Ақын мен Ардың мерекесі
Осыдан жетпіс жыл бұрын қазақ поэзиясына өзгеше құбылыс болып «Ар» өлеңдер жинағы қосылған еді. Кітаптың авторы жиырма жастағы Қуандық Шаңғытбаев, ал жас ақынның алғаш тұсауын кесіп, батасын берген ұлы жазушы Мұхтар Әуезов болатын. Өкінішке қарай тарих парақтары «Ар» жинағының солақай саясаттың құрбаны болып үлкен сынға ұшырап, өртелгенін, автордың қудаланып, біраз қиындық көргенін айтады.
Алайда, кітап өртеліп, жойылғанымен өнерді, соның ішінде сөз өнерін ешқандай күш көміп, өшіре алмасы анық. Өз заманында тағдырдың бар сынағын сабырмен жеңе білген, қайталанбас талантымен қазақ өлеңінің Шайыры биігіне дейін көтерілген ақынның туғанына 90 жыл, тырнақалды жинағы «Ар» кітабының жарық көргеніне 70 жыл толып отыр.
Осы мерейтойлар аясында С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап кітапханасының «Қаламгер» әдеби орталығы «Ақын мен «Ардың» мерекесі» атты әдеби кеш өткізді. Ақын Қ.Шаңғытбаевтың өмір жолымен шығармашылығы туралы фото-слайдпен «Жыр зергері» кітап көрмесі көрермендер назарына ұсынылды.
Әдеби кешке Ақтөбе қаласының әдебиет өкілдері, ақын-жазушылары мен жас ақындар, қаламыздағы мәдениет және өнер мекемелерінің қызметкерлері қатысты. Кешті ақын, Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының лауреаты Ертай Ашықбаев жүргізді. Сөз кезегінде ақын, аудармашы, көсемсөз шебері Мейірхан Ақдәулетұлы және ақын, Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының лауреаты Ертай Ашықбаев Қ.Шаңғытбаевтың қиындыққа толы өмірі мен шығармашылығы, адамдық қасиеттері, ешкімге ұқсамайтын табиғаты туралы және «Ар» жинағының шығу тарихын әңгімеледі.
Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Кәрім Айнабеков өзіне ұстаз санайтын ақынды ең алғаш көрген сәті туралы баяндаса, сатирик — жазушы Төрежан Мәндібай Қ.Шаңғытбаевтың аударма саласында Омар Хайямнан аударған өзгеше өрнегі бар өлеңдерінен мысалдар келтірді. ҚР мәдениет қайраткері, әдебиет жанашыры Еркін Құрманбек ақынның қарапайым болмысы туралы естелігімен бөлісіп, ақынның сөзіне жазылған әндердің шығу тарихын айтып өтті. Кеш барысында Қ.Шаңғытбаевтың сөзіне жазылған І.Жақановтың «Ойыл толқыны» әні орындалып, ақынның өлеңдері оқылды.