СЕМЕЙДЕ МЫҢЖЫЛДЫҚ ҚҰПИЯ АШЫЛУЫ МҮМКІН
Семейлік өлкетанушылар тағы да бір сенсациялық мәлімдеме жасады. Олардың айтуынша, шаһар маңынан табылған адам сүйегі мен оған тиесілі заттар бірнеше мыңжылдық құпияны жасырып жатуы мүмкін.
«Мұқыр аңшысы» деп аталған бұл жәдігердің ерте қола дәуіріне жататындығы жайында болжамдар айтылуда. Бұл қымбат жәдігерді «Прииртышье» өлкетанушылар қоғамының мүшелері мамыр айының соңында Мұқыр өзенінің бойынан тапқан болатын. Олардың болжамы бойынша «Мұқыр аңшысы» көктем айлары кезінде жардан құлап мерт болған. Сонымен қатар, адам сүйектерімен бірге жылқының да қаңқалары табылған. Сүйек жатқан жер келесі жылға дейін уақытша қайта көмілді.
Тарих ғылымдарының кандидаты Амантай Исин табылған жәдігерге тоқтала келіп «Бұл адам, ол ғұн-сармат, түркі заманынікі де немесе моңғолдан кейінгі замандыкі де болуы мүмкін. Оны анықтау алдағы зерттеулердің жұмысы. «Мұқыр аңшысы» деген атауды қабылдап тұрмыз. Өйткені ғылымда солай, бір ат берілгені жақсы. Себебі ескерткіштер өте көп, қайсысын кісілер жаттап жатады. 10-шы, 20-шы деген сияқты. Одан да осылай нақты болғаны дұрыс. Қайткенмен де табылып жатқан бұл жәдігерлердің біздің өлкеміздің тарихына қатысы зор», – деді.