Қамыс болған күнін аңсап көлдегі…
03.09.2015
2221
0
739616_706158673_11899291_752184514908257_253148859_oСерікбол ХАСАН

САҒЫНАМЫН…
І.
Кешемін деп күйбең тірлік,
Күйбең күн,
Күйбең күннің зар табына илендім.
Сағынамын өткен күнді…
Білсеңіз,
Сағынуды сыбызғыдан үйрендім.

Өңшең мұңды көріністер –
Өргені,
Сыбызғының үні қандай шерлі еді.
Сағынышын сездіреді,
Сазымен,
Қамыс болған күнін аңсап көлдегі.

Сыбызғыша сағынамын,
Бал шақты,
Ағзам уақыт өшкен күнді аңсатты.
Тас қалаға табысталып,
Тағдырым,
Шәлдір сезім бәрінен де шаршапты.

Бала күндер бақыт екен,
Бір бөлек,
Бар болғанда жан сарайым гүлдер ед.
Бұйрат-бұйрат құмдарға аунап,
Мәз болып,
Құмсағызды қанып шайнап жүрген ек.

Туған жердің құмы қандай,
Жылы еді,
Қыздардың да былғанбайды білегі.
Құм үстінде жалаңаяқ…
Арулар,
Жігіттерін жанына ертіп жүреді.

Өзенді айтсам, өзен нағыз,
Өз елім,
Өзен-көлім, сен даламның көзі едің.
Еділді айтсам – егілемін,
Жылаймын,
Жайықты айтсам – өртенеді өзегім.

Ойлай берсең, кетер көмей
Бүлкілдеп,
Ойлай берсең, жас тұнады іркілдеп,
Күйбең күннің иленгенде табына,
Сағынамын балалықты «шіркін!» деп!

ІІ.
Тоқал тамда…
Балалығым өткен-ді,
Тоқал тамда күткем талай көктемді.
Тоқал тамда тәй-тәй басып, тік тұрдым,
Тұрғызам деп… бейнетті анам көп көрді.

Бәрі-бәрін…
Таңдайыма салатын,
Жанарымды, қабағымды бағатын.
Тоз-тоз болған тағдыры аздай шешемді,
Қойнауына алып тынды қара түн.

Сағынамын…
Аңсадым-ай, аңсадым,
Қас-қағымда құрбан болған бал шағым,
Шалғырт тартқан шашын иіскеп шешемнің,
Сипайтынмын сидаланған саусағын…

Балғын шақта
Көңілді өткен көп күнім,
Сол кездегі тоқал там да жоқ бүгін.
Ұлың саған келер ме еді көтеріп,
Тірі болсаң… Қырдан терген шоқ гүлін.

Өмір шіркін…
Өп-өтірік алдайды, ә,
Бұл күндері жаныңды ұғар жан қайда?
Құлын шақтан қалмады түк, тек қана,
Құмаршықтың дәмі қалған таңдайда…

ТӨБЕ
Бұл төбеде…
Нәумез үн бар, нала бар,
Бұл төбеге жасын сауған аналар.
Бұл төбеде аппақ бауы үзілген,
Жерлеген кіл балалар.

Бір бүлдіршін жетілмеген жетімек.
Бірі кеткен жастайынан шетінеп.
Құрсақтағы мынау құрттай баласын,
Қаза қылған анасы…

Мынау сәби толмапты әлі жасқа да,
Мына зират мектеп көрген жас бала.
Залым әке зұлымдықпен өз қызын,
Құрбан еткен… масқара!

Бейбақ ана жоғалтыпты бес ұлын,
Құлпытасқа қашап тізген есімін.
Енді біреу бейітіне бөбектің,
Қалдырыпты бесігін…

Тасынғанға тамшыдай ой сала алар…
Бұлардың пәк махаббаты ғана бар.
Анасына құрсағында тербеткен,
Шапағатшы балалар.

Кездерімде күйіп-піскен, өрленген,
Көлдей болған жас көремін көрден мен.
Тәубеме тез түсіреді сол төбе,
Кілең бала жерленген…

ТӘУЛІК

Таң намазы…
Тағы да уақытқа жалғанасың.
Төсегіңнен теңселіп тұрасың да,
Тіршіліктің ісіне қамданасың.

Түс келеді…
Бесін намаз – бойыма күш береді.
Күңіренген көңілдің хошы қанар,
Кейбіреулер керемет түс көреді.

Асыр ауды…
Ойлантатын кемел шақ басы барды.
Періштелер пенденің дұғаларын,
Ұнатады аршыға тасығанды.

Ақшам кірді…
Кеудемдегі, шіркін-ай, жақсам нұрды.
Сәжде қылып, үйіңе асығасың,
Ашылардай Алланың ақ сандығы.

Құтпан келді…
Дегендейін қапастан құтқар мені.
Шүкір айтып, сәждеден бас алмайсың,
Адамзаттың осы ғой ұтқан жері.

Ұмсынып түн…
Соңғы сәтін жасайсың, құлшылықтың.
Үтір қылып… өмірге үтір қойып,
Жалғасуын тілейсің тіршіліктің.

Тағы да таң…
Шүкір мынау өмірге жадыраған.
Кешегідей өмірді қайталайсың,
Ғұмыр берсе, егер де тағы да Аллам!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір