Әмин ағамен әңгіме
07.09.2018
1597
0

Жексенбінің жайдары күнінде кезекті сұхбатымның кейіпкерімен кездесу үшін жеңіл көлікпен жол жүріп келемін. Бағытым – Бағанашыл ауылы. Іштей «Мені болдыртып келе жатқан осынау арақашықтықты жүгіріп өту ол кісіге түк те емес шығар?» деп ойлап қоямын. Бұлайша ойлауымның себебі де жоқ емес. Менің кейіпкерім – КСРО жеңіл атлетикасының рекордшысы. Шындығында, бұл арада есімі аңызға айналған ардагер спортшының атақтары мен жеткен жетістіктерін тізбелеп жатудың өзі артық. Өйткені менің кейіпкерім үшін халқы берген «қазақтың желаяғы» деген атақтан үлкен баға жоқ.


– Аға, шашасына шаң жұқтырмайтын же­лаяқ­тық өнер адамға қайдан келеді? Құдайдың бер­ген қасиеті ме, әлде тынымсыз жаттығулардың нә­тижесі ме?
– Мен – соғыстан бұрын дүниеге келген адам­мын. Еш уақытта спортшы боламын деп ой­лаған емеспін. Ауылда қозы-лақ қуып өскен­мін. Жалпы, жылдамдық деген – адамның бойында болатын табиғи қасиет. Оны әрі қарай да­мыту – бапкерлердің ісі. Жетістіктерге же­туіңе өмірлік жағдайлар да әсер етеді. Бәлкім, ба­ла күнімде өзім қатарлы балалардан жылда­мырақ жүгірген болармын. Ол уақытта жарыс деген жоқ-тын. Мектепте дене шынықтыру пәні мұға­лімінің айтқандарын істегеніміз бол­маса, арнайы жаттығу деген болған емес. Мек­те­бімізге жазда 7-8 шақырым, қыста 5 шақырым жерді жаяу жүріп баратынбыз. Шыңдалуыма соның да әсері болды деп ойлаймын. Мектепті бітіріп, Гурьев педагогикалық институтында оқып жүр­генімде Алматыдан келген Анжелика Куликова дейтін бапкер жүгіруге қабілетті жастарды жинап, өз тобын құрды. Жақсы бапкер шәкір­тінен жақсы спортшы шығара алады. Сол топ­тың құрамында жаттығып, жетістіктерге жетіп, «спорт шебері» атағын алған соң әуелi Қазақ­стан, содан кейiн КСРО құрама командасына қа­былдандым. Спорттағы жолым осылайша жал­ғасып кете барды.                                                                       – Бала күніңізде ертегілердегі Же­лаяқ секілді болуды армандамап па едіңіз? Жалпы, бала кезде оқы­ған қандай кітаптар әлі күнге дейін жадыңызда?
– Бала кезде адам әрнеге елік­те­гіш, арманшыл келеді ғой. Жал­пы, мен кітапты көп оқып өстім. Әкем­нің інісі – Едiге ағам оқыту­шы болатын. Үйде сол кісі жи­на­ған, латын әрпімен жазылған кі­тап­тар көп болатын. Мектепке бар­май тұрып әжемнің арқасында әріп танып, оқуды үйреніп алдым. Әлі күнге дейін кітап жинаймын, оқи­мын. Бала күнімде оқыған шы­ғармалардан Сәбит Мұқановтың «Жұм­бақ жалауы», Абайдың өлең­дері, Мұхтар Әуезовтің «Абай жо­лы» әлі күнге дейін жадымда. Есі­ме түссе, күлкім келеді. Бала кү­­німде кітап оқығанда табиғатты суреттеген жерлерін оқымай өтіп кететінмін. Оны ағам біліп қойып, кі­тапты дұрыс оқу жайлы ақыл-кеңес­терін айтқан еді. Әдебиетті сүюі­ме ағамның әсері мол болды. Әде­биеттің арқасында қазақтың бел­гілі азаматтарымен таныстым, жол­дас болдым. Нұрғиса Тілен­диев, Әбіш Кекілбаев, Сайын Мұ­ратбеков, Қалихан Ысқақ, Сә­кен Жүнісов, Асқар Сүлейменов, Тө­лен Әбдіков, Сәтімжан Сан­баев, Асанәлі Әшімов, Райымбек Сейтметов, Әнуарбек Молда­бе­ков… Мен бұл кісілердің жанында артық сөз айтпауға тырысатын­мын. Сосын жұрт «екеуі бақталас бол­ған» деп ойлайтын Ғұсман Қо­­сановпен жақсы жолдас бол­дым.
Мен 60-жылдардың басында Мәс­кеуде тұрдым. Сол кездері ас­пирантурада оқып жүрген Сан­сызбай Шүкіров деген досымның арқасында қазақ диаспорасының жас­тарымен таныстым. Кіл алға тал­пынып, ғылым-білімге ұмтыл­ған сол жалынды жастардың «Жас тұлпар» атты ұйымы болды. ММУ-дың акт залындағы жиынына қа­ты­сып, ұйым мүшелерінің баян­да­маларын тыңдайтынмын. Онда өзім соған дейін естіп-білмеген қа­зақ даласындағы ашаршылық, қазақ интеллигенциясын қудалау туралы ашық айтатын. Ұйым кейін­нен қудалауға ұшырады. Алайда олардың ұстанған бағыты кеңес өкіметіне қарсылық емес, қазақ халқының көрген қиыншы­лы­ғын айту болатын. Сол уақыт­тары Мұрат Әуезовпен жақын та­ныс­қанмын. Әлі күнге дейін ара­­ласып тұрамын. Мен әрқай­сы­сы бір төбе осындай азаматтармен сыйлас болғанымды бақыт санай­мын.
– Бертін келе жандүниеңізде төң­керіс жасаған қандай да бір кі­тап болды ма?
– Францияға жарысқа бар­ға­ным­да бір жолдасымның айтуы­мен кітап дүкенінен Мұстафа Шо­қайдың «Туркестан под влас­тью советов» деген кітабын сатып ал­ғанмын. Сол кітап қазақтың өт­кен тарихына қатысты көп нәр­сеге көзімді ашты. Сосын сол уа­қытта тыйым салынған Б.Пас­тер­нактың «Доктор Живаго» атты кітабын, Осип Мандельштамның, М.Цветаева, А.Ахматованың шет­ел­ден шыққан өлең жинақтарын са­тып алдым. Бір жақсысы, ке­ден­де спортшылардың жүктерін тек­сермейтін. Соның арқасында елге еш кедергісіз алып келіп, рақатта­нып оқыдым.
– Қазір кімді оқып жатырсыз?
– Қазір кітапты бұрынғыдай көп оқымаймын. Бірақ Абайды жиі оқимын. Мерзімді басы­лым­дар­ды да үзбей оқуға тырысамын. Мен – шыққан тегімнің тарихын жөн­ді білмейтін қазақпын. Сол се­бепті Жетiбай Жылқышыұлы шы­ғарған тоғыз томдық шежіре кі­тап­ты оқып жатырмын. Сосын Әбіш­тің келер жылғы 80 жылды­ғына орай шыққан «Әбіш Кекіл­бай­ұлы» деген үш томдық энцик­ло­педияның 1-томы қолыма ти­ген. Соны оқудамын. Осыдан 7-8 жыл бұрын Әбекең маған өлең кітабын сыйға тартты. Шынымды айтсам, оған дейін өлең жазатынын біл­ме­ген едім. Оқысам, өлеңдері көп ақын­дардыкіндей ұйқасқа құрыл­маған. Әр өлеңінде терең фи­ло­софия жатыр. Сол өлеңдер жи­на­ғын жиі қолыма аламын.
– Өнер адамдарымен жақын ара­ласыпсыз. Ән айтып, домбыра шер­тетін өнеріңіз бар ма?
– Жоқ. Бірақ балаларымды му­зыка мектебінде оқыттым. Ұлым домбырада ойнайды. Өнерге жа­қындығым болмаса да, Нұрғиса Ті­лендиев мені өзіне жақын тар­тып тұратын. Қасында жалпақтап жүр­гендердің талайын көрдім. Өзім адамшылық, сыйластық қа­рым-қатынаста болдым. Содан ба екен, өзімсініп «Тұяқ» деп атай­тын. Бір мерейтойымда әртүрлі іс-шаралар өтіп жатқанда тегін концерт те өткізген еді.
– Әбіш Кекілбаевпен жақсы дос болыпсыз. Достықтарыңыз қай кез­ден басталған еді? Спортшы мен жазу­шы қандай тақырыптарда жиі сөй­лесетін еді?
– Әбекең екеуміз отбасымыз­бен араласатын жақын достар бол­дық. Аға-інідей араластық. Өзі бала кезде мектепте менен екі класс төмен оқыған. Көрші ауыл­дан болатын. Алғаш Алматыда та­ныстық. Мәскеуден келген соң жақын араласа бастадық. Екеу­міз­дің қарым-қатынасымыз­дың жақ­сы болғаны сондай, Жанай ау­лы­ның келіндері маған әлі күнге дейін сәлем етеді.
Біз саясат, шығармашылық ту­ралы айтпайтынбыз. Өскен ор­та­­мыз, атақоныстар жайлы айтып, көнекөздерден қазір кімдер бар, кімдер жоғын түгендеп отыратын­быз. Соңғы жылдары жылына бір рет туған өлкемізге барып демалу­ды дағдыға айналдырдық. Кендірлі деген жердегі демалыс орнында оншақты күн демалып, суға түсіп қайтатынбыз. Әбекең – бір адам туралы өсек айтпаған адам. Бірде Әбе­кеңе: «Мұқағалиды сыртынан көргенім болмаса жақын барып сөйлесуге бата алмадым. Өзін жұрт «ішкіш» дейді ғой», – дегенімде, «Мұ­қағали екеуміз «Қазақ әдебие­ті» газетінде бірге істедік. Бір бөл­ме­де, бір үстелде қатар отыр­дық. Мұ­қаң жақын маңдағы «Столич­ный» дүкенінен әлде үйінен әке­летінін білмеймін, әйтеуір, бір қойдың басын алып келетін. Түскі ас кезінде сол басты мүжіп, шай ішіп, әңгіме айтып, рақаттанатын­быз», – деген еді. Мұқаңның адам­дығы мен ақындығын бағалайтын. Ішім­дік ішкені туралы бір ауыз сөз айтпайтын.
– Кезінде Әбіш ағаның Қазақ­стан­ның Еңбек Ері атағын алғанда Ел­басымызға ерекше құрмет көр­сеткені біраз сөз болды. Өзі сол жайт­ты қалай қабылдады? Сізге ақ­та­рылып мұң шақпап па еді?
– Айналайын-ай, ойдағы нәр­сені қозғадың-ау. Біз – қазақи ауыл­да өскен адамдармыз. Оның үс­тіне, әр жердің өз әдет-ғұрпы бо­лады. Біздің жақта жақсы көре­тін адамының қолын сүйетін ғұ­рып бар. Өзің айтқандай, біраз әңг­іме болған сол жайт үшін талай адам­мен ұрысып-керістім. Олар­дың ішінде студент кезінде Әбе­кеңмен бір бөлмеде жатып, бір нан­ды бөліп жеген жолдастары да бол­ды. Артынан түсінгендері де бар. Сол жылдары президенттік сай­лау кезінде Елбасы штабының мүшесі болдым. Сонда Маңғыс­тау­ға барғанда: «Өздеріңнің ал­дың­да қадірлі болғаным қай кез? Қо­лыма шабаданымды ұстап, бен­зовозбен келіп тұрмаушы ма едім? Тәуелсіздік алғалы Елбасы ма­ған орден де берді, пәтер де бер­ді. Әбекеңе Еңбек Ері атағын беру-бермеуі екі-үш күнге дейін бел­гісіз болды. Сондай үлкен атақ­ты алып тұрып көңілі толқыған болар? Содан Елбасының қолын сүйген болар? Елбасы – еліңді басқарып отырған, еліңді алға сүйреп отырған адам. Сондай тұл­ғаға ерекше ілтипат көрсеткеннің не сөкеттігі бар екен?» –деп ақта­рыла сөйлегенмін. Маңғыстауда Отпантау деген тау бар. Ертеде жау шапқанда хабаршылар Отпан­таудың басына от жағып, халықты сонда жинайды екен. Сол Отпан­таудың басына Елбасының рұқ­сатымен Адай атаның ескерткіші қойылды. Қазір балалар әскерге кетіп бара жатса, той болса, сонда барып тағзым етеді. Алысқа кеткен ағайындар жыл сайын 14 наурызда сол жерге жиналады. Білгенге, бұл да – бірліктің көрінісі. Ал бұған жол ашып беріп отырған Елбасың емес пе? Мен де жақсы көретін ада­мымның бәрінің қолынан сүйе­мін. Жалпы, Әбекең не нәрсе­ні де ішіне жинайтын, іштей ойла­нып-толғанатын. Жеке отырғанда өзіме ештеңе демеді. Алайда жақ­сы көретін азаматтарынан небір сөз есту жанына батқанын, қина­лып жүргенін сездім. Барынша жұбатуға тырыстым. Бәріміз де пендеміз ғой. Әбекең де пенде… Со­сын қазақ бір кемшілігіңді көр­се, қыр соңыңнан қалмайды емес пе? Өлгесін ғана мақтай бастайды. Қазақстанда тәуелсіздік кезеңінде Әбекең сияқты Елбасына ақыл айтқан, тіл, жер мәселелері туралы ашық айтқан адамдар жоқтың қасы. Елбасыны дұрыс шешім қа­былдауға көндірген уақыттары да болды. Бәрін «мен жасадым» деп жүретін ақын-жазушылар да бар. Рас, ортақ іске олар да атсалысқан бо­лар, бірақ елдік мәселесінде Әбе­­кең­нің де еңбегі сіңгенін ұмыт­­пауымыз керек. Әбекеңдей дана адам­дар сирек қой. Жасы­ратыны несі бар, дүниеден өткен соң дене­сін туған жеріне апарып қойғымыз келген. Елбасы: «Әбе­кең – сіздер­дің ғана адамдарыңыз емес, елдің де адамы. Қазақтың арыстарының жатқан жерін іздегенде бәрі бір жерден табылсын», – деп, Әбе­кең­ді ұлттық пантеонға жерлеуге жұбайы Клараны өзі көндірген. Жақында бір інім 70-ке келіп, тойында болдық. Сонда Әбекеңнің орны ойсырап қалғанын қатты се­зіндім. Бұрын той-томалақтарда бірінші сөзді Әбекеңе беретін. Әбе­кең жоқ болғасын Клараға да сөз бермеді. Адам деген көзі кетсе ұмы­тыла бастайды екен ғой. Кейде Кла­раның жылап-сықтап отыр­ға­нын көріп қалсам: «Енді бұрын «Әбекеңе сәлем бере келдім» деп шауып жүретін жігіттердің қатары си­рей бастайды. Әбекеңнен тара­ған ұрпақтың барына шүкір ет», – деп жұбатамын. Өмірдің заңы со­лай…
– Әбіш ағамен арада өзара әзіл-қалжың болушы ма еді?
– Мен – Әбекең сияқты да­на­мен артық әзілге бармаған адам­мын (суретте). Тек бірде: «Сіздің жаз­ған­да­рыңыз­ды оқуға қинала­мын. Бір сөй­леміңізді оқу үшін бір бетті тү­гел оқып шығу керек. Содан сөй­лемнің басында оқығанымды ұмы­тып қаламын», –дегенімде күл­ген де қойған еді.
– Бала кезіңізден әдебиетке жа­қын болыпсыз. Одан бөлек өнер және шығармашылық адамдарымен жа­қын араласқаныңыз тағы бар. Ара-тұра ойларыңызды қағаз бетіне түсі­ріп тұрмайсыз ба?
– Жас кезімде есімде қалған­дар­ды қағазға түртіп жүретінмін. «Самал» ықшам ауданында тұр­ға­нымда «кейін алармын» деп, бәрін шабаданға салып, шатырға шыға­рып тастағанмын. Сыртқа кеткен кезде үйге ұры түсіп, жоқ қылып­ты. Одан кейін жазбайтын болдым.
– Ал спорттан кеткен соң дағда­рыс­қа тап болмадыңыз ба? Тұрмыс кө­шіне бірден ілесіп кете алдыңыз ба?
– Үлкен спорттың қиындығы сол – спорттан кеткеннен кейін үкі­мет саған қамқорлық жасамай­ды. «Өз күніңді өзің көр», – дейді. Спортшылардың үлкен спортпен қош айтысқан соң көбіне арақ ішіп кететіні, жағдайы болмай, дү­ниеден ерте өтетіні содан. Со­лар­дың бірі – Шәміл Серіков. Ай­тар болсам, жетіп жатыр. Мен де көп қиыншылық көрдім. Шә­кірт тәрбиелеу үшін бірден топ жи­най алмадым, тәжірибем бол­ған жоқ. Гурьевте бастығым болған адам: «Жұмысты өзің тауып ал», – деп теріс айналды. «Аспиран­ту­ра­ға түсем бе, қайтем?» – деп жүр­ге­німде, қалалық комитеттің хат­шысы Кәркен Ахметовтың қам­­­қор­лығымен жаңадан ашылған спорт мектеп-интернатына жұ­мыс­­қа орналасып, жиырма жыл­дай шә­кірт тәрбиеледім. Сол білім ор­дасынан көптеген спортшылар тү­леп ұшты. Араларында Ольга Ши­шигина да бар. Сосын спортта жүргенімде үкімет Алматының шет жағындағы ықшам ауданнан пәтер берген. Бір күні республи­калық спорт комитеті бастығының орынбасары, бұрынғы волейбол­шы, бапкер Октябрь Жарылғапов­қа барып, орталықтан үй сұрадым. Іні­лерімді оқытқым келетінін айт­тым. Көп ұзамай маған орта­лық­тан үш бөлмелі пәтер берілген. Ен­ді көшейін деп отырғанымда Ок­тябрь шақырып алып: «Рейхс­таг­қа ту тіккен батырымыз Рақым­жан Қошқарбаев екі бөлмелі үйде тұрып жатыр екен. Үш бөлмелі пә­теріңді соған берсеңші. Сен Ра­қаңның үйіне көшіп барасың», – деді. Бір ауыз сөзге келмей бірден ке­лісімімді бердім. Ол кезде үй­лен­беген жас едім. Октябрь де: «Тірі тұрсақ, қамқорлық жасай­мыз», – деген. Көп ұзамай дүние­ден өтіп кетті. Сөйтіп, Рақаңның Абай атындағы опера және балет театрының арт жағында орналас­қан көп қабатты үйдің екі бөлмелі пә­терінде жиырма жылдай тұр­дым.
Жалпы, үлкен спорттан кеткен спортшыларға бағыт-бағдар беріп, қамқорлық жасап, жұмысқа ор­на­ластыру керек. Сосын үлкен спорт­та жүргендер аздап біртүрлі бо­лады. Менменшіл, өркөкiрек. Мі­нездері басқаша. Сондықтан олар­дың кей артық мінездеріне түсіністікпен, кешіріммен қараған жөн. Олардың өздері де қамқор­лық­­қа, сый-құрметке дандайсып кетпей, бастарындағы бақты ұстап тұра білуге ұмтылсын. Ол үшін олар­ға ақыл, салмақтылық және жа­нында жүретін жанашыр адам қа­жет.
– Үлкен спортта жүргендердің мінезі біртүрлі болады дейсіз. Өзіңіз сон­дай мінезіңізді кімдерге көрсете­тінсіз?
– КСРО-ның уақытында Бар­тенов дейтін бас бапкерімізбен та­лай рет сөзге келіп қалғанмын. «На­шар адамсың» деп бетіне ай­тып тастайтынмын. Өйткені қа­зақтарды шеттететін. Жақсы нәти­желер көрсетіп, жетістіктерге же­тіп тұрғасын амалсыздан құрама ко­мандаға алатын. Құрамаға ша­қырмай, шет қалдырған кездері де болды.
– Қайбір жылы Маңғыстау об­лы­сында «Әминиада» атты желаяқ­тар жарысы бастау алған еді. Бүгін­де тұрақты түрде өткізіліп тұра ма?
– Қырымбек Көшербаев Маң­ғыс­тау облысының әкімі болып тұр­ған кезінде Жаңаөзенде ста­дион салынды. Соған менің атым­ды бермек болып, Елбасымен: «Әмин Тұяқов 70-ке келіп жатыр. Жаңа стадионға атын берейік деп едік. Ол үшін Тұяқов өлу керек екен, сосын бес жыл өту керек, одан соң комиссия құрылып, со­ның шешімімен ғана атын береді екенбіз. Тірі жүрген кезінде бір қуансын, стадионға атын берсек, қа­лай қарайсыз?» – деп ақылдас­қан екен, келісім беріпті. Содан Қы­рымбек мені шақырып алып: «Спар­такиада деген бар. Ал біз өзі­міздегі жеңіл атлеттердің жары­сын «Әминиада» деген атпен өткі­зіп тұрайық», – деді. Қазір 2008 жылдан бастап сол стадионда жыл сайын «Әминиада» жарысы өтіп тұра­ды. Үлкен жарыс емес, аудан­дардан, көршілес облыстардан келіп қатысады. Дегенмен бұл да дамудың, алға басудың бір қадамы ретінде көңіл қуантады.
– Өзіңіздің ізіңізді басайын деп тұрған қаракөз желаяқтар бар ма?
– Орыстардан балалар бар, қа­зақтан азғана. Жалпы, бұл – үл­кен мәселе. Олимпиада чемпион­да­ры жылда туа бермейді. Бір ба­ла­­ның бойынан жылт еткен ұш­­қынды байқасаң, оған жағдай жа­сап, дайындау керек. Өкініштісі, бізде бапкерлер жетіспейді. Уни­верситеттер дұрыс жұмыс істе­мей­ді. Спорт академиясы дегеннің аты бар да, жұмысы жоқ. Бас бап­кер болып жүргенімде бапкерлерді ша­қырып алып (негізінен, орыс­тар): «Осы жерде туып-өстіңдер, білім алдыңдар. Енді жергілікті халықтың балаларынан жеңіл ат­летика спортшыларын тәрбие­лең­дер», – деп айтып тұратынмын. Жал­пы, жеңіл атлетиканы дамыту үшін мыналарды жүзеге асыру қа­жет: бапкерлер дайындайтын курстар ашып, білімдерін жетіл­діру; «Болашақ» бағдарламасымен шетелге оқуға жіберу; шетелдік орталықтарда білімдерін жетілді­ру­ге жағдай жасау. Шетелден үй­рену үшін біздің бапкерлер шетел тілін үйренулері керек. Сосын спорт мектептерін ашу, мектеп­тер­де дене шынықтыру сабақтарын кү­шейту де – кезек күттірмейтін мә­се­лелер. Әсіресе ауылды «тіріл­ту» қажет.
– Бүгінде спортшы болмасам, кім болар едім деп ойлайсыз?
– Оқытушы болар едім деп ой­­­лаймын. Мен өзім оқыған инс­ти­­тут­тың физика-математика фа­­культетін үздік бағаға бітірген­мін.
– Қандай өкінішіңіз бар?
– Мен – әжемнің қолында өс­кен баламын. Әжем Мақпал кол­хоз төрағасы болған еті тірі адам еді. Өзі атамыздан 29 жасында екі баласымен жесір қалған. Қиын­шы­лықтарға қарамастан, бала­ла­рын өсіріп, жетілдірген, адам қыл­ған. 6-сыныпта оқып жүрге­нім­­де, 55 жасында қайтыс болды. Қы­зығымды көрмей кеткені өкін­теді.
– Үлкен спорттың денсаулыққа пайдасынан зияны көп дейді. Сол рас па?
– Рас. Ол зиянның бәрі үлкей­ге­сін шығады. Жүректің қабынуы, асқазан қызметінің бұзылуы… Жақ­сы спортшылардың өмірден ерте кететінінің бір себебі – осы. Қа­зір қайта спортшылардың та­мақ­тану тәртібін тексеріп отыра­тын дәрігер мамандар бар. Біздің кезімізде ондай болмады. Мен елуден асқанша жүгірдім. Сосын тоқтаттым. Кезінде зілтемір кө­терумен де біраз айналыстым. Сон­да белімді ауыртып алғанмын. Спорттан қол үзгеннен кейін белім шойырылып ауыратынды шы­ғарды. Одан екі жамбасым ауы­ра бастады. 90-жылдары Жа­понияға барып дәрігерлерге қарал­сам, ұршық қарайып кеткен екен. Содан 2000 жылы Бейжіңде ота жасаттым. Қазір екі буыным жа­санды, темірден жасалған.
– Балаларыңыздың спортқа жақындығы бар ма?
– Әлгінде спорттан кеткесін көп қиыншылық көргенімді айт­тым. Сол себепті балаларымды спорт мектебіне бергеніммен үл­кен спортпен айналысқандарын қа­ламадым. Немерелерім де спорт­пен айналыспайды. Бірақ жақ­сы білім алып жатыр. Жалпы, өмірдің ең үлкен қуанышы – бала екен. Со­сын адамға жақсы жолдас ке­рек. Шүкір, балаларымыз жағ­дайы­мызды жасап отыр. Кіл жақ­сылармен жолдас болдым. Спорт­­шы болмағанымда мұндай дәрежеге жетпес пе едім? Сон­дықтан өткен өміріме еш өкпем жоқ.

Сұхбаттасқан
Мәдина СЕРІКҚЫЗЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір