БІР АДАМНЫҢ ТАҒДЫРЫ – ТҰТАС ЕЛДІҢ ТАҒДЫРЫ
31.08.2018
1736
0

Қатпар-қатпар тарихы бар еліміз басынан нелер қиын кезеңдерді өткізді. Тарихтың тезіне түсіп сыналған сәтінде қазақ халқы қайрат, төзімділік, ар-намыс, адами қалпынан ажырамай, нелер қиын зұлматтардан аман-сау өте білді. Оны қаншалықты терең ашып, келер ұрпаққа барынша шынайы жеткізе алсақ, соншалықты еліміздің болашағын өркендетуге, бұрмаланған тарих пен жас ұрпақ санасын жаңғыртуға оң қадам жасағанымыз. Бұл бүгінгі таңдағы тәуелсіз еліміздің ұстанған Рухани жаңғыруға бет алған мемлекет саясатын жүзеге асыру үшін жасалатын қажетті де керек дүние. М.Әуезов театрында белгілі режиссер А.Маемиров қойған, Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отырған «Ақтастағы Ахико» – осы мақсат-идеяға жауап беретін жасампаз, көркем спектакль.

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры репертуарында әр кездері осын­дай тарихи тақырыпты көтер­ген спек­такльдердің көрініс беруі осы ойы­мыздың айғағы. Өз зама­нының өзекті мәселелерін көтере отырып халқымыздың жүріп өткен тарихи жо­лын, қиын да күрделі кезеңдеріне ар­налған театр репер­туарындағы «Ақ­тастағы Ахико» атты тарихи-құ­жат­ты драмасы осындай шығармалар­дан.
Ел тәуелсіздігінің ширек ғасыр­лық мерекесіне арнайы қойылған бұл спектакль бір адамның тағды­рына арнала отырып тұтастай елдің жүріп өткен тарихынан сыр тарқа­тады. Оқиға – жапондық азамат Ахико Тэцуроның басынан өткізген күрделі тағдыры. Соғыс барысында тұтқынға түскен бозбала Ахиконы тағдыр ай­дауы­мен Қарағанды­дағы тұтқын­дардың азапты түрмесіне алып келе­ді. Жазалы болатындай қылмыс жасамаса да соғыс кезіндегі қатал әскери үкімге қарсы тұруға, ақталуға мүмкіндігі болмай еріксіз кете барған ол, он жылға созылған азап­ты жыл­дарын темір тордың арғы жағында өткізеді.
Бас кейіпкері Ахико Тэцуро жан төзгісіз азапты торда отырып, 25 жа­­сын­да лагерьден өлімші халде босап шығады. Оған қамқорлық жасаған қа­зақ анасының арқасында сөнген үміті қайта жанып, өмірге қайта оралады, осы топырақта үйленіп ұл-қыз өсі­реді. Тарихи ота­ны Жапо­нияға ша­қыру алып бар­ға­нымен, онда тұрақ­тай алмай, Қазақ­станға қайта оралған Ахико ата күні бүгінге дейін Қараған­ды облысының Ақтас елді мекенінде тұрады. Ар­найы тапсырма алып жазған пьеса авторы М.Омаро­ва­ның ойынша: «Ахико сөзі жапон­шада «адал өмір сүруге барынша бейім жан» деген мағына береді екен. «Ақ­тас­тағы Ахико» спектаклінің про­тотипі Тэ­цуро үшін бұл есім тағдырға айнал­ды» – дейді. Пьеса авторы өзінің кейіпкерінің өмірін барынша зерт­тегеннен кейін түйген ой-тұ­жыры­м­ында адам тағ­дырының қай орта­мен біте қайнасса сол жерді, жер­гі­лікті халықты Отаны санайты­нын көреміз. Әр күнін азаппен өт­кіз­ген Ахико «мың өліп, мың тіріл­ген» жерден, оны аялы алақанына салып өмірін жалғауға мүмкіндік берген ел­ден, топырақтан қол үзбей, қалған тағдырын осы қасиетті жермен бай­ла­­ныстыруға түбегейлі шешім қабыл­даған жан.
Спектакль барысында тек қана Ахико Тэцуроның жеке басынан өткен жағдай емес, жалпы кеңестік лагерьлер жүйесінің азабын басынан өткізген барша жа­зық­сыз жаза тарт­қан қазақтың, жалпы жер ауып келген ұлттар мен ұлыстардың басы­нан өткен қиындықтарын шынайы бейнелеуге тырысқан. Сондықтан да, спектак­льдің абақтыда өтетін сурет­терінде тұншыққан тар қапасқа қамалған Алаш ардақты­ларының бейнелері, олардың қатал да аяу­шы­лық­­ты білмес жазалау маши­на­сының небір қиын талқы­сына түссе де асқан күш-жігермен қарсы тұра білген қайыс­пас қайрат­тылығын анық кө­реміз. Көрермен бұл кейіп­керлер­дің іс-әрекетінен ұрпаққа үлгі болар­лық­­тай мінез, қайсар да қайратты тұл­ға­лармен жолығады.
Спектакльдің алғашқы бөлігінде жас бозбала Ахиконы – Елжан Тұрыс орындайды. Қойылымда ак­тер өзі орындаған кейіпкерінің бала­лық шағын, өзінің ата-анасы мен туған туыстарының ортасын­дағы бақытты сәтін, қой үстіне бозторғай жұмырт­қала­ған атмосферада өскен­дігінен хабардар етеді. Сахнада келер күндер­дің жайсыздығынан бейхабар, ма­мыржай жанұялық идиллияны көре­міз. Суретші Қ.Құр­манбекова жа­са­­ған спектакльдің сырт пішімінде дәстүрлі жапондық ортаның үйрен­шікті дета­ль­дері молынан көрініс тапқан. Дәс­түр­лі музыка, бояуы мол ұлттық киім үлгілері мен орындау­шылардың плас­­тикалық іс-әрекеті, оқиға орны­ның ақ қарға көмілген мұнар басы болған Фудзиямо тау сілемдері, пагодалардың сұлбалары, сахналық мизансценалық шешімдер көрер­мен­ге жапон халқының ұлттық ерек­ше­лік­терін беретін жанрлық сурет­термен көмкерілген. Бұл үлкен дауыл алдындағы мамыржай сәт, келесі болатын төңкерілген дүниенің кі­ріс­песі іспеттес бір мезет бозбала Ахи­коның жанына мәңгілік жара болып түсер жарақатты ірілендіріп беретін қарама-қайшылыққа құрыл­ған ре­жиссерлік ұсыл болған. Ала­сапы­ранға толы атыс-шабыс, тергеу, ұрып-соғуға құрылған бірінші көрініс соңы балалықтың бал дәмі ернінен кеппей жатып айырыла­тын, ересек Ахико – Дулыға Ақмол­даны сот шешімімен этапқа айдала­тын сахнаға айналады. Бір Ахико обра­зын сом­дайтын екі актер ойы­нында бірізділік бар. Олар өздерінің алдына қойған міндетті толық орын­дай алған.
Спектакльдің кеңестік қауіп­сіздік органдарының Ахикоға тергеу сах­насындағы көрсетер қатігездігі, оның лагердегі өмірінің кейбір тұстары адам­ның адам болып қа­луына күдік ұялататын, психоло­гиялық тұрғыда ауыр қабылданатын көріністер. Театр осындай тарихи деректер шындығын сахнадан көрсету арқылы басты кейіпкердің, жалпы осындай жазалау лагеріне түскен еліміздің жазық­сыз­дан қуғын-сүргін, ату жазасына ұшы­раған белгілі тұлғаларының тағды­рына назар аудартады. Әбден азап­тап «айы­бын» мойындату, жалған түзіл­ген сұрақ-жауап хаттамасына қол қойдыруды немесе түрме ішін­дегі бассыздықтардың бояуын қалыңдата көрсеткен тұстары көрер­менді бейжәй қалдырмайды. Көрер­мен Ахико тағ­дырымен сол кезеңнің сұрапыл ат­мос­ферасымен тыныстап, кеңестік жа­залау маши­насы адам­ның жігерін, намысын, болмысын таптап құм қылатын нелер ауыр әдіс­терін бей­нелі суреттеуден терең әрі ауыр әсер құ­шағында болады. Мұндай көңіл-күй суретші мен режиссердің оқиға­ны көрерменге еселеп жақындатуы арқылы ірі планмен беруінің әсері. Сахна кеңістігі әдейі тарылып кө­рермен КарЛагтың тұтқындары қамалған камерада бірге отырғандай күй кешеді. Сахнаның спектакльде қолданылмайтын, техникалық от қауіпсіздігі үшін залды сахнадан бөлуге арналған ауыр жылжымалы темір қақпасы авансценадағы әрекет орынын тиімді пайдалануға, түрме атмосферасын нанымды беруге, түрме тынысын жақыннан сездіреді.
Бұл спектакльдің алғашқы кө­ріні­сіндегі барлық кеңес империя­сының келбеті үкімет, армия, солдат­тар, қа­ты­гез тергеушілер секілді ұғым­дар­мен астасып жатса, екінші көрі­ністегі түр­меде бұл ұғымдар заң­ды жалғасын тауып, басқаша бояу реңкке енеді. Оз­быр, дүлей, психопат, сонымен бір­ге «жаны нәзік суреткер­лік» қырымен де танылатын Степан – (А.Сатыбал­ды) осы түрме кеңіс­тігіне өзі би, өзі қожа болған жан. Мемлекет ішінде мемле­кет құрған Степанның бар болмыс-бітімі, іс-әре­­­кеті «қызыл империя­ның» бей­нелі кейпін түрме кеңісті­гінде көр­сетеді. Түрме әлемі спектак­льде заң­сыздық жайлаған кеңістік, білек­тінің жұлдызы жүріп тұрған ерекше әлем. Степанға қарсы тұрар күш жоқ, оның алдында бәрі құрдай жорғалау керек. Тіпті қолында билігі мен қаруы бар түрме басшылары да оның алдында жүрісінен жаңыла­тындай. Осындай бет қаратпас дүлей күшке шыдас беру, адамдық келбетін сақтап қалу қиынның қиыны болса керек.
«Ақтастағы Ахико» спектаклінің орындаушылар құрамына тартылған труппа актерлері бүгінде елге таныл­ған өнерпаздар. Спектакль нақтылы прототипі бар кейіпкер – қойылым­ның басты тұлғасы Ахико Тэцуроны сомдауда актер Д.Ақмолда терең із­ден­ген. Кейіпкердің өмір дерегі мен жан дүниесіндегі ұқсастықтарды баса іздей отырып актер тағдыр тәлкегімен көрген қиын­дықтардан аман өткен, өмірге қайта тіріліп келген жанның кейпін барынша нанымды беруге күш сал­ған.
Спектакльдегі басқа кейіпкер­лерге де белгілі бір мөлшерде жиын­тық жа­сал­ған, өмірдегідей шынайы да нақтылы образдар болып шыққан. Олар халқымыздың өмірінен алын­ған Ақтамақ Ана – Д.Темір­сұлта­но­ва­ның жұмысынан сезім шынайы­лығы, қасірет пен мейірімі қатар көрініс бере­тін терең трагедия мен асқақ рух­ты қатар көреміз. Қазақтың бел­гілі қоғам қайрат­керлері мен талант­ты ұлдары Сә­кеннің әкесі Сейфолла – Б.Әбділ­манов, Жанай­дар Сәдуа­қасовтың әкесі Сәдуақас Жалма­қа­нов­тардың – Б.Қапта­ғай­лар «халық жауының» әкелері бол­ған­­дығы үшін келген жасына, қарт­ты­ғына қара­мастан түрмеге то­ғы­тылуы, оларды орын­даған актер­лерді шығар­ма­шылық ізденіске жетелеген. Ке­ңес­тік «жүйе­мен», оның азап лаге­рь­лерінде алы­сып, жүйемен теке­тіреске түскен қай­ратты жандар­дың ғұмы­рына куә боламыз.
Ақайдың Қасені – Б.Тұрыстың орындауында қандай қиындықтар мен толқымалы заман болса да халықтың рухани әлемінің, әрі мен нәрі болатын, бірлігі мен беріктігіне қойылған ескерткіш деуге болады. Өліммен бетпе-бет келіп тұрса да сабыр­лылық, өзін-өзі ұстау, сабасы­нан шықпайтын рухы күшті жанның кейіпінде қазақ халқының ғасырлар бойы жинақтаған даналығы, білімі, батырлығы, өмірге деген пәлсапалық көзқарасы көрінеді.
Спектакльдің ой тұ­жырымы актерлердің талантты ойы­нымен астасып аудармасыз ақ өзге тілді көрермен жүрегін жаулап жатуы театр өнерінде шекара жоқтығын, өнер тілінің құдіретін танытса керек. Әрине, қазақ көрермені мен жапон көрермені арасында тілдік алшақтық кедергі болары анық десекте, театр екі елдің көрер­мендеріне де ортақ болған қойы­лымды дүниеге алып келді. Оны М.Әуезов атындағы Қазақ мем­лекеттік академиялық драма театры Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасының және «Жаһандағы заманауи қазақс­тан­дық мәдениет» Халықаралық жобасы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қол­да­уымен «Ақтастағы Ахико» спек­таклін 18-26 желтоқсан аралығында Жапонияға гастрольдік сапары барысында жапондық көрер­мен­дердің ықлас ниеттерінен көруге болады. Театрдың шығарма­шылық құрамымен бірге Ахико ақсақал да тарихи отанында болды. Спек­такльдің тарихи дерек­терге негіз­деліп жазыл­уы, көрер­мендер залында 86 жастағы басты кейіп­кердің прототипі болған Ахико Тэцуроның қатысуы, көрер­мен­ге ерекше әсер қалдырса керек.
Түрмеден босағаннан кейін Ахи­ко Тэцуро Ақтас елді мекенінен, Қиыр Шығыстағы тарихи Отаны Жапонияға сан мәрте барғанымен Қазақстанға қайтуға асық болыпты. Неге? деген сұраққа жауапты спек­такль финалында Ахиконың сөз астарынан табамыз. Ол: «Біз ба­қытты жандармыз! Себебі пейілі кең, құ­шағы ыстық Қазақстандай еліміз бар. Ол бізді кеудесіне жатсынбай басты. Тіршілігіміздің әлсіз шырағы сөнер шақта, пана болды. Сан мыңдаған рухты аманат етіп қабылдап, көбесін бұзбай, қатарын сиретпей Отан ан­а­ла­рына қайтарды. Мен болсам, өзіңе қайтып оралдым, Қазақстаным. Өз Ота­нымды сүймегендіктен емес, сенің алдыңда борыштар болған­дық­тан. Төсі – шалқақ, тұғыры – асқақ, болмысы – паң, бітімі – бекзат қазақ елі – енді менің елім; ынтымақтың ұясы, жерұйық мекен – Қазақстан – енді менің Отаным. Еркіндік ны­шаны боз жусанның жұпарымен осы­лайша қайтадан, бұл жолы бір­жолата қауыштым» – дейді.
Халықтың ұлттық коды, көш­пенді елдің қайталанбас қарапайым да терең түсініктерге негізделген өмір сүру дағдысы, шашылма­ған нұрға тұнып тұр. Ол қиын-қыстау сәтте, Ахико секілді жалғыздың тағ­ды­рын шешуде көрініс беріп қазақ елін өз­гелерге танытты, тәуелсіздік пен ер­кін­дікке ұмтылған арманына жетеледі. Жалғыз болса да көпке араласып жоғалмай, жалқы болса да жалпының ішінде өзімен-өзі болып қала алған қара­пайым жанды бауы­рына баса алды. Талай ұлт пен ұлыс­тың Отанына айналған, солардың ұрпақтарының кіндік қаны тамған қасиетті жер – Қазақстан, қазақ елінің осындай ел екендігін таныған сайын Отанға деген сүйіспеншілік сезім, ма­хаббатымыз арта береді.

Аманкелді МҰҚАН,
ҚР ҰҒА М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты
«Театр және кино» бөлімінің меңгерушісі, өнертану
кандидаты, театртанушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір