Қазақтан шыққан Моцарт
…Сахнаға өрімталдай жас бозбала шықты да, пианино алдына жайғасып, өз туындысы ретінде хабарлаған классикалық шығарманы ойнай жөнелді. Салалы саусақтары бейнебір ақ-қара пернелер үстінде билеп жүргендей еркін қимылдайды. Зал толы көрермен сілтідей тынды. Жүрек түкпіріне терең бойлап, ой-қиялға қанат бітірген ғаламат музыка аяқталысымен, бәрі түгел орындарынан тұрып, ұзақ қол шапалақтады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Қазақтың 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздарын құттықтауға арналған салтанатты кеште теңдессіз талантымен талайды тамсантқан бұл жас композитор Рахат-Би Әбдісағин болатын.
Осы кеште Елбасымыз дарабоз өреннің өнерін, тіпті, Моцарттың өзімен тең бағалапты. Ал Тұңғыш Президент күніне орай «Қазақтың 100 жаңа есімі» жобасының жас жеңімпаздарымен кездесуінде: «Әдетте мен ұйықтар алдында Моцартты тыңдаймын. Адамды тыныштандырады. Оған бейне аспаннан, ғарыштан тылсым күш келген сияқты болып көрінеді. Мұндай музыка жайдан-жай пайда болмайды ғой, солай ма?! Сенікі сияқты. Енді мен сені тыңдайтын боламын», – деген еді. Бар болғаны он жасында қазақ музыка кеңістігін дүр сілкінтіп, алғашқы классикалық шығармасын дүниеге әкелген әлемдегі ең жас кәсіби композитор Рахат-Би Әбдісағин осыдан кейін ел арасында «Қазақ Моцарты» атанып кетеді.
Ол бала күнінен өнерге жақын болып өскен. Сурет те салатын, жұмсақ ойыншықтар жасаумен де айналысатын. Алайда ішкі жан дүниесін сыртқы әлемге танытуға музыка көмектесіпті. Қатарластарынан озық туған өнерлі жеткіншек он үш жасында Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық Өнер университетіне оқуға түсіп, Италияның Бергамо қаласындағы Санта-Сесилия музыка академиясында Константин Богиноның сыныбында қатар білім алады. Мұқан Төлебаев атындағы жеті жылдық музыка мектебін төрт жылда үздік бітіреді. Он жеті жасында Қазақ Ұлттық Өнер университетінің магистратурасына қабылданып, Мәскеудегі П.И.Чайковский атындағы мемлекеттік консерваторияда тәжірибеден өтсе, он сегіз жасында өнертану ғылымының магистрі атанып, Рим қаласындағы Санта-Сесилия академиясының докторантурасына қабылданған. Ол – «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының ең жас иегері. Тәуелсіз Қазақстан тарихында он жеті жасында ТМД Парламентаралық Ассамблеясының «Мәдениет пен өнерді дамытудағы ерен еңбегі үшін» Құрмет белгісімен марапатталған ең жас әрі жалғыз мәдениет қайраткері. П.И.Чайковский атындағы Халықаралық музыка байқауы лауреаттары ассоциациясының мүшесі. Батыс және шығыс музыка мәдениеті тарихының білгірі. Музыкатану оқулықтарының авторы. Оның 14 жасында жарық көрген «Математика және қазіргі заманғы музыка» атты ғылыми еңбегі мамандардың жоғары бағасына ие болған. Жасы он тоғызға енді ғана толған вундеркинд музыкант – симфониялық оркестрге және әр жанрдағы камералық ансамбльдерге арналған жүзден аса классикалық музыкалық шығармалардың авторы.
Оның туындылары өз елімізден бөлек, Прага, Лондон, Вена, Париж, Берлин, Мюнстер, Лос-Анджелес, Байройт, Франкфурт, Бейжің, Сеул, Анкара, Ыстамбұл, Мәскеу, Санкт-Петербург, Киев, Ялта, Бергамо, Грац, Мюрццушлаг, Аркей, Аликанте, Теулада-Морайра, Каир, Амман, Александрия сынды әлемнің ірі қалаларының сахналарында орындалып, классикалық музыканың талғампаз тыңдармандарын тәнті еткен. «Қазақ рапсодиясы» атты шығармасы АҚШ-тың Оңтүстік Иллинойс университетінің «Discography» атты XV ғасырдан бастап әлемдік классиканың үздік үлгілері жинақталған Әлемдік қорына енген. Оның туындыларын Еуропа, Азия және Американың симфониялық оркестрлері мен камералық ансамбльдері, атақты солистері орындайды. Композитордың замандас досы, белгілі ресейлік дирижер Дмитрий Крюков өз таңданысын былайша білдіреді: «Мені оның осы күнге дейін істеген жұмысы немесе небәрі 19 жасында игерген шексіз білімі емес, мені таңғалдыратыны басқа – оның бойындағы шығармашылық қуаты, музыка тудырудағы шексіз мүмкіндігі. Енді он жылдан кейін қандай туындылардың өмірге келерін ойлаудың өзі қорқынышты. Бұл – шынымен-ақ, құбылыс».
Әлем назарын өзіне аударған талантты музыкант өткен аптада өз еліне естен кетпес тарту жасады. «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының Үлкен залында елордамыздың 20 жылдық мерейтойы аясында «Зымыран – Заман» атты авторлық концертін өткізді. Классикалық музыка кешіне Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты. Екі бөлімді концертте Ресей Үлкен театры мен Мемлекеттік академиялық симфониялық капелласының дирижері Дмитрий Крюковтің дирижерлік етуімен кеш иесінің «Романтизм жаңғырығы», «Өмірге құштарлық», «Тәңір тұрағы», «Нұрлы жол», «Тастүнектің арғы жағы», «Тым-тырыстың тырсылы», «Зымыран – Заман», «Қазақ рапсодиясы» атты барлығы сегіз симфониялық шығармасы орындалды. Бұл орайда композитордың өзі былайша ағынан жарылады: ««8» – симметриялық сандардың бірі, кемелденудің шағын көрінісі, ал көлденең күйінде – шексіздіктің белгісі. Мұны жай ғана сәйкестік деп ойламаймын».
Жас та болса, тұма таланты пен алғыр ойын қатар ұштастыра білген дарабоз өнерпаз: «Ғылым мен музыка бір-бірімен тығыз байланыста. ХХІ ғасыр – даму мен жылдамдық дәуірі. Мен он төрт жасымда «Математика және заманауи музыка» атты ғылыми еңбегімді жаздым. Мәскеуде ғылыми жобалар жарысында 1-орын алған осы жұмысым арқылы математика мен музыканың органикалық тұрғыдан өзара тығыз байланысты екенін көрсеттім. Онда менің тұжырымдамаларым көрініс тауып, тарихи сараптама да жасалды. Пифагор, әл-Фараби зерттеулері жалғастырылып, алғаш рет нөл (математикада), кідіріс (музыкада), қуыстық (әлемде) ұғымдары енгізіліп, олардың өзара қарым-қатынастары айшықталды. Ал он екі жасымда интеграл сериализм техникасын қолдана отырып жазған «Петроглиф» атты шығармамда ғарыш туралы көзқарасымды жеткіздім. Біз, бәріміз де аспанға, жұлдыздарға қараймыз. Оны болашаққа балаймыз. Шындығында, ол – өткен шақ. Жарық секундына 300 мың шақырымды еңсереді. Ол күннен жерге дейін 8 минутта жетеді. Ал бір галактика мен екіншісінің арақашықтығы миллион жылдарды құрайды. Сондықтан бір жұлдызға қарағанда, оның қазіргі бейнесін емес, миллион жылдар бұрынғы кейпін көреміз. Дәл осы ұғым секілді, петроглифтер өткен тарихтан сыр шертеді. 2013 жылы Киевте «ІІ Гольфстрим» фестивалінде орындаған «Тоннель түбіндегі жарық» атты туындымның құрылымын Эйнштейннің гравитация теориясымен байланыстырдым. Мұндағы дыбыс, тіпті, тыныштық та сол теориямен үндестік табады. Жалпы, қай шығармамды алсақ та, ғылыми теориялармен үйлесім тапқан», – деп тереңнен толғайды.
Алматыдағы №159 мектеп-гимназияда қазақ тілінде білім алған Рахат-Би орыс, итальян, испан тілдерінде еркін сөйлейді. Енді француз, неміс тілдерін үйреніп жүр. Он екі жасынан ағылшын тілінде дәріс оқиды. Қазір Римде 1585 жылы Рим Папасының ықпалымен ашылған Санта-Сесилия музыка академиясының докторантурасында білім алуда. Рахат-Би Төлегенұлы – Санта-Сесилия тарихында музыка академиясына түскен ең жас докторант және ең алғашқы қазақстандық. Аталған оқу ордасына кез келген талант түсе алмайды. Өзінің айтуынша, алдымен талап бойынша академия сайтына өз өтінішін, сосын өзі жазған барлық туындысын жіберген. Жүздеген үміткердің ішінен тек 14-і ғана соңғы емтиханға жіберілген. Олардың 13-і –итальяндықтар да, біреуі – біздің Рахат-Би. Оксфордтың РһD-ін тәмәмдаған, тіпті, арнаулы оқу орындарында оқытушы болып қызмет ететін итальяндықтардың жасы орта есеппен 35-те болған. Соңғы сынақта үздік 14-тің тек бесеуі ғана оқу ордасына түсе алған. Сол бесеудің бірі – біздің Рахат-Би. Бүгінде жас музыкант маэстро Иван Феделенің сыныбында талантын ұштауда. Халқымыздың үкілі үміті келешекке былайша көз жібереді: «Елбасымыз «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында ұлттық кодты сақтаудың мән-маңызына айрықша тоқталған болатын. Композиторлық мектебіміздің жаңа буыны ұлттық кодты сақтай отыра дүниежүзілік заманауи жетістіктерді меңгеріп, өз мақсаттарына пайдаланып, әлемге таныла алады. Біз қазір әлем халықтары мәдениетінің белсенді диффузиясы заманында өмір сүрудеміз. Сондықтан, әлемдік мәдениетте қазақ елінің ұлттық мәдениеті ойып тұрып орын алуы керек. Ұлттық мәдениет бүгінгі заманмен үндестікте болғаны абзал».
«Музыка – адамның ой-санасына терең әсер ететін мықты құрал» деп ойлайтын жас таланттың, қас таланттың алға қойған биік мақсаттарына сүрінбей жетеріне бек сенеміз.
Мәдина Сейітмағамбетова