МЕДИАПТАЛЫҚ БИЫЛ ДА ӨЗ ЖАЛҒАСЫН ТАПТЫ
10.10.2018
825
0

Қыркүйектің 26-28-і күндері Астанада елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен Қазақстанның рухани жаңғыруының негізгі басымдықтарын орындау мақсатында «Astana Media Week» – қазақстандық медиаапта өтті.

ҚР Ақпарат және коммуника­ция­лар министрлігінің тапсы­ры­сы­мен жыл сайын өткізілетін биылғы медиапталықтың басты мақсаты — отандық медиасфераны дамыту және өңірлік деңгейде индуст­рия­да­ғы іскерлік қатынастарды ілгерілету бол­ды. Медиаапталықтың ашылу сал­танатында сөз сөйлеген ҚР Ақ­парат және коммуникациялар ми­нистрі Дәурен Абаев қазіргі Қа­зақ­стан қоғамындағы медианың маңыз­ды­лығына ерекше тоқтала келе: «Сіз­дердің идеяларыңыз күн сайын ақ­параттық ландшафтты өзгертіп қана қой­май, сонымен қатар, саясаттан бас­тап қаржыға дейінгі, ауыл шаруа­шылығынан бастап спортқа дейінгі түрлі салалардағы үдерістерге күш беруде. Осының нәтижесінде өзекті мәселелерді кеңінен талқылау, нақ­ты шешімдерді әзірлеу және әрі қарай жұмыс істеу механизмдері айтарлықтай артып келеді. Дәл осы мақсатты көздеген «Astana Media Week» апталығы өз алаңында жур­налистер мен мемлекеттік органдар өкілдерінің ғана емес, сондай-ақ, PR-қоғамдастығы мен шетелдік мамандардың да басын қосып отыр. Бұл шараның негізгі мақсаты — отандық медиа-нарықты жан-жақты да­мыту ғана емес, мәдени және ақ­параттық байланыстарды да те­рең­дету», – деді. Бұған қоса, Astana Media Week-2017 медиаапталығында республикалық телеарналардың көп­теген жаңа әрі қызықты жоба­лар­ды ашқанын атап өтіп, кәсіби қоғамдастық үшін AMW дәстүрлі шараға айналатынына сенім білдірді. Медиаапталық барысында медиа­кон­тентке тапсырыс берушілердің, ірі телевизиялық және радиокомпа­ния­лардың, өндірістің жеке нары­ғы­ның өкілдері: продакшн-студия­лар­дың, шығармашылық ұжым­дар­дың, продюсерлік орталықтардың, ақпа­рат, медиа-сауық, музыка және кино салаларындағы авторлық жоба­лар­дың арасында диалогтық алаң құрыл­ды. Кәсіби мамандар теле­ви­зиялық, ғаламтор және басқа да ме­диаөнімдердің жобаларын ұсын­ған кәсіби әрі ашық питчингтер өтті. Қатысушылар «Болашақ маман­дық­тары» деп аталған бейресми «Media Talks» конференциясында ме­диаиндуст­рияның аса маңызды та­қырыптарын талқылады. Бұдан бөлек, заманауи медианарықтарды дамытудың маңызды тақырыптары бойынша шеберлік сыныптары, панельдік пікірталастар және ай­мақтық БАҚ форумы өтті. Аймақтық БАҚ форумында форум спикерлері телеарналардың аймақтағы рей­тингтерін, газеттердің сатылым деңгейін, сайттардың қаралымын­дағы ерекшеліктерді сөз етіп, қандай БАҚ қай деңгейде, қандай сападағы контент таратып отырғанына шолу жасады. Биыл екінші рет ұйымдас­ты­рылған медиаапталыққа жинал­ған шетелдік БАҚ өкілдері мен Қа­зақстан журналистері өзара пікір ал­масып, жас тілшілерге түрлі тақы­рыпта се­минарлар өткізді. Медиаап­талық­тың соңғы күні өткен «Digital Forum»-да сандық экономикадағы жаңа салалар, ғаламтордағы жар­нама, жалпы, БАҚ-тардың эконо­микалық әлеуетін арттырудың жаңа тәсілдері сөз етілді. Медиаапталыққа 2000 қонақ, қазақ­стандық және шет­елдік медиа-ин­дустрияның 60 топ менеджері, 15 рес­публикалық те­леарна мен 50-ден астам продакшн-ком­пания қатысты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір