«ТҮРКІ ӘЛЕМІНДЕГІ 100 ЖАҢА ЕСІМ»
Күні кеше ғана Қырғызстанның Чолпон-Ата қаласында өткен түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VІ саммитінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұйымға төрағалық етуді Қырғызстанға табыстады.
Елбасы өз сөзінде: «Біз төрағалық еткен уақытта ғылыми-ағарту жұмыстарына ерекше назар аудардық. Әзірбайжан, Түркия, Қырғызстан және Қазақстанның оқу бағдарламаларына «Түркілердің ортақ тарихы» деген оқулық енгізілді. Түркі академиясы тарих бойынша 90-нан астам кітап шығарды. «Аталар мирасы» порталы ашылып, ол жерге халқымыздың төрт ғасырлық мәдени мұрасы жиналды. «Түрікбарометр» әлеуметтік зерттеу жобасын іске асыру басталды. Мемлекеттер арасында туристік саладағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында «Заманауи Ұлы Жібек жолы» жобасы іске қосылды. Бұл арқылы 14 күнде бес елдің тарихи маңызы бар әрі киелі жерлерін аралап шығуға болады», – деді. Сондай-ақ, «Түркі әлеміндегі 100 жаңа есімді» анықтауды, осы елдердің қасиетті орындарын көздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа лайықты мұра етіп қалдыру үшін Түркі кеңесінің жанынан «Түркі әлемінің киелі жерлері» атты арнайы жобаны әзірлеуді ұсынды.