Кім ақын, ақын кім?
28.08.2015
3032
0

124069_1039923971_789451_2065_0Шалғайда тұратын ақынды іздеп келем. Жай ақын емес, балалар ақыны. Бұрындары кітаптары шығып, танылып қалған талантты жігіт соңғы екі-үш жылда үні өшті. Хат-хабар жоқ, не өлі екені, не тірі екені белгісіз. Бір хабарын біліп қайтсам деймін. Сұрай-сұрай ауылдың ең шетіндегі үйіне де жеттім. Бұл жаз ортасы болатын.

Есік алдында бір кішкентай кетік қыз күй­беңдеп жүр. Әкесін сұрадым. Ол қо­лын сілтеп:
– Папам анау жақта қоңыз теріп жүр, – де­ді. Жүрегім зырқ ете қалды. Шешесін сұрадым.
– Мамам бағана тезек теріп кеткен, – де­ді кетік қыз. Жүрегім шым ете қалды. «Әке­сі қоңыз теріп кетсе, шешесі тезек те­ріп кетсе… шынымен-ақ жетіскен екен­біз!».
Балалар ақынын баласы екеуін бақша жақ­тан тауып алдым. Шынымен-ақ қоңыз теріп жүр екен. Амандықтан соң:
Келгенің жақсы болды. Мына қаптаған қоңызды қалай теріп бітеміз деп отыр едік, – деп күлген болды. Сонан соң іле – бала-шаға аш қалмасын деп осы картопты көктемде салып едім. Қара мына бір колорадо қоңызы деген пәле қаптап кетті. Тіпті таусылмайды… – деді.
Ақынның баяғы арыны, жалыны жоқ, жалы жығылып, жуасып қалған, ақынға жараспайтын жайлар…
– Қалаға соңғы барғанымда саған со­ға алмай кеттім. Расында көңіл-күй бол­мады. Баспалар жабылып жатыр. Кі­тап­тар тоқтаған. Ақынды ешкім білмейді. Шал­ғайдағы мен түгілі сондағы жоталы жазушыларың тәлтіректеп жанын баға ал­май қалыпты… – деп, мені үйге бастады.
– Үйде «свет» те жоқ, Света да жоқ, – деді ақын күліп. Света – әйелі. Кеш бол­ды. Света келді. «Свет» келмеді. Май шам жақты. Ақын ас үстінде:
– Мен өлеңді қойдым, – деді.
– Неге? – деп сасқанымнан.
– Неге дейді… Осы ауылда қазір не көп, ақын-жазушы көп. Әр апта, әр ай құр емес, ақындар той жасап, творчестволық кеш­тер өткізеді. Дүрілдетіп өтеді. Сұмдық! – деді.
– Әй, олар кімдер? Мен білемін бе?
– Ой, сен түгілі өзім де білмеймін. Осын­да бұрын деректір, запперм бастық бол­ғандар. Білмеппіз ғой солардың бәрі ақын екен! Қазір дәу-дәу кітаптарын көр­сең! Ауданда әр апта сайын бір ақынды ардақтап, астына машина мінгізіп, қо­лына кілт ұстатып жатырмыз!
– Сен ше? Нағыз ақын сен емессің бе? – деймін мен күйіп.
– Жоқ, сен қателестің? Нағыз ақын мен емес, олар! Сенбейсің бе? Бүгін сен­бі. Сен дәл келдің, бүгін тағы бір ақынның тойы болады. Сенбесең жүр, барып қай­тайық! – деді ақыным. Бардық. Көрдік. Рас екен. Ауыл қараңғы. Бірақ мұнда са­ма­­ладай жарық. Оны «жарық қып тұрған төр­дегі ақын» екен. Ел-жұрт «ақынын» көріп отыр. Ал мынау елді көретін емес. Екі көзі – аспанда. Танау – көкте. Абай ай­татын әлгі «Екі көзі аларып, құр қарай­ды аспанға» осы болды. Жоқ, ол емес, бұл Оспанханның ана бір кейіпкері емес пе?».
Мен ойымды жиып алғанша, баян­да­ма­­шы шығып алып, ұзағынан сілтеп жат­ты. Әлгі ағамыздың айтуынша, мына отыр­­­ған ағамыз теңдесі жоқ талант, іргелі де, ірі ақын көрінеді. Кезінде Кеңес үкі­ме­тінің кесірінен көріне алмай «қор» болып жүрген… Оған дәлел осы жақында ау­дандық баспадан (өз ақшасына) екі том­дық шығармасын басып шығарған. Екі томдық кітап «Жайнайды гүлдер дала­да» деп аталады. «Ақынның» танауы шелектей…
Кештің соңында аудандық әкімшілік­тен, «жаңа байлар» мен коммерсанттар ке­зек-кезек шығып, шапан жауып, машина мінгізді…
– Мұндай ақынды естісем құлағым тас керең болсын! – дедім досыма.
– Осында бір апта болсаң, әлі талай «тірі классиктерді» көресің! – деді ол сас­пай, кештен кейін әлгі ақынның екі том­ды­ғын көтеріп, қараңғы үйге келдік. Май шам­­ның жарығымен әлгі кітаптың «дә­мін» көре бастадым. Ары парақта­дым, бері па­рақтадым, дәмі жоқ, тұзы жоқ құр жел!
– Әй, мынауың іші толы жел ғой!
– Енді қайтеміз, сол желге «се­міріп» отыр­ған ел ғой! – деді менің қайран ақыным.
Ертесі қайтуға жиналдым. Әлгі «екі том­ды» теріп жүру ауыр болатын түрі бар. Ой­ла­нып барып:
Сен өзің үйіңе үй қо­сып са­лам деп отыр екен­сің, мы­на «екі кі­тап­ты» қабыр­ғаңа «кір­піш» қып қа­лап жі­бергін! – де­­дім. Ол кү­ліп жі­берді. Мен жү­ріп кет­тім. Аман бол, ақы­ным!

Оспанхан ағаның 60 жылдық тойында оқылмай қалған өлең

Сынға алған пенделерің дірілдеген,
Сағындық дауысыңды гүрілдеген.
Ос-аға осы сезім рас болар,
Күлкінің зауыты едің дүрілдеген.

Нарықтың бағасына ала қашқан –
Істеп тұр сол зауытың қарамастан.
Шаршамай шәкірттерің шапқылап жүр,
Қарамай тапшылыққа аран ашқан.

Сатира өз алдына ел емес пе!
Сатирик – сайыпқыран ер емес пе!
Ос-ағаң ойнап күлген бала шақта,
Бүгін той – Үшқұлақта, Дегересте!

Тірлікте көп айтылмас: рас түбі,
Кейінгі ұрпақтарға ұласты үні.
Бәріміз басыңа кеп, бас иеміз,
Күлкінің құдіретті Классигі!

Ара қырық

Бастап берген Ғабең мен
Қайныкейдей ғұлама.
Жүсіп, Қалтай, Ғаббастар
Қостай білген бұл Ара.

Мыңбай менен Садықбек,
Қырғи тілмен «әдіптеп»,
Талайларды ықтырып
Сескендірген бұл «Ара»!
Ақиқаттың жолында
Өктем жүрген бұл «Ара».

Витаміні күлкінің,
Үлестірген бұл «Ара».
Жегіштерді желкелеп,
Сірестірген бұл «Ара».

Әз-әзілді аластап,
Әзіл кештің досы – «Ара».
Талай типті тәубаға,
Келтірген де осы «Ара».

Қағып-сілкіп дерттерді,
Аластаған бұл «Ара».
Жамандықпен жұлдызы,
Жараспаған бұл «Ара».

Жымқырған ішіп-жегішті,
Іліп түскен бұл «Ара».
Текеметін дегіштің,
Тіліп түскен бұл «Ара»!

Бәрін айт та, бірін айт,
Мерейтойдың жырын айт.
Көнбегенді ырыққа
Көндірген «Ара» қырықта!

Ғаббас, Шона, Оспанхан,
Көпен, Сейіт, Тоқтархан,
Үмбетбайдың үмбеті:
Базар, Берік, Доқтырған
Сарбаздарың өзіңе,
Сайып қыран жараған!

Күлкің – ем боп еліңе,
Ұша бергін «Ара» жан!

Шіренбе…

Шенеунік, шалқақтама, шіренбе,
Сен де бір күн тақтан түсіп қаларсың.
Ей, әкімім, жақын болғын бұл елге,
Сен де бір күн аттан түсіп қаларсың.

Директорым, ыңыранба, баптан ба,
Сен де бір күн қалт-құлт етіп тұрарсың.
Қашқын бала, түсіп қалып қақпанға,
Сен де бір күн маңдайыңды ұрарсың.

Ақын болсаң, кеуде керме, мақтанба,
Сен де бір күн ұмыт болып қаларсың.
Әнші болсаң құр шыңғырмай, баптанба
Ел ұқпаса шерлі әнге саларсың.

Долларбегім, адамды оққа байлама,
Сен де бір күн… оқтан опат боларсың.
Долларбегі, елді сатып ылайлама,
Сен де бір күн мүсәпір боп соларсың.

Прокурорым, пара алып, кекірме,
Сен де бір күн дәмін татпа… түрменің.
Ой, тарихшым, көп білем деп көпірме,
Көп өтірік көбік болып жүрмегін…

Ей, қазағым қазағыңа секірме,
Секіре бер сол – сол болса егер білгенің…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір