Үздік ауданға – автокөлік
19.07.2024
243
0

Биыл солтүстік өңірдің мәдениет саласында бірқатар жобалар жүзеге асырылмақ. Бірнеше ай бұрын мәдениет және өнер қызметкерлері күнін атап өту барысында аудандардағы өнер ұжымдары арасында ауқымды байқау өтіп, соның нәтижесінде үздік ауданға автокөлік берілетіні туралы айтылған-ды. Іле ауқымды байқаудың іріктеу кезеңі де басталып кетті. Солтүстік Қазақстан облыстық халық шығармашылығы және мәдени бос уақыт қызметі орталығы мамандары бірнеше апта бойы өңірдің 13 ауданын аралап, ондағы өнерпаздардың шығармашылық деңгейін, елді мекендердің мәдени әлеуетін сарапқа салды.

– Былтырғы байқау Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арналған еді. Онда Есіл ауданы топ жарып, 3 млн теңге жүлде еншілеген. Биылғы байқау «Есіл өңірі – ән бесігі» деген тақырыпта өтіп жатыр. Осы жолы жүлде қоры да қомақты. Жеңімпаз ауданға автокөлік беріледі. Аудандардың дайындығы жақсы екенін байқадық. Бірқатар жаңа есімдер бар екенін көрдік. Соның ішінде ұлттық өнерді жанына серік еткен жаcтар көп екені қуантады. Кенжелеп қалған жыр, терме айту өнерінің өкілдері шыға бастағанын көрдік, – дейді облыстық халық шығармашылығы және мәдени бос уақыт қызметі орталығы директоры ­Жанболат Мұқанов.
Аймақтық іріктеуге облыс бойынша 450-ге жуық өнерпаз атсалысқан. Олардың арасында әр жанрда өнер көрсететін өнер ұжымдары, әнші-бишілер, жастар мен балалар бар.
Ұзаққа созылған іріктеу нәтижесінде облыс орталығында «Үздік ауылдық мәдениет мекемесі-2024» облыстық байқауын қорытындылауға орай «Әнім де сен, жырым да сен – Qyzyljar» атты гала концерт өтіп, жеңімпаздар марапатталды. Концертте ауданаралық іріктеу кезінде көзге түскен үздіктер өнер көрсетті.
Салтанатты шараға өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов қатысып, ауылдағы мәдени мекемелерді қолдаудың маңызын атап өтті.
– Бүгінгі салтанатты сәтте барша өнерпаздарды құттықтаймын. Қазылар алқасы 3 ай бойы аудан-ауылдарды аралап, қатысушылардың өнеріне баға берді. Қатысқан өнер ұжымдарының бәріне алғыс айтамын. Ауыл мәдениеті – ұлт­тық құндылықтарымыздың алтын өзегі. Халқымыздың еңсесі көтеріңкі болу үшін руханиятқа қолдау көрсетуіміз керек. Есіл аудандық мәдениет үйі осымен екінші жыл қатарынан облыстық байқаудың бас жүлдесін иеленіп отыр. Бүгін де олар өз өнерлерін көрсетті. Аталған ауданда жалпы 20-дан астам мәдениет мекемесі бар, – деді аймақ басшысы.
Байқау қорытындысы бойынша 350 мың теңгелік Біржан сал атындағы жүлдені Жамбыл ауданының мәдениет үйі, дәл осындай көлемдегі «Шығармашылық ізденіс» аталымының сыйлығы Шал ақын ауданына табысталды. Үшінші орынның 1 млн теңгелік жүлдесін Тайынша ауданының өнерпаздары еншілесе, екінші орынның 1,5 млн теңгесі мамлюттіктерге бұйырды. Ғабит Мүсірепов атындағы аудандағы мәдениет ошағы бірінші орынның 2 млн теңгелік сыйлығын жеңіп алды. Байқаудың бас жүлдесін осымен екінші жыл қатарынан Есіл ауданы қанжығасына байлап, мұндағы мәдениет үйіне Газель NEXT жолаушылар көлігінің кілті табысталды. Аталған ауданда 23 клубтық мекеме жұмыс істейді. Оның ішінде 8 мәдениет үйі, 2 ауылдық клуб, 13 бос уақыт өткізу орталығы бар. Ауданның Николаевка ауылындағы бос уақыт өткізу орталығы биыл пайдалануға берілген.

Диас АЯҒАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір