ҚАЗАҚ БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІ – ӘЛЕМ НАЗАРЫНДА
Еліміздің тарихында алғаш рет ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық мұражайы ұйымдастырған «Фокус Қазақстан» жобасы аясында қазақ бейнелеу өнері әлем назарына ұсынылмақ.
Онда ХХ ғасырдың 30-жылдарынан бастап бүгінгі күнге дейінгі отандық бейнелеу өнеріне шолу жасалады. Көрмелер мен тақырыптық шаралар осы жылдың 18 қыркүйегі мен 2019 жылдың 3 наурызы аралығында Лондон (Англия), Берлин (Германия), Джерси-Сити (АҚШ), Сувон (Оңтүстік Корея) қалаларында өтпек. Жоба «Рухани жаңғыру» бағдарламасының Қазақстан өнерін әлемдік мәдени және зияткерлік кеңістігінде дамытуға бағытталған «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» арнайы жобасы аясында іске асады. Сонымен 1 маусымнан 30 қыркүйекке дейін Бетания (Берлин) суретшілер үйінің шеберханалары мен студияларында суретшілер өзара тәжірибе алмасып, білімдерін жетілдіреді. Көрменің басты тақырыптары – қазақстандық қоғамды жаһандандыру, феминистік қозғалыс, «жергілікті модернизм» феномені, көшпеліліктен кейінгі өнер. Жалпы көрме аясында 80-нен астам суретшінің шығармалары әлем назарына ұсынылады. Олардың қатарында алдыңғы буын суретшілері, қазіргі заман суретшілері және Қазақстан аумағында болған әрі Қазақстан өнеріне өз шығармашылығымен үлес қосқан суретшілер бар. «Көшпелілерден кейінгі көкжиек» көрмесі 18 қыркүйек – 16 қазан аралығында Лондонда өтеді. Қыркүйектің 25-інен қазанның 20-сына дейін Берлинде өтетін «Нан және раушан гүлдер» көрмесінде 1945 жылдан бүгінгі күнге дейінгі қазақстандық әйел суретшілердің жұмыстарына жасалған зерттеу нәтижелері ұсынылады. Ал 14 қазан – 20 қараша аралығында Джерси-ситиде өтетін көрменің тақырыбы – «Ойлар жинағы: тарихты ойдан шығару». «Еуразия қиялы: постскриптум» көрмесі Сувон қаласында осы жылдың 27 қарашасынан келер жылдың 3 наурызына дейін жалғасады.