«АЛТЫНЕМЕЛ» – ҮЗДІК ФИЛЬМ
Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ы түсірген «Алтынемел» деректі фильмі ҚХР-ның Тайчжоу қаласында өткен Кино және туризм саласындағы азиялық өнер апталығында «Шетелдің үздік деректі фильмі» жүлдесімен марапатталды. Деректі фильм ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша жарыққа шықты.
Фильм Алтынемел мемлекеттік ұлттық саябағының бай табиғаты туралы. Сценарий авторы және қоюшы операторы танымал фотограф-натуралист Олег Белялов. Бұл – режиссердің алғашқы туындысы. Алтынемел Алматыға жақын орналасқан жабайы жануарларды кездестіруге болатын ұлттық саябақ. Автор бұған дейін көптеген зоологиялық экспедициялар мен Қазақстан табиғаты туралы фильмдердің, фотоальбомдардың жасалуына белсене қатысқан.
Былтыр қараша айында «Қазақфильм» киностудиясы ҚР Тұңғыш Президенті Елбасы қорымен бірлесіп, Қазақ деректі киносының күндері аясында «Алтынемел» деректі фильмнің көрсетілімін өткізген еді.
Шараға Франция, Ресей, Қазақстан және Жапония сынды 23 мемлекеттерден мыңнан астам кино және телебағдарламалар қатысқан. Кино және туризм саласындағы азиялық өнер апталығының ұйымдастырушылары: Қытайдың телевизиялық суретшілер қауымдастығы, Чжэцзян баспа, радио, кино және телевизия әкімшілігі және Тайчжоу үкіметі. Мәдени іс-шара Азия елдерінде туризмнің және кинематография саласының дамуына бағытталған.
Алтынемел – Жоңғар Алатауының оңтүстік сілемдерінің арасында орналасқан ұлттық табиғи саябақ. Жер көлемі – 520 мың гектар. Саябақ аумағында туристерді қатты қызықтыратын бірегей табиғи құрылымдар және байырғы тарихи ескерткіштер орналасқан. Шатқалдарында ежелгі адамдардың тасқа қашап салған суреттерін көруге болады. Қапшағай мемлекеттік аңшылық шаруашылығы негізінде 1996 жылы құрылды.
Аяулы ҚУАНЫШ