Алыста жүрген қазақ жастарымен әңгіме
Бүгінгі төрт кейіпкер де мемлекеттік қызметте, журналистикада, сында, әдебиетте танылған тұлғалар. Шетел асып, білім жиып, біраз тәжірибе жинақтады. Көрген-түйгендері замандастарының керегіне жарар деген ниетпен ортақ сауалға жауаптарын ұсынып отырмыз!
1. Әр халықтың тек өзіне тән мінез-құлқы, болмыс-бітімі, табиғаты бар. Сіз үшін шетелдегі алғашқы әсер қандай болды?
2. Әдебиет, мәдениет, өнер – кісілікке, ізгілікке бастайтын құндылық. Шетелде осы салаларға деген көзқарас пен қамқорлық қандай екен?
3. Қай заманның, қай елдің әдебиеті, өнері, мәдениеті болсын жастармен толыққанда күш-қуат, тың ой, жаңа серпін пайда болады. Ол жақта жастардың ролі мен қызығушылығы қандай?
4. Өзіңіз соңғы рет қандай киноға, концертке, театрға, музейге немесе тарихи орынға бардыңыз? Қандай кітап оқыдыңыз?
5. Л.Толстой күнделіктерінде «ішкі дайындық» пен «алға қойған нақтылы жоспар» турасында айтады. Сіздің ішкі дайындық қандай? Алда қандай жоспарыңыз бар?
6. Ол жақтан нені үйреніп, неден жирену керек деп ойлайсыз?
7. Еңсесін енді тіктеген өз еліңіз бен қазір тұрып жатқан еліңізде қандай ұқсастықтар мен айырмашылықтар бар?
8. Қазір жастар арасында шетелге кету, сонда қалу туралы ой жиі айтылады. Бұған не себеп дер едіңіз?
Аягүл МАНТАЙ:
Мәскеудің Домодедово әуежайынан құрбым күтіп алуы керек еді. Әрі-бері іздеп, таппадым. Осыдан бес жарым жыл бұрын ғой. Жасы елулер шамасындағы орыс кісіге: «Қазақстаннан келіп едім. Құрбыма телефон шалып, қай жерде тұрғанымды айтасыз ба? Ақшасын төлейін» дедім. Ол кісі: «Ақшаңыздың керегі жоқ» деп жылы жымиып, құрбыма телефон шалып, күтіп тұрған жерімді айтты. Құрбым мені басқа жақтан іздеп жүр екен. Әлгі кісі құрбыма жолды түсіндіріп, арасында «Қазақстанда бір рет болғам. Алматы – әдемі қала. Қазақтар – қонақжай халық» деп әңгімесін айтып қояды. Құрбым келген соң жылы қоштасып, университет жатақханасына бет алдық. Метрода, біз отырған вагонда көршілес мемлекеттердің он бес шақты адамы отырды. Ауыр жұмыстан шаршағаны, қажығаны білінеді. Құрбым: «Олар осында қара жұмыс істеп, отбасын асырайды» деді. Ішімнен «Құдайым, қазақты шет жерде қаңғыта көрмеші» деп тіледім. Еңсемді ауыр мұң басқаны есімде…
Мәскеуде Лев Толстойдың, Алексей Толстойдың, Чеховтың, Цветаеваның, Булгаковтың, Тургеневтің, Гогольдің, Достоевскийдің үйінде болдым. Лев Толстой, Алексей Толстой, Тургеневтің үйіне кіргенде ақсүйектерге тән сән-салтанат бірден көзге түседі. Есенин жалдап тұрған пәтерге кіргенде кедейшіліктің исін сезіндім. Цветаева тұрған үйді аралап жүріп, ақынның аштықтан қиналғанына сене алмадым. Бірақ, рас. Цветаева өлерінен біраз бұрын әдебиеттегі шенеуніктерге «Литфондтың асханасына ыдыс жуушы етіп алыңызшы» деп өтініш жазған. Өкінішке қарай, көп ұзамай Цветаева өзіне қол жұмсап, өлді.
Пушкин үйленген соң жары екеуі Мәскеуге келіп, бір ай пәтер жалдап тұрады. Сол үйді қазір музейге айналдырып тастаған. Бұдан бөлек Пушкин ешқашан тұрмаған, бірақ қонаққа келіп жүрген байдың еңселі, сәулетті үйі де бүгінде Пушкиннің музейі.
Толстойдың Ясная Полянасында да болдым. Әлемнің түкпір-түкпірінен Ясная Полянаға Толстойдың оқырмандары келеді.
Мәскеу – кітап оқитын қала. Метрода кітап оқып отырған жастарды жиі көресіз.
Үлкен театрға, Кіші театрға және Современник театрына мүмкіндігінше жиі барып тұрам. Кіші театрдан да, Современник театрынан да Чеховтың «Три сестры» пьесасын көрдім. Актерлердің, режиссерлердің ізденісі ұнады.
Екі-үш күн бұрын Маркус Зузактың «Книжный вор» кітабын бітірдім. Маркус Зузакты әлем әдебиетшілері «әдебиеттегі құбылыс» деп бағалайды.
5.Өз басым «ішкі дайындықты» өзіңмен және Құдаймен үйлесімде өмір сүру деп түсінем. Мен әлі өзімді іздеп жүрмін…
Өзгелер үшін жауап бере алмаймын. Өзім үшін жауап берейін. Ресей Халықтар Достығы университетінде магистратурада оқып жүргенде мәскеулік қыз-жігіттердің магистрлік диссертациясына үлкен жауапкершілікпен қарағанын байқадым. Жан-жақты зерттеп жазды.
Сосын Мәскеуде біздегідей көп оқитын адамды әспеттемейді. Себебі, кітап оқу мәдениеті қалыптасқан.
Жирену дейсіз бе? Кейбір орыстардың шовинистік көзқарасынан биік тұру керек. Байқағаным, мәскеуліктер білімді, интеллектісі жоғары адамды мойындайды. Өз басым қазақтар туралы мәскеуліктерден жылы пікірді жиі естідім. РУДН-де оқып жүргенде де оқытушылар тарапынан қазақтарға деген ерекше жылылықты сезіндім.
Үлкен өзгеріс бар деп айта алмаймын. Бірақ тұлғаны басып, жаншып жатса, қоғам бейжай қарамайды. Мысалы, Цискаридзе Үлкен театрдан кеткенде бишіні құрметтейтін көрермен митингке шықты.
Сосын мұнда әдебиеттен пайда табуға, оны бизнеске айналдыруға болады.
Жұмыссыздық. Жұмыс болса да, жалақыдан жалақыға әзер жететін жастарда «пәтер аламыз» деген үміт аз. Он жыл шетелде оқып келген танысым елге оралып, ғылыми маман болып қызметке орналасып еді, алпыс мың жалақы алды. Жалақысы жақсы жұмыс іздеп еді, таппады. Оңтүстік өңірде жұмысқа тұрудың қиын екенін көп адам жақсы біледі.
Шетелде тұрып, елін, ұлтын танытып жүрген қазақтар аз емес.
Шыңғыс МҰҚАН, Гарвард университетінің түлегі
1. Физика заңы бәрімізге қалай бірдей болса, меніңше адам табиғаты да солай бірдей. Ойбай, америкалықтар ондай екен, мұндай екен деп айта алмаймын. Халық жеке адам деңгейінде жақсы маман болу, мал табу, үй болу, бала тәрбиелеу, ал, қоғам деңгейінде мәдениет, руxани мәселелер, саясат, қылмыспен күрес сияқты мәселелермен онда да, бізде де айналысады. Осыдан екі жыл бұрын мамырдың соңында Бостонға келдім. Америкадан алған алғашқы әсерім – «Америка деген осы ма?» болды. Көңілім қалды. Сөйтсем, біздің көзіміз Голливуд көрсететін жалт-жұлт еткен Америка екен. Үш-төрт қабатты қызыл кірпіш үйлермен салынған сұп-сұр қала көрінді. Балаларды ойнатайын десең, біздегі Мега сияқты үлкен гиппермаркеттер де жоқ. Біздің қалаларда әр аулада балалар ойнайтын алаң, оларда ондай жоқ. Кейін түсіндім. Америкалықтар дамудың “зәулімділік” деген кезеңінен өтіп кеткен. Олар қарапайымдылыққа жеткен.
2. Меніңше, құндылық деген сөзді біз дұрыс түсінбейміз. Құндылық біз үшін бір абстракция, әдебиетіміз, мәдениетіміз, бір сөзбен айтқанда мақтанатын дүниелеріміз. Әрине, олар ұлттық құндылықтарымыз. Ал шын мәнінде құндылық дегеніміз құнын білетін нәрселер. Өмірде бір кітап оқымаған адамға әдебиеттің құны қанша? Сондықтан, құндылық деген түсінікті аспанға шығарып, қол жетпейтін жерге апарып, сакралды өң беру қажет емес. Құндылықты адамдар деңгейіне түсірген жөн. Кімге не құнды, сол құндылық. Денсаулығың құндылық болса, күнде спортпен шұғылдан, жаман әдеттерден ада бол. Оның құнын біл. Ал денсаулық үшін деп арақ ішкен адам нағыз екіжүзді адам. Оны ағылшынша Hypocrite дейді. Сондық адамдар қолданбаған құндылық — құндылық емес. Америкада құндылық мәселесіне көп көңіл бөледі. Бастауыш мектептерде білімге емес, құндылықтарға басымдық береді. Тәрбие — балалардың бойына жақсы құндылықтарды сіңіруден тұрады. Әр отбасының, әр компанияның құндылықтары бар. Және олар соған сәйкес өмір сүруге тырысады. Кез келген шаруа бастарда құндылықтарға сәйкес-сәйкес еместігін талқылайды. Американың ұлттық деңгейдегі құндылықтары — демократия, сөз бостандығы, қауіпсіздік. Ақпарат құралдары Америка сол құндылықтарға қаншалық сәйкес өмір сүріп жатқанын жарыса жазады да жатады. Мәселен, қазір көптеген америкалықтар Трамптың бұрынғы өмір салты, қазіргі жүріс-тұрысы сол құндылықтарға сәйкес емес деп ойлайды. Құндылықты ағылшынша value, аудармасы құндыдан гөрі, бағалауға көбірек келеді. Ұлттық құндылықтарымызды аса құнды деп құндақтау емес, күнделікті өмірде бағалай білген жөн.
3. Ол жақта әдебиет — романтика емес, индустрия. Фикшн әдебиет те, нонфикшн әдебиет те. Жазушыларға бір армия адам жұмыс істейді. Спорттағы скауттар сияқты таланттарды табу, оларды қалыптастыру үшін арнайы мамандар бар. Әдебиет саласында бәсекелестік қайнап тұр. Баспалардың деңгейіне қарай онда шығатын әдебиет сапасы іріктеледі. Ал нонфикшн, яғни қазақша іскерлік әдебиет деп аударып жүрген салаға келсек, университеттер нонфикшн әдебиеттің фабрикалары.
4. Соңғы көрген қойылымым — Қалекей театрының Отеллосы. Нүркен Өтеуілов Ягоны, Қуандық Қыстықбаев бас кейіпкерді мықты сомдады. Мүсірепов театры қойып жүрген “Қара шекпеннен” де үлкен әсер алдым. Кітап жағына келсем, соңғы екі жылдан бері тек ағылшынша оқып жүрмін. Соңғы оқығандарымның бірі ағалы-інілі Хиздардың “Made it to stick” атты кітабы. Айтылған ойды, жазылған сөздің Көпен Әмірбек ағам екі кітабын берді, Бақытжан Бұқарбай “Күнкөрістен кет, байлыққа жет!” деген кітабын поштама салып жіберіпті. Қазір кітаптарға қатысты бір жоба жасап жатырмын. Ел есінде қалай ұзақ сақтатарлықтай қалай ой айтып, сөз жазуға болатыны туралы. Кітап атау шамамен “Жабысуға жаратылған”. Екі киноны айтар едім. Бірі “Арыстан” (Leo) — Австралиялықтар асырап алған үндіс баласының туған жерін іздеу xикаясы, екіншісі — “Елеусіз қонақ” (The invisible guest — Невидимый гость) — шытырман оқиға.
5. Америкада мемлекет басқару ісін оқыдым. Әлемдік экономика заңдылықтарын түсіндім. Мәселен, менің жобаларымның бірі — “Қазақтар 2050 жылы аса дамыған 30 елдің қатарына ене ме? Ол үшін не істеу керек?” болды. Ел басқарудың біраз қыр-сырын үйрендім. Оған қоса, шетте жүргенде елге сырттан қарауға мүмкіндік болады. Ойланып, көз тоқтатуға уақыт болды. Ішкі дайындық бар. Ал жоспарға келсек, ол жағы былай. Көшбасшылықта “жұмысты өз иелеріне қайтару” деген түсінік бар. Ал бізде, байқаймын, кез келген салада мемлекет жауапкершілікті өз мойнына алып алады. Қоғамда тәуелділік басым. Қит етсе, билік кінәлі. Тәуелді xалық тәуелсіз мемлекетке тірек бола алмайды. Менің жоспарым қайда еңбек етсем де, осы ұстанымды басшылыққа алам. Азаматтық қоғамды қалыптастыру дегеніміз осы. Азаматтар жұмылмай, кез келген бағдарлама, кез келген бастама орнықты орындалмайды. Еркін экономиканы “көзге көрінбейтін қолдар”, демек нарықтың заңы басқаратындай, мемлекетте де биліктің қолы білінбеу қажет. Ал бізде мерейтойларды өткізетін де мемлекеттік органдар, жанар-жағармай сататын да мемлекет, газет шығаратын да мемлекет. Қай салада да мемлекеттік органдардың ықпалы. Мұндайда билік құзырын асыра пайдалану үйреншікті жағдай болмақ. Сондықтан, билік жұмысты xалыққа қайтарып беру қажет.
6. Үйренер көп, жиренер аз. Үйренердің бірқатарын жоғарыда айттым. Жиренетіндердің бірі “көгілдірлер”. Қазір Америкада оларға қарсы пікір айтудың өзі қауіп.
7. Ұқсастықтар да, айырмашылық та жетіп артылады. Әңгіме онда емес, басқада. Ең басты айырмашылық — америкалықтардың басында бар жиынтық ноу-xау қазақтардың басында жоқ. Экономикадағы да, басқадағы да барлық айырмашылық осы жерден басталады.
8. Елден кетіп жатқан жастарды түсінем және мақтанам. Түсінетінім — адам өз қабілетін қымбатқа сатқысы келеді. Америка — үлкен әрі әлеуетті нарық. Қазақстанда жүз табатын дағды онда жүз мың долларға бағалануы мүмкін. Одан бөлек, кәсіби өсуге мүмкіндік көп. Мақтанатыным — Америкаға барып, ондағы еңбек нарығында бәсекелестікке қабілетті болу, өзін-өзі табу әр адамның қолынан келмейді. Америкада қазақтар ғана емес, дамыған Еуропа елдерінің адамдары да толып жүр. Америкалықтардың өздері бүкіл әлемде жұмыс істеп жүр. Сондықтан, “Ойбай, кетіп жатыр” деген көзқарас түбегейлі дұрыс емес. Керісінше ол жаққа барған қазақтар бізде жоқ ерекше тәжірибе жинап келеді. Эмигранттардың өз еліне пайдасы көп тиетіні туралы зерттеулер мол.
Әсия БАҒДӘУЛЕТҚЫЗЫ,
Куин Мэри университетінің магистранты (Лондон)
1. Әр түрлілік, әр түрлі ұлт, тіл, дін, білім, мәдениет, құлық, философия. Ешкім ешкімді қалыпқа салуға тырыспайды. Сондықтан өзің бола аласың. Өйткені білесің, мұнда әркімге де орын табылады. Бәлкім, еркіндік деген сол шығар?
2. Мемлекеттен қаржыландырылатын біздегідей одақ, біздегідей атақ жоқ. Бірақ жеке, қоғамдық ұйымдар белсенді, меценаттықтың арқасында жұмыс істеп тұрған бүтін институттар бар. Кісінің жеке еркі бағаланатыны соншалық, музейге барғанда билетке төлегің келе ме, тегін кіргің келе ме, өзің шешесің. Егер төлегің келсе, қайырымдылық жәшіктеріне бес фунтыңды салып кетесің. Және сол жәшіктер қашан көрсең толып тұрады, қызығы. Театрлардың басым көпшілігі тек кассаға жұмыс істейтін антреприздік ұжымдар.
3. Жастар өте белсенді. Әр бағытта, қызығушылықтарына орай жиналатын орталар бар, оған жағдайлар жасалған. Тегін дәрістер, мастер класстар, байқаулар, т.б. жетерлік. Қазір кез келген Батыс елінде бөлектенетін, өзін артық санайтын, белгілі бір нәсілдің, ұлттың, немесе үстем топтың сойылын соғатындарға орын азаюда, либералдық демократтық ой әртүрлілікті, теңдікті насихаттайды. Ал шын өнер мен әдебиет қашанда либералды болған. Сондықтан мұнда түрлі мемлекеттен келген, түрлі тағдырды кешкен түрлі дауыстарға «микрофон» беруді жөн көреді.
4. Кеше ғана Спайк Лидің «BlackKklansman» фильмін көріп, соңынан режиссермен болған сұрақ-жауап сессиясына қатыстым. Бұл Трамптың билікте отырған кезінде жоғарыда өзім айтып кеткен теңдік, нәсілдік алауыздықтың орынсыздығы жайындағы дүние. Биылғы Канн фестивалінде Гран приді алған, үлкен қошаметке ие болған туынды. Өз қазанымызда өзіміз қайнап, соның өзінде өзімізді өзімізден қорғай алмай жүрген біздің ұлтқа бұл мәселелер қаншалықты түсінікті болатынын білмеймін, бірақ. Бүкіл әлемнен халықтар құдды бал жағып қойғандай ағылып жатқан осы батыстағы, түрлі құндылықтар қақтығысып жатқан әлемдегі өткір мәселелер ғой. Соңғы рет концертке Лондон симфониялық оркестрі Вивальдиді ойнағанда, осыдан жарты ай бұрын бардым. Театрға екі ай бұрын көрген «Мормонт кітабы» мюзиклінен кейін аттап баспадым, ал соңғы рет бас сұққан музей Италия, Ватикандағы мұражай кешені. Қазір магистрлік диссертациямды жазып жатқандықтан, көптеген кітаптарды қатар оқуға тура келіп жатыр.
5. Дайындық өмір бойы жинала беретін қор деп түсінемін, тек соның іштен шықпай, ештеңеге жарамай қалмауынан қорықпасаң. Жоспар көп, қайсыбір жұмыстар басталып та кетті.
6. Қоғамдық мәдениет, өзің мен өзгені сыйлау, адамгершілік, тайм менеджмент, кісіге сену, ашкөз болмау, пара алмау сияқты қарапайым дүниелерді әлі де үйрену керек біздің халыққа. Жиренетін дүние көрмедім, тек кейбір ұғым түсініктері, өмір сүру салттары басқа, оны қабылдамадым деп айтар ем.
7. Ұқсастық аз, айырмашылық көп. Оның бәрін тізбелеуге газет беті көтере қоймас. Ең бастысы, адамдардың санасындағы айырмашылық қой. Мемлекетке қатысты, қоғамға, ортасына, табиғатқа деген сауатты, жауапкершілікті қатынастары өзгеше.
8. Бұл тек Қазақстан емес, кез келген дамушы елдің басында бар жағдай. Себеп түсінікті, мәдениет те, білім де, күнкөріс те, еркіндік, демек жан тыныштығы да дамыған елдерде. Көптеген дамушы ел азаматтарында қазір екі таңдау бар: бірі «шетелге кетсем, өмірім ертегідей болар еді» деп армандау, екіншісі сол ертегі өмірге жету де, «бәрі тамаша, әттең, бірақ шын орным басқа жерде, туған елімде» деп мұңданып өту.
Алыста жүрген қазақ жастарымен әңгіме
Гүлбиғаш ОМАР,
Ньюкасл университетінің докторанты (Ұлыбритания)
1. 2015 жылы 7 қаңтарда Лондондағы Хитроу әуежайына келіп түскен сәтім әлі есімде. Шамасы, бұл күннің әсерін ешқашан ұмыта қоймаспын. Шетелдік сапарларға бұған дейін де шығып көргенім бар, бірақ турист ретінде сапар шегу бір бөлек те, бөтен елге қоныс аударудың жөні басқа екен. Англия алдағы үш жарым жылға жаңа үйім болуы тиіс еді. Әрі-бері сапырылысқан түрлі өңді адамдар, діні басқа, тілі түсініксіз жұрт – айналам қаптаған адам болса да, ең үлкен жалғыздықты сезіндім сол сәтте. Британия мені құшақ жая қарсы алған жоқ, керісінше, Астана – Лондон рейсімен аман-есен Альбион аралына жетсем де, ішкі рейспен Ньюкаслге жету мұң болды. Бұл жақта біздің ұғымдағы қыс жоқ қой, бірақ сақылдаған аяз бен омбы қардың орнына Солтүстік теңізден құтыра соққан қара жел бар. Дәл сол күні аралдың үстінде қатты жел тұрып, барлық рейс кейінге қалдырылды. Сонымен, мен Лондондағы қонақ үйде түнеп, Ньюкаслге келесі күні бір-ақ жеттім. Үш жарым жылда көзім жеткені – Лондонды көріп, Англиямен көзайым болдым демеңіз. Нағыз Англияны көру үшін ішкері қарай өту керек, ең дұрысы, солтүстікке қарай аттану керек. Әр қаланың өз аурасы бар, аймақтардың әрбірі өз диалектісінде сөйлейді, ондағы тұрғын халықтың мінезі де әрқилы. Мысалы, Ньюкаслдегі алғашқы күннен байқағаным – мұндағы жергілікті тұрғындар мейлінше ашық-жарқын әрі көмек беруге бейіл тұрады. Мұнда оқуға келген көп студенттер алдын ала осындағы қазақтармен хабарласып, бірін-бірі күтіп алып, пәтер табуға, жан-жақты барлауға, жалпы жерсінуге кәдімгідей көмектесіп жүреді екен. Мен мұны кейін білдім. Ньюкаслге табаным тигенде күн кешкіріп қалған кез: мен ешкімді танымаймын, мені ешкім танымайды. Бірақ жатсыну болған жоқ. Алғашқы күннен бастап өзіме керек ақпараттың бәрін жергілікті тұрғындардан алдым. Тіпті, дүкен қайда, кітапхана қайда дейтін толып жатқан сұрақтарды көшеде өтіп бара жатқан кез келген адамды нәсіліне қарамастан тоқтатып қойып, сұрай беретін едім. Ешкім бетімді қайтарып көрмепті. Керісінше, бара жатқан бағытынан бұрылып, біраз жерге дейін шығарып салып, жолды өзі білмесе, үшінші біреуді тоқтатып, жөн сұрап тұратын ғажап адамдар. Осыдан соң менде бөтен жер, бөгде жұрт деген психологиялық шекара біржола жойылды. Қазір әлемнің кез келген еліне, қаласына жалғыз өзім аттансам, адасам-ау деген ой жоқ. Әр қаланың тұрғындары әр түрлі дедім ғой, мысалы, Эдинбургке, Глазгоға барғанда, шотландықтардың сөздері де, өздері де дөрекі көрінді. Тағы бір байқағаным – көшеде қарсы келе жатқан адамның көзіне көзіңіз түсіп кетсе, міндетті түрде жымиып, көбіне «Хеллоу» деп амандасып өте береді. Әрине, мұны істейтін – ағылшындар. Біз сияқты сырттан келгендерге мұндай әдет сіңе қоймаған. Ең бастысы, осы үш жарым жылда түйгенім – қоғамның кемелденуі өзгелерді сыйлай білу дәрежесімен тығыз байланысты екен. Бұл жеке адамдарға да қатысты. Өзін сыйламайтын адам ғана өзгелерге тіл тигізеді, өзін іштей қор сезінетін адам ғана басқаларды басып-жаншуға дайын тұрады. Бәлкім, британдықтардың бойындағы бекзаттық (бәрінде емес, әсіресе, орта жастан асқандарда) содан болар. Бұл елде оқу маған не берді десеңіз, нақты жауап – бостандық берді. Неден, кімнен екенін өзім де толық түйсініп болғам жоқ. Бір нәрсені анық айта аламын – шын еркін болуды, адами және азаматтық бостандықтың не екенін осында келіп сезіндім. Ең үлкен ғибратым – жалғыздық деген көптің ішінде емес немесе айналаңда сөйлесетін тірі жан таппайтын күйде емес, адамның өз ішінде екен. Осында келгелі жалғыздық мені жайыма қалдырып, өз жөнімен кетті. Тек елге деген, жақындарыма деген сағыныш қалды.
2. Британияда өзім аралаған қалаларда әуелі өнер галереяларына кіріп-шығуға тырысамын. Эдинбургте Шотландия ұлттық галереясында болып, да Винчидің Мадоннасын өз көзіммен көрдім. Лондондағы Ұлттық галереяда жарты күнім тек импрессионистерге арналған төрт залды аралауға кетті. Ал онда қателеспесем, алпыстан аса зал бар. Сондықтан елге қайтқанша тағы айналып соғам. Ньюкаслда Балтик дейтін заманауи өнер орталығы бар. Осынау орталықтарды аралап жүріп көзім жеткен жайт – бұл жұрт өнердің қадірін біледі және шын талант бұл елде елеусіз қалмайды. Үйде отырған жұмыссыз әйелдің жазушылықпен айналысып, атақ пен табысқа ие болған хикаясын айтсам, Джоан Роулингті меңзеп отыр деп ойлауыңыз кәдік. Жоқ, бұл Ньюкаслден шыққан Луиза Росс. Мұндайлар өте көп. Ал заманауи өнердің өкілдері өздерінен басқа ешкім түсінбейтін инсталляцияларды, бейнежазбаларды көрмеге қойып, аудитория жинап жатады. Жалпы, бұл елде өнерде, әдебиетте еш шектеу жоқ. Цензураның ешбір түрі жоқ. Саяси емес, ішкі шектеуді айтып отырмын. Ал Ньюкаслдегі бас театрдың мемлекеттік не жергілікті бюджеттен бір тиын алмастан, тек демеушілік қаржыға күн көріп отырғанын білгенде, қайран қалдым. Содан болар, театр билеттері өте қымбат. Есесіне, театр ұжымы аудиторияны тарту үшін барын салады, ал мұндай жағдайда театрда өнерді шын сүйген адамдар ғана қызмет ететініне еш күмәніңіз жоқ шығар. Британияның көп елден артықшылығы – мұндағы мұражайлар мен өнер галереяларының жалпақ жұртқа, тіпті туристерге есігі ашық екені, яғни кіру тегін. Бұл халықтың өнерге деген көзқарасын осыдан-ақ біле беріңіз. Қаласаңыз, мұражайда не орталықта тұрған шыны жәшіктерге тиын-тебен тастап кетесіз, қаламасаңыз, Британ империясы заманынан бері жер-жиһаннан жинақталған асыл мұраларды тегін тамашалап, кете бересіз. Содан болар, қайсысына барсаңыз да, мұндай ордалардың іші толы қарақұрым адам. Жас та, кәрі де, бала-шағасын ерткен отбасылар да – бәрі осында.
3. Бір нәрсенің басын ашып айталық, мұнда жасына қарай бөлу жоқтың қасы. Яғни, «жасына қарай кемсітушілікке жол бермеу» деген түсінік бар. Зейнетке шығып, жазушы боламын деп, кешкілік курсқа барып жүрген қара нәсілді британ әйелін өз көзіммен көрдім. Менімен бір факультетте, бір курста оқитын жасы 62-ден асқан, шашын ақ басқан ағылшын докторант бар. Әрине, Ньюкасл студенттер қаласы болғандықтан, мұнда жастар көп, бірақ көбісі – шетелдік студенттер. Бірақ оқуда, ғылымда, өнерде, жалпы кез келген салада ешкім жасына, нәсіліне, жынысына не дініне байланысты кемсітушілік көрмейді. Иә, белгілі бір деңгейде мигранттарға сенбеушілік бар, бірақ егер адал еңбек етіп, ақылың мен талантыңды жұмсасаң, көздеген мақсатыңа жетуге ешкім кедергі болмайды. Бұл жасқа да, кәріге де қатысты. Ең бастысы осы.
4.Екі апта бұрын Лондондағы Британ мұражайына бардым. Дүниенің төрт бұрышынан жиналған мәдени мұраларды тамашалап жүріп, өз халқым жайлы бір тамшы дерек тапсам деген аңсар туды. Бірақ уақыттың тығыздығынан түгел аралауға мұрша болмады. Бұл мұражайды аралауға бір күн емес, бір апта керек шығар. Жалпы, мұражай немесе тарихи орталықтардан гөрі маған өнер галереяларын аралау көбірек ұнайды. Ал соңғы кезде оқып жүрген кітабым – Сомерсет Моэмнің «The Summing Up» («Қорытындылау»), яғни өзі туралы, шығармашылығы туралы, өмірі жайлы өмірбаяндық романы. Оның алдында Джейн Остиннің «Эммасын» оқығанмын, расын айтсам, әрең бітірдім, себебі тілі де, баяндау стилі де, сюжет желісі де көнерген. Ал британдықтар оны әлі классик санайды, әдеби курстарда шығармаларын оқытады. Бұл жерде британдықтардың өзіндегі асылды да, жасықты да өзгелерге мойындату талантына тәнтімін, кешегі Гамлет пен Шерлок Холмсты былай қойғанда, одан бергіде Кристофер Робин, Алиса, Орқоян Питер, бүгінде Гарри Поттер мен оның сиқыршы достары бүкіл әлемді шарлап, британ әдебиетін, ол арқылы британ мәдениетін таратып жүр. Барлық дүкендер осы кейіпкерлердің суреттері басылған кәдесыйларға, тіпті олар «тұтынатын» заттарға, осы шығармалардың аты жазылған не ондағы символдар басылған киім-кешек пен түрлі бұйымға толып тұр. Осы арқылы британ экономикасы сауда-саттықты қыздырып, сатушылар Қытайда жасалған кәдесыйлар арқылы миллиондап пайда тауып жатыр.
5. Толстойды жақсы көрем және құптаймын. Ішкі дайындығым тас-түйін, алда жоспар көп. Апталық, айлық, бір жылдық, бес жылдық… Алла бұйыртса, сөзбен емес, іспен көрсетуді жазсын.
6. Алдағы сұрақтарға жауап бере отырып, талай нәрсенің басын шалдым ғой деймін. Бұл жұрттан үйренетін де, одан жиренетін де мінез бар. Өнеге алатын нәрсе – осы елге келгенде ғана нағыз шығармашылық еркіндікті сезіндім, себебі алдында айтқанымдай, ақылың мен талантың болса және оған адал еңбекті үстесең, бұл елде өз мақсатыңа жетуде еш кедергі жоқ екенін жұлын-жүйеңмен сезесің. Дәл осы ішкі еркіндікті елге барғанда сақтай алсам жақсы… Ал жирендіретін нәрсе – қазіргі британ жастарында тоғаю басым сияқты. Яғни, алдыңғы буыннан адалдық, еңбекқорлық, адамсүйгіштікті байқасам, кейінгілердің бойында бір күнмен өмір сүру, тым қызық қуу көбірек көрінді. Британ басылымдары кейінгі жылдары бұл елде маскүнемдіктің өршіп бара жатқанын жазады. Күнде көріп жүрген жағдай. Арақ-шарапқа еш тыйым болмағандықтан, бұл ұлттың өзегіне түскен құрт – маскүнемдік сияқты. Егер осы дертті жеңудің жолын таппаса, алдағы жиырма-отыз-қырық жылда біз мүлде басқа Британияны көретін боламыз.
7. Ең үлкен айырмашылық – адамдардың ертеңге деген көзқарасында.
8. Өздеріне және бір-біріне деген сенімінде. Британияда жергілікті тұрғын болсын, сырттан келген мигрант болсын, билікке, жүйеге, адамдарға сенеді. Ал елге барғанда, жалпы, көшеде жүрген адамдардың бет-жүзінен-ақ көп нәрсе аңғаруға болады: түйілген қабақ, қату жүз, оқтай қадалған көз… Біздің қоғамда өз-өзіне іштей сенбеу, кінәлау, тіпті жау санау дерт бола бастаған сияқты… Есесіне, қазақ қоғамы ұжымдық санадан әлі арылған жоқ, бұл үшін Аллаға шүкір деу керек. Бұл дегеніміз, Батыстағы сияқты индивидуалистер қоғамында әркім өзімен өзі, рас, еркінсің, не істеуге де еріктісің, бірақ ертең барып өміріңді қия салсаң да, өз еркің. Ал қазақ ортасы, ұжымдық санадағы қоғам әрбір адамның өмірі үшін, мейлі ол туысқан, көрші, дос не жай таныс болсын, бір-бірі үшін жауапкершілікті сезінеді. Абай айтып кеткен «Кімде-кім жаман болса, оның өзінің замандастарының бәрі виноват» деген сана әлі тірі. Сондықтан жаңалықтарда айтылып жататын оқыс оқиғалар, танымайтын адамдардың басындағы қайғылы жағдай біздің жүрегімізді ауыртады, елдік намыс, рулық намыс, әулеттің намысы әлі өлген жоқ. Қазақ үшін қоғамнан тыс қалу, өзіңді ешкімге керексіз сезінуден артық қайғы жоқ. Мұның артында ел болып, халық болып, ұлт болып аман қалудың сыры жатыр. Ұжымдық психология, ұлт тамыры – қазақтың өміршеңдігінің кепілі сияқты. Ал ұқсастық іздесеңіз, күнделікті өмірде барлық елдегі барлық адам бірдей. Адам жердің қай түкпіріне бармасын, тек өзін табады. Яғни, өзіне ұқсастарға жолығады.
Өзім танысып, сөйлескен жастардан өзге елде қалу туралы әңгімені көп естімедім. Әрине, қалып жатқандар бар. Оқу біткен соң осында жұмыс істеп, тәжірибе жинақтауды жоспарлап жүргендер бар. Басты себепті сұрасаңыз, олар табиғи және кәсіби қабілеттерінің өз отанында толық ашылуына жағдай жоқтығын айтады. Оның үстіне, елдегі сыбайлас жемқорлық, тамыр-таныстық, шын таланттарға жол бермейтін тоғышарлық сияқты толып жатқан объективті себептер бар. Әсіресе, мектеп бітіре сала, шетел асқан жастардың бетін елге бұру өте қиын. Сондықтан сыртқа оқуға отбасылы, жұмыс тәжірибесі бар мамандарды ғана жіберген жөн шығар. Екінші жағынан, демократияның негізгі қағидаларының бірі – әр адамның қалаған жерге баруына және қалаған елде тұруына құқы бар дейді. Сондықтан жүйені де, жастарды да кінәлаудың пайдасы жоқ. Одан да қоғамды түзеу керек. Шетелге кететін жастардың сапасына назар салыңыз, кетіп жатқандар кімдер? Білімді, көзі ашық, бірнеше тіл білетін әрі бір саланың білікті маманы, көбісі аса талантты және өте еңбекқор жастар. Сүт беті қаймақтарымыз. Оларды қалай елде ұстап қалуға болды? Мұны тарқатып айту үшін, бір мақала емес, тұтас мемлекеттік бағдарлама жазу керек. Қысқасы, талантты, талапты және еңбекқор жастардың өз қабілетін барынша жарқырата көрсетіп, өзінің және елінің игілігіне жұмсауына жағдай жасау керек.