…ЕКІНШІ ҚҰБЫЛЫС – ЕСМАҒАМБЕТОВТІҢ ЕҢБЕГІ ЕДІ
10.10.2018
1448
0

Жуырда ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының ұйымдастыруымен Қазақстанның шетелдік тарихнамасын зерттеу ісінің негізін қалаушы көрнекті ғалым Көшім Лекерұлы Есмағамбетовты еске алуға арналған «Қазақстан интеллигенциясы: тарихы мен қазіргі кезеңі» атты халықаралық ғылыми конференция өтті.

Конференцияға ҚР БҒМ ҒК «Р.Б.Сү­лейменов атындағы Шығыс­тану институтының» директоры, шығыстанушы ғалым Әбсаттар Дер­бісәлі, академиктер Мәмбет Қой­гел­диев пен Хангелді Әбжанов, сая­си ғылымдар докторы, про­фессор Әбдіжәлел Бәкір, тарих ғылым­да­рының докторы, профессор Берекет Кәрібаев және тағы басқа ғалым­дар­мен қатар шетелдік ғалым­дар да қа­тысты. Конферен­цияны жүргізген ғалым Әбсаттар Дербісәлі: «Көшім Лекерұлының ғылыми еңбектері XX ғасыр басын­дағы қазақ халқының өзекті және басты мәселелерін, Қа­зақ­стан тарихының шетелдік тарих­на­масын зерттеуге арналған. Ғалым еңбегінің негізі – Түркістанның тәуелсіздігі үшін күрескен ірі саяси қай­раткер Мұс­тафа Шоқайдың өмі­рі мен қызметін зерттеуде шетел­дік мұрағаттар мен кітапханаларда жүр­гізілген ғылыми зерттеуі болып та­былады. Осыған қатысты көптеген ғы­лыми-зерттеу еңбектері жарық көр­ді. Мұстафа Шоқайдың 12 том­дық толық шығармалар жинағын шығарды», – дей келе, ғалым еңбе­гі­нің маңыз­дылығына тоқтал­ды. Ал Хангелді Әбжанов: «Әлекеңнің (Әл­кей Марғұлан) редакциясымен жа­рық көрген Шоқан Уәлихановтың 5 томдық толық академиялық жи­на­ғынан кейінгі екінші құбылыс – Кө­ше­кеңнің еңбегі. Оны Әлекеңнің 5 том­дығымен қатар қоюға әбден болады. Есмағамбетов құбылы­сы­ның құпиясы жоқ. Өйткені ол – жой­қын талант иесі. Ол – сонау заман­нан бері келе жатқан зиялылық пен қазақ зиялыларының иығында тұрған кемел тұлға. Сондай иыққа көтерілгеннен кейін де ол алысты болжады, алысқа жол сілтеді. Енді Көшекеңнің мәңгілік өмірі басталды деп ойлаймын», – деп, Есмағамбетов тұлғасына қатысты өз пікірін білдірді. Жалпы, ғылыми конфе­ренцияда Көшім Есмағамбетовтың өмірі, қызметі, ғылыми мұрасына арналған ғылыми баяндамалар оқылды. Сондай-ақ, конференция барысында «Қазақстан интелли­генциясы: тарихы мен қазіргі ке­зеңі»: тарих ғылымдарының док­торы, профессор Көшім Лекер­ұлы Есмағамбетовты еске алуға арналған халықаралық ғылыми конфе­ренцияның материалдар жина­ғының» тұсаукесері өткізілді. Жинақтың бірінші бөліміне ғалымның әлі жарық көрмеген «Мустафа Шокай: политик и лич­ность» зерттеу еңбегі, «Мустафа Шокай – исследователь истории восстания 1916 года», «Документы архива французской полиции как источник по мустафаведению» деп аталатын екі мақаласы да енген. Ал екінші бөлімінен Көшім Лекер­ұлымен түрлі тақырыпта пікір алмасқан, ой бөліскен замандас, әріптес, қызметтес болған отандық және шетелдік ғалымдар мен шәкірттерінің мақалаларын оқи аласыз.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір