Әзіл-шыны аралас
14.09.2018
1364
0

***

Халқымыздың аяулы перзенттері Қанабек Бай­сейітов (1905-1978) пен Күләш Байсейітова (1912-1957) қазақтың бар жақсы қасиетін бойларына жина­ған қонақжай, ақкөңіл, дос-жарандарымен соңғы дүниесіне дейін тең бөлісетін ғажайып дарқан жандар еді деседі. Осы кісілердің үйіне бірде «Амандасамыз» деп бір топ ақтөбелік өнерпаз жастар қонаққа келіпті. Қанабек пен Күләш жас әртістердің алдына дастарқан жайып, тәтті-дәмдінің бәрін қойып, шама-шарқынша құрмет жасайды. Түннің бір уағы болып, өнерпаз жас­тардың Ақтөбеге қайтатын мезгілі де жақындайды.
– Күләш, мен іні-қарындастарымды сыртқа шы­ға­рып келейін, – деп, Қанабек үстіне желбегей шапан, аяғына кебісті іле салып, жастармен бірге далаға шы­ғып кетеді.
Қанекең сол кеткеннен мол кетіп, бір жеті бойы жоғалыпты.
Сөйтсе, Канабек жастардың «Қанеке, Қанеке» деп қолпаштауына көңілі елітіп, олармен бірге әуежайға қалай келгенін, Ақтөбеге қалай ұшып кеткенін аң­ғармай қалыпты.
Ертесінде басы ауырып оянып, көзін тырнап ашып, дауыстап Күләшті шақырады. Лып етіп, Қанекеңнің қасына жігіттердің біреуі жетіп келіпті.
– Сен, бала, кімсің? – депті Қанекең.
– Ойбу, Қанеке-ау, ініңізбін ғой… ініңізбін. Ақтөбелік әртістерміз ғой біздер. Кеше таныстырып едік қой, өзімізді, – деп әлгі жігіт жік-жаппар болады.
– Е, есіме енді түсті… Кешір інім, соңғы кезде ұмыт­шақ боп бара жатырмын, – дейді Қанекең кешегі жай­ды әзер дегенде есіне түсіріп. – Сонда сендер біз­дің үйде қонып қалғансыңдар ма? Түнде «Әуежайға барамыз, Ақтөбеге ұшамыз» деп отырғандарың қайда? – деп сұрайды Қанекең тағы да.
– Қанекесі-ау, рас айтасыз, біз самолетпен түнде ұшып кеткенбіз, – дейді жігіт.
– Қайда ұшып кеттіңдер?
– Ақтөбеге, Қанеке.
– Сонда мен қайда жатырмын?
– Ақтөбеде, Қанеке.
Ол кезде, елуінші жылдары, көлік тапшы, ұшақ Ал­матыға жұмасына жалғыз-ақ рет қатынайды екен. Со­дан Қанекең амалсыз ақтөбелік әртістердің ара­сында қонақтап, бір аптадан соң ғана үйіне қайтқан екен.


***

Ақын Жақан Сыздықов (1901-1977) аздап ішімдікке әуестігі бар, бірақ ішімдікті оншалықты көтере алмайтын, бір-екі рюмкеге кәдімгідей мас боп қалатын кісі екен. Сырбай Мәуленов сол ағасымен үнемі қалжыңдасып, әзілдері жарасып жүретін секілді. Бірде Сырбай Жақан туралы былай деп өлең шығарыпты:
Кафелерге үнемі,
Кете алмайды түстенбей.
Жүз грамға жүреді,
Екі литр ішкендей.


***

Халық ақыны Омар Шипин (1879-1963) бірде Қостанай облыстық газеті редакциясына келіп, егін орағына орай жазылған екі жүз жолдық өлеңін тапсырады. Ақсақалдың өлеңін қабылдап алып қалған редакция қызметкерлері оның жүз жолын қысқартып, жүз жолын газетке шығарыпты. Омекең келесі жолы редакцияға барған кезде жігіттер:
– Ақсақал, ғафу өтінеміз, өлеңіңіздің жүз жолын ғана басуға мүмкіндік болды, – деп кешірім сұраған болады. Сонда Омекең сәл ғана езу тартып:
– Сендердің қақ жарымын қысқартатын «қасиеттеріңді» біліп, өзім де есеппен көбірек жазып әкеліп ем… Егер газетке шыққан осы жүз жолды әкелген болсам, онда сендер елу жолын ғана қалдырар едіңдер, – депті.


***

Туған халқына әсем әуенді әндер сыйлап, тамаша композитор ретінде танылған Әбілахат Еспаев (1925-1975) Қазақ радиосында бірер жыл қызмет қылғаны болмаса, қалған ғұмырында жұмыс істемей, таза творчествомен ғана айналысқан кісі екен. Сол Ахат ағамыз (достары Әбекеңді «Ахат» деп атап кетіпті) радиода қызмет істеп жүрген кезінде аздап ішімдікпен әуестенеді де, дарынды өнер иесінің бұл оғаш мінезі бастықтардың да құлағына шалыныпты. Радио-телекомитеттің сол уақтағы төрағасы К.Шалабаев бірде композиторды кеңсесіне шақырып алып:
– Осы сізге менің бір қолқам болып тұр. Ол менің ғана емес, сізді сыйлайтын, қадір тұтатын халқыңыздың қолқасы деп ұққайсыз, – депті жұмбақтап.
– Айтыңыз, Кәке, айтыңыз? – дейді Әбілахат.
– Айтсам сол… Сіз әлгі ащы суды қойсаңыз деп қолқа сап отырмын. Бүгіннен бастап Еспаев ішті дегенді естімейтін болайын. Келістік пе, Аха!
Сонда Әбілахат тұнжырап төмен қарапты да:
– Оныңыз жөн ғой, Кәке, өте орынды сөз айтып отырсыз. Бі­рақ заулап келе жатқан экспрессті оқыс тоқтатуға болмайды ғой. Оқыс тоқтатса ол рельстен шығып, апатқа ұшырауы мүмкін, – деген екен.


***

Қазақ поэзиясы шамшырақтарының бірі – Қасым Аманжолов (1911-1955) елуінші жылдардың басында сталиндік жандайшаптардың талқысына көп түсіпті. «Ұлтшыл» деген айып тағылып, көп сыналыпты. Осындай жадап-жүдеп жүрген шағында, бірде сырлас бір досына:
– Мені сынап жүргендердің бәрі де менше жазғысы келеді, бірақ, амал қанша, жаза алмайды. Сосын да мені сынайды, – деп мұңын шағыпты.


***

Ақындар Қабыл Боранбаев (1915-1978) пен Қалижан Бекхожин (1913-1990) жан достар екен. Бірде Қабыл ішіп жүріп, сол мас күйінде Қанабек Байсейітовке ілесіп Талдықорғанға кетіп қалыпты. Қалижан оның қайда кеткенін білмей, жан-жаққа хабар беріп, іздеумен болады. Қаперінде түк жоқ, жарты айдан соң Қабыл аман-есен Алматыға қайтады. Оны көрген Қалижанның қуанышында шек болмай, садақа беріп, достарын шақырып, той жасапты. Сол тойда сөз кезегі келгенде ақын Сырбай Мәуленов былай деген екен:
Қалижан іздеп Қабылды,
Көше кезіп сабылды.
Талдықорған тауынан,
Қанабектің жанынан
Жоғалған Қабыл табылды!
Табылғанға той жасап,
Қалижан тағы шабылды.
Қабыл отыр, шала мас,
Сипап қойып қарынды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір