«ӘЛ-АУҚАТТЫҢ ӨСУІ – ӘДЕБИЕТТІҢ ДЕ ӨСУІ»
(ЕЛБАСЫ ЖОЛДАУЫНА ОРАЙ ПІКІР БІЛДІРГЕН ҚАЛАМГЕРЛЕР ОСЫЛАЙ ДЕСТІ)
Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі. Табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына кезекті Жолдауын талқылау жиыны өтті. Жиын барысында қаламгерлер Жолдауда айтылған мәселелерді талқылап, өз ойларын ортаға салды.
Бауыржан ЖАҚЫП, ақын,
Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары
Қадірлі қаламгерлер!
5 қазан күні Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына кезекті Жолдауы болғанын баршаңыз білесіздер. Жолдау бұқаралық ақпарат құралдарында толығымен жарияланды.
Биылғы Жолдау «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі. Табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» деген тақырыпта жолданды. Жолдау халық табысының өсуі, тұрмыс сапасын арттыру, өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру, азаматтардың сұранысына бейімделген мемлекеттік аппарат, тиімді сыртқы саясат, әрбір қазақстандықтың еліміздегі өзгерістер үдерісіне атсалысуы сынды бірнеше тараулардан тұрады. Елбасының сөзін өздеріңіз тыңдадыңыздар. Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктерін түйіп-түйіп кіріспе сөзінде айтты. Мәселен, ең бірінші айтқаны – халық санының он сегіз миллионнан асқандығы, соңғы жиырма жыл ішінде шетелден инвестиция тартудың жоғары деңгейде өскендігі. Содан кейін жүз тоқсан елдің ішінде дүние жүзілік банктің бизнес жүргізу рейтингісінде Қазақстанның отыз алтыншы орынға көтерілгені. Жолдаудағы тағы бір көңіл бөлетін жайт – 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 1,5 есеге, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсетіндігі. Үш жылдың ішінде қосымша өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес экспортты қолдауға 500 млрд. теңге бөлінбек. Басымдығы бар жобаларға қолжетімді несие беру үшін Ұлттық Банкте кемінде 600 млрд. теңге көлемінде ұзақ мерзімге қаржы бөлу тапсырылды. Міне, осындай түйінді мәселелер айтылды. Бюджеттік сала қызметкерлерінің, мұғалімдердің, денсаулық сақтау саласы, полиция қызметкерлерінің жалақысын өсіру жөнінде де айтылды. Бұл өте оңды мәселе деп ойлаймыз. Тағы бір үлкен мәселе – келесі жылдан бастап Астанада Ұлттық Ғылыми онкологиялық орталықтың құрылысы басталатындығы. Бұдан бұрын «100 мектеп», «100 аурухана» жобасы аясында қаншама мектептер мен ауруханалар салынды. Биылғы Жолдауда халық жиі шоғырланған жерлерде 100 дене шынықтыру және сауықтыру кешенін салу туралы айтылды. Енді біз Жолдауда өзімізге, яғни руханиятқа жақын дүниені қараймыз ғой. Елбасы бұл Жолдауда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жаппай қолдауға ие болып, қоғамдағы жаңғыру үрдістеріне зор серпін бергендігін айта келе, «Бұл бастаманы әрі қарай жалғастырып қана қоймай, оның аясын жаңа мазмұн, жаңа бағыттармен толықтыру қажет», – деді. Осы бағытта біздің Жазушылар одағының да «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында біраз шаруалар атқарып жатқаны бәріңізге белгілі. Солардың қайсыбіріне тоқталар болсақ, мысалы: жақында «Ақ ордалы – Астана» халықаралық жыр фестивалі, Астанада Еуразиялық халықаралық форум өтті. Оған осында отырған көбіңіз қатыстыңыздар. Форумға шет елдерден, Қазақстаннан көптеген қаламгер қатысты. Мысалы, авторлық құқық объектісіне құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы куәлік деген бар. Ол Әділет министрлігінде тіркеледі. Соның жобасын автор ретінде біз өзімізге алсақ, жыл сайын сол шараны өткізу Жазушылар одағына тапсырылып, оның тиісті қаражаты да біздің одаққа беріліп отырады. Міне, осы мақсатта бес бірдей жобаны Жазушылар одағының авторлық құқығына алдық: «Рух» халықаралық әдеби конкурсын, Халықаралық айтыс жобасын, Еуразиялық халықаралық әдеби форум мен Балалар жазушыларының халықаралық форумын жылда өткізу куәлігін алдық. «Әдеби өлкетануды дамыту» деген бағытта жұмыстар жүріп жатыр. Баяғы әдебиетті насихаттау бюросы жоқ қазір. Бірақ белді-белді қаламгерлер жер-жерге шығып, сонда кездесулер өткізіп, оқырмандармен жүздесіп тұруына жыл сайын мемлекеттен қаражат бөлініп отырады. Міне, осындай шаруалар істеліп жатыр. Осының барлығы «Рухани жаңғыруды» елдің санасына сіңіру мақсатында жүргізіліп жатқан шаруалар деп ойлаймыз. Келесі жыл, яғни 2019 жыл Жазушылар одағының 85 жылдығы. Бұны да тиісті деңгейде атап өту жөнінде жоғарғы жаққа құлаққағыс етіп жатырмыз.
Елбасының Жолдауында айтылған мәселелердің ішіндегі ең бір өзектісі – келесі жылды Жастар жылы деп жариялауы. Біз қашанда жастарды қолдаймыз. Әдебиетке жаңа толқын келуі керек, оларға қолдау жасау қажет. Жастардың әлеуметтік мәселесі шешілмесе, олардан қандай шығармашылық күтуге болады? Сондықтан, келесі жыл Жастар жылы деп жарияланғанының өзі бізге үлкен тірек болып тұр. Өткенде Жазушылар одағына қабылдау комиссиясының отырысы өтті. Сонда жиырмадан астам талантты жасЖазушылар одағына қабылданды. Оларды Жазушылар одағына қабылдап қана қою емес, шығармашылығына жол ашу, кітаптарын шығару, әлеуметтік жағдайын шешу сынды көптеген мәселелер бар. Жақын арада Түркітілдес елдер жастарының форумы өтеді. Міне, осындай көптеген дүниелер жоспарлануда. Бұл туралы баспасөз бетінде талқылаулар да болып жатыр.
Елбасы әр Жолдауында халықтың әл-ауқаты деген мәселені бірінші орынға қояды. Сондықтан осы мәселелер төңірегінде өз пікірлеріңізді ортаға салып отырсаңыздар.
Марал ЫСҚАҚБАЙ, жазушы,
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері
СТУДЕНТ КЕЗІМІЗДЕ КОСТЮМ ТІКТІРІП КИЕТІНБІЗ
Біздің тіршілігімізде көз алдымызда тұрған оп-оңай нәрселер бар. Соны шешу де оп-оңай болу керек деп ойлаймын. Мысалы, мен де өзімізде тігілген костюм, өзімізде тігілген аяқ киім кигім келеді. Бұл енді ең бір қарапайым нәрселер ғой. Кезінде бәленбай жеңілөнеркәсіп, фабрикаларымыз бар республика едік. Солардың бәрін қалпына келтіру керек деп ойлаймын. Оңтүстік аудандарымыздың бәрі мақта өндіреді. Ал сол мақта қайда кетіп жатыр? Баяғыда сол мақтаны өңдейтін, текстильді фабрикаларымыз бар еді. Маталардың түр-түрі болатын. Студент кезімізде солардан костюмді өзіміз тіктіріп алушы едік.
Біз – әлемге мұнай шығарып жатқан елміз. Мұнайлы елде қандай мықты экономист болу керек? Қаншалықты үлкен ұйымдастырушы болу шарт? Мысалы, «100 мектеп», «100 аурухана» салайық деді үкімет. Салды. Міне, бұл нақты бағдарлама болғандықтан жүзеге асты. Сол секілді «Текстильді көтеруіміз керек, міндетті түрде екі фабрика биыл жұмыс істейтін болсын. Оңтүстіктің мақтасының бәрі шетелге босқа кетпесін. Содан өзіміз мата тоқитын болайық, осыны биыл не келесі жылы қолға алайық» деп үкіметіміз тағы да іске кіріссе болар еді… Жалпы, өзім Елбасы Жолдауын қолдаймын!
Ахметжан АШИРИ, жазушы,
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері
АУЫЛДАРҒА ШЫҒЫП, ЕЛБАСЫ ЖОЛДАУЫН НАСИХАТТАЙЫҚ
Елбасымыздың Қазақстан халқына Жолдауын тыңдадым. Барлығы жақсы. Айтылған нәрселер халық үшін істеліп жатқан шаруа деп ойлаймыз. Елбасының «осыны жүзеге асыруға барша қазақстандықтар үлес қосуы керек» деген сөзі бар. Бұл «Рухани жаңғырудың» жалғасы екен. «Рухани жаңғыру» бойынша біраз шаруалар істедік. Ал енді осы игілікті істі жалғастыра беру үшін Жазушылар одағы басқармасында үлкен жоспар құруымыз керек. Белгілі қаламгерлерден құрылған Кеңесіміз, 800-ден аса жазушымыз бар. Әрбіріміз әр жақта тұрамыз. Ауылдарда тұратыны бар. Сондықтан Жазушылар одағы басқармасында бәріміздің басымызды қосып, жұмылдырып отыратын тиянақты бір жоба болуы керек деп ойлаймын. Сол жобамен билікке шықсақ, бізге ептеп ақша бөледі. Содан кейін ауылдарға жолға шығамыз, Елбасы Жолдауын насихаттаймыз, ойларымызды айтамыз.
Тағы бір айта кететіні, елімізде үлкен жолдар салынып жатыр. Мысалы, Түркияда жолға ақы төлейді. Ал бізде бұлай жасауға әлі ерте сияқты. Бірақ жолдың салынып жатқаны өте жақсы. Жол салған адамға Алладан сауап болады. Сосын туризмді жандандыру деген – өте жақсы бастама. Осы Жолдаудағы тағы бір көтерілген ең өзекті мәселе – ауылды жерлердегі медицинаны көтеру.
Жалпы, мен жазушы ретінде Елбасының халыққа жолдаған кезекті Жолдауын қолдаймын.
Любовь ШАШКОВА, ақын
ЖОЛДАУДА АЙТЫЛҒАН МӘСЕЛЕЛЕРГЕ ӨЗ ҮЛЕСІМІЗДІ ҚОСУЫМЫЗ ҚАЖЕТ
Қазіргі таңда әлемде болып жатқан түрлі жағдайлар, экономикалық дағдарыс, тағы да басқа мәселелер Елбасының алдыңғы «Рухани жаңғыру» бағдарламасында да, жаңа Жолдауында да айтылды. Бұл қоғамдық ұйымдар мен шығармашылық ұйымдарға жасалған үндеу секілді көрінеді. Бізге де осы мәселелерге үн қатып, үлес қосуымызды меңзейтіндей. Халықтың біраз бөлігінің әлеуметтік жағдайы, әсіресе, жастар жағдайы көңіл қуантарлық ахуалда емес. Олардың көбінің үй-күйі жоқ, қаламақысы аз, кітап шығарайын десе қаржысы жетіспейді. «7-20-25» бағдарламасы шетелмен салыстыруға келмесе де, баспана мәселесін шешуге оң қадам деп ойлаймын.
«Жұлдыз», «Простор» журналдары, «Қазақ әдебиеті» газеті шығармашылықтан басқа да әлеуметтік жағдайларға да көбірек көңіл бөлуі керек. Сонымен қатар, спорт жағына да баса назар аударған жөн. Қазіргі таңда балалар қалай өсіп жатыр, мектеп жағдайы қалай деген мәселелерді де басты назарда ұстауымыз керек. Жолдауда берілген тапсырмалардың орындалуына біз де өз үлесімізді қосуымыз қажет.
Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ,
жазушы, драматург, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері
ЖАС АҚЫН-ЖАЗУШЫЛАРҒА ЖАҒДАЙ ЖАСАУЫМЫЗ КЕРЕК
Кез келген Жолдау Жазушылар одағына тікелей қатысты. Өйткені Елбасы «Рухани жаңғыруға» қатысты барлық жұмыстарына Қазақстан Жазушылар одағы қатысады деп айтқан болатын. Бұл бізге үлкен мәртебе, үлкен мүмкіндіктер береді. Өкінішке орай, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы басталғанда біз үлкен жобалар жасаған жоқпыз. Осында айтылған, «Рухани жаңғырудың» кез келген саласына Жазушылар одағы қатысуға құқылы. Ал енді биылғы Жолдауға келетін болсақ, мұндағы ең үлкен әңгіме – «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі. Табыс пен тұрмыс сапасын арттыру». Бұл – Жазушылар одағына тікелей қатысты мәселе. Егер жазушының тұрмыс жағдайы төмен болатын болса, күнін көре алмай жүрсе, ол қалай жазушы болады? Сондықтан Елбасының биылғы Жолдауында «жазушыларға мынандай жағдай жасау керек» деп тікелей айтылмаса да, көп нәрсенің шетін көрсетіп тұр. Тағы бір айта кетерлігі, келесі жыл Жастар жылы болады деді. Өте жақсы. Осыны пайдаланып, жастарға жағдай жасауды мықтап қолға алуымыз керек. Мысалы, жас ғалымдарға 1,5 млрд. теңге грант бөлді. Ал жас жазушыларға қанша грант бөлінді? Ең бері дегенде, 150 миллион теңге бөлуге болатын шығар… Оны бізде ешкім қозғамайды да, айтпайды. Ең үлкен мәселе, жас ақын-жазушыларға жағдай жасауды қолға алу керек. Кезінде әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін шығаруға 2 млрд.-қа жуық қаржы бөлінді. Ал енді оған сатып алу қосылды. Сондықтан әдебиеттің әлеуметтік маңызы бар түрлері газетке міндетті түрде шығуы керек. Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығаруға, сатып алуға бөлінген ақша қалай жұмсалуда? Қай жазушы шығарып жатыр, қандай баспа алып жатыр, ол ақша қайда кетіп жатыр? Міне, осыған есеп берілуі керек. Ол мәселе газетте жарияланып, жыл сайын әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алуға және шығаруға кіретін авторлардың тізімі де осы жерде талқылануы қажет. Жазушылар одағы бұған белсене араласуы керек.
Аян НЫСАНАЛИН,
ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты
ӨЛКЕТАНУҒА ҚАТЫСТЫ ДА ҮЛКЕН ШАРАЛАР ӨТКІЗУГЕ БОЛАДЫ
Жолдау жақсы. Мұнда көтеріліп отырған мәселелерді қолдау керек. Баяғыда Шерхан Мұртаза:«Президент біреу, халық оған тіреу болу керек» деп айтқан. Бәріміз тіреу болуымыз қажет. Бұл – бір. Екіншіден, Ыстамбұл қаласының 18 миллион тұрғыны бар екен. Бір журналист соны әл-ауқат жөнінен Қазақстанмен салыстырған. Олар бізге қарағанда әлдеқайда жақсы тұратынын айтады. Ал мына Жолдауда халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру керек деген мәселе жақсы қозғалған деп ойлаймын. Тағы бір айта кететіні, агрокешенді, жеңіл және ауыр өнеркәсіпті көтеру мәселесі де өте жақсы айтылған. Өлкетануды да жандандыру жағы сөз болыпты. Жұбан Молдағалиевтың кезінде Батыс Қазақстанда «Қазақ әдебиетінің» күндері өткен. Оңтүстікте де өткен. Меніңше, осыны жалғастыру керек. Өйткені «Қазақ әдебиеті» насихатсыз. Рухани аштыққа ұшырап отырмыз қазір. Мына Жолдауды қолдай отырып, осыны жолға қою керек деп ойлаймын. Жолдауда «Ауыл – ел бесігі» деген тамаша бағдарлама бар екен. Жазушылардың да осыған үлес қосатын кезі келді. Өлкетануды да осыған орайластырып, үлкен шара өткізуге болады.
Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ, ақын,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты
ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕ – БІЗДІҢ ДЕ АРАЛАСАТЫН МӘСЕЛЕМІЗ
Сұлтанәлі ағамыз осы Жолдаудың ішінде жазушыларға қатысты емес жері жоқ деген секілді әңгіме айтты. Ал біреулер бізге қатысты ештеңе жоқ екен дейді. Бұның ішіндегі руханиятқа қатысты болмағанмен, елдің өсіп-өркендеуіне, тақырыбы айтып тұрғандай, табыс пен тұрмыс сапасын арттыруға байланысты Елбасы жыл сайын Жолдау жасайды. Осы жолғы Жолдауда маған қатты ұнағаны – экологиялық ахуалды жақсарту. Соның ішінде зиянды заттардың таралуы, соған мониторинг жүргізу. Мысалы, Көкшетаудың демалыс орындарының тынысы тарылып қалды. Қазір барсаң, тура Алматыдағыдай көлік кептелісі онда да бар. Бурабайдың, Шортанды көлдерінің бәрі ластанып жатыр, айналасы толған қоқыс. Осы туралы талай мақала жаздым. Кезінде протон құлады. Қазақ оның зардабын өлшеген жоқ. 1989 жылы ең соңғы рет кеңестер кезінде радиацияның көлемін микрагал деген өлшеумен өлшеді. Сол кездің өзінде Ақшатау, Ақжалдағы радиацияның көлемі қалыпты жағдайдан он есе артық болған. Соны біз кезінде «Жас Алаш» газетіне «Кіші Чернобль ме?» деген тақырыппен мақала етіп жаздық. Шын мәнінде көптеген ауылдарда қазір ауыз су жоқ, шөп құрыған, аң-құс өлген. Қаныш Сәтбаевтың экологияны зерттеу деген картасы бар. Сол металлогениялық карта бойынша 100 шақырым аумақта 13 жыл өтпей кен орны ашылмау керек екен. Қазір менің ауылымда 9 кен орны ашылды. Бай адам ақшасын салып, кен орнын сатып алады да, оны ашып тастайды. Сосын ол жердегі халық зардап шегеді. Сондай жағдайлар өте көп. Роза Бағланованың кеңестер кезіндегі сөйлеген сөзін фейсбук әлеуметтік желісінен көріп, қандай батыр тұлға болғанына таң қалдым. Аралды да, Семейді де, бәрін айтып жатыр. Осы Жолдаудағы экологиялық ахуалды күшейту деген мәселе – біз де, яғни, қаламгерлер де араласатын мәселе.
Екіншісі – жастар мәселесі. Олардың тұрмыстық жағдайларын жасамаса қиын. Мына отырған Маралтай, Әлібектерден кейін бізде үй алған ешкім жоқ. Содан соң «Ауыл – ел бесігі», «Өз жеріңді танып біл» деген жаңа бастамалар бар. Бұл бастамалардың бәріне 1,5 триллион ақша бөлініпті. Бұның бәрі де – құптарлық, қуанарлық жағдайлар.
Бүгінгі заманның кейіпкерлері жоқ деп айтады. Былтыр «100 жаңа есім» бағдарламасы бойынша таңдау жасалды. Солардың ішінде әлемге әйгілі болып жатқан мақтаныштарымыз Геннадий Головкин, Димаш Құдайбергендер кірмей қалыпты. Жас ақын-жазушыны таңдауда да олқылық кеткен. Оларды қызғанып отырған жоқпын. Бірақ әр нәрсеге сергек қарау керек деп ойлаймын. Сосын бізде мақтанышпен айтар жаңа кейіпкерлер де бар. Мысалы, Олжас Сүлейменов Баянауылға барып, ата-бабасының басына үлкен ескерткіш қойып кетіпті. Барсаңыз, толғанасыз. Жүрсін Ерман ауылына барып мешіт салды. Ұлытаудың басында жатқан белгісіз батырға белгі қойып, ас беріп жатыр. Маралтай былтыр Арқаға барып, Қосағалы деген үлкен батырға ескерткіш қойды. Енді жақында Игілік деген ауылына барып, Мәді деген күйшіге ескерткіш қойды. Міне, осы мәселелер айтылып, жазылуы керек деп ойлаймын.
Маралтай РАЙЫМБЕКҰЛЫ,
ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты
ЖАСТАР ӨМІРІНЕ ҚАТЫСТЫ МЕМЛЕКЕТТІК МАҢЫЗДЫ жайттар БАР
Елбасымыз кезекті Жолдауында келесі 2019 жылды Жастар жылы деп атай отырып жастар өміріне тікелей қатысты мемлекеттік маңызы бар мәселелерді көтерді. Мәселен, өз басым Елбасының осынау Жолдауын қолдай отырып, Жастар жылының аясында мынандай үш мәселені ортаға салар едім:
Біріншіден: Астана және Алматы секілді республикалық дәрежедегі қалалар мен облыс орталықтарында әдебиет пен өнер, саясат пен ғылым, спорт саласында жүрген жастардың баспанамен қамтамасыз етілуі. Құстың да өз ұясы болады ғой. Жалындаған жастық ғұмырын пәтерден-пәтерге көшумен өткізіп келе жатқан шығармашылықтағы жастар Отанын ойлай ма, әлде әркімнің қуыс бөлмесінде құрқылтайдың күйін кешіп жатқан отбасын ойлай ма?! Еліміздегі ең бір ащы шындық – жас отбасылардың ажырасуының негізгі себебі осында жатыр ғой.
Екінші: Елімізде шығармашылық пен айналысатын жастарға арналған бір ғана Халықаралық «Шабыт» секілді фестиваль ғана бар. Енді республикалық деңгейде болса да жастардың дарынын ұштап, қарымын арттыратын, қанатын қатайтып, томағасын сыпыртатын тағы да дәстүрлі түрде жылда өтіп отыратын фестиваль болса, нұр үстіне нұр болар еді. «Шабыт» Елордамызда өтсе, мұны мәдениетіміздің алтын бесігі – Алматыда өткізуге болады.
Үшінші: Елбасының әдебиет пен өнерге деген үлкен ықыласының нәтижесінде қазақ әдебиетінде есімі алтын әріппен жазылған арда қаламгерлеріміздің атындағы «Абай оқулары», «Оралхан Бөкей оқулары», «Мұқағали оқулары» секілді оқулар өткізіліп келеді. Мектеп қабырғасында жүрген жастарды қанаттандыру мақсатында осы оқулардың әрқайсысына бес гранттан бөлінсе. Бұл ұлттық идеологиямыздың іргетасы саналатын әдебиетке деген махаббат пен құрметті күшейтер еді.
Темірхан ТЕБЕГЕНОВ,
әдебиеттанушы ғалым, педагог
БАЛАЛАР ТУРАЛЫ ШЫҒАРМАЛАР ЖАЗУ ҚОЛҒА АЛЫНСА ЕКЕН
Жолдауда маған ұнағаны – мектепке дейінгі тәрбие туралы айтылғаны. Содан кейін орта мектептегі жағдайларға байланысты көп нәрсе сөз болды. Жоғарғы оқу орнының жұмысына байланысты да жақсы айтылған екен. Келесі жылы ұстаз мәртебесі туралы арнайы заң жобасы қабылданады деп жатыр. Кезінде Сапарғали Бегалин, Бердібек Соқпақбаев, Сансызбай Сарғасқаев, Марат Қабанбаев, одан кейінгі толқындағы бірқатар көрнекті қаламгерлеріміз балалар туралы шығармалар жазды. Қазір де осы балалар туралы шығармалар жазу мәселесі қолға алынса. Қазақ әдебиетін көне дәуірден бастап қазіргі кезге дейін оқытып жатырмыз. Әйтсе де, мектеп өмірі, мұғалім тұлғасы бәсеңдеп қалды қазір. Осы тақырыптың өзектілігіне жазушылар қауымы назар аударса деген мұғалімдік тілегім бар.
Әділғазы ҚАЙЫРБЕКОВ, ақын
ЖОЛДАУ АРҚЫЛЫ СЕРПІН АЛУҒА БОЛАДЫ
Жолдауда өзекті мәселелер көп. Соның ішінде білім беру саласында, әсіресе, жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев зияткерлік мектебінің үлгісінде соған бейімдеу деген мәселе маңызды деп ойлаймын. Ал Назарбаев зияткерлік мектебінің қандай екенін өздеріңіз білесіздер. Бүкіл технология бар. Мұғалімдердің деңгейі жоғары. Олардың өзін іріктеп алады. Жақында Байсерке деген ауылда болдым. Онда 200 бала биыл бірінші сыныпқа барған екен. Балалар саны жылдан-жылға артуда, ал мектептер тар. Осындай мектептер көп қазір. Ал кейбір жерлерде 30-40 баладан оқиды. Бұл Жолдауда көтерілген тағы бір өзекті мәселе – мектептердегі 3 ауысымды 2 ауысымға түсіру керектігі. Бұл әбден толғағы жеткен мәселе болатын. Мұғалімдердің, оқушылардың жүктемесін азайту да өте орынды қозғалды. Қазір бес күндік оқу ғой. Енді жүктемені азайту арқылы балалардың білім алуына жағдай жасалады деп ойлаймын. Жоғары сыныпқа барған кезінде мамандыққа қарай бейімдеу мәселесі де осы Жолдауда айтылды. Сосын тағы бір айта кететіні, мұражай қызметкерлерінің еңбекақы мәселесі. Тіпті айтуға ұят. Мәдениет саласындағылардың да жалақысы сол шамада. Міне, осындай жағдайларды реттеуде Жолдау арқылы біраз серпін алуға болатын сияқты. Мұғалім беделі және басқа да мәселелер өте орынды көтеріліп отыр.
Бақытжан ҚАНАПИЯНОВ, ақын
АҚЫНДАР КӨРІП ТАҢ ҚАЛДЫ
Тамыз айында Астанада «Ақ ордалы – Астана» халықаралық поэзия фестивалін өткіздік. Сонда шетелден көп ақындар келді. Австралиядан, Қытайдан т.б., көптеген елдерден ақындар қатысты. Оларды Баянауылға апарғанда таң қалды. Тек бір өкініштісі, жол нашар болды. Енді сол жолдар тезірек қолға алынса екен. Биылғы жаңа Жолдауда осы туралы да жақсы айтылды. Сосын мұғалім мәртебесі туралы да Елбасы керемет айтты. Жастар жылы туралы да жақсы айтылды. Халықаралық фестивальде де көбі жастар болды. Бұлардың бәрі Қазақстанды танытуға зор құлшыныс берді.