Ресейде талантты адамның таза болуы сирек
30.10.2018
1171
0

***

Өмірдегі Чехов өзінің шығармаларындай шырайлы еді. Ол аса кеңпейіл, адал өнегелі, инабатты, сезімтал, жұмсақ мінезді және әдепті, әділетті, ерекше шынайы, қарапайым, сергек, барынша ақиқатшыл, нәзікжанды жайсаң адам болды.

И.Бунин


Одан көз жазып, қатты өкініп қала бердік. Әрбір сөзі, қарағаны, жымиғаны, қимылы, жүріс-тұрысы ғажап әсем жаратылысты ақсүйек жан екенін танытатын еді.

А.Куприн


Антон ЧЕХОВ:

***

*Егер әйелің саған опасыздық жасаса, онысына қуан, ол Отанға опасыздық жасаған жоқ қой?!
*Университет барлық қырыңды, оның ішінде надандығыңды да жетілдіреді.
*Кейбір жасөспірімге сыртынан қарасаң, сүйкімді, ал ішіне үңілсең, – тозаң.
*Біреуді ұнатар-ұнатпасыңды біле алмасаң, көзіңді тарс жұм да, оны қасыңда да, басқа жерде де жоқ деп ойла. Сонда ол жоқ болады, – рахат!
*Ластан лас болмауды талап етуге болмайды.
*Саусағыңа тікен қадала қалса: «Көзіме қадалмағанын айтсаңшы!» деп қуан.
*Ақымақтар мен әулекілер ғана бәрінбілгіш болады.
*Аурудың ауруды жеңілдететіні болады. Тісі қақсап отырған мысықтың құйрығын басып қалсаң, тісін ұмытып кетеді.
*Ел-жұртсыз, ұшы-қиырсыз тақыр далада талығып жалғыз отырғаннан жоқтан өзгені бұтып-шатып сөйлей беретін сөзжадының жанында отырып сарылған ауыр.
*Бос уақытым көп болсын десең, қыбыр етпей отыр.
*Адам ақылды, ыждағатты болған сайын өмірі мәнді бола түседі.
*Бойыңдағы құлдық сезімің­нен тамшылап болса да шығарып құтыл.
*Малғұн болғысы келгенге бөгет жасама.
*«Циник» – грек сөзі. Орыс тіліне аударғанда: өзінің шошқа екенін басқалар біліп жүрсін дейтін шошқа.
*Егер адам атаулы бір жерге жиналып, адал болуды ұйғарса, ақырзаман жетті дей бер.
*Ресейде талантты адамның таза болуы сирек.
*«Өзіңді өзің тани біл» дегендердің қалай тани білуді үйретпейтіндері өкінішті.
*Парижге әйеліңмен барғаның – Тулаға самауырыңды ала барғаның.
*Әрқашан жақсы сөз айтып, ақыл үйретіп жүретіндердің біразы – надан.
*Түптің түбінде шындық жеңеді деседі, әй, сол сөздің түбі жоқ шығар!
*Өмірдің қадір-қасиетін білмейтіндерге шенеунік болғаннан басқа жол жоқ.
*Ақылдымси беретін ақымақтармен сөйлесіп жарымайсың.
*Жазушы болу оңай. Өзің сияқтыны тауып алып, ұсақ-түйекті бұтып-шатып жаза бер.
*Шығармашылықтың нәрін тата білгенге одан тәтті ештеңе болмақ емес.
*Сұлу сөйлеуді көксеме, түсінікті сөйлеуді ойла.
*Сүйе білу және сүйікті бола білу – нағыз бақыт.
*Қысқа да нұсқа жазу – дарындылық.
*Таза еңбексіз өмір татымды болмайды.
*Өнер, дарын иесіне кәрілік те, жалғыздық та, ауру да жоламайды, ажал аяғын аңдап басады.
*Ресейде философия жоқ, бірақ қылаяғы қиқоңызға дейін философ сияқтанып әуре.
*Кейбір жігіттер сыртынан қарасаң, – сұлтан да, ішіне үңілсең, – жәдігөй.
*«Темекі тартатын қыздың ернін сүю күлсалғышты сүйгенмен бірдей» деп жүретіндердің «күлсалғышты сүйіп» тынатыны қызық!

Орыс тілінен
тәржімалап ұсынған
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір