«Нұр Отан» қаламгер қауымы үшін байқаулар ұйымдастырады
Қазанның 9-ы күні «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулетпен және Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, жазушылар Төлен Әбдік, Алдан Смайылмен, еліміздің бірқатар зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Басқосуда «Нұр Отан» партиясы мен Қазақстан Жазушылар одағы өзара Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Бұл шара Елбасы жолдауында көрсетілген «Рухани жаңғыру» бағдарламасын әрі қарай жалғастырып, насихаттауға арналды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Нұр Отан» партиясы ақын-жазушыларға, мәдениет және өнер саласының қайраткерлеріне қолдау көрсетіп келеді. Енді оларды ынталандыру мақсатында одақтың 4 жобасын қаржыландырмақ. Яғни, қаламгер қауым үшін түрлі байқаулар ұйымдастырылады. Бұл жөнінде партия Төрағасының Бірінші орынбасары былай деді: «Партия жас ақын-жазушыларды ынталандыру мақсатында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында әдеби байқау өткізбек. Соның нәтижесінде 5 номинация бойынша 15 қатысушыға жүлде тапсыруды көздеп отырмыз. Сондай-ақ, Жазушылар одағымен бірлесіп, «Астана» телеарнасынан көрсетілетін арнайы телебағдарлама дайындау ісін қолға алмақпыз. Бұл тележоба форматы мен мазмұны жағынан ақын-жазушыларымыздың заманға лайық жаңа мінбері болмақ. Үшінші жоба – YouTube-те арнайы арна ашып, көрермендерге идеологиялық, тәрбиелік сипаттағы көркем дүниелер ұсыну. Ал төртінші жоба – партиялық бастамалар аясында қайта жаңғыртылған кітапханаларда ақын-жазушылармен кездесулер, түрлі шығармашылық кештер өткізетін арнайы клубтар құру. Мұның барлығы – рухани жаңғырудың құндылықтарын дәріптеп, елді ортақ мүддеге ұйытуға бағытталған бастамалар». Басқосуда Елбасы Жолдауындағы басымдықтар, оларды халыққа түсіндіру бойынша бірлескен жұмыс бағыттары, бүгінгі әдебиетіміздің ахуалы, жас ақын-жазушыларға қолдау көрсету сияқты мәселелер де сөз етілді.