ӘЙЕЛДІҢ ЖҰМБАҚ ӘЛЕМІ: ШОЛПАН мен ЭММА
М.Әуезов айтқан Мағжанның еуропашылдығы аса жарқын көрінетін шығармасы – «Шолпанның күнәсі». Бұл әңгімеде таңқаларлығы – ХХ ғасырдағы Еуропа әдебиетіне тән психологиялық үрдістің терең, әрі асқан шеберлікпен көрінуі. Еуропа бұл үрдіске қоғамдық және әдеби дамудың бірнеше ғасырын, түрлі формаларын салып жетсе, Мағжан қазақ прозасының жаңа туған кезеңінде-ақ игерді. Бұл әңгіме әйел тақырыбын ұлттық таным мен болмыс тұрғысынан сипаттай отырып, әлем әдебиетінің шеберлері Л.Толстой, О.Бальзак, Г.Флоберден гөрі тереңге тартады. Әлем әдебиетінде әйел опасыздығы арқау болған шығармалар өте көп. Олардың ішінде тереңдігімен, шынайылығымен ерекшеленетін француз классигі Г.Флобердің «Бовари ханым» атты кесек туындысының жанынан әйел тағдырын баян ететін М.Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» әңгімесі де орын алады. Әдебиетте әйел опасыздығы отбасы шеңберінен шығып, белгілі бір қоғам заңдылығына қарсы әйелдің бас көтеруі ретінде бейнеленіп келеді.
Мағжан осы әңгімені жазған кезде қазақ әдебиетінде әйел тақырыбы, әйел теңдігі өзекті мәселеге айналған-ды. С.Торайғыровтың «Қамар сұлу», М.Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» атты романдарында, басқа да қаламгерлердің шығармаларында сүймеген адамға зорлықпен қосылып жатқан жас қыздардың трагедиясы көп баян етілді. ХХ ғасыр басында әйел теңдігінің жалпыұлттық деңгейде көтерілуінің мәні ұлт бостандығының бір сипаты ретінде танылуында болды. Ескіліктің тырнағында қалып жараланған жастардың махаббат еркіндігі ұлт болашағы үшін маңызды еді. Осыны сезінген талантты қаламгерлердің барлығы дерлік бұл тақырыптан тыс қала алмады. Әйелдер тақырыбы Г.Флобер өмір сүрген кезеңде де аса кең тарады. О.Бальзак, Г.Мопассан, Ж.Санд, Стендальдің романдарында француз әйелдерінің қаншама галереясы жасалды. «Әйел туралы жазу – өмір туралы жазу» деген пікір осы кезеңде туындаса керек. ХVIII ғасыр – әйелдердің азаматтық санасы оянып, оқу мен білімге ұмтылып, бас көтеріп, еңсе түзей бастаған дәуір еді.
Бұл тақырыпқа Мағжан өзіндік таным мен шеберлік тұрғысынан келді. Өзінің тереңдік деңгейіне сай бұл проблеманы «Шолпанның күнәсі» әңгімесінде беріден емес, арыдан, түбінен қозғайды. Әңгіме кейіпкері Шолпанды өз заманындағы теңіне қосыла алмаған мұңлықтардан өзгеше етіп көрсетеді. Шолпан өз тағдырына өзі ие болған, бақыттан басы айналып, оны тіпті баладан да қызғанған жан ретінде көрінеді. «Мал орнына сатылып, жаны сүймеген жанға жар болатын қазақтың сансыз қыздарының ішінен әлдеқалай өзінің сүйгеніне тиген Шолпан…». Автор кейіпкер махаббатының қуатын жарының мән бермей айта салған: «Балалы үй – базар, баласыз үй – мазар» деген сөзі жүрек соғысы мен өмір ағысын мүлдем кері айналдырып жібергенімен нақ әрі қысқа жеткізеді.
«Бір өмір үшін емес, екі өмір үшін» сүйген жарына опасыздық еткен Шолпан өзі үшін емес, екеуі үшін шешім шығарды. Бір-біріне ғашық болған адамдар арасында сыр болмауы керек қой. Оқырманда Шолпан да жаны қалап бас қосқан жарымен ашық сөйлесіп, басқаша шешім қабылдауына да болар еді ғой деген ой тууы мүмкін. Бұл, әрине, қазіргі қоғам түсінігі тұрғысынан айтылған пікір. Ол кезде әйел бедеу болса, оның жаны мен жүрегіне кім қарапты? Ұрпақсыз өтпеу керек деп қоғам, одан қалса еркектің өзі көп ұзамай, басқа әйелмен отасып бақытын табады, бедеу әйелмен кім санасыпты? Ал, еркек белсіз болса ше, әйел ана болу бақытын тәрк етіп, еркектің көлеңкесіне айналып, өмірін оның қас-қабағына қараумен өткізу керек. Бұл – Шолпан қоғамының жазылмаған заңы. Мағжан әйел жанына әлемдік әдебиетте назар аударып, әйелдің гендерлік теңсіздігінің түп-тамырын тереңнен іздеген суреткер.
Француз әдебиеті жауһарының бірі – Г.Флобердің «Бовари ханым» шығармасы да әйел опасыздығының мәніне үңіледі. «Бовари ханым» шығармасының бас кейіпкері Эмма да ерекше жаратылысымен көрінеді. «То была натура, при всей своей восторженности, рассудочная: в церкви ей больше всего нравились цветы, в музыке – слова романсов, в книгах – волнения страстей, таинства же она отвергала, но еще больше ее возмущало послушание, чуждое всему ее душевному строю».
Орта ғасыр қаламгерлерінің махаббат тақырыбына арналған туындыларын оқып, өмірді сондай романтикамен, сұлулықпен қабылдайтын Эмма өмірдің шындығына көнгісі келмейді. Эмманы өзгелерден ерекшелейтін оның танымы мен болмысы болса, ал Шолпанды қазақ қыздарынан өзгеше ететін нәрсе – тағдыры.
Әйелдің ана болу қасиетіне балта шабылуы – оған жасалған қиянаттың үлкені. Шолпан да сол қиянатқа көнгісі келмейді. Әңгімеде оны жасап отырған оның сүйген жары. Оған жасатып отырған сол қоғамның жазылмаған заңдылығы. Егер Сәрсенбай Шолпанға деген махаббаты үшін оны кешіріп, сол баланың тууына мүмкіндік беріп, Шолпанның әрекетіне лайық іс істесе ше? Онда Сәрсенбай еркек қатарынан аластатылып, ез атанып, адамдар санатынан шығып қалар еді. Шығармада Сәрсенбай сүйе тұра Шолпанның ішкі дүниесін түсіне алмайтын, күндізгі күрсінісі мен түнгі төккен көз жасының сырын ұқпайтын жан сияқты көрінеді. Мүмкін, ол ұғатын да шығар, бірақ мойындамайды. Мұны мойындатпай тұрған дүние – ер-азаматтық намысы. Сәрсенбайдың түсінігінде белсіздігін өзі мойындағандай, Шолпан да бұл жағдайды өз тағдырындай қабылдап, соған көнуі керек еді. Сондықтан ол: «Мен саған бала тауып бер дедім бе?» – деп Шолпанды жазғырады.
«А между тем разве мужчина не должен знать все, быть всегда на высоте, не должен вызывать в женщине силу страсти, раскрывать перед ней всю сложность жизни, посвящать ее во все тайны бытия? Но он ничему не учил, ничего не знал, ничего не желал. Он думал, что Эмме хорошо. А ее раздражало его безмятежное спокойствие, его несокрушимая самоуверенность, даже то, что он с нею счастлив» – деген үзіндіде тұрмыс құрсауындағы Эмманың көңіл – күйі мен ой-қиялы, күйеуі – Шарльдің барына қанағаттанған сұрқай, біртоға тірлігіне наразылығы жеткізіледі. Эмма да күйеуі тарапынан түсіністік таппай кінәлайды.
Ер адамның әйеліне жасаған опасыздығы қатаң жазаланбай, оның бір сәттік әлсіздігі ретінде қаралатыны белгілі. Ал, әйел опасыздығы барлық қоғамда аса қатыгездікпен қараланып, жеккөрінішке толы болатыны белгілі. Сондықтан отбасы ер азамат опасыздығынан бұзылмай сақталып қалатын болса, әйел адам опасыздығы отбасын үлкен трагедияға соқтырады. Оның себебі, біріншіден, әйел – үйдің негізі, отбасы ұйытқысы болса, екіншіден, ер азамат намысының, өзіндік бағасын өсірер өзімшілдігіне байланысты. Психологтардың пайымдауынша, отбасыдағы бұл жағдай ар-намыстың мәселесіне тікелей қатысты болғандықтан, еркек қатты күйзеледі екен. Сәрсенбай Шолпанның өзіндік «менін» ұғынып, жалпыға ортақ жазылмаған заңды аттап кеткенін, өзінің жасырын сырын әшкерелегені үшін кешірмейді. Жазушы басты мәселені махаббат сезімімен сабақтастықта өруі, жақын адамның қанша сүйдім дегенмен, әйелге жеке тұлға ретінде қарамай, «әйел ер адамның қабырғасынан жаралған» деген жалпы түсінікке орай өзінің бір бөлшегі ретінде санап, өзіндік «менін» жоғары қоятындығын шынайы суреттейді.
Ер адамдар үстемдігіне негізделген патриархаттық қоғамда қай кезде болсын еркектің белсіздігі көбіне әйелдің бедеулігімен бүркемеленеді. Бұл – қазіргі ер мен әйел тең дәрежедегі қоғамда да кездесетін жағдай. Бүгіндері еркектің белсіздігі – медицина мен демографиялық дамуда басты мәселелердің бірі. Көп отбасыда бала тууының шектелуі ерге байланысты болса да, ол жасырылып, бар кінәні әйел өзіне алды. Себебі, қоғам әлі күнге ер адамның ондай әлсіздігін мойындауға дайын емес. Сондықтан Шолпан түнде жылады, тынбай тіледі, ақыры сүйген жарына опасыздық жасады, күнәға батты. Әйелге жаратылысынан берілмеген үлкен жауапкершілікті өзіне алды. Әйелдің негізгі міндеті ұрпақ жалғастығы екенін іштей түсінген Шолпанның табиғаттан, жаратылыстан берілген құқын талап етуі, оған жету үшін жасаған нақты қадамдары – ол заманда әйел тарапынан жасалған зор тәуекел еді. Мағжан әңгімесінде Шолпанның жалғыз сырласы – Жаратқан, онымен тілдесіп, сырласып, мұңын шағады. Жаратушының Шолпан санасындағы бейнесі, оның мінез-құлқының түрлі сипатта берілуі әйелдің алғаш жаралғаннан бергі ролі, жазушының әйел теңсіздігі тақырыбын сонау бастаудан тапқан тереңдігін танытады.
Флобер Эмманың трагедиясын қоғамдағы әйел орнының төмендігі мен қалыптасқан әлеуметтік жағдайды бұзып-жарып шыға алмайтын уақыт пен заман құрсауынан көреді. Флобер: «Мадам Бовари – менмін», – деп өз кейіпкерінің әрекетін өзгеге түсіндіргісі келсе, Мағжан да кейіпкері – Шолпанның жүрек тереңіндегі сырларын өз ойларымен астастыра өріп, оның жанын терең сезінеді, оның сырын ешкім ұғына алмайтынына жаны ауырады.
Қазақ әдебиетінде әйел күнәсі белгілі бір ерекшеліктерімен көрінеді. Махаббат үшін күнә жасаған әйел періште биігіне көтеріліп, өз еркінен тыс күнәһарлықтың шыңырауына құлайды да опат болады. М.Әуезовтің «Қаралы сұлу» шығармасындағы кейіпкер сүйген жары өліп кетсе де, табиғат заңдылығына барынша қарсыласып баққанымен, санасы өз әрекетін бақылай алмайтындай шегіне жеткенде қойшы шал Болатқа беріліп, оның биік идеалы жеңіліс табады. Ал, Шолпан әке болуға лайық жанды іздеуде салқынқанды, есепқор болғанымен, соңында мақсатынан жаңылып, тән құмарлығынан жеңіліс тауып, теріс жолдан шыға алмай, өзіндік махаббат идеалын ғана емес, өмірлік мұратын да жоғалтып алды. Ә.Кекілбаев «Аңыздың ақыры» атты романында Ханша күнәсі түсі аясында алынғанымен, оның әрекетінде Әміршіге деген іңкәр сезім мотиві негізгі позицияда. Аталған шығармалардағы күнәға батқан үш кейіпкердің арасындағы сабақтастық – олардың жүрегінде жанған шексіз сүйіспеншілігі. Өз ырқынан тыс күнәға батып, оның салдарын өз өмірімен өтейтін тағдырдың қатыгездігі – әйел күнәсі туралы шығармалардың өн бойындағы алтын арқауы.
Әңгіме мотиві бала болғанымен, арқауы – махаббат, сүйген жанның өз адамы үшін бақытқа ұмтылған асыл тілегі, іңкәр сезімі. Кейіпкер өзінше жол тапқанмен, тағдыр өз шешімін ұсынды. Тағдыр туғанда жазылып қояды, десек те, онда қалыптасатын уақыт пен кеңістік, қоғам мен орта, адамның өзіндік болмысы деген көптеген факторлар ұштасады.
Шолпан Сәрсенбай үшін көзіне шөп салған күнәһар болса, Әзімбай үшін желік қуған жеңілтек жеңге ғана. Ал, өзгелер үшін ар-намысына қара күйе жағылған қатын. Оның «ізгі күнәсінің» шын мәнісін ешкім білген де, сезген де жоқ. Шолпан ешкімге жан сырын ашқан жоқ. Ол туралы автор мен кейіпкердің ойы сабақтаса өріледі: «Бірақ Шолпан жүрегіндегіні ешкімге ашқан жоқ. Ашқанмен олар ұға алар ма еді? Тегінде адамның жүрек сырын шеттің ұғуы мүмкін емес нәрсе емес қой. Теңіз терең емес, адамның жаны терең. Су түбінде жатқан зат жел толқытса ғана шықпақ. Ой түбінде жатқан сыр шер толқытса да шықпақ емес. Дүниеде адамнан қиын жұмбақ жоқ. Адам – шешуі жоқ жұмбақ. Шешуі деп атауға болатын болса, адамның шешуі жалғыз өлім». Бұл – Шолпанның ойы ретінде берілгенмен, ақынның көзі жеткен шындық. Шолпан жүрек сырын бәрібір ешкім түсінбейтінін білді. Әлсіздігін мойындап, соңында бақытынан бас тартып, лағынет айтты. Бұрынғы күнін аңсады. Ештеңе өзгерткісі келмеді. Алғашқы бақыт туралы: «Ендеше осы батып бара жатқан өмір кемесін бақыт жарына кім сүйреп шығара алады… Шолпан! Жалғыз Шолпан. Бір өмір үшін емес, екі өмір үшін Шолпан осыны істеуге міндетті. Шолпан бала табуға міндетті…» деген батыл ойларынан, бағытынан жаңылды. Жаңылдырды. Әйелдік әлсіздігі мен қоғамның тегеуріні, уақыттың өзімшілдігі. Ол туралы автор ойы төмендегіше өріледі: «Ердің аруағы басса, әйел адамдықтан шығып жоққа айналады. Есінен айырылады. Тілі байланады. Әсіресе, әйел бұзықжанды болмаса. Ол уақытта әйелдің ердің көнгіш күңі болуында еш дау жоқ. Шолпан – осындай әйелдің бірі еді. Жанынан денесі, денесінен жаны айырылмайтын. Кімге берілсе де, жан-денесімен түгел берілетін әйел еді». Шығарманың өн бойында кейіпкер болмысына арнайы тоқталып ,сипаттама берілген тұс осы ғана. Бұған дейін Шолпан жан диалектикасымен көрінсе, осы тұста оның психологиялық мінездемесі беріледі. Шығарманың түйіні де осы. Кімге берілсе де жанымен, тәнімен тұтас берілетін Шолпан трагедиясы оның болмысында. «То была натура, при всей своей восторженности, рассудочная: в церкви ей больше всего нравились цветы, в музыке – слова романсов, в книгах – волнения страстей, таинства же она отвергала, но еще больше ее возмущало послушание, чуждое всему ее душевному строю». Бұл – Эмманың сипаты. Романда Эмманың сыртқы келбеті де, ішкі мінез-құлқы да, мазмұны да терең ашылады. Шолпан сияқты оның да іс-әрекетінен гөрі ішкі болмысы ширақ, шынайы суреттеледі. Әр жағдайда оның екіге жарыла әрекет еткені байқалады. Жалпы ортаға сай әрекеті мен сыртқы ортаға білдіре қоймайтын өзіндік шын құлқы. Шарльді жек көріп тұрып, құшақтауы сияқты бір-біріне қайшы әрекеттердің суреттелуі оның сыртқы әлемі ішкі әлемінің терең қайшылығын көрсетеді. Эмма мен Шолпанның ішкі дүниесінен айналасындағылардың хабарсыз болуы, түсінбеуі, ой-қиял диалектикасының белсенді көрінуі – екі шығармаға да ортақ сипаттар. Мағжан модернистік әдістің сана ағымын пайдаланса, Флобер классикалық әдебиеттің психологиялық сипаттауларымен жазады.
Психологиялық әдебиеттің басты сипаты – кейіпкердің болмысын сомдаудағы оның ішкі дүниесін теріс аудара отырып көрсетуінде. Адам жауы – сыртта емес, өзінің болмысында. Адамзаттағы туындап жатқан қиындықтар барлығы жеке адамның бойындағы жеке қасиеттерден туындайтын жаратылыс пен тіршіліктің тұтас бір күрделі ағза екендігін дәлелдеген әлемдік әдебиеттің озық үлгілерінен айқын көрінеді. Жеке адамның адамзат әлеміндегі негізгі орнын айқындап, оның әлемдік қозғаушы күш ретіндегі зор қуатын нақтылай түсетін модернистік әдебиеттің мазмұндық белгілері жинақтай беріледі. Жеке адам проблемаларын сыртқы факторлардан емес, ішкі мазмұннан табу мәселесі кейіпкердің тұңғиық дүниесіне үңілу арқылы шешіледі.
«Сәрсенбай – некелі ері болса, Әзімбай – баласының атасы». Шолпан ойының еркіндікке ұмтылған, теңдікке теңдескен тұсы осы. Бала үшін жасаған қателігін ізгі күнәға балап, Әзімбайды ойнас қана емес, баласының атасы ретінде қабылдауы Шолпанның ана болсам деген тілегінің нәтижесі ғана емес, сана-сезімінің тәуелсіздікке ұмтылған, теңдікке ұмтылған күрескерлік рухы да. Бұл туралы мағжантанушы, белгілі ғалым Ш.Елеукенов ойын төмендегіше сабақтайды: «…Осының арқасында бала көру сияқты қарапайым тақырып биік адамгершілік өреге көтеріліп, адамның құлықтылығы, бас бостандығы проблемаларына ойысады».
Г.Флобер романында Эмманың жары – Шарль оны беріле сүйгенмен тынымсыз бебеулеген жанын түсінбеді. Шынайы тұрмыстың сұрқайлығына төзе алмаған Эмманы жар махаббаты да, кішкентай қызы да құтқара алмаса, Шолпанды да құтқару мүмкін емес. Шарль мен Сәрсенбай бейнесі сүйген адамдарын түсіне алмауымен ұқсас көрінгенімен, Шолпан мен Эмма екі басқа. Сүйген жарға деген махаббат сезімі Шолпанның бүкіл өмірінің мәні болса, тіпті күнәнің өзін екеуі үшін жасаса, Эмманың өзімшілдігі басым. Отбасы психологиясын ғылыми жүйеде зерттеп жүрген психолог мамандардың айтуынша, жұбайлық өмірде адамның эмоционалдық қажеттіліктері қанағаттандырылмаса, ол оны басқа жақтан іздейтіні анық. Бовари ханым да сүйген жары – Шарльдің оттай лауламайтын, бірақ ауадай көрінбей, жанынан бір сәт алыстамайтын мөлдір махаббатын місе тұтпай, сезім жарқылын іздеп аласұрады. Сезім сұлулығы ол үшін басты мәселе. Оның ойынша, махаббат сынды сезім көріксіз, көңілсіз, көмескі болмауы керек. Ол өзі оқыған серілік романдардағыдай жарқын, биік, ерлік пен өрлікке, сезім мен құмарлыққа бай болуы тиіс. «Шарль, видимо, не догадывался о ее душевной пытке, и это приводило ее в бешенство. Он был убежден, что создал для нее счастливую жизнь, а ей эта его уверенность казалась обидной нелепостью, она расценивала ее как проявление черствости».
Эмма шағын ауылдың қарапайым емшісі Шарльмен сүріп жатқан өмірінің шынайы сипатын еш қабылдамайды. Өмірдің қоңыр тірлігінен жанұшыра қашып, күнәға батады. Өз санасы мен жүрегінде орныққандай ынтызар көңілдің дауылын іздеп аласұрады. Эмманың трагедиясы биік махаббатты армандауда батылдық танытқанында емес, сол арманға жету үшін ымырасыз күресте де емес, оның осы тілектерінің еш орындалмайтынында. «Как она жаждала сейчас той несказанно прекрасной любви, которую некогда старалась представить себе по книгам!
Ну что ж, все равно! Счастья у нее нет, и никогда не было прежде. Откуда же у нее это ощущение неполноты жизни, отчего мгновенно истлевало то, на что она пыталась опереться?.. Но если есть на земле существо сильное и прекрасное, благородная натура, пылкая и вместе с тем тонко чувствующая, ангел во плоти и с сердцем поэта, звонко струнная лира, возносящая к небу тихие гимны, то почему они не могут встретиться? О нет, это невозможно! Да и не стоит искать – все на свете обман! За каждой улыбкой кроется зевок от скуки, за каждой радостью – горе, за наслаждением – пресыщение, и даже после самых жарких поцелуев остается лишь не утоляемая жажда еще более упоительных ласк».
Романда қиялдағыдай сұлу сезім мен әлемге ұмтылған Эмманың өмірдің қатал заңдарымен қайшы келіп, оның әлемінің бұл қоңыр әлеммен еш сәйкес келмейтінін бай нақсүйері Родольф бастаған банкирлер, дәріханашы Оме т.б.-лар дәлелдей түсіп, ақыры оны өлімге итермелейді. «Она испытывала отвращение ко всему, даже к себе самой. Ей хотелось вспорхнуть, как птица, улететь куда-нибудь далеко-далеко, в незагрязненные пространства, и обновиться душой и телом».
Дәл осындай күй, өмірден жеру, жан дүниесі мен сыртқы өмірлік факторлардың өзара сай келмеуінен азап шегу екі әйелге де ортақ. Шолпан да өз арманына жету үшін барлығын тәрк етті. Бірақ соңында өмірінің мәні болған махаббатынан айырған балаға лағынет айтып, оның орындалмас арман екенін мойындайды. «Махаббат жібі үзілді. Өмір бұзылды. Бәріне лағынет жаусын! Өмірді улаған сол балаға лағынет жаусын!». Шолпан қара басының тілегі өмірмен еш сәйкес келмейтінін ұғып, қасіретті тағдырын мойындады. «Эмма в сердцах сказала: «А я бы отдала тебе все, я бы все продала, я бы работала на тебя, пошла бы милостыню просить за одну твою улыбку, за один взгляд, только за то, чтобы услышать от тебя спасибо», – деп сүйгені Родольфтан отбасын құтқару үшін ақша сұрап барғанда ол дәулеті бола тұра оған көмек беруден бас тартады. Өкінішке қарай, осындай жайлар өнерде ғана емес, өмірде де кездеседі. Әйелдің бар арманы қапысыз сүйетін жанға шексіз берілу екендігі шындық. Көп әйел бұл арманның қиял ісі екендігін мойындап, шынайы болмысқа сай тіршілік етіп, содан бақытын тапса, Бовари ханым оны мойындай алмады. Шолпанның да, Эмманың да трагедиясы өмірдің шындығын мойындамай, өз мұраттарына жету үшін ымырасыз әрекет етуінде. Қоғамға қайшылық, адамдар әлеміне тән заңдылықтарға қайшылық екі кейіпкердің де өмірлік трагедиясы. Екі трагедия екі аспектіде көрінеді. Бірі аналықты аңсау болса, бірі жалынды махаббатқа құштарлық. Екеуі де әйел өмірінің мәні, әйел арманының болмысы. Әйел туралы жазу – өмір туралы жазу болса, әйел опасыздығының мәніне терең үңіліп, ақиқатын тани білген қос жазушының шешімі – әйел опасыз емес, ол – қатыгез, өзімшіл, тоғышар қоғамның, қатал болмыстың құрбаны.
М.Жұмабаев мен Г.Флобердің сюжеттік желісі ұқсас, мәселесі ортақ шығармалары әлем әдебиетінің үлкен қазынасы екені анық. Орыс әдебиеттануында француз жазушысының бұл шығармасын осы тақырыптағы Л.Толстойдың «Анна Каренина» романымен сабақтастыра зерттеген еңбектер өте көп. Орыс әдебиетінің Еуропада кең таралып, биік бағалануына осындай зерттеулердің көп жазылуының да ықпалы бар. Бовари бейнесін таныған француз оқырмандарына Анна Каренина бейнесін тану, әр әдебиеттегі бұл проблемаға деген көзқарасты білу, оның әр ұлтқа тән болмыс-бітімін түсіну әдебиеттерді өзара байытып, халықтардың бір-бірінің рухани байлығына терең бойлауға мүмкіндік береді. Қазақ әдебиеті өте бай, салмақты, мазмұнды, сан-салалы. Қаламгерлеріміз де тереңдік тұрғысынан ешкімнен кем қалмайды. Қазақ әдебиетін, оның рухани әлемін тануда шетелдіктер үшін қиындық көп. Себебі, шығармалардың аударылуы баяу жүріп жатыр. Ал зерттеушілер болса, қаламгерлердің шығармаларын қатар қойып, рухани сабақтастық іздеуге аса ден қоймай келе жатыр.
Айгүл ҮСЕН,
филология ғылымдарының докторы,
Еуразия Ұлттық университетінің профессоры