Әзіл-шыны аралас
***
Жазушы, аудармашы әрі танымал журналист Сарбас Ақтаевтың әкесі тоқсаныншы жылдардың басында тоқсан жасқа жетіп дүние салыпты. Әкесі тірі кезінде Сәкең Көкшетауға барған сайын қалаға соқпай, алдымен аудандағы әкесіне барып сәлем береді екен. Сосын әкелі-балалы екеуі әзіл-қалжың аралас әңгіме-дүкен құрып, өткен-кеткенді еске алып бір жасап қалысады.
Сәкең ел жаққа бір барғанында тоқсанға таяп қалған, әйтсе де, мықтылық көрсетіп, сыр бермей шапқылап жүрген әкесіне:
– Мына ұлыңның да елудің ішіне молынан енген жайы бар. Әке, сен енді ақырына дейін шыдап, зейнетке шыққанша мені асырай тұр… Содан кейін зейнетақысын беріп, өкімет өзі-ақ асырай жатар, – депті.
Сонда ақсақал кеңк-кеңк күліпті де:
– Оған мен шыдар едім-ау. Бірақ ажал деген баяғы баянкаматтың пәбескесі секілді ғой, ай-шайға қарамай ала жөнелсе, зейнетке жеткізбеді деп ренжіме, балам, – деп жауап беріпті.
***
1958 жылдың көктемінде Ғабит Мүсірепов КСРО Жоғарғы Советіне депутаттыққа кандидат болып тіркеледі де, қасына ақын Мұзафар Әлімбаевты ертіп, шағын ұшақпен Мәскеуге ұшады. Бірақ ұшақтары апатқа ұшырап, абырой болғанда Қызылқұмның шағылына құлап, жолаушылар аман қалады. Содан жолаушылар торғайдай тозып, құмды кешіп әлдебір ауылға жетеді. Бой жазып, дем алған соң Ғабең мен Мұзағаң ауылдың дүкеніне кіреді. «Іш киімім тозып жүр еді», – деп, Ғабең ағараңдаған матаны құлаштап өлшеп жатқан кезде, Мұзағаң оның бағасын біліп алып, сатушыға ақшасын төлейді. Мұны байқап қалған Ғабең:
– Әй, кедей (ол кісі Мұзафарды ылғи осылай атайды екен), сен не істеп жатырсың? Немене, байып кеттің бе? – депті.
Сонда Мұзағаң:
– Әлі байи қойғам жоқ, Ғабе. Бірақ, «қазақтың Ғабитіне дамбал сатып алып бергем» деген атақтың өзі неге тұрады. Сол атақ үшін ақша төлеп жатырмын, – деген екен.
***
Ақын Сырбай Мәуленов ұзақ жылдар бойы басшы қызметтерде болған кісі ғой. Сол Сырағаң зейнеткерлікке шыққаннан кейін, бірде өзінің жақсы көретін талантты інісі Ұлықбек Есдәулетті қасына ертіп, көше бойлап келе жатса, қарсы алдынан құрдасы Жұбан Молдағалиев (1920-1987) ұшыраса кетеді.
– Иә, Сырбай, денсаулығың қалай? – дейді Жұбағаң амандасып.
– Жаман емес… Бірақ осы соңғы кезде тізем қақсап, болмай жүр, – дейді Сырағаң да кұрдасына мұңын шағып.
Сонда Жұбан:
– Кезінде талайларға тізенді батырғасың ғой тегі… Тізең ауырса – соның ақысы да, – депті қалжыңдап.
***
Алпысыншы жылдардың басында, жаздың жаймашуақ бір күнінде Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Кұрманбек Сағындықов және Сырбай Мәуленов Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Сәлімгерей Тоқтамысов басшылық жасап жүрген совхозға қонаққа барады. Сәлімгерей кезінде бірер облыстың бірінші басшысы болған, кейін жазықсыз қудалауға түскен, әдебиет пен өнер десе ішкен асын жерге қоятын заманының көргенді, зиялы азаматы болса керек. Қонақтарды құрақ ұшып қарсы алып, хал-қадірінше күтеді. Күн аптап ыстық болғандықтан ақын-жазушылар түс әлетінде совхоз іргесіндегі каналға барып, салқын суға түседі. Алдында салқын тиіп, аздап сырқаттанып жүргендіктен Сырбай суға түспей, жағада отырып қалады. Суға түсіп жүрген Ғабеңді қатты ағыс кенет иірімге қарай қақпақылдайды. Ғабең де барын сала жанталасып, бір бүйірлеп, жиекке қарай ұмтылады. Жар жағалап жүгіріп келе жатқан қалжыңқой Сырбай:
– Жақсы болсаң – келерсің судан өтіп,
Жаман болсаң қаларсың суға кетіп… – деп өлеңдете айғай салыпты.
Ғабең әзер дегенде діңкесі құрып, жағаға шығады. Шыққан бойда:
– Біреу иірімде жанталасып жүрсе, сенің өлеңдетіп қуанғаныңа жол болсын! – дейді кәдімгідей ренжіп. Сонда Сырбай:
– Ау, Ғабе, сізді каналдың суы түгілі мұхиттың суы да жұта алмасына сенімдімін ғой мен, – деген екен.
***
Қазақстан Жазушылар одағының басшылығына қос Ғабең – Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафин екі-екі реттен келгені баршаға аян (екі жолы да Ғабитті Ғабиден ауыстырып отырған). Бірінші хатшылыққа екінші жолы сайланғанда Ғабит Мүсіреповті қаламгерлермен «таныстыруға» сол кездегі Орталық Комитеттің хатшысы Нұрымбек Жанділдин ертіп келіпті. «Осылай да осылай, сіздерге бірінші хатшылыққа біз Ғабит Мүсіреповті ұсынып отырмыз, соған қалай қарайсыздар?» дейді ғой, қалыптасқан дәстүр бойынша хатшы ортаға ұсыныс тастап.
Жиналған қаламгерлер бірінен соң бірі шығып, Ғабеңді жер-көкке сыйғызбай мақтай бастайды. Сырбай Мәуленов ол кезде Одақтың партия үйымының хатшысы екен. Бір бұрышта үнсіз отырып қалыпты. Соны байқаған Жанділдин:
– Бұл жөнінде парткомның пікірін білсек деп едік, олардың пікірі қандай екен? – дейді Сырбайға шүйіліп.
Сонда Сырағаң иығын бір қиқаң еткізіп, ырғатылып орнынан тұрыпты да:
– Бәрі де жөн ғой… Одаққа бастық болу осы Ғабеңнен қалған шаруа емес пе еді… Бұл кісінің мінезі Памирдің ауа райы секілді тым ыстық та болмайды, тым суық та болмайды. Үнемі жанға жайлы қоңыр салқын боп тұрады. Парткомның пікірі осы! – деп орнына қайта жайғасыпты.
Әділғазы Қайырбеков
Иран-Ғайып