«100 ЖАҢА ЕСІМ» ЖОБАСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫМЕН КЕЗДЕСУ
«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы жеңімпаздарының бірі – ғалым Хадичахан Рафикова. Күні кеше ғана Алматы қаласындағы №178 лицейде Хадичахан Сабыржанқызымен кездесу кеші өтті.
Хадичахан Рафикова бес тілде сөйлеп, шәкірттеріне үш тілде сабақ береді. Алматы қаласындағы Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде Химиялық технологиялар кафедрасының сениор-лекторы. «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасында жеңімпаздар қатарынан көрініп, Елбасымен жүздескеннен кейін бойымда өз-өзіме деген сенімділік пайда болды, — дейді Хадичахан Сабырқызы. – Көп жағдайда өзімізді бағалай бермейді екенбіз. Бар күшімді зерттеу еңбектеріме жұмсап қана жүре беріппін. Ғылыммен шұғылдану аса зор қажырлылықты талап етеді. Мен үшін ғылым жолында жүрген әрбір ұстаз, ғалым – өз ісінің шебері. Олар да үздік оқытушылар, олар да озат мамандар. Сондықтан да, «жетістікке жету сіздердің де қолдарыңыздан келеді» деп ынталандырудан шаршамаймын». Тағылымды әңгіме айтылған кездесу кеші оқушылар мен ұстаздар қауымына ұмытылмас әсер сыйлады.
Жанар БІТІМБАЕВА,
№178 лицей мұғалімі