İLESAM «РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» ҮШІН 20 МЫҢ КІТАП СЫЙҒА ТАРТПАҚ
Ынтымақтастық жөніндегі келісім-шартқа қол қою рәсімі тамыздың 15-і күні Қазақстан Жазушылар одағында (ҚЖО) жалғасын тапты. Бұл күні ЖО-на Түркия Мәдениет министрлігіне қарасты әдеби ұйымның жетекшісі Мехмет Нұри Бармақсыз (Parmaksiz) мырза келді. ҚЖО Басқарамасының төрағасы Ұлықбек Есдәулетпен емен-жарқын әңгімелесе жөнелген Мехмет Нұри ҚР Президенті Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы тұтас түркі әлеміне серпіліс әкелгенін айтып тебіренді. Ол әңгіме үстінде: «Рухани жаңғыруға» қосқан үлесіміз болсын, біз Қазақстанға 20 мың кітап сыйға тартамыз», – деді. Мехмет бауыр сөзін одан әрі жалғап, қазақ ақындарын Анадолы жұртына шақыра келгенін, алдағы уақытта қазақтың 100 шайырын түрік тіліне аударуға дайын екендерін айтты. Аз-кем кіріспе сөзден кейін тараптар Ынтымақтастық жөніндегі келісім-шартқа қол қойды.
Мәдениет, өнер, ғылым және әдебиет саласындағы Түрік Әдеби және Ғылыми еңбектері Авторлар Қоғамы мен Қазақстан Жазушылар одағы арасындағы бірлескен жұмыстарды қамтитын ынтымақтастық туралы келісім-шарт төмендегі пункттерден тұрады:
1. Жыл сайын ғылым мен әдебиет саласындағы бір-екі туындыны екі тараптан аударып, ынтымақтас елдер тілдерінде жариялау;
2. «XXI ғасырдағы Түркия мен Қазақстан авторларының поэзиясы мен әңгімелері антологиясын» бірлесе дайындап, екі тілде жариялау;
3. Ынтымақтасқан тараптар ұйымдарының құрылымын насихаттауға және Қазақстан Жазушылар одағы мен İLESAM басып шығаратын басылымдарда немесе журналдарда жариялауға кең көлемде орын бөлу;
4. Қазақстан мен Түркия мемлекеттерінде өтетін мәдени және шығармашылық іс-шараларға екі тараптан да жазушылар мен ақындардың шақырылуы;
5. Ақындар мен жазушылардың, ғалымдар мен ойшылдардың өмірбаяндық еңбектерін басып шығару;
6. Жылына бір рет (бір жыл Қазақстанда, келесі жылы Түркияда) жүйелі түрде жыр фестивалін ұйымдастыру;
7. Балалар әдебиеті саласында ынтымақтастық орнату;
8. Жылына бір рет екі жақты келісім аясында жазушылармен кездесу күндері мен кітап тұсаукесерлерін ұйымдастыру.
9. İLESAM ұйымынан сыйға тартылатын 15-20 мың кітапты Қазақстан кітапханаларына, халыққа тарату ісі бойынша Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесе отырып жұмыс атқару;
10. Ынтымақтастық жөніндегі бұл келісім-шарт қол қойған күннен бастап күшіне енеді және 10 (он) пункттен тұрады.
Алматы. 2018 жыл, 15 тамыз