдайлары нашар авторлар мен мұрагерлерге Әлеуметтік қордан соңғы 5 жылда – 31 миллион теңгеден астам көмек көрсетілді. Соның ішінде 2013-2015 жылдар аралығында Чайковский атын­дағы Мәскеу консерватория­сының студенті, аса дарынды жас композитор Байтереков Санжарға Авторлар кеңесінің шешімі бойын­ша 1 053 000 тенге стипен­дия төленді. Осындай игі шаралар да өз жалғасын тауып жатыр.
– Алда қандай жоспарлар бар?
– Алдағы жиналыста авторлар қауымы сенім білдіріп жатса, бастаған күресті соңына дейін жеткізу. Өзім жанын да, жағдайын да жақсы түсінетін шығарма­шы­лық адамдарының құқығын қорғауды биігірек, таза жерге апа­рып қою.
– Әңгімеңізге рақмет. Істеріңіз алға баса берсін!

Сұхбаттасқан
Батырхан СӘРСЕНХАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір