Сөз тұнығын терген ақын
14.09.2018
3130
0

Қазақтың көрнекті ақыны, журналист, халық ағарту ісінің үздігі Қабдыкәрім Ыдырысов 50 жылдық ғұмырында ұлттық әдебиеттің, поэзияның асқар биігіне көтерілді. Азаматтық, жан тебірентерлік жырлары шынайылығымен көпшіліктің жүрегінен орын алды. Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы қызметін атқарған, «Қазақ әдебиеті» газетінің жауапты хатшысы болған Қ.Ыдырысовтың 90 жылдығына орай ақын туралы естеліктер, мақалалар, өлеңдері мен аудармаларынан үзінді ұсынып отырмыз.


«Қабдыкәрімнің алғашқы жырларымен сырласа байқасақ, жетімдікті сезінсе де, «өмір­ге өкпелемеген, өкінбеген», алдынан зор үміт күткен жастың «алғашқы көгер­шін» жырларына қанат берген де заманға деген сол өр сенім».

Қалижан Бекқожин


«Қабдыкәрім — творчестволық өрісі кең ақын. Ол нәзік лирик болып та, еңселі эпик болып та жырлайды. Тақырыптары да алуан-алуан. Баламен де, атамен де, сырла­са­ды. Сүйіне де, күйіне де біледі».

Жұбан Молдағалиев


«Қабдыкәрім болса әр тұста өз халқы­ның көшінде бірге ғұмыр кешіпті, бірге өсіп­ті! Оның пешенесіне қасіретті балалық, қасиетті ағалық, қанатты ақындық бұйы­рыпты».

Мұзафар Әлімбаев


«Қабдыкәрім Ыдырысов – жетпісінші жылдар әлетінде туған әдебиетімізде же­тек­ші рөл атқарып, аса қуатты күшке ай­нал­ған буынның белді өкілі».

Қайрат Жұмағалиев


«Өлең өлкесіндегі әр түрлі әуеннің ара­сынан Қабдыкәрім Ыдырысовтың өз үні ерекше естіледі. Ақын творчествосын тұтастай тұжырымдағандағы байқалатын басты даралық – поэзиялық тыныстың кеңдігі, ырғақ пен ұйқастың арасындағы еркіндік пен үндестік, патриоттық рух және қазақ халқының озық дәстүріне деген құрмет. Сондай-ақ, ежелгі жыраулардың толғауларындағы көп өлеңнің ұшқындары да көрініс беріп, Ыдырысов поэзиясындағы халықтық сыпатты молайта түседі».

Тұрсын Жұртбай


«Әнмен астарланған Қабдыкәрім өлеңдері экраннан да естіліп, әуенсүйгіш жұртшылықтың көкейінде жаңғырып тұрса, таланттың бұл да бір қыры. «Найза­тас» фильміндегі «Найзатас», «Беташар», «Қыз бен жігіт айтысы» жиын-тойларда да жиі айтылатын әдемі әуенге айналып кетті».

Есләм ЗІКІБАЕВ


Сәулелі жырлар иесі

Қазақ әдебиетіне Қабдыкәрім Ыды­ры­сов соғыстан соңғы толқын болып келді. Өзі туып-өскен, көз сүрінетін жазық даланы кеудесіне сыйғызған ақын мол желiстi әңгi­меге кең арқау болатын тұлға. Бүкiл болмы­сын қазақ әдебиетiнiң классигi, халық жа­зу­шысы Мұзафар Әлiмбаев бiр-ақ ауыз сөз­бен жеткізген: «Оның пешенесiне қа­сi­реттi балалық, қасиеттi ағалық, қанатты ақындық бұйырыпты».
Өкiнiшке қарай, ақын жөнiнде соңғы кез­дерi көп айтыла қоймады. Бiрақ та «мөл­дiрлiк меруертi боп, өмiрқұмар жан күйiндей тамшылаған шырын жырлар» (Д.Әбiлев) ақынды халық жадынан өшiрмепті.
Қ.Ыдырысов 1928 жылы 27 тамызда Пав­ло­дар облысы, Краснокутск ауданы, Ок­тяб­рьдiң 25 жылдығы атындағы кеңшар­дың Жаңа ұйым ауылында дүниеге келген. «Туған ортам бұрын-соңды ешбiр өнер са­йы­сына түсiп көрмеген, көптеген қара­­-
па­йым шаруа ауылдардың бiрi. Тоғыз жасымда әкемнен тiрi жетiм қалдым. Он үш жасымда қанқұйлы соғыс басталды. Мен де өз тұстас­тарымдай елде сол ауырлы, дауыл­ды жыл­дар­дың тауқыметiн үлкендермен бiрге кө­рiп, бөлiсiп өстiм», – дейді өзі.
Ақынның көзі тірісінде талай өлеңі бауыр­лас халықтардың тіліне аударылды. Өзi Пушкин, Лермонтов, Н.Хикмет, К.Хетогуров, А.Бартоның, С.Михалков пен С.Вургунның өлеңдерiн қазақша сөйлетті.
Етене араласқандар ақынның әншілік өнері де болғанын айтады. Естайдың «Қор­ланын» кең дауысымен шырқағанда, атақты әншілерден бір мысқал кем түспеген. Бұл туралы майдангер жазушы Қасым Қай­се­нов­тің естелігі бар. Өзі де талай әннің ав­торы атанды. «Ән сүймеген өмірді де сүй­мейді, өзім жоқта әнім жүрсін құлақта» де­ген ақын Қабдыкәрім Ыдырысовтың жыр­лары халық жүрегінен терең орын алды.

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі


ҚАБДЫКӘРІМ АҚЫН ТУРАЛЫ СӨЗ

Өмірден ерте кетіп, жарын да, балала­рын да, ағайын-туыстарын да, дос-бауырла­рын да өксіткен ақын ағамыздың бірі – Қаб­дыкә­рім аға еді. Жігіт болғанда, жігіттің тө­ресі, тек жақсының белесі еді ғой Қабекең. Ақ маңдайы жарқырап, асығып, Алматы көшесіне көрік беріп келе жатушы еді аға­мыз. Онымен көрісудің өзі, сәлемдесудің өзі бір бақыт еді ғой кісіге…
Ішіне кіріп, жаныңды нұрландырып, күлімдей карап, көңіліңді тапсам, саған бір жақсылық істесем деп тұратын ұлы жүректің ерте тоқтағаны біздің бәрімізді де өкініштің отымен өртеп-ақ кетті, қайтерсің…
Балалық базары ерте тарқаған бір ұрпақ бар бізде. Олар соғыс басталған тұста он екі, он үш жастағы балғындар. Не бала бола алмай, не аға бола алмай, осы бір аралықта мүдіріңкіреп қалса да, сол балалар тез есей­ді, тез ержетті. Олар үлкен ағалардың ор­ны­на соқа айдады, тракторшыларға көмекші болды. Шөп шапты, шөмеле тұрғызды. Сөй­тіп ағаның міндетін атқарды да, он үш жастағы балалар атқа мінді, ерте есейді, ержетті.
Соғыс біткенде сол ағалардың көбісі мек­тепке қайта келіп, оқуын жалғастырды. Інілерімен бірге оқыды. Бірақ ұңжырғалары түскен жоқ. Ерте түледі. Қияға қанаттарын ерте қақты.
Біздің әдебиетімізде ондай ағаларды ондап санауға болады. Олар: Ғафу Қайыр­бе­ков, Аманжол Шамкенов, кешегі Ізтай аға, атақты драмашы Қалтай Мұхамет­жанов, әрі ақын, әрі әдебиет сыншысы – Әбіраш Жәмішев, прозашы, ғалымдар Зейнолла Қабдолов, Нығмет Ғабдуллин, Мырзабек Дүйсенов, ғалым-сыншылар Серік Қирабаев, Тұрсынбек Кәкішев, Мүсілім Базарбаев, Рахманқұл Бердібаевтар. Бұлардың әдебиетке еткен еңбектері елеулі, өмірдегі өнегелері де ауыз толтырып айтар­лықтай.
Осы топтың талантты бір өкілі Қабды­кә­рім Ыдырысов. «Өмір гүлдері» атты алғаш­қы кітабы 1955 жылы жарық көрді. Сол алғашқы кітабын қолына ұстап, Жазушылар ода­ғының поэзия редакциясына келіп, Қуандық пен Мұзафар, Қайнекей ағалары­нан «көрімдік» алып тұрған Қабды­кәрім ағаның келбеті жадымда қапты. Кітабын Мұ­зафардың қолынан алып, Қуандық аға оқи бастады. «Тайға егер біреу мінгізіп жібер­се, өзім-ақ бәйгеге шаба берер едім» деген бір баланың нәзік ойларын оқи сала отырғандар мәз болып: «Мына жігіт ақын ек­ен, бұл кітап – жууға болатын кітап екен», – десті. Мен жас ақын Қабдыкәрім ағаға да, оны қоршап, қолпаштап әкетіп бара жатқан аңқылдақ ақын ағаларға да бір түрлі қызы­ғып қарадым.
Одан бері қырық жылдай уақыт өтіпті. Қабдыкәрім ақынның творчествосын біраз уақыт редактор ретінде, қалған жылдары оқырман регінде қадағалап оқып келемін. Мені сүйсіндіретін бір нәрсе – Қабдыкәрім ақын әр кітабы сайын өсті, биіктеді.
Қабдыкәрім ақынның шығармашылық жолындағы биік белесінің бірі деп «Әке жолы» атты поэмасын айтқан жөн. Арман жолында арманда кеткен әкенің аянышты тағ­дыры, жар мұңы, бала мұңы осы поэманың бастан-аяқ алтын арқауындай.
Әке жолы – аяғы трагедияға ұшыраған адам тағдыры оқырманын еріксіз жетегіне алады. Ақын өзінің «Таңдамалы» кітабының алғысөзінде шығармашылығының бір бастауы ретінде «Батырлар жырын» атаған екен. «Әке жолы» поэмасының үстінде кең тыныс, сан құбылған сурет, бәсеңдемейтін жүгіріс, алға қарай құйындата тартқан ақындықта сонау «Батырлар жырының» игі әсері жоқ деп қалай айтарсың. Әрине, ауыз әдебиетіне дүниежүзінің классикасынан алған үлгі, Абай мектебі, қазақ кеңес поэ­зия­­сы­ның озық үлгілері келіп қосылғанда, «Әке жолы» поэмасының қазақ поэ­зия­сын­дағы көрнекті бір туынды болып тумасқа хақы да жоқ сияқты. «Әке жолы» – Қаб­дыкә­рім ақынның көзінен тамған ыс­тық жастай, жүрегінен төгілген ақ жалындай, бү­кіл өмірінің мақсат-тілегіндей, жанған үмітіндей жайнап тұра береді. Өйткені, бүл поэманың өн бойында туған әкеге деген баланың ізгі махаббаты, шексіз сенімі жа­тыр. Әке жолы ұрпақтың жүрер жолы. Ол жол үзілмейді жалғаса береді, болашаққа кете береді.
«Төрдегі мына сурет әкем менің
Білмеймін апам қайдан әкелгенін.
«Сақтадым, дейді, терең жүрегімде»,
Келмейді онысын да бекер дегім.
Қайшымен кесіп, бір кез ұсақтаған
Сурет қой анам жиырма жыл сақтаған.
Қасына қайта келген мына менмін,
Бұл қалпым әке мойнын құшақтаған».
Поэманың көтерген жүгі өте ауыр еді. Қаб­дыкәрім ақын бастан аяқ бір деммен, бір биіктен төмендемей, жырлап шығыпты. Бұл шығарманы оқып біткенде көз алдың­нан көп өмір өтеді.
Ақын өмірінің де алғашқы соқпақтары, асыл азаматтар бейнелері поэмада әсем жыр­ланған, әсерлі бейнеленген. Әке мен бала қатар өмір сүрсе екен, баладан әкені еш­кім айырмаса екен деген адамзат қо­ға­мының ең бір үлкен сөзіндей күн тәр­ті­бінен түскен емес. Әкесін піріндей көрмеген баладан жақсы әке де шықпақ емес. Қаб­ды­кәрімнің «Әке жолы» поэмасы қазақ поэ­зия­сының жақсы бір үлгісіндей жасай бере­тініне менің ақындық көңілім еш шү­бәлан­байды.
Ақын жылдар өткен сайын әкесін са­ғына түседі, өмірінің белгілі белестерінде оған дүркін-дүркін сәлем береді, әкенің бейнесін тағы да өз өлеңдеріне арқау етеді. «Әке суреті алдыңда» атты өлеңді тебірен­бей оқу мүмкін емес.
«Қырық жылғы суретін әкемнің
Бүгін тағы көз алдыма әкелдім.
Әке, – деймін,
өлең еткен секілді.
Жаңалықты калай айтсам екенмін.
Зор тұлғадан тұрсам да сәл именіп,
Көкірегіме асау, асқақ күй келіп.
Әке, – дедім, – ата болдым мен дағы
Сенің түңғыш немере ұлың үйленіп», –
деп басталатын өлеңнің айтары көп. Сырт көзге қарапайым ұйқастармен жасалған жәй бір дүние сияқты. Ішіне кірсең, қаншама нәзіктік, қаншама инабаттылық жатыр. Өз баласының үйленіп, одан бала көргенін өз әкесіне ақын қалай әдемі айтады. Соншама әдептілік оқырман жүрегін де кір-қоқыстан тазалап, көңіл әйнегіне күн шұғыласын толтырып жібереді.
Қабдыкәрім ақын, бар болғаны, елу-ақ жыл өмір сүрді. Ал оның жүрегі, табиғаты әлі де қырыққа келе қоймаған секілді еді сол тұста. Ол көктемді, гүлді жастық базарын сүйді. Сондықтан да ол жүрек егделікті мойындамады.
Иә, Қабдыкәрім өлеңі өз халқымен бірге жасап келеді. Оның екінші өмірі басталғалы да жиырма жыл болды. Ақын ағаның осы екінші ғұмырына мәңгіліктің гүлі бұйырсын дейік, ағайын.

Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ

Ескерту: Естелік мақала 1998 жылы жазылды.


Таным

«Баянауыл вальсі» әнінің өмірге келу тарихын марқұм Мүкарам Шүленбаев ағамыздан естіген едім.
«1962 жыл. Баянауылдың самалы майда соққан шыбынсыз жазы. Жұртшылық мерей­тойдың дайындығымен әбігер. Осы өлкенің тумасы жазушы Зейін Шашкин елу жасқа келді. Бұл тойда есімі жұртқа танымал дүлдүлдердің біразы бас қоспақ. Бірі – сөздің тұнығын терген ақын, бірі – адамзат тағдырын қаламына арқау еткен жазушы болса, бірі әуенімен мұқым елді әлдилеген композитор. Ол кезде мен де жақсылардың қасына көп еріп, әр сөзіне құлағым түрік жүретін кез еді. Кіл жақсылар Ақбет таудың баурайына, Жасыбайдың жасыл құрақ жағасына жиналды. Сол тойда ақын Қабды­кәрім Ыдырысов ортаға шығып бір өлеңін оқыды. Өлеңде Баянауылдың табиғаты мен ерекшелігі әдемі өрнектермен бейнеленген. Қабдыкәрім Ыдырысов бұл өлеңді Зейін ағамның мерейтойына жасаған тартуым деп атап өтті.
Маржандай тізілген әсем сөз жиналған­дарды селт еткізді. Атақты композитор, күйші Нұрғиса Тілендиев өлеңге ынтасы ауып, ән жазуға бекіді. Сол кезде туған ән бүгінге дейін ел аузында жүрген «Баянауыл вальсі» әні. Осылайша, жақсы жанның тойында осындай жақсы ән туды. Тағы бір айта кетерлігі, өлеңнің ішінде «Қанышы көпке әйгілі» деген жол бар болған. Бұл өлең кейін ол кісінің де құлағына шалынады ғой. Бірақ, қашан да өзін халықтан биік ұстап көрмеген нар тұлға бұл жолды алып таста­уын сұрайды. Осылайша, ән қайыр­масындағы «Қанышы көпке әйгілі» деген жол, «ұлдары көпке әйгілі» болып өзгер­тілген» – деп еді Мүкарам ағамыз.

Алтынбек НУХҰЛЫ,
Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі


Баянауыл вальсі

Сөзі: Қ.Ыдырысов
Әні: Н.Тілендиев

Көрдің бе, сен, Баянның шың-құздарын,
Кеудесінде ойнаған жұлдыздарын?
Көрдің бе, сен, Баянның баурайында,
Жайраң қағып жайнаған ұл-қыздарын?

Асқақтатып Ақбеттен Баян әнін,
Жер сұлуын келсе егер аялағың.
Жасыбайдың көлінде сайран салып,
Саяла, сен, жұпарлы сая бағын.

Баянауыл басынан күн аумайды,
Көл бетінде күлімдеп нұр ойнайды.
Алматыдан алыстау демесеңдер
Алатаудан Баяным бір аумайды.

Таулары биік айбынды,
Көлдері мөлдір айдынды.
Қыздары көркем май гүлі,
Баянның
Ұлдары көпке әйгілі.


Қайдасыңдар, достарым?

Сөзі: Қ.Ыдырысов
Әні: Ә.Есбаев

Бірге тойлап бірге өткізген,
Жалындаған жас шағын.
Талай қызық күнді өткізген,
Қайдасыңдар, достарым?

Бәріміз де таптық бүгін,
Бақыт жолын іздеген.
Дос үміті, достық сенім
Әрқашанда бізбенен.

Жүрсек-тағы қиыр шетте,
Досты ұмытқың келмейді.
Достық жалын бар жүректе,
Суымайды, сөнбейді.

Достар, достар,
Жүрсің қайда,
Бірге еді ғой жанымыз.
Еске алысып осындайда
Кел, шырқайық бәріміз!


Мектепке есімі берілгенде…

Еліміз тәуелсіздік алып, қазақ халқынан шыққан атақты тұлғалардың есімдері мек­тептерге беріле бастады. Мен ол кезде Крас­нокутск ауданы Октябрдің 25 жылды­ғы атындағы кеңшардың 11 жылдық мек­те­бінде директор едім. Бұл ауыл – белгілі ақын, әнші ағамыз Қабдыкәрім Ыдырысов­тың кіндігі кесілген қасиетті жер.
Танымал тұлғаларды дәріптеу қолға алынған сол 1990 жылдары Қ.Ыдырысов ағамыздың есімін жергілікті мектепке неге бермеске деген ой туындады. Қазақстанға ғана емес, КСРО аумағына есімі белгілі жерлес ақынның 50 жылдық мерейтойына орай 1978 жылы күзде ауылда үлкен кездесу өткені есімде еді. Сөйтіп, ойымды ауылдық әкімшілікке барып айттым, басшылар бір­ден қолдап, хат жазғызды. Ол ауданға жі­бе­рілді, әрі қарай облысқа, содан кейін елі­міз­дің астанасы болған Алматыға жөнел­тілді.
Не керек, бір жылдай жауап күтумен жүр­дік. 1992 жылы Үкімет басшысы С.Те­рещен­коның қолы қойылған Үкімет қау­лысы жарияланды. Онда ақын, халық ағарту ісінің үздік қызметкері Қабдыкәрім Ыдырысовтың есімін беру туралы өті­ні­ші­міз қанағаттандырылған екен. Қуанышы­мыз­да шек болған жоқ.
Ақын есімін мектепке беру бүкіл ауы­лымыз үшін үлкен той болды. Ас берілді. Алматыдан келген қонақтар Қабдыкәрім ағамыз туралы түрлі естеліктер айтты.
Тойдан кейін мектептің бір кабинетін босатып, Қ.Ыдырысовтың шығармаларын жинақтап, музей құра бастадық. Алматыдан Бәтіш жеңгеміз ала келген сия-сауыттарын қоюдан бастап, қорды жыл сайын толық­тырып отырдық. Осы жерде шығарма­шылық кештер өткізіліп тұрды.
1992 жылы мектеп қабырғасына Қ.Ыдырысовтың есімі берілгендігі туралы мемориалдық тақта орнатылды. Мұғалім­дер шешімімен ақын ағаның «Қайдасыңдар, достарым» әні – мектептің әнұранына айналды.

Атлас Байсарықызы,
Қазақ КСР Халық ағарту ісінің үздігі


Аудармаларынан үзінді

ГУСАР
(Лермонтовтан)

Қырмызы қызыл қалпақты
Көңілді, сері гусарым.
Біліп қой өмір алдапты,
Бақытың өткен құр сағым.

Мұртыңды маңғаз ширатып
Сан тойды еске аласың.
Қара ойға кетпе тым батып, –
Түк емес мұрттың қарасы!

Тағдырға бұлдыр еркелеп,
Мағнасыз қызба құр текке.
Ешкім жоқ деген сен керек,
Жатқан жоқ ешкім құрметтеп.


Достық
(Сурковтан)

Басталды ғажап ертемен
Қызықтан қызық күшейді:
Ыстықта мына өртеген
Аяз. дейді, қыс. дейді.

Тағы бір қызық дәл түсте
Мадрасқа зырлап келеміз.
Күтіп тұр онда біздерді
Польшалық алып кемеміз.

Аппақ, асқар, әп-әсем,
Мұз-қарлы сонау өлкеден
Әдейі мұнда сол кеме
Болат жол тартып әкелген.

Арнайы жобаны әзірлеген –
Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ,
Павлодар облысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір