Ертіс-Баян өлкесіне саяхат
(Сұрмерген әкіммен сұхбат)
– Ассалаумағалейкум, Болат Жұмабекұлы! Уақыт бөліп, сұхбатқа келісім бергеніңізге көп рахмет!
– Уағалейкумассалам! Ертістің төріне хош келдіңіз!
– Таяуда осы өңірге Елбасы арнайы сапармен келіп, экономика саласына, әлеуметтік салаға, руханият жағына өте жоғары баға берді. Бұл үлкен еңбектің жемісі. Құттықтаймын! Дегенмен, мен әдеби газеттен келгендіктен руханият пен әдебиет жағына басымдық берсек…
– Келістік!
– Жақында Павлодар облысында «Ұлы дала» этно фестивалі өтті. Республика, облыс, қала көлемінде әр жерде қолға алынған осы аттас шаралардан сіздердікі несімен өзгеше?
– Өзгешелікті еліміздің әр түкпіріндегі осындай іс-шараларға қатысып, көріп жүрген өздеріңіз бізден көрі тез байқайсыздар ғой. Біздегі «Ұлы дала» этно фестивалінің басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды қайта жаңғырту. Өзіңіз көрдіңіз, қаншама киіз үй тіктік, алтыбақан, ұлттық ойындар, салт-дәстүрді насихаттау, қазақтың көші, шашу, тағысын тағылар. Ата-бабаларымыздан қалған асыл мұраны толық қамтуға барымызды салдық. Күллі жұрт өте зор ықыласпен қабылдады. Бұл біздің халықтың түп тамырынан, салт-дәстүрінен қол үзбегенінің бір дәлелі.
Павлодарлықтар үшін биылғы «Ұлы дала» этно фестивалінің орны мүлде ерекше! Оған басты себеп, осы өңірде туып-өсіп, кейін күллі қазақтың мақтанышына айналған айбозым тұлғалардың мерейтойы! Абыз ақсақалымыз – Бұхар жыраудың 350 жылдығы өтті! Мұса Шорманұлының 200 жылдығы осы қыркүйек айында кең көлемде аталып өтпек! Көзі тірісінде-ақ аңызға айналып кеткен Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 160 жылдығы! Әннен мәңгі өлмес мұра қалдырған Естай Беркімбайұлының 150 жылдығы! «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болған» Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 125 жылдығы да биылға тұспа-тұс келіп отыр! Міне, бір өзі бір елге тұтқа болатын осындай бес жампоздың мерейлі тойлары өңірімізді асқақ рухқа бөлеп тұр. Бұл біз үшін үлкен мақтаныш! Фестивальде осы арыстарымызды тағы бір ұлықтауды жөн көріп, киіз үйлерден бес ауыл тігіп, сол ауылдарды аталарымыздың атымен атадық!
– Былтыр да осы фестивальге куә болғам. Қазақтың көші, тікұшақтан төгілген шашу, ұлттық құндылықтарды насихаттау жағы ерекше есте қалды. Халықаралық деңгейде өтті. Ал, шынайы өмірде Павлодар облысында ұлттық салт-дәстүрдің, қазақ өнерінің насихаты, даму қарқыны қандай?
– Дәл осы жерұйық мекенде біздің ата-бабаларымыз қыс қыстап, асау Ертісті жағалай қоныстанған. Адамға жайлы, малға пана құнарлы өлкенің қадір-қасиетін көшпелі жұрт ғасырлар бұрын түсініп, парықтай білген! Сол Ұлы дала – қаһарлы үні жарты әлемді тітіренткен жауынгер ата-бабаларымыздың бізге қалдырған асыл мұрасы! Ұлы дала – жер тарпыған тұлпарларының тұяғы төрткүл дүниені сілкінткен батырлықтың бізге жеткен жарқын бейнесі! Дәл осы өлкеде Абылай хан үш жүздің басын қосты. Олжабай, Жасыбай, Баян батырлар бастаған қазақ қолы Ертіс, Баянды жоңғарлардан тазартты! Ал, сондай жерде қазақ өнері, салт-дәстүрі ақсауы мүмкін бе? Өзіңіз де көріп жүрсіз, облысымыз жылдан жылға қазақыланып келе жатыр. Ештеңе бірден бола салмайды. Дегенмен, байқаған адамға осы фестивальдің өзі көп дерек береді. Облыстық аяда қалып қоймай, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Ресей, Қытай, Моңғолия елдерінен қонақтар шақырдық. Аға мен ініні, туыс пен туысты табыстырып, игі істің басында жүрген Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков бас болып, шетелдердегі қандастарымыз да арнайы келді. Мәселен, былтыр Жаяу Мұсаның «Құм жылан» атты күйі 300 домбырашының қатысуымен еліміз бойынша тұңғыш рет бізде орындалды. Осының бәрі бұл өлкенің өр рухынан хабар берсе керек.
– Хош, осымен этно фестивальді түйіндейік. Бұдан басқа да рухани жаңғыру бағытында облыста қандай істер атқарылып жатыр? Ең айтулыларына ғана тоқталсаңыз…
– «Тіл керуені» атты фестиваль өткізу ойда бар. Оған облыстың этномәдени бірлестіктері, ұлты қазақ емес мұғалімдер мен оқушылар қатысады. Фестиваль қазақ тілін оқытумен ғана шектелмей, сонымен қатар қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын көрсету алаңы болмақ.
Оқулықтарды қазақ тіліне аудару мақсатында ЖОО-дар оқытушы-ғалымдарынан жұмыс тобы құрылды. Осы арнайы жобаны іске асыру және алға бастыру мақсатында өңірде тұрақты және жүйелі түрде іс-шаралар іске асырылып жатыр. Сәуір айында жаңа аударылған 18 кітаптың тұсаукесері өтті.
Жоғарыда аты аталған тұлғаларға арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. 15 қыркүйек күні Баянауыл ауданы Теңдік ауылында қазақтың ағартушы, этнографы Мұса Шорманұлының 200 жылдық мерейтойын атап өтпекпіз. Қазір Мұса бабамызға арналған кесене бой көтеруде.
1-маусымнан бастап облыс орталығының төменгі жағалауында арнайы стационарлық сахна орнатылып, тұрғындардың мәдени, рухани дамуына серпін беретін «Ертіс Promenade» жобасы іске асты.
Ауылдық кітапханаларды жаңғыртып, заман талабына сай жабдықтап, «коворкинг-орталықтарын» ашу бойынша жүйелі жұмыстар жасалып жатыр. Атап айтсақ, 1-қазанға дейін, әр қала мен ауданның 13 ауылдық кітапханасы жаңғыртылып, 20-дан астам «коворкинг-орталықтар» ашу жоспарланып отыр.
Белгілі кинорежиссер, актер, жерлесіміз Шәкен Аймановтың еңбегін насихаттау барысында Павлодарда алғаш рет «Ертіс Cinema» Халықаралық кинофестивалі өткізілді. 20 елден 200-ден астам ұсыныс түсті. Жұртшылық Ресей, Франция, Болгария, Үндістан және т.б. елдердің киносын тамашалады. Бұл фестиваль қазақтандық мәдени өмірінде зор мағыналы іс-шара болды.
Осының бәрі өзіндік ұлттық мәдени-генетикалық кодты сақтауға бағытталып отыр.
2018 жылдың басты жобасының бірі – «Рухани жаңғыру» кабинеттерінің ашылуы. Басты мақсат – құндылықтарды, дәстүрді, тарихты, өлкені насихаттайтын іс-шаралар өткізу. Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетімен бірлесіп ХІХ ғасырдың тарихи тұлғасы Сұлтанбет Сұлтанның тарихи ордасы қайта қалпына келтірілді. Қазір кешенде археологиялық зерттеу орталығы жұмыс істеп жатыр. Облыстан шыққан 100 тарихи тұлға туралы танымдық кітаптар, өлкетану, тұлғатану бағыттары бойынша ғылыми монографиялар жарыққа шығару, ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізу, сакралды орындарды зерттеу және абаттандыру жұмыстары белсенді түрде атқарылып жатыр.
Жергілікті туризмді дамыту мақсатында «Ертіс думаны» іс-шарасы, Ертіс өзені бойымен кемелер шеруі, «Туризм PVL-2017» өңірлік көрмесі, қолөнер туындыларының жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
«Қазақстанның қасиетті жерлері» жобасы бойынша облыстан 78 объекті іріктеліп, бесеуі республикалық тізбеге кірді. Олар: Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының кесенесі, Исабек Ишанның кесенесі, Қоңыр әулие үңгірі, Ақкөл–Жайылма қалашығы, Жасыбай батырдың монументі. 36 нысан облыстық тізбеге енді. Бәрін «Қазақстанның киелі жерлері» кітабына кіргіздік. Қазір соларды қоршау және көріктендіру жұмысы басталып кетті.
«Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы бойынша былтыр Естай атындағы мәдениет сарайында музыкант-скрипкашы, Халықаралық байқаулардың лауреаты, Жұмат Шаниннің шөбересі, Нью-Йорк қаласынан – Арман Мырзағалиев және Италиядан дирижер, белгілі маэстро, импрессарио Леонардо Куадрини, Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның симфониялық оркестрімен бірге концерт берді. Сол кезде маэстро Леонардо Куадрини біздің симфониялық оркестрді Италияға гастрольдік іс-сапарға арнайы шақырды. 2017 жылдың 18 желтоқсаны мен 2018 жылдың 10 қаңтары аралығында Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның симфониялық оркестрі Италияның 7 қаласында, 22 гастрольдік концертпен барып өнер көрсетіп келді. Жоспарда өнер ұжымдарының Өзбекстан, Египет, Біріккен Араб Әмірліктері елдеріне гастрольдері тұр.
– Павлодар облысы десе, орыстанып кеткен деп көп айтады. Оған өзім келіспеймін. Жиі келіп тұрам, ірі-ірі іс-шаралардың бәрі қазақ тілінде өтеді. Оған ренжіп жатқан өзге ұлт өкілдерін де көрген емеспін. Әсіресе сіз келгелі мемлекеттік тілдің қолдану аясы, ұлттық құндылықтарға деген құрмет тіпті ұлғая түсті. Көктемде ашылып, қара күзге дейін тұратын қаланың ортасындағы этно ауыл соның бір дәлелі. Әлде маған солай көріне ме?
– Ертіс-Баян өңірі ежелден-ақ қаймағы бұзылмаған қазақы салт-дәстүрдің мекені болған. Ата салтын қадірлеп, ұлттық құндылықтарымызды берік ұстау қазіргі ұрпаққа да парыз деп ойлаймын. Жалпы қаламызда бұған дейін де дәстүрлі түрде орталық саябақта «Қымызмұрындық», «Сабатой» шараларын, жігерлі, бойында ұлттық рухы бар жастарымыз Ертістің жағалауында «Асық Party», «Домбыра Party» ұйымдастырып жүрді. Соңғы кезде облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің ұйымдастыруымен «Асық Party» жобасы облыстық деңгейге шықты. Қазіргі уақытта аймағымызда ұлттық ойындар бойынша өткізіліп жатқан «Ұлы Дала рухы» біріншілігі де облыстың ұлттық салт-дәстүрді жоғары қойғанының айғағы.
Өңірімізде тұрып жатқан түрлі ұлт өкілдері мемлекеттік тілді оқып үйренуге зор ықылас танытып жатыр. Республика көлемінде өткізілетін, ана тіліміздің қолдану аясын кеңейтуге бағытталған өзге ұлт өкілдерінің арасындағы «Абай оқулары», «Мемлекеттік тіл – менің тілім» сияқты байқауларда облысымыздың намысын қорғаған Марина Сахарова, Наталья Муштаева, Марина Харчук секілді жүлдегерлер мен жеңімпаздар бар. Облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен жыл сайын жазғы уақытта «Тіл керуені» жобасы аудандар мен ауылдарды аралап, өзге ұлт өкілдерінің киіз үйдің ішінде қазақ халқының салт-дәстүрлерімен танысып, қазақ тілін оқуына мүмкіндік жасайды. Оған жеті жастағы баладан жетпістегі қарияларға дейін белсенді қатысып, тіл үйреніп жүр. Облыста ғана емес, республика көлемінде танымал тіл маманы Кинжикова Шолпан Доқтұрбайқызы осы жобаға ұйытқы болып, тіпті көзі нашар көретін азаматтардың өзіне ана тілімізді «Брайль» шрифті арқылы үйретіп жатыр.
– Қазір жер-жерде, әсіресе Өскемен, Көкшетау өңірлерінде ауыл, аудан, көше аттарын қазақшалау қарқынды жүріп жатыр. Сіздер де былтыр Ленин көшесін Астана деп, биыл ең ірі Кутузов көшесін Тәуелсіздік деп өзгерттіңіздер. Осы бастама жалғасын таба ма? Кезекте қандай ауыл, аудан, көшелер тұр?
– Облыс бойынша соңғы үш жылдың ішінде идеологиялық тұрғыда ескірген 432 көше, 9 елді мекен, 2 ауданның атауы өзгертілді. Бұл жұмыстардың барлығы ҚР Президенті Әкімшілігі мен ҚР Үкіметінің тапсырмалары негізінде жүзеге асып жатыр. Әрине, бұл біздің көп этностар шоғырланған өңіріміз үшін үлкен жетістік. Әйтсе де облысымыздың әсіресе Железин, Успен, Тереңкөл, Павлодар аудандарында өзгертуді қажет ететін атаулар жетерлік. Сондықтан қолданыстағы заңнамалық актілерді негізге ала отырып пәрменді жұмыстар алдағы уақытта өз жалғасын табатын болады.
Өзіңіз де естіген боларсыз, жақында ғана Елбасы Качир ауданын Тереңкөл, Лебяжі ауданын Аққулы деп өзгерту жөніндегі Жарлыққа қол қойды. Бұған дейін осы аттас аудан орталықтарының атаулары да тиісінше Тереңкөл, Аққулы деп өзгерген еді.
Дәл қазіргі уақытта Баянауыл ауданының үш елді мекенін қайта атау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Нақтырақ тоқталар болсам, алдағы өтетін облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында Баянауыл ауданына қарасты Теңдік ауылы «Мұса Шорман ауылы», Қараащы ауылы «Қаныш Сәтбаев ауылы», Жаңажол ауылы «Мәшһүр Жүсіп ауылы» деп қайта атау мәселесі қаралуда. Осындай ірі тұлғаларымыздың есімін өздерінің кіндік қаны тамған елді мекендерге беру ұрпақ үшін мән-мағынасы зор дүние деп білемін.
– Әдеби газеттен келген соң әдебиетті сөз етпеу сын ғой. Кітап, газет-журнал оқуға уақыт бола ма?
– Әрине, жұмысқа байланысты оқуға уақыт көп бола бермейді. Дегенмен де, өзіміздің өңірлік газеттер «Сарыарқа самалы», «Звезда Прииртышья», аймағымыздың әдеби өмірінен мағлұмат беретін «Ақбеттау», «Найзатас» журналдарындағы жарияланымдарды қарап шығамын. «Қазақ әдебиетін» де назардан тыс қалдырмауға тырысам. Сондай-ақ, отандық және әлемдік әдебиет классиктерінің шығармаларын қолым бос уақытта оқып тұрғанды жақсы көремін. Халқымыз «Жақсы кітап – жан азығы» деген ғой.
– Ш.Айманов, К.Кенжетаев, Қ.Бекхожин, М.Әлімбаев сынды тұлғалардың ізін басқан мәдениет, әдебиет өкілдеріне, жалпы, өнерге қаншалықты көңіл бөлініп жатыр?
– Ертіс-Баян өңірі өнер мен әдебиеттің ұясы. Бұл ұядан ұшқан әр майталманның әдебиет – өнер әлемінде өзіндік қыры, ізі бар. Бұл жерді ғылым, мәдениет және өнер қызметкерлерінің Отаны деуге болады. Мұнда Қ.Сәтбаев, Г.Потанин, О.Марғұлан, С.Торайғыров, Ш.Шөкин, Ж.Шанин, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Д.Әбілев, Ш.Айманов, Жаяу Мұса, И.Байзақов, С.Дөнентаев сынды танымал қайраткерлер туған. Осы атақты тұлғалардың ізін басқан мәдениет, өнер, әдебиет салаларында талантты, дарынды адамдар аз емес.
Аймағымызда екі әдеби және тарихи әдеби-танымдық журнал шығады. Журнал бетінде облыс ақын-жазушыларының, әдебиеттің жас өкілдерінің шығармалары тұрақты жарияланып тұрады. Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігінде – 12 павлодарлық автор бар. Көптеген ақын-жазушыларымыз халықаралық сайыстарға, жобаларға қатысып жүлде алып жүр. Жыл сайын облысымызға танымал ақын-жазушылардың шығармалары кітап болып басылып шығып, сандық үлгілері жер-жерде бірге таралуда. Белгілі қаламгерлермен аудан, облыс деңгейінде кездесулер, поэзия күндері өтіп тұрады. Жас ақын-жазушылардың да шығармашылықтары турасында түрлі бейнебаяндар түсіріліп, интернет желілері арқылы республика көлемінде насихатталып жатыр. Өңіріміздің әрбір әнші, ақыны мен жазушысы кез келген ірі шараларға қатысып, өнерлерін көрсетуге мүмкіндіктері бар. Шілде айында Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің ұйымдастыруымен Астанада өңіріміздің әдебиет және өнер майталмандарына арналған көрмелер ұйымдастырылып, астаналықтарға жақыннан таныстырылды. Бұл үрдіс әлі де жалғаса бермек. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мәдениет саласында ірі жобалар іске асырылып, шығармашылық кеңес ұйымдастырылып, өлкемізде кітап басу, жас ақын-жазушыларды, суретшілерді, әншілерді қолдау жұмыстары басталды. Кеңеске белгілі ақын-жазушылар, суретшілер, мәдениет, өнер қызметкерлері, журналистер, ғалымдар кіреді.
Халық шығармашылығына да көп көңіл бөлінеді. Тұрақты түрде концерттер, фестивальдер, конкурстар өткізіліп тұрады. Жас таланттарды іріктеу мақсатымен 2018 жылы «Ертіс Star» жобасы іске қосылды. Жыл бойы облыстың алыс ауылдарында өнер көрсетті. Бұл мәдениетіміздің, өнеріміздің дамуына үлкен үлес қосатын жоба. Осының жалғасы болып «Өрлеу», «Өнер айдыны», «Руханият ошағы» жобалары басталды. Жоба аясында ауылдық жерлерде мәдени ошақтар құрылып, күрделі жөндеуден өтеді, ауылдарда стационарлық сахналар орнатылды. Кітапханалар жаңғыртылып, коворкинг-орталықтар ашылды. Қазір облыс бойынша 20-дан астам кітапхана жаңа форматта жұмыс істеп тұр.
– Қазақты оқ пен оттан аман алып қалған талай тау тұлға батырларымыз бар. Солардың бірі, Мағжан ақын жырлаған – Баян батыр сіздің арғы атаңыз дейді. Осыған кеңірек тоқтала кетсеңіз…
– Тәтіқара жырау өзінің бір толғауында «Өзге батыр қайтса да бір қайтпайтын Сары менен Баянды айт Уақтағы» деген ғой. Ағалы-інілі қос батыр аты аңызға айналған, батырлық жырлардың кейіпкерлері әкелі-балалы Көкше мен Қосай ерлердің ұрпағы делініп келді. Бәріміз де қарға тамырлы қазақпыз ғой. Бір атаның баласы болған соң, бәріміздің де ағайын-туыс екендігіміз даусыз.
– Әңгімеңізге көп рахмет! Еліміз көгеріп, көктей берсін!
– Қонақтан бұйымтай сұрайтын халықпыз. Бұйымтайыңыз болса, айтыңыз!
– Екі бұйымтай бар. Бірі, «Қазақ әдебиеті» газетінің осы өңірдегі таралымына қолғабыс қылсаңыз.
– Жақсы. Міндетті түрде көмектесеміз. Мейрам Мұхаммедрахымұлына табыстаймын. Енді екіншісін тыңдайық.
– Екіншісі, өзіңізбен күнде жолығудың сәті түсе бермейді. Естелікке суретке түсейік!
P.S.:
Павлодар облысында жиі болам. Табиғаты көркем, адамдары ақжарқын. Облыс басшысы да сөзі мен ісіне мығым жан екен. Сәттілік серік болсын!
Қанағат ӘБІЛҚАЙЫР
Алматы – Павлодар
Астана, Алматы қалалары мен барлық облыс әкімдері арасында тапаншадан оқ ату сайысы өтіп, Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов бірінші орын
иеленді.